Авторы: Дэрил Аустин

Микрофотоны түсірген доктор Торстен Виттман, Ғылыми фотокітапхана
Көпшілігіміз I, II және III сатыдағы қатерлі ісік туралы және әсіресе ең ауыр IV саты туралы білеміз. Алайда қатерлі ісіктің бұдан да ертерек кезеңі, яғни 0-сатысы бар екенін көп адам біле бермейді.
Бұл туралы жақында әнші Бейонстің анасы Тина Ноулз таяудағы естелігінде айтты. Ол өзінің сүт безі қатерлі ісігі диагнозын жариялап, қатерлі ісікті ерте әрі жиі тексерудің маңыздылығы туралы сұхбатында: «Мен 0-саты дегеннің бар екенін білмеппін. Егер маммографияны уақытында жасатқанымда, бұл ауруды 0-сатысында анықтай алар едім», – деді.
Ноулздің 0-саты туралы білмеуі таңғаларлық жайт емес, өйткені бұл саты қатерлі ісіктің басқа сатыларына қарағанда сирек анықталады. Сонымен бірге көптеген қатерлі ісік түрлерінде оны анықтау мүмкін емес әрі ол көбінесе басқа атаумен аталады.

Энн Уэстон түсірген микрофото, EM STP, Фрэнсис Крик институты/Ғылыми фотокітапхана
Сондықтан 0-сатыдағы қатерлі ісік дегеніміз не, оның басқаларынан айырмашылығы қандай және оны ерте анықтаудың жалғыз жолы саналатын тұрақты тексерулер неліктен маңызды екені туралы айтуды жөн көрдік.
Қатерлі ісіктің қанша сатысы бар?
Әдетте қатерлі ісіктің төрт негізгі сатысы бар деп есептеледі. Кейде бұл сатыларды анықтау күрделі болуы мүмкін, бірақ көбінесе олар TNM (Ісіктің көлемі – Tumor, Лимфа түйіндері – Nodes, Метастаз – Metastasis) жүйесі бойынша белгіленеді. Онкологтер қолданатын бұл әдіс ісіктің көлемі мен орнын, қатерлі жасушалардың денеге қаншалықты таралғанын анықтауға көмектеседі.
I саты қатерлі (зиянды) жасушалар ісігі анықталғанын, бірақ ол әлі кішкентай екенін, қай органда пайда болса, сонымен шектелгенін білдіреді.
Бұл сатыда жасушалар орган ішінде инвазивті түрде өскенімен, әлі лимфа түйіндеріне тарала қоймайды деп түсіндіреді Флоридадағы Тампа қаласындағы Моффитт қатерлі ісік орталығының сүт безі онкологі Хатем Солиман. Бұл маңызды, өйткені лимфа түйіндері денедегі 800-ден астам негізгі қан тамырлары түйісетін жерлерде орналасқандықтан, кез келген түйінде қатерлі ісіктің табылуы оның бастапқы орнынан жан-жаққа тарала бастағанын білдіреді.
II сатыда бастапқы ісік көлемі қатерлі ісік түрлеріне байланысты белгілі бір өлшемге сәйкес келетіндей үлкен болады. Бұл әдетте жақын маңдағы лимфа түйіндерінен де қатерлі ісік жасушалары анықталғанын білдіреді.
III сатыда ісік көлемі II сатыдағы өлшемдерден асып, ұлғаяды және қатерлі жасушалар таралған лимфа түйіндер саны да көбірек болады.
IV саты көп жағдайда метастатикалық қатерлі ісік деп аталады. Бұл ісіктің одан әрі үлкейіп, қатерлі жасушалар көптеген лимфа түйіндеріне және басқа органдарға таралғанын, көбіне маңызды ішкі органдарды зақымдауға көшкенін білдіреді, – дейді Коннектикуттағы Йель қатерлі ісік орталығының дәрігері, гинеколог-онколог Элена Ратнер. Мұндай жан-жақты таралу дертті тежеу мен біржола жоюды айтарлықтай қиындатады.
0-сатыдағы қатерлі ісіктің ерекшелігі
0-сатыдағы қатерлі ісіктің басқаларынан айырмасы мынада: бұл сатыда денеде аномальды (қалыптан тыс) жасушалар анықталады, бірақ олар әлі қатерлі ісік жасушасы болмауы мүмкін. Сондай-ақ, I сатыдағы қатерлі ісіктен айырмашылығы, бұл жасушалар тіпті өздері пайда болған органның айналасындағы тінге де өтпейді.
Мұндай аномальды жасушалар әдетте ісік түзетіндей үлкен емес, сондықтан оларды ультрадыбыстық зерттеу немесе МРТ сияқты ішкі органды сканерлеу кезінде анықтай алмайды. Алайда оларды сыртқы тіндерден табуға болады, көбінесе маммография арқылы сүт безі тінінен анықталады.
0-сатыны кейде «карцинома ин ситу» деп те атайды, өйткені «in situ» латын тілінен аударғанда «орнында» дегенді білдіреді. Кейде оның алдына аномальды жасушаның қайда екенін білдіретін қосымша атау қосылады, мысалы, аденокарцинома ин ситу – бұл жатыр мойны, өкпе немесе асқазан-ішек жолдарындағы зақымданған жасушалық бездерге қатысты.
0-сатыдағы сүт безі қатерлі ісігі немесе DCIS дегеніміз не?
0-сатыдағы қатерлі ісік сүт безі тінінде анықталған кезде сүт бездеріндегі сүт түтіктеріне меңзейтін түтікті карцинома ин ситу немесе DCIS диагнозы қойылады. Мұндағы «Ductal» сөзі сүт бездерінің сүт шығару түтікшелеріне қатысты болып отыр.
Коннектикуттағы Йель қатерлі ісік орталығы мен Смилоу қатерлі ісік ауруханасының хирургиялық қызметтер жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары Мехра Голшанның айтуынша, DCIS тек сүт түтікшелерінен өтіп, айналадағы тіндерге тараған кезде ғана I, II, III немесе IV сатыдағы қатерлі ісікке айналады.
Бірақ ылғи да осылай бола бермейді. «0-сатыдағы сүт безі қатерлі ісігінің бәрі бірдей инвазивті қатерлі ісікке айналмайды, – дейді ол, – бірақ уақыт өте келе кейбірі сондайға айналуы мүмкін».
Қатерлі ісікті ерте анықтаудың маңызы
0-сатыдағы қатерлі ісік күтпеген жерден – кейде анықталғанан кейінгі айларда, кейде бірнеше жылдан кейін – дамып кетуі мүмкін. Сондықтан әлгі жер қатерлі ісікке айналмағанын анықтау үшін науқастарды мұқият бақылап отыру қажет, – дейді Лос-Анджелестегі USC Norris Comprehensive Cancer Center-дің дәрігері, гастроэнтеролог-онколог Сима Икбал.
Оның айтуынша, кейде дәрігерлер мен науқастар не болатынын күтіп отырмай, алдын ала емдеуге, мысалы, жергілікті сәуле терапиясын немесе хирургиялық тәсілді қолдануға шешім қабылдайды.
Мұндай алдын ала емдеу шаралары әрдайым мінсіз бола бермейді, бірақ ол тәндегі көптеген орган мен жүйеге таралып, жаппай зақымдағанға дейін анықталмайтын әрі химиятерапия сияқты ауыр емді қажет ететін қатерлі ісіктен әлдеқайда жақсы.
Сондықтан да Америка қатерлі ісік қоғамы әйелдерге жатыр мойны қатерлі ісігіне тексеруді 25 жастан бастауға, ал сүт безі қатерлі ісігіне 40-45 жас аралығында тексерілуге кеңес береді. Сонымен қатар аталған ұйым баршаға 45 жастан бастап тоқ ішек қатерлі ісігіне қатысты тексерілуді, кейбір ер адамдарға 45 жастан бастап қуық безі қатерлі ісігіне тексерілуді, ал темекі шегетіндерге немесе әулетінде қатерлі ісік дерті кездескендерге одан да ертерек тексерілуді ұсынады.
Голшан ерте тексерулердің арқасында анықталып, емделген кезде, «0-сатыдағы сүт безі қатерлі ісігі жағдайындағы өміршеңдік көрсеткіші 99 пайызға дейін жететінін» айтады.
Бұл пікірмен Ратнер де келіседі: «Қатерлі ісік 0-сатыда анықталса, науқастың да, дәрігердің де жолы болғаны. Себебі оны емдеу әлдеқайда жеңіл болады. Бұл – қатерлі ісіктің ең жайлы әрі ең жақсы болжамға ие сатысы», – дейді ол.
Сізді мына материал да қызықтыруы мүмкін: Деменция қандай дерт?

Қадірлі оқырман, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.