29Авг

Айрақты-Шоманай қамалдар алқабы (видео)

Айрақты-Шоманай алқабы – Маңғыстаудағы ең әсем шөгінді таулар тізбегі. Алыстан қарағанда бұл таулар мұнаралар мен бекініс қабырғаларын еске салады.

Фото: Александр Кузнецов

Әйгілі украин ақыны, суретші Тарас Шевченко 1851 жылы осы аймаққа келіп, суреттер топтамасын жасап, оларға «Қамалдар алқабы» деген атау берген екен. Жергілікті халық Айрақты-Шоманай атап кеткен таулардың атауына байланысты екі болжам бар. Бірі тау таға тәрізді айрық болғандықтан Айрақты атанған десе, екіншісі көне түрікмен тіліндегі «айрақ» – «арқар» сөзінен шыққан деп топшылайды.

Видео: Айбек Еркен

Миллиондаған жылдар бұрын бұл аймақ Тетис мұхитының түбі болған. Бірақ 25 миллион жыл бұрын күшті зілзала салдарынан жер қыртысының қалыңдығы бірнеше шақырым болатын ежелгі қабаты мұхиттан жер бетіне көтерілді. Қазір бұл – Маңғыстау түбегі. 8 миллион жыл бұрын осы жердегі Тұран тақтасы батысқа қарай ауытқып, баяу көтеріле бастады. Мұхит жұмсақ бор тастарды эрозияға ұшыратып, қазіргі ландшафты қалыптастырды. Шатқалдар, тау қалдықтары, мүйістер жылдар бойғы жаңбыр мен желдің әсерінен қазіргідей сиқырлы да сұлу қалыпқа түсті. Бірақ геологтердің болжауынша, 5-7 мың жылдан соң, табиғаттың өзі жасаған шөгінді таулары жер бетінен жойылып кетуі мүмкін.

Фото: Александр Кузнецов

VI ғасырдың аяғынан бастап Ұлы Жібек жолының керуендері Маңғыстау жерімен өткен, сондықтан да аңыздарда осы алқапта көнеден қалған қазына жатқандығы айтылады. Расында да, жергілікті шопандар оқта-текте күміс, алтын теңгелер тауып алатын көрінеді.

Шөгінді таулардың  жалпы ұзындығы 20 шақырым. Шоманай сілеміндегі ең биік тау – теңіз деңгейінен биіктігі 368 метр болатын оңтүстік бөлігіндегі атаусыз тау. Одан кейінгі ең биігі – Жапырақты деп аталады, теңіз деңгейінен 363,8 метр биіктікте, таулардың ең оңтүстік бөлігінде орналасқан. Айрақтының айналасынан Торыш тастары секілді диаметрі 2-3 метрге жететін сфералық тас түзілімдерін де кездестіруге болады.

Фото: Фархат Қабдықайыров

Әктастан түзілген шөгінді тауларда әртүрлі суреттер салынған, бірақ олар көненің көзі, ескінің сөзі емес, жергілікті аңшылар мен шопандардың туындылары. Көбіне суреттерде дала және шөл жануарлары – түйе, жылқы, иттер бейнеленген. Әсіресе арқарлардың мүсіні жиі кездеседі. Десе де, мұндағы ең көзге түсетін екі бейненің бірі – жебе қадалған арқар суреті. Ал екіншісі «Әлем суреті» деп аталады. Бұл петроглифте бірінің үстіне бірі қабаттаса салынған муфлондар, құстар мен жылқылар бейнеленген.

Фото: Фархат Қабдықайыров

Айрақты аймағында дала жануарларын суреттен ғана емес, тірідей де көруге болады. Әрине, тағылар адамдардан алыс жүріп, көзге түспеуі мүмкін, дегенмен мұнда тау иесі – арқарлар мекендейді. Ал тау етегінде тасбақа, кесіртке, сарышаяндар тіршілік етеді. Кейде түйе, жылқы секілді үй малдары да осы жерде жайылады. Бұл аймаққа көктемде келу ұсынылады, себебі осы мезгілде тау етегінде соғды қазғалдақтары жайқалып өсіп, алқаптың сұлулығын үстей түседі. Ақтау қаласынан автокөлікпен тауға дейінгі жол шамамен 2 сағат уақыт (176 км)  алады.