Айғақ
19Окт

Бас ботаникалық бақта күздің қақ ортасына келгенде бөртегүл гүлдеді. Мамандар ерекше құбылысты әдеттен тыс жылы ауа-райымен байланыстырып отыр.

Ботаникалық бақтың Сирингарий коллекциялық учаскесінде күзде гүл ашқан бұл бөртегүл жабайы түрге жатады.  

Бас Ботаникалық бақтағы бөртегүл коллекциясы  Орталық Азиядағы жалғыз және Қазақстандағы ең ірі шоғыры саналады. Қазіргі уақытта онда әлемдік және қазақстандық селекцияның 23 түрі мен 107 сорты бар. Соның ішінде 20-дан астам будан мен көшеттерін Ботаникалық бақтың ғылыми қызметкерлері өсірген.

Дереккөз: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми сайты

8Окт

Сарайшық елді мекенінен 20 шақырым жерде жаңадан анықталған Қарағайлы мекенінен қыш ыдыс сынықтары, сәндік әшекей бұйымдар, мыс тиындар табылды. Бұл туралы ғалымдар Махамбет ауданында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Көне керуен жолдары және оның бойындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу мәселелері» тақырыбында өткен далалық семинарда айтты, деп хабарлады Атырау облысы әкімдігінің ресми сайты.

Семинарға арнайы келген отандық және ресейлік ғалымдар керуен жолдарын барлау барысында «Канал», «Шойтас», «Құлпытас», «Ащысай» тұрағы және жаңадан анықталған алтынордалық «Қарағайлы» мекеніне барған.

Археолог Мадияр Елеуов және Вячислав Плахов бұл аймақта сауда жолы бойында үлкен мекен болғандығын айта келе, табылған ғимарат кесене деген пікір білдірді. Сонымен қатар, нумизмат Павел Петров табылған тиындар Өзбек хан кезеңіне жататындығын нақты айтты. Археолог Марат Қасеновтің пікірінше, бұл аймақта Сарайшықтан кейін күйген кірпіштен жасалған осындай кешен алғаш кездесіп тұр.

– «Қарағайлы» мекенінің батыс жағында шамамен 4-5 ғимарат орны төбешік күйінде байқалады. Оның біреуін зерттеген кезде қыш және саман кірпішпен аралас тұрғызылған ғимарат орны анықталды. Екі бөлмеден тұратын ғимараттың үлкен бөлмесінің көлемі – 4,8х4,8 м, кіші бөлме көлемі – 4,8х2,4 м. Қабырғасының қалыңдығы – 1,25 метр болса, сақталынған биіктігі – 80 см. Бөлмелердің еденіне қыш кірпіштер төселген. Сонымен қатар осы аралықта аз мөлшерде тас еңбек құралдарының жаңқалары да кездесті. Мұнда мәдени қабаты бойынша біраз халықтың тұрғанын байқауға болады. Ғимарат шамамен ХІV-XVІ ғасырға, Алтын Орда кезеңіне жататыны анық байқалады. Бұл Сарайшық пен Сарай Бату, Қажы Тархан арасындағы алғашқы ірі ескерткіш деп саналады,- деді музей-қорықтың бас инспекторы, археолог Айбек Тұрарұлы.

Ал сарайшықтанушы, археолог Вячислав Плахов картада керуен сарайлар көрсетілгенімен, бұған дейінгі зерттеу жұмыстары кезінде кездеспегенін жеткізді.

– Бұл біздің ең алғашқы табысымыз. Нысан батысқа жол тартқан саудагерлердің тынығуына таптырмас орын болғандығымен ерекше. Қайта жасақтауға болатындай күйде сақталған. Сондықтан көп уақыт созбай жұмыстарға кірісу керек. Әрине, мұның бәрі қаражат пен қажырлы еңбекті талап етеді,– деді сарайшықтанушы, археолог Вячислав Плахов.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдеи музей-қорығының археологтары былтырдан бері Ұлы Жібек жолының тармақтарын зерттеп келеді. Жүйелі жұмыстар жүргізудің нәтижесінде биылдың өзінде 10-нан астам алтынордалық тұрақ табылған.

Дереккөз: Атырау облысы әкімдігінің ресми сайты.

27Сен

«Тарбағатай» ұлттық паркі аумағында мысықтұқымдастарға жататын Сабаншы бейнежазбаға ілігіпті. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми сайты жазды.

Сабаншы – қорғауға алынған, өте сирек кездесетін аң. Қазақстанның қызыл кітабында (2010 жылғы басылымы) мысықтың осы түрі туралы: «Барлық таралу аймағында сирек кездесетін түр. Ресейдің, Қырғызстанның, Түрікменстанның Қызыл кітаптарына енгізілген. Қазақстанда сабаншы Маңғыстау, Үстірт, Қызылқұм, Сарыарқа, Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр, Қалба және Оңтүстік Алтайда таралған. Барлық жерде оқта-текте ғана жолығады. Таралу аймағы қысқаруда.

Тасты шөлейтті қыраттарды, биік тау жоталарын, кеміргіштер көп болатын жазық далаларды мекендейді.

Сабаншының негізгі таралған аудандарын (қыста) және экологиясын зерттеу қажет», деген мәлімет берілген.

Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми сайтынан алынды

23Сен

Мына фотолар бізді Жер тарихына саяхаттатып, тіршіліктің бастауы болған бастапқы геофизикалық үдерістер құпиясын жайып салады.

Байырғы Жер бетінде жанартау жынысынан жер қыртысының оппалары түзілген – Конго Демократиялық Республикасының Вирунга тауында орналасқан Ньирагонго жанартауынан көпіршіп аққан лаваның кальдерасындағы мына дақтар секілді.

«Бұл саяхат біздің уақыт, кеңістік және әралуандық арқылы табиғатпен байланысымызды нығайтуды көздейді, Жерге деген құрметімізді оятады», – дейді француз фотограф Оливье Грюнвальд. Ол әріптесі, табиғат жанашыры әрі жазушы Бернадетт Гилбертес екеуі 30 жыл әлемді шарлап, біздің бірегей планетамызды қалыптастырған факторларды ғажап түрінде көрсететін жерлерді өздері жүзеге асырып жатқан Origins жобасына құжаттаумен айналысып келеді. Жер – хаостан туған тасты планета. Эволюция жетегінде ол саналуан тіршілік орталары мен млн-даған жаратылыс түрінің үйіне айналды. Солардың бірі біз – Жердің ғажайыптарына басы айналған әрі соның бәрін жойып жіберуге қауқарлы Homo sapiens.

500 млн жылдан астам уақыт бұрын пайда болған Аустралияның жүрегі саналатын Улуру жалаңаш құмдауытын таңсәріде жұқа бұлт көлегейлеп тұр. 863 метр биіктіктегі, аборигендер үшін қасиетті мына жартас Солтүстік аумақтың жазық даласында бірден көзге ұрады.

Климат өзгерісіне және басқа да экологиялық мәселелерге алаңдаған Грюнвальд пен Гилбертес күш-жігерін ғажайып Жер-шарына деген құрметті қалыптастыруға бағыттады. «Мына сән-салтанатты, жомарт және жарық планетаның пайда болуына 4,5 млрд жыл қажет болды, – дейді Грюнвальд, – енді біз не істеуміз керек? Экологиялық дағдарысты үдетеміз бе, әлде жаманаттың алдын алуға шешім қабылдаймыз ба?» Origins жобасы тұмса табиғаттың көркі мен кеңдігін паш етеді. «Кейде асау, кейде жайбарақат, бір орында тұрмайтын тұмса табиғат – шабыттың шексіз көзі», – дейді Гилбертес.

Шамамен бес млн жыл бұрын Колорадо өзені Аризона штатының Пейдж қаласы маңайындағы Хорсшу-Бенд (тағалық иілім – ауд.) деп дәл аталған құмдауыт еңісті ойып қалдырған.
Харди рифі – Жер бетіндегі тірі организмдерден тұратын ең ірі түзілім санала­тын Аустралияның Үлкен тосқауыл рифін құрайтын мыңдаған рифтің бірі. Мұнда мұхиттарда шамамен 600 млн жыл бұрын пайда болған губка­лар көп. Адам әрекеті осы нәзік эко­жүйе­ге қауіп төндіріп отыр.

Мына суреттер – 4 кезең бойынша топтастырылған Грюнвальд жинағының бір бөлігі ғана. Жинақтың бірінші кезеңі – хаос, буыр­қанған тіршіліктің шығу тегін көрсетеді. Екіншісі – Жерге, эрозиялық күштер қалыптастырған ландшафтарға назар аудартады. Оазис – өсімдіктердің таралуын, ықтималдығы ең аз тіршілік орталарында бой көрсетуге деген үздіксіз талпынысын көрсетеді. Соңғысы жан-жануар әлемінің алуандығын бар сиқыр-ғажайыбымен қосып баяндайды.

Ғажайып суреттер мен материалдың толық нұсқасын журналымыздан оқуға болады.

Автор: Эва Ван Ден Берг
Фото: Оливье Грюнвальд

Мақаланың толық нұсқасын журналдың 2022 жылғы қыркүйектегі санынан оқи аласыз.

23Авг

Фото: Виктор Тяхт

Республика аумағында омыртқалы жануарлардың 835 түрі мекендейді, оның ішінде сүтқоректілердің 178 түрі, құстардың – 489 (олардың 396-сы Қазақстанда ұя салады, басқалары тек қыстауға ұшып келеді немесе көктем мен күзде ұшып кетеді), бауырымен жорғалаушылардың – 49, қосмекенділердің – 12, балықтардың – 104 және дөңгелек ауыздылардың 3 түрі бар.

Қазақстан аумағында омыртқасыздардың шамамен 100 мың түрі, оның ішінде жәндіктердің 50 мың түрі мекендейді.

Омыртқалы жануарлардың 128 түрі мен түршелері, соның ішінде балықтардың – 18, қосмекенділердің – 3, бауырымен жорғалаушылардың – 10, құстардың-57 және сүтқоректілердің 40 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Сонымен қатар, омыртқасыз жануарлардың 96 түрі, оның ішінде, буылтық құрттардың – 2, моллюскалардың (жұмсақ денелілер) – 6, шаян тәрізділердің – 1, өрмекшітәрізділердің – 2, жәндіктердің – 85 түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген.  

Сүтқоректілердің 34 және құстардың 59 түрі аң аулау объектілері болып табылады.

Мәліметтер Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі  Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті сайтынан алынды.