Зерттеу
1Қар

Ғарыш стансасында тартылыс күші жоқтығынан от «өзгеше» жанады.

Жерде жалындап жанатын от, ғарышта өзгереді. Ыстық ауа тартылыс күшінсіз, отты бізге таныс жалындаған пішінге айналдыра алмайды. Микрогравитация жағдайында олар 480⁰С суықта (газ плитасының жоғарғы қызуы 1700 ⁰С) эфирлік күмбез не шар формасына ие болады. Жоғарыдағы суретте от Микрогравитациялық эксперимент арқылы жетілдірілген жану әдістері (МЭЖЖӘ) бағдарламасы аясында Халықаралық ғарыш стансасы бортында жағылған. «Маған өрт жөнінде ғылыми-фантастика жанрының жазушылары хабарласты, – дейді Мэриленд университетінде істейтін МЭЖЖӘ бағдарламасының зерттеушісі Питер Сандерлан. – Олар өзге әлемдік құбылыстай көрінеді». Осы стансадағы 4 жылдан астам уақыт ішінде МЭЖЖӘ ғарыш кемесінің өрт қауіпсіздігін және жанудың компьютерлік модельдеуін жетілдіру сынақтары аясында 1500-ден аса от жаққан. —МАЙКЛ ГРЕШКО

Бұл материал журналымыздың 2022 жылғы қазан айындағы санында жарияланған. National Geographic, 10.2022

29Қаз

Германияның Қара орманындағы топырақ микроскоптық деңгейде дүние жүзінің орманды экожүйелерін бейнелейтін таңғажайып әлем.

Мына суреттегі жаңадан табылған тіршілік иесі – жайбасарлардың бізге мәлім шамамен 1300 түрінің бірі. Ол Германияның Қара орманындағы өлі ағаш діңіндегі мүктен табылған. Жай көзбен көруге тым ұсақ болатын бұл жаратылыс иесі – Жер тіршілігіне аса қажет орман топырағындағы миллиардтаған тірі организмнің бірі. 2 400 есе үлкейтілген

Германияның қара орманынан немесе аляскадағы тонгасстан, Жаңа Зеландиядағы уейпуадан бір уыс топырақ қазып алыңыз да, үңіліп қараңызшы.

Не көресіз? Әрине, топырақ – жұмсақ, құнарлы және какаодай қара-қошқыл. Қарағай қылқандары мен шіри бастаған жапырақтар. Мүк не қына үгінділері. Жарықтан қашқан жауынқұрт, бәлкім, биіктіктің күрт өзгеруінен абдырап қалған құмырсқа бар болар.

Орман топырағының бір грамының өзінде миллиард бактерия, миллион саңырауқұлақша, жүз мыңдаған қарапайымды және мыңға жуық жұмырқұрт болуы мүмкін.

Мына Resinicium bicolor сияқты саңырауқұлақша – орман жерін алғаш мекендеп, өлі ағаштарды ыдырата бастағандардың бірі. Ол өсімдіктердің ағаш жасушалы қабырғаларын құруға көмектесетін күрделі заттекті, яғни лигнинді сіңіре алады. Органикалық материалды осылайша ыдырататын микроскопты саңырауқұлақша, кене, құрт сияқты басқа да титтей жаратылыс иелерінсіз, жер қыртысы болмас еді. 7 000 есе үлкейтілген

Сью Грейстон жерде бұдан да көп дүние бар екендігін жақсы біледі. Оның топыраққа деген өмірлік құштарлығы бақшасынан басталған. Англияда өскен ол бала кезінде анасына бақшада дән егуге, күтіп-баптауға көмектескен.

Колледждегі микроскоптарды қолдану арқылы Грейстон жердің жай көзге көрінбейтін тым кішкентай тірі организмдер жиынтығына тәнті бола бастады. Ол өзінің өмірлік қызығушылығын тапқанын сол кезде түсінді. 1987 жылы Шеффилд университетінде микроорганизмдер экологиясы саласының PhD дәрежесін алғаннан кейін, Грейстон Саскачеуандағы ауылшаруашылық биотехнология компаниясында жұмыс істеді. Одан кейін Шотландиядағы Маколей жер пайдалануды зерттеу институтында (қазіргі Джеймс Хаттон институты) ғылыми қызмет атқарды. Сол жерде ол өсімдік экологтерімен бірлесе отырып, кейін өз қызметінің басым бөлігін құраған бастаманың негізін қалады. Бұл – топырақтың ең ұсақ және ең ірі мекендеушілері, яғни микробтар мен ағаштар арасындағы күрделі байланысты зерттеу. Жаңашыл дала зерттеулері мен генетикалық бірізділіктегі күрделі әдістерді біріктіре отырып, Грейстон және басқа экологтер орман топырағындағы көптің көзіне көрінбейтін, бірақ оларсыз экожүйе күйреуі мүмкін құпия әлемнің бай бейнесін жасады.

Кремнезем қалдықтары қабыршақты амебаның жалғыз жасушалы денесін жауып тұр. Амебаның бұл түрінің атауы орман төсеміндегі өзгерістерден қорғану үшін олардың қатты қалқанша құра алу қабілетіне байланысты. 14 000 есе үлкейтілген.

«Биоалуандықтың басым бөлігі жер астында. Алайда тарихи тұрғыдан біз ол туралы көп білмедік, – дейді Грейстон. – Бұл жағдай соңғы 20 жылдықта өзгере бастады».

Көптеген орманның жапырақты қабаттарының астында гифомицеттердің торлары өз тамырларын микоризді желіге қосады. Бұл желі арқылы ағаштар өзара су, қорек және ақпаратпен бөліседі. Бір жасушалы амебалар миксомицет деп аталатын, пішіндерін өзгертетін түйіршіктерге айналады. Бұлар топырақта бактериялар мен саңырауқұлақшаларды аулайды. Құйрықаяқты деп аталатын кіп-кішкентай бунақаяқтылар өз денесінен 20 есе ұзын қашыққа секіріп, ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Әрқайсысының көлемі жасымықтың оннан біріндей сауытты кенелер өздеріне тау-шатқал болып көрінетін бөгеттердің арасында әзер кетіп барады. Бір жарым жылдай өмір сүретін бұл кенелер өмір бойына 9 метрдей ғана жер жүреді екен. Басқа жаратылыс иелерінің ұсақ болуы соншалық, олар тек өсімдіктер мен топырақ бөлшектерінің айналасындағы су үлдірлері арқылы ирелеңдеп, тырбаңдап қана қозғалады. Бұл өзгеше тіршілік иелеріне түссіз жұмырқұрттар, шашқа ұқсас талшықтары, айналмалы тәждері бар коловраткалар және тырнақтары бар сегіз аяқты, гамми-қонжыққа ұқсайтын жайбасарлар жатады.

Қара орман күзетшісі Чарли Ейбел (оң жақта) фотограф Оливер Мекиз (ортада) бен биолог Никол Атауаға орманның жүзден астам жыл бойы ағашы кесілмеген жерлерінен топырақ үлгілерін жинауға көмектесуде. Мекиз бен Атауаның зерттеуі аясында жер астында өркендеп, жоғары жақтағы экожүйені сақтап тұратын тіршіліктің таңғаларлық алуандығы ашылуда. ЭСТЕР ХОВАТ

Бұлардан да ұсағы – бір жасушалы организмдердің алуан түрлі тобы кіретін қарапайымдылар кейде өздерінің шығыңқы тұстарын серпу арқылы қозғалады. Орман топырағы бактериялар мен археилердің алуан түріне бай. Соңғысы бір қарағанда бактерияға ұқсас көрінгенімен, оның да өзінше бөлек тіршілік патшалығы бар.

Орман жерінің бір грамының өзінде миллиард бактерия, миллион саңырауқұлақша, жүз мыңдаған қарапайымды және шамамен бір мың жұмырқұрт болуы мүмкін.

Бұрын ойлағандай, топырақ ағаштар мен басқа өсімдіктер қажетін алу үшін ыңғайлы бекініп алатын инертті материя емес. Бүгінде топырақ қабаты дегеніміз тіршілік ортасы мен организмдердің динамикалық желісі екендігі айқын: ол сансыз тіршілік иесінің жіптерімен тоқылған және үнемі өзгерісте болатын алып гобелен іспетті. Топырақ та тірі ағза. Грейстон мен басқа да экологтер осы бүгінгі түсінік орман шаруа­шылығына елеу­­лі өзгеріс енгізуді талап ететінін айтады. Олар ағаштарды жаппай кесудің әдеттегі тәжірибесі ойлаудың өзі мүмкін болмайтын ауқымды және ұзақмерзімді залал әкелетінін анықтады. Орман шаруа­шылығы шынайы тұрақты болуы үшін орман топырағындағы тіршілікке тигізетін салдарды да ескеруі қажет. Миллиардтаған жыл бұрын жер бетінде топырақ болмаған, тек қатты жер қыртысы болған, ол жауын-шашын, жел және мұз әсерінен біртіндеп бұзылған. Жерде микробтар, саңырауқұлақша, қына мен өсімдіктер пайда болысымен, жер қыртысын қопсытып, тамырымен бөлшектеп, қышқылдарын төгіп, эрозиясын едәуір жылдамдатқан.

БІЗ БҰЛ СУРЕТТЕРДІ ҚАЛАЙ ТҮСІРДІК?

Бұл мақаладағы суреттер ең ұсақ бөлшектерді түсіру үшін жарықтың орнына электрондарды қолданып сканерлейтін электрондық микроскоппен (SEM) түсірілген. SEM суретті сұр түсте түсіреді, сондықтан алуан түрлі тірі организмді бейнелеу үшін суреттер түрлі түстермен өңделді.
Ағаш қалдықтарының бір түйірінің өзі орман микробтары үшін қызу тіршілік орталығы болуы мүмкін. Мында, Қара орман жер қыртысының жоғарғы қабатында көпқылтанды құрт (сол жақта) пен кененің екі түрі кездесті. Орман экожүйесінде кенелердің маңызы айрықша, олар өлі және тірі материяның аса көп мөлшерін ыдыратып, қоректік заттарды жерге қайтарады. 110 есе үлкейтілген.

Шіріген қалдықтар минералды қыртысты органикалық материалмен құнарландырды. Палеонтологиялық жылнамада орманның бізге таныс жер­қыртысы алғаш рет девон кезеңінде, яғни 420 мен 360 млн жыл бұрынғы аралықта пайда болған.

Бүгінде тіршілік Жер қыртысын жердегі барлық экожүйеде сақтап тұр. Орман жері көміртегі, азот, фосфор және калий сияқты қажетті қоректік заттарға бай. Грейстон мен оның әріптестері ұсақ тіршілік иелерінің маңыздылығын ерекше атап өтеді, себебі бұлардың күнделікті әрекеттері болмаса, элементтер бір жерде қозғалыссыз жатып, қолжетімді болмас еді.

Өсімдіктер күн қуатын көміртегіне бай молекулаға айналдырып, фотосинтез жүзеге асқанда, молекуланың бір бөлігін тамырлары арқылы жер қыртысына жібереді. Бұл заттекті микробтар мен саңырауқұлақшалар қолданады. Есесіне, микоризді саңырауқұлақтар мен тамырға жабысқан микробтар өсімдіктерге су мен қоректік заттарды сіңіруге көмектеседі, қоректік заттардың сіңірілуі қиын химиялық формаларын молекулаларға айналдыру арқылы өсімдіктер қолданысына жарамды етеді.

Өсімдік бөлшектері солып, қурап біткенде, құрттар, бунақаяқтылар, саңырауқұлақшалар мен микробтар олардың тіндерін ұсақ бөлшектерге ыдыратып, қоректік заттарды жер қыртысына қайтарады. Сонымен қатар ұсақ жаратылыс иелерінің үздіксіз қозғалысы топырақ қабаттарының араласуына, қоректік заттардың жақсы таралуына, жер қыртысының оттегімен қанығуына себін тигізеді. Топырақтың көп мөлшерін сіңіру арқылы құрттар, дернәсілдер, бунақаяқтылар жерді органикалық заттектермен қанықтырып, түйіршіктердің жабысуына жәрдемдесіп, жер құнарын жақсартады. Грейстон Маколей институтында істей жүріп, 2000 жылы әріптестерімен Қара орманның жер қыртысын зерттеу үшін Дунай өзенінде орналасқан неміс қаласы Тутлингенге барды. Елдің оңт.-батысында орналасқан, шамамен 6000 шаршы шақырымдық бұл аудан таулы ормандарымен танымал әрі кен өндірісі, орман шаруашылығымен бағаланады. Ғалымдар күміс түсті жұмсақ қабықтары, қисайған діңдері бар 70-80 жылдық шамшаттар өскен бірнеше жерге барды. Ғалымдар қарап шыққан кей жерлерде ағаш мүлдем қалмаған, ал кейбіріне салыстырмалы түрде қол тимеген.

Саңырауқұлақ жіптері тұщы су экожүйелерінде кездесетін микроскопты хайуан – коловратканы шырмауда. Коловраткалар топырақта өсімдіктер мен топырақ бөлшектерінің айналасындағы су үлдірлері арқылы қозғалып, жол-жөнекей органикалық қалдықтармен қоректенеді. 2 400 есе үлкейтілген.

Грейстон металл бұрғымен орманның әртүрлі жерінен топырақ үлгілерін алып, тереңірек зерттеу мақсатында Шотландияға жеткізді. Зертханалық зерттеулер мен жасушалық дақылдарды зерттеу нәтижесі орманның ағашы қарқынды кесілген бөлігінде көп микробтың едәуір азайғанын дәйектеді.

2003 жылы Грейстон өзі бүгінде жұмыс істеп жатқан Британдық Колумбия университетінде микробты топырақ экологиясының профессоры атану үшін Ванкуверге көшті. Грейстон мен оның бірнеше серіктесі дәл осында орман шаруашылығының әртүрлі әрекеті жердің микробты ортасын қалайша өзгертетінін әрі қарай зерттеді.

Олар зерттеулерінің көбісі ағаштарды кесудің үш түрін салыстырады: берілген жерді ағаштан толық тазартатын жаппай кесу; кейбір ағаш топтарын сақтап қалатын құрылымдық қорғау; тең бөліністі сақтай отырып, жекелеген ағаштарды іріктеп кесу.

Жер қыртысының саулығын тексеру үшін Грейстон мен әріптестері жіңішке тамырларға толы нейлон-торлы қапшықтарды ағаш кесудің әртүрлі әдісі қолданылған орман алқаптарына көмді. Бұл тамырларды қалдырудағы мақсат оларды ұсақ организмдер, саңырауқұлақшалар мен микробтар көмегімен ыдырату. Тамырларды бірнеше ай немесе бірнеше жыл аралығында қазып алады. Зертханада ғалымдар тамырлармен әрекеттескен организмдерді анықтау, олардың қаншалықты белсенді болғанын білу үшін түрлі сынақ жүргізді. Ағашты жаппай кесу көп жағдайда жер қыртысының биоалуандығын төмендеткені, қоректік заттар айналымына кедергі келтіргені байқалды. Дегенмен ағаш кесу әдістерінің барлығы бірдей зиян болған жоқ. Мәселен, тепе-теңдікті сақтай отырып сирету әдісімен кесілген жерлерде микробтың көптігі, алуан түрлілігі мен белсенділігі салыстыр­малы түрде жоғары болып қалған. Кейбір ағаш топтарын сақтап, қалғанын кесетін құрылымдық қорғау әдісі қолданылған жерлерде ғалымдар микробтардың мықты да қызу қауымдастықтарын тура сол ағаштардың маңында ғана байқаған. Ғалымдар бұл ағаш аумақтарынан алыстаған сайын, ондағы жер қыртысынан тіршілік белгілері де жоғала бастаған.

ЖОҒАРЫДА, СОЛ ЖАҚТАН САҒАТ ТІЛІМЕН
Саңырауқұлақ жіптеріне оралған ағаш қалдығының үстінде сиқыршының сыйлыққа толы қоржынына ұқсас миксомицеттің жемісті денесінен тозаң бөлінуде. Миксомицеттер шіріген өсімдік қалдықтарында кездесетін басқа микробтармен қоректенеді.
400 есе үлкейтілген.

Микроскоптық жануар Gastrotricha түрінің өкілі жер қыртысы бөлшектерінің арасынан өтетін судың жұқа үлдірлерінде тіршілік етеді. Олар өздерінің шашқа ұқсас түктері арқылы дымқыл топырақ арасында қозғала отырып, қоректену үшін бактерия, микробалдырлар мен басқа да микробтарды іздейді.
2 500 есе үлкейтілген.

Құйрықаяқтылардың басым бөлігі, мына суреттегі екеуі сияқты, жарты сантиметрден аса өспейді. Бұлай аталуының себебі олардың құйрыққа ұқсас дене мүшесі бар. Қауіп төнгенде, олар осы дене мүшесінің көмегімен өз денесінен 20 есе ұзақ қашықтыққа секіре алады.
100 есе үлкейтілген.

Korotnevella тұқымының бұл амебасы орманның дымқыл топырағынан табылды. Жалғыз жасушалы осы тіршілік иесі аморфты денесімен бактерия, саңырауқұлақша және басқа да микробтарды орап алып, тұтастай жейтін қауіпті жыртқыш бола алады.
10 000 есе үлкейтілген.

Ағаш тамырларындағы көміртегі ағынын бақылайтын зерттеуге сәйкес ағаштың не ағаштар тобының әсер ету ауданы, яғни олардың микробтар мен басқа да ұсақ организмдерді көміртегіне бай молекулалармен қамтамасыз ету аймағы орта есеппен он метрді құрайды. Жер қыртысын толық жалаңаштамай, тіпті үлкен ағаш аумақтарын қалдырғанның өзінде олардың әсері жоғарыда аталған қашықтықтан аса алмайды. Бұл өсімдік аралдарын қоршап тұрған он метрлік аймақтың сыртындағы микроб популяциялары зардап шегеді деген сөз. Грейстонның айтуынша, жер қыртысының саулығы үшін іріктеп кесу әдісі жағым­дырақ, себебі бұл әдіс бойынша әдетте әр 14-16 метр сайын ағаш сақталып отырады, бұл олардың тамырларының және әсер ету аймақтарының бір-бірімен қабысып, орман жеріндегі микробтарды көміртегімен қамтамасыз етуіне жәрдемдеседі.

Сиретіп кесу және басқа да іріктелген әдістер әлемнің кейбір жерлерінде кеңінен таралып келеді. Дегенмен Солт. Америкада ағаштарды жаппай кесу әлі күнге кең қолданыста, өйткені ол тиімдірек, бағасы арзандау және тым күрделі жабдықты талап етпейді. «Орман шаруашылығын қайта қарастыруымыз қажет, – дейді Чехия Ғылым академиясы Микробиология институтының қоршаған орта микробиологі Петр Балдриан. – Ағаштарды жаппай кесу үнемді болғанымен, жер қыртысы жапа шегеді.

Біз өнеркәсіп пен орман қажеттіліктері арасында тепе-теңдік табуымыз керек».

Жер экожүйелерінің бір-бірімен өзара байланысын және олардың күрделі өмір циклін сақтауда атқаратын шешуші рөлін ескерсек, біздің ағаштар мен топыраққа тигізіп жатқан залалымыз, ақыр аяғында, өзімізге зиян келтіреді. «Жердегі микроорганизмдер болмаса, біз тіземізден қоқысқа батушы едік, – дейді Грейстон. – Оларсыз жер бетіндегі өмір тоқтайды. Олар бізсіз тіршілік ете алар, алайда біздің оларсыз өмір сүруіміз екіталай».

Автор: Феррис Джейбер фото: Оливер Мекиз және Никол Атауа

4Қаз

Соғыс миллиондаған йемендіктің өміріне қауіп төндіріп тұрғанда тарихшылар, археологтер ежелгі мәдениет нысандарын сақтау үшін күресуде.

Йемен астанасы Санада жұмысшылар Әл-Джарафи отбасы иелік ететін 350 жылдық саз кірпішті резиденцияны қайта тұрғызды. 2014 жылдан бері көтерілісші хуситтер бақылауындағы қала Сауд Арабиясы мен БАӘ бастаған коалиция күштерінің әуе шабуылдарына ұшырап тұрады. 2015 жылы болған бір шабуылда 150 жыл Әл-Джарафи отбасының иелігінде болған үйге зақым келді.

Шаңды аңғардың түбінде тұрып, асқақтаған алып құрылысты көру үшін мойнымды создым: шамамен 2500 жыл бұрын теп-тегіс жонылып, балшықсыз қаз-қатар қаланған, шөл даланың зеңгір көгіне қарай 15 метр созылған тастар.

Қазіргі Йемен жерінде осы Ұлы Мариб бөгеті салынған кезде оның топырақ-тасты қабырғалары Хувер бөгетінен екі есе дерліктей үлкен аумақты алып жатты. Сақталып қалған зор шлюздер Йеменнің биік тауларынан 9600 гектардай бос алқапты алатын ауылшаруашылық оазисін нәрлендіре отырып, шығыстағы күн күйдірген шөлге қарай ағатын жаңбырлы маусымдардың су ағынын бақылауда ұстайтын күрделі жүйенің бір бөлігі болған. Соның барлығының ортасында гүлденген экономикалық орталық – Сабаның астанасы Мариб қаласы бар еді. Бұл патшалықтың атақ-даңқы Құран мен Інжілде аты Шеба патшайымы деп аталатын, әйгілі көшбасшы Билкистің атымен көбірек танылған. Марибтің ең дамыған шағында, б.д.д. 8-ғасырдан бастап осы бөгет Сабейдің астана әрі шөлдеген түйелер мен ашыққан саудагерлер үшін азығы мен суы мол аялдама ретінде гүлденуінің себепкері болды.

Кәдесый сататын жас саудагерлер туристер көп жиналатын Кавкабан алдындағы қиыршық тас үйілген кіреберісте келушілерді күтіп, ойнап жүр. 2016 жылдың ақпанында жасалған әуе шабуылында мыңжылдық рабат қирап, жеті адам опат болды.

Патшалық Арабияның оңтүстігінде гүлдей жайнады, Үндістаннан Жерорта теңізіне дейін созылған жұпар иісті сауда жолының қақ жүрегі саналатын осы жерде қарамай, мирра және басқа да хош иісті шайырлар саудаға түсетін. Саба да керуендік экономиканың аса маңызды нүктесі болды. Мұнда Шығыс пен Батыс арасында тасымалданатын піл сүйегі, інжу, жібек мата және құнды ағаш түрлері тәрізді бағалы заттарға салық салынатын.

Марибтің қазіргі байлығы – осы аттас провинцияның құм-топырағы астындағы мұнай-газ қоры. Бұл қаланы йемендік хусит көтерілісшілері мен хуситтер экспансиясына қарсы жергілікті күштерге қолдау көрсететін Сауд Арабиясы мен БАӘ басшылық ететін коалиция арасындағы соғыстың стратегиялық нысанасына айналдырды. Йеменде осы соғыстың тұтанғанына 8 жыл болды. Ежелгі астана 2020 жылдан бері басты майдан алаңы әрі Йеменнің халық­аралық мойындалған үкіметінің соңғы астаналық бекінісі болып келеді.

Хуситтердің басқыншылығы салдарынан үй-жайынан айырылған балалар Марибтің шетінде, шөлдегі босқындар лагерінде ағаш айналасында уақыт өткізіп жүр. Бір кездері дүркіреген ежелгі Саба патшалығының астанасы болған Мариб мүлгіген мұнайлы қаладан азамат соғысының алғы шебіне айналды.

Бөгеттің тоспа желісінің сақталған қабырғалары бойымен алып құрылысқа тамсана, мыңдаған жыл бұрын Арабияның оңтүстігіндегі гүлденген шаһардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге керекті кешенді логистикаға таңырқай серуендеп келемін. Артынша таяу маңдағы таулардан артиллериялық атыстың таныс дауысы аңғарды жаңғырта естілді.

«Естідіңіз бе?» Йемендік көмекшім әрі аудармашы Аммар Дервиш сыбырлай сұрады. Келесі жарылыс шамалы қаттырақ естілді және сұрақ қайталанбай тұрып жауап қаттым. «Иә, естідім».

Жергілікті тайпаластардың тойына қатысушылар шамамен 3000 жылдық Аууам храмының орнына келді. Ежелгі сабалықтар мұнда суландыру және жер игеру құдайы Алмақаһқа табынатын. Марибтегі храмдарға қауіп төніп тұр, өйткені хуситтер қаланы жаулап алуға тырысуда.

Йемендегі қазіргі соғыс оның тарихи қазыналары үстінде жүріп жатыр. Оның ежелгі патшалықтары – Саба, Катабан, Майн, Хадрамаут, Химьяр, Аусан – Араб түбегіндегі өркениеттің қайнаркөзі. Бұл тарих гидравликалық инженерия ерлігінен егжей-тегжейлі жазбаларға дейінгі көпес халық пен кешенді, отырықшы өркениет туралы баяндайды.

Соғыс 2014 жылы солтүстіктегі көтерілісші хуситтер бұрынғы президент Али Абдалла Салехтың жақтаушылары көмегімен ел астанасы Сананы басып алған кезде басталды. Оның ізбасары Абдраббух Мансур Хади үйқамаққа алынды. Хади Сауд Арабиясына бас сауғалап қашып, бұл Саудия корольдігінің АҚШ пен басқа да Батыс елдерінің демеуіндегі өңірлік коалиция қолдауымен әуе шабуылдарын бастауына әкелді. Барлық тарап өздеріне тәуелді 30 млн тұрғынды ойлап жатқан жоқ, йемендіктер мен олардың тарихи мұрасына да қауіп төніп тұр.

СОЛ ЖАҚТА: Хувер бөгетінен екі есе ұзын Ұлы Мариб бөгеті б.д.д. алғашқы мыңжылдықта салынған және Йеменнің шығыстағы шөлінде мың жылдан астам тіршілік нәрін берген. Бүгінде тек биік әктастан салынған шлюздер қалған; Солтүстік шлюз 2015 жылы коалиция күштерінің әуе соққысынан бүлінген. ОҢ ЖАҚТА: Осы маңдағы Әл-Равдах босқындар лаге­рінде өмір сүріп жатқан жас жігіт қазіргі Мариб су қоймасының жағалауында тұр. Соңғы соғыс оты тұтанған 8 жыл ішінде коалиция күш­терінің әуе соққыларынан 19 000-нан астам йемендік жарақат алған не ажал құшқан. 4 млн-нан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Әуе соққыларынан музейлер жермен-жексен болған. Бірнеше буын ұрпақ өмір сүрген жүздеген көпғасырлық отбасылық үйлер, Исламға дейінгі храмдар бомбаның астында қалды, суфилік қасиетті жерлерді әскери содырлар қиратты. Осындай жағдайда аз, бірақ өз ісіне адал йемендік тарихшылардың, археологтер мен басқа да ел тарихына бейқам қарамайтын жандар ұлттық музейлерде, қоймаларда және әлі де топырақ астында бүркеніп жатқан Йемендегі көненің көзі саналатын ата-баба жәдігерлерін сақтап қалу бойынша астыртын миссияны орындауда. Олар өз жерлестерінің және қақтығыс салдарынан қоныс аударған миллиондаған адамдардың мүддесін есте ұстай отырып, бүгінгі ең өзекті мәселе – соғыс өртінен аман қалуды ойлаған йемендіктердің келешегі үшін күш жұмылдырған.

Автор: Иона Крейг, фото: Мойзес Саман

Мақаланың толық нұсқасын 2022 жылғы қыркүйектегі журналдан оқи аласыз

29Қыр

Шибөрілер, аюлар, жанаттар мен басқа да жануарлар тіршілік ортасының тарылуы себепті қалалық өмірге тапқырлықпен бейімделіп келеді.

Радио-қарғы тағылған шибөрі Чикагода теміржол көпірінен өтіп барады. Бұл жақты 4000 дейін батыстық шибөрі мекендеп алған. Зерттеушілер қалалық аңдардың далалық туыстарына қарағанда қиындық­тарды еңсеруге епті келетінін анықтап отыр.

АҚШ пошта қызметінің курьері пошта көлігінен түсіп, қолына хаттарды ұстаған күйі көшеден өтіп барады. Мұнда тұрған оғаштық жоқ. Бірақ пошташы бірнеше метр жерде жүресінен отырған үлкен америкалық қара аюды (Ursus americanus) байқамаған сияқты.

Сол жақта сым торлы қоршаудың артында штатаралық 240-шы автомагистраль гүр-гүр етеді. Солт. Каролинадағы Эшвилл қаласының орталығынан 1 шақырымға жетпейтін жерде тротуар бойымен осы ауданға қарай дендей еніп бара жатқан аю үшін бұл жай ғана қалыпты шу секілді.

Солт. Каролинаның қала және қала маңы аюларын зерттеуші топ күрежол бойында тағы бір жаңалық ашты: қисайған күміс түсті үйеңкі ішіне терең апан салыныпты. Зерттеу жобасында қадағалауға алынған жүзден аса аю арасындағы №209 радио-қарғы тағылған кірекей небәрі бірнеше метр жердегі үздіксіз көлік ағынына қарамастан, қысқы ұйқыны осында өткізіпті.

Жобаның басталғанына 8 жыл болды. Қара аю жөніндегі солтүстіккаролиналық биолог Коллин Олфенбюттель көше шуынан асыра айқайлап: «Бұл аюлар мені әлі таңғалдырып жүр», – деді. Әріптесі ағаш ішіндегі апанды өлшеп жатқанда ол сатыны ұстап тұрды. Бұл – қара аюларды зерттеген 23 жыл ішінде ол көрген ағаштағы ең үлкен апан. «Олар біз ойлағаннан әлдеқайда бейімделгіш». Шын мәнінде, қара аюларға Эшвилдегі тіршілік ұнап қалғанын елестету қиын. Халық саны 95 мыңнан асатын, Blue ridg тауы баурайында орналасқан осы прогрессивті қалада тапа-тал түсте аюлар көше кезіп, террасалары мен ауызғы үйлеріне кіріп кетеді. Кейбір тұрғындар оларды жақсы қарсы алады.

Қара аю Калифорния штатының Саут-Лейк-Тахо қаласында тастанды үйдің астындағы апанынан шығып келеді. Мына курорттық қала аюлардың жабайы табиғаттағы­дан гөрі аз күш жұмсап-ақ көбірек қалған-құтқан тамақ табуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде қалалық аюлар жабайы табиғаттағыларынан 25 пайызға семіз.

Эшвилде және басқа жерлерде қалалық аюдың пайда болуына жер пайдаланудың өзгеруі, адамдармен көрші тұрғанда қолжетімді болатын «дәмхананың» еліктіруі сынды үдерістер ықпал етті. Осы жайттар Солт. Америкада қара аю санын шамамен 800 000 басқа дейін арттырды. Қалалар мен қала маңының ұлғаюы да аюлар тіршілік ететін үлкен аумақтарды жұтып, оларға адаммен көрші тұруға бейімделуден басқа амал қалдырмады. Бұл – АҚШ-та және әлемдегі қалалық жерде болып жатқан үрдіс әрі ол қара аюларға ғана тән емес. Көптеген сүтқоректі мекен ауыстырып, қаладағы тіршілікке машықтанып, мінез-құлығын да өзгертуде.

Дәл қасымыздағы жаратылыс иелерін зерттейтін ғалымдар көбейген сайын жаңалық та көбеюде: жануар­лардың қала өміріне бейімделуі тіпті ерекше. Шибөрілер көшеден өтерде айналасына қарайды. Қара аюлар қоқыс шығатын күнді біледі. Жанаттар қоқыс жәшігінің бауын шеше алады. 2020 жылы алты құрлықта қалалық жабайы табиғатты зерттеген 83 зерттеуге шолу қалалық сүтқоректілердің 93%-ы өздерін далалық туыстарынан өзгеше ұстайтынын көрсетті. Осы аңдардың көбі – еуропалық орқоян, жабайы қабандар, резус-макактар мен шамшат сусарлары тәрізді сан алуан түрлер адамға ұшыраспау үшін түнде белсенді болады. Олар табиғи коректерін адам азығымен кеңейткен, ал тұратын жерлерінің аумағын әлдеқайда кішірейткен. Экологтер айтады: арамызда тіршілік етіп жатқан жануарларды жақсы білген сайын, осы қалалық келімсектермен де қарым-қатынас дұрыс болады.

Сан-Францисконың Голден-Гейт паркінде жанаттар аңдарды тамақтандыруға тыйым салатын заңға қарамастан, оларға үнемі азық әкелетін бір тұрғынға назар аудара тік тұр. Қолдың азығына тәуелді болып бара жатқан жанаттардың ауру тарату, көлікке соғылу және тамақ беру тоқтаған кезде өлу ықтималдығы жоғары.

Эшвилдегі фаст-фуд мейрамханалар мен қонақүйлер қатарының артындағы орманды алқапта Дженнифер Струлс пен екі әріптесі қара аюды гуманды әдіспен аулауға арналған қақпанды қонақүйдің көлік тұрағы жанындағы орынға сүйреп келеді. Олар осы ауданда тұратын үш қонжығы бар кірекейді ұстап алудан үмітті.

Солт. Каролина штаты университетінің балық кәсіпшілігі, жабайы табиғат және табиғат қорғау биологиясы бойынша Ph.D студенті Струлс кеше пісірілген нан қорабын ашты – бұл иісшіл иттен де артық иіссезгіш жануарды шыдатпайтын жем. Аңдыған аңы түссе, кірекейді ұйықтатып, бұдан бұрын таққан радио-­қарғысын ауыстырады.

Жабайы табиғат биологі Николас Гулд жетекшілік ететін қала және қала маңындағы аюларды зерттеу жобасының 1-кезеңі радио-қарғы тағылған жүзден астам аюдан алынған деректер қалалық және далалық аюлар арасындағы қызықты айырмашылықтарды көрсетті. Бір-бір жарым жастағы қалалық кірекейлер далалыққа қарағанда, екі есе дерлік ауыр тартқан. Кейбір екі жасар қалалық кірекей қонжық туса, сол жастағы дала аюларының ешбірі тумаған. Алайда қалалық аюлардың 40%-ы төрт жылдық зерттеу кезінде көз жұмған, өлімнің негізгі себебі – көлікке соғылу. Зерттеушілер айтқандай, бұл кезеңде аюлар үшін Эшвилдегі өмір жақсы ма, жоқ па, белгісіз. Басқа зерттеулер әлдеқайда екіұшты картинаны көрсетеді. Эшвилдегі аюлар секілді Коларадо штатының Дуранго мен Аспен қалаларындағы, сондай-ақ Невада штатындағы Тахо көлі маңындағы аюлардың да салмағы әлдеқайда ауыр және қонжықтары да көбірек, бірақ қонжықтарының аман қалу көрсеткіші төмен, сондықтан таза популяция­лары қысқарып кеткен. Қонжығы көп семіз аюды көру қала мен қала маңының ұлғаюы аңдарға жақсы болғандай әсер беруі мүмкін, бірақ шындық басқаша. Адам мен аюдың үй­­лесімде тіршілік етіп жатқаны да ақиқаттан алыс. Эшвилде де олай емес. Соңғы жылдары мұнда аюлар үй жануарларын өлтіріп, кемі бір адамды жарақаттаған.

Айналадағы таулардан аю ағылған Солтүстік Каролинаның Эшвилл қаласында биологтер дәрімен ұйықтатқан аюды тексеруде. Аюлармен қақтығыстарды барынша азайту үшін тұрғындар зерттеуді бақылауға шақырылады.

Халықтың жабайы көршілерімен қалай қауіпсіз бірге тұра алатынын білу үшін Струлс бір сынақ өткізуді жоспарлап отыр. BearWise танымдық жобасы бойынша қаланың екі орамы зерттеу нысанасына алынады. Жуырда ел бойынша жүзеге асырылатын бастама үй жануарларын жетекпен алып жүру, қоқысты дұрыс орнату, құсқа арналған жем-астауларды алып тастау, аңға жақындамау, тамақ бермеу тәрізді әрекеттерді ынталандырады. Басқа екі орамға ешқандай танымдық материал берілмейді, олар эксперименттің бақылау тобы болады.

Струлс барлық 4 аумақтағы радио­қарғылы аюларды бақылау арқылы BearWise жобасы ұсынған тиімді әдістер халықтың мінез-құлқын өзгертіп, шағымын азайта ма, жоқ па, білгісі келеді. Дуранго қаласында зерттеушілер бір қадам алға озып, аюдың қауқарына төзімді мыңнан аса қоқыс контейнерін таратты. Осы қоқыс контейнерлерін пайдаланған үйлерде проблемамен қақтығысу 60%-ға азайған. Бірақ кей адамдар аюлардың артқы аулаларына келгенін қалайды. Мәселен, Дженис Хусебо аюларға отбасы мүшесіндей қарайды. 22 жыл бойына ол Эшвилдің орталығынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан үйінің террасасына құстың астауына жем салып, аш аюларды тамақтандырып келеді. «Мені аюдың тілін біледі деп атайтын достарым бар», – дейді Хусебо есік алдында екі қонжығымен жүрген кірекейге аңтарыла қарап тұрғанымызда.

Эшвилдік Кей және Дэвид Картердің артқы ауласында қонжықтар ойнап жүр. Үй иелері оларға әткеншек жасап қойған. «Эшвилл аюларға үлкен толеранттылық­пен қарайды, – дейді жабайы табиғат биологі Колин Олфенбюттель, – бірақ мен олар аюларды өлгенше жақсы көре ме деп қорқамын».

Бірақ жабайы табиғатты қорғаушылар аюларға тамақ беру жарақат алу тәуекелін күшейтіп, бұл осы жануарларға деген төзімділікті төмендететінін ескертеді. Осы екі себеппен жергілікті округ мұндай практикаға тыйым салатын қаулы шығарған. Струлс те Хусебо сияқты эшвилдіктер аюларды жақсы көретінін мойындайды және өзінің зерттеуі бұл жануарлармен бірге өмір сүрудің олар үшін де, өзіміз үшін де ең тиімді жолын ұсынады деп үміттенеді. «Жабайы табиғат бәрімізге ортақ, бірақ біз аюлардың жабайы болып қалғанын қалаймыз», – дейді Струлс.

АВТОР: КРИСТИН ДЕЛАМОР
ФОТО: КОРИ АРНОЛЬД

Мақаланың толық нұсқасын журналдың 2022 жылғы шілдедегі санынан оқи аласыз.

23Қыр

Мына фотолар бізді Жер тарихына саяхаттатып, тіршіліктің бастауы болған бастапқы геофизикалық үдерістер құпиясын жайып салады.

Байырғы Жер бетінде жанартау жынысынан жер қыртысының оппалары түзілген – Конго Демократиялық Республикасының Вирунга тауында орналасқан Ньирагонго жанартауынан көпіршіп аққан лаваның кальдерасындағы мына дақтар секілді.

«Бұл саяхат біздің уақыт, кеңістік және әралуандық арқылы табиғатпен байланысымызды нығайтуды көздейді, Жерге деген құрметімізді оятады», – дейді француз фотограф Оливье Грюнвальд. Ол әріптесі, табиғат жанашыры әрі жазушы Бернадетт Гилбертес екеуі 30 жыл әлемді шарлап, біздің бірегей планетамызды қалыптастырған факторларды ғажап түрінде көрсететін жерлерді өздері жүзеге асырып жатқан Origins жобасына құжаттаумен айналысып келеді. Жер – хаостан туған тасты планета. Эволюция жетегінде ол саналуан тіршілік орталары мен млн-даған жаратылыс түрінің үйіне айналды. Солардың бірі біз – Жердің ғажайыптарына басы айналған әрі соның бәрін жойып жіберуге қауқарлы Homo sapiens.

500 млн жылдан астам уақыт бұрын пайда болған Аустралияның жүрегі саналатын Улуру жалаңаш құмдауытын таңсәріде жұқа бұлт көлегейлеп тұр. 863 метр биіктіктегі, аборигендер үшін қасиетті мына жартас Солтүстік аумақтың жазық даласында бірден көзге ұрады.

Климат өзгерісіне және басқа да экологиялық мәселелерге алаңдаған Грюнвальд пен Гилбертес күш-жігерін ғажайып Жер-шарына деген құрметті қалыптастыруға бағыттады. «Мына сән-салтанатты, жомарт және жарық планетаның пайда болуына 4,5 млрд жыл қажет болды, – дейді Грюнвальд, – енді біз не істеуміз керек? Экологиялық дағдарысты үдетеміз бе, әлде жаманаттың алдын алуға шешім қабылдаймыз ба?» Origins жобасы тұмса табиғаттың көркі мен кеңдігін паш етеді. «Кейде асау, кейде жайбарақат, бір орында тұрмайтын тұмса табиғат – шабыттың шексіз көзі», – дейді Гилбертес.

Шамамен бес млн жыл бұрын Колорадо өзені Аризона штатының Пейдж қаласы маңайындағы Хорсшу-Бенд (тағалық иілім – ауд.) деп дәл аталған құмдауыт еңісті ойып қалдырған.
Харди рифі – Жер бетіндегі тірі организмдерден тұратын ең ірі түзілім санала­тын Аустралияның Үлкен тосқауыл рифін құрайтын мыңдаған рифтің бірі. Мұнда мұхиттарда шамамен 600 млн жыл бұрын пайда болған губка­лар көп. Адам әрекеті осы нәзік эко­жүйе­ге қауіп төндіріп отыр.

Мына суреттер – 4 кезең бойынша топтастырылған Грюнвальд жинағының бір бөлігі ғана. Жинақтың бірінші кезеңі – хаос, буыр­қанған тіршіліктің шығу тегін көрсетеді. Екіншісі – Жерге, эрозиялық күштер қалыптастырған ландшафтарға назар аудартады. Оазис – өсімдіктердің таралуын, ықтималдығы ең аз тіршілік орталарында бой көрсетуге деген үздіксіз талпынысын көрсетеді. Соңғысы жан-жануар әлемінің алуандығын бар сиқыр-ғажайыбымен қосып баяндайды.

Ғажайып суреттер мен материалдың толық нұсқасын журналымыздан оқуға болады.

Автор: Эва Ван Ден Берг
Фото: Оливье Грюнвальд

Мақаланың толық нұсқасын журналдың 2022 жылғы қыркүйектегі санынан оқи аласыз.

16Қыр

Нәресте күніміздегі алғашқы сезім – басқалардың жаныңды тыныштандыратын аялауы. Қазір зерттеушілер құшақтасу мен қол алысудың денсаулық пен адами болмысымыз үшін қаншалықты маңызды екенін анықтауда.

Мына жартылай мөлдір мата камера-компьютердің эксперименталдық қосындысының қабығы іспетті. Қолдың жанасуын олардың көлеңкесін ақпаратқа айналдыру арқылы жаңаша «сезеді». Shadow Sense – «көлеңке сезімі» деп аталған осы механизмді ойлап тапқан Корнелл университетінің ғалымдары оны жанасуға реакция беретін жұмсақ роботтың ішінде сынақтан өткізуде.

2018 жылдың қыркүйек айының түстен кейінгі бір мезгілі еді. Солтүстік-каролиналық Брендон Прествуд есімді азамат өнеркәсіптік конвейер лентасы сол жақ білегі мен қол ұшын бытшыт қылған өндірістегі оқыс жайттан 6 жыл өткенде, зайыбының алдында не күлерін, не жыларын білмейтін жүйке жұқартарлық күтуге толы ерекше күрделі күй кешіп тұрды. Прествудтер отбасының айналасына жиналған шағын топ ішінде біреу қызықты көріністі бейнетаспаға түсіру үшін ұялы телефонын көтерді: көрікті әйел және шынтағынан саусақ ұштарына дейін ақ протез таққан сақалды жігіт, оның жейдесінің астында иығына қарай қойылған үстел электр құрылғысынан сымдар тарайды.

Прествудтің денесі тері арқылы, яғни протез емес, тікелей мағынасында денесінің өзі осы сәтте желіге қосылып тұр. Невролог, терапевт, психолог және биомедицина инженерлерінің халықаралық желісі жүзеге асырған өршіл сынақтар сериясы аясында Прествуд Кливлендтің Кейс Уестерн Резерв университеті хирургтеріне сол қолының шетіне тілік жасап, титімдей электр өткізгіштерді жүйке талшығы мен бұлшықеттерге жалғауға рұқсат берді. Хирургтер осыдан кейін инежіптей қырық сегіз сымды қолының ішімен және иығы арқылы өткізді. Артынша оларды жауып тұрған жамауды шешкен сайын Прествуд терісінен сымдардың қылтиып тұрғанын көре алатын. «Иә, солай, бұлар сым, – дейтін Прествуд өз-өзіне, – қолымнан шығып тұрған сым».

1950 жылдары атышулы сынақ жан тыныштандырар жанасуға деген асқан қажеттілікті паш етті. Сол кезде бала тәрбиесінің ықпалды сарапшылары баланы өбектей беру зиян дейтін. Висконсиндік психолог Харри Харлоу олардың қателескенін дәлелдеуге көмектесті. Олар маймыл балаларын екі жасанды «ана» бар торға салғанда, темір «ана» сүт берсе де, бала маймылдар матамен қапталған жұмсағына жабысты.

Ол зерттеушілер эксперименталдық қол протезін – ішінде қозғалтқыштары бар және саусақтары датчиктермен жарақталған жаңа буын протезін тағуды үйретуі үшін Кливлендке бірнеше ай тұрақты түрде барып келіп жүрді. Бұл құрылғылар сауықтыру сарап­шыларының үлкен қызығушылығын оятты. Бірақ Кейс Уестерн Резерв тобының діттегені жаңа протездер қамтамасыз ететін жетілдірілген басқару функциясы ғана емес еді. Зерттеушілерді расымен еліктірген нәрсе – әр жолы Прествудті зертханада отырғызып, сымдарын компьютерге қосқан кездегі адамның сезіну күйін бақылау болды.

Өйткені бұл терінің, жүйкелер мен мидың таңғалдырар күрделі әрекеттесуі: соны түсіну, өлшеу және адами деңгейде қайта сезінту. Мұны сипаттау аса ғылыми тәсіл болмаса да, Брендон Прествуд соның жарқын мысалы.

Сенсорлық қалына келтіру зертханасында зерттеушілер Брендонды сынақтардан өткізіп жатқанда үміт отын жаққан нәрселер де болды, айталық Прествуд протез қолымен пенопласт блокты қысқан кезде, ол пенопластқа қысым түсіргенін сезді. Байланыс бар. Жоқ саусақтарынан шаншуды сезінгендей болды.

Аризоналық мануалдық терапевт Джон Болл әлемдік деңгей­дегі спортшыларды емдейді. Массаж үстелінде – орта қашыққа жүгіруші америкалық Бен Бланкеншип. «Мен пациенттің дене­сімен тіндік және тактильдік кері байланысты қалай пайдалану керектігін білемін, – дейді Болл, – тактильдік сезім көбірек болса, соғұрлым тері рецепторларын тітіркендіре аласыз, соншалық көп ақпаратты локалдық орта мен ми арасында әрлі-берлі бере аласыз».

Эми Прествуд Кливлендтегі зертханалық тәжірибелер кезінде күйеуінің қасында бола алмады. Тек қыркүйектің сол бір күні түстен кейін, Мэрилендтегі зерттеу симпозиумына барған кезінде ғана иығына сымдармен жалғанған эксперименталдық протез киген Брэндон екеуі қол жетер жерде қатар тұрды. Сол видео Брендонның телефонында сақ­талған. Ол жерден бар көретініңіз: үлкен бөлмеде бір-біріне қарап тұрған екі адам, бірінші рет билейін деп тұрған жасөспірімдердей сенімсіз, ебедейсіз қалыпта. Брендон аяқтарына, протез саусақтарына қарап езу тартады. Ол зақым алмаған оң қолымен Эмиге сол қолын нұсқайды: «Бермен кел».

Нью-Делидің Сафдарджунг ауруханасында жаңа туған егіз нәресте аналары Сунита өз-өзіне келгенше әпкелері Нирджи Кумаридің кеудесіне жабысып алған. Жаңа туған сәби анасына не суррогат анаға терісіне терісімен жанасатын кенгурулық-күтім әсіресе дамыған елдерде салмағы аз, әлжуаз нәрестені нығайту әдісі ретінде жақсы танымал. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы үйлестірген, Сафдарджунгте және Африкадағы төрт ауруханада жүргізілген таяудағы зерттеу кенгуру әдісі сәбидің денсаулығы тұрақты деп танылғаннан кейін күніне бірнеше сағат емес, туа сала және үздіксіз қолданылғанда әлдеқайда тиімді болатынын анықтады. Зерттеушілердің топшылауынша, мұндай әдіс жылына 150 000 сәбиді құтқаруы мүмкін.

Адамның сезінуі туралы кеңейіп келе жатқан ғылыми әдебиет қазір ғылыми деректерге, келешек бойынша пайым-парасат және фантастикалық ұсыныстарға бай – бірақ осы видеода мен сипаттағым келіп тұрған төрт секундтық бір бөлік бар: Эмидің саусақтарымен Брендонның протез қолының айналасын ұстаған сәті. Брендонның басы селк етіп, көздері бақырайып кетті. Аузы ашылып қалды. Эми оған қарап тұр, бірақ Брендон анық ештеңе көрмеген күйі тіп-тік қадалып қалған. «Мен сезіне алдым, – деді ол маған, – мен кері байланысты сездім. Оған қолым тигенін сездім. Көзімнен жас ақты. Ол да жылады деп ойлаймын».

Эми де жылаған еді. Ол маған видеоны көрсеткен күні біз пандемияның қақ ортасында отырған едік: Жер бетінде адамдар бір-біріне қалай жақындауды, қашықтықты қалай қысқартуды, қалай жанасуды түсінуге тырысып жатқан мезгіл еді.

Бәлкім пандемияда душ пердесі немесе ілмелі целлофан арқылы құшақтасып жатқан адамдардың суреті есіңізге түсер. Мына журналда ерекше жан тебірентер сәт жарияланған: кір ілетін жіпке қыстырылған мөлдір түсті мата; арасын перде бөлген анасы мен қызы бірнеше айдан кейін алғаш рет құшақтасуда. Мұндай сәттегі күй мен сезімді білемін: өз қызым да кесел індет кесірінен артқы аула арқылы қашықтан жүздесулер кезінде осыған ұқсас нәрсе жасаған. Сол құшақтасудың мейірімін әлі ұмытпаймын. Иә, кедергі арқылы. Әлсіз, сырғанақ. Пластмассадай. Тоқырау деп ойларсыз. Бірақ Ливерпульдегі Джон Мур университетінің нейроғалымы Фрэнсис МакГлоун айтқандай, менің «қажеттілік жағдайым» оны байқайтындай өте жоғары еді. «Ол дәрумен жетіспеушілігіне ұқсайды, – дейді МакГлоун, – қайтадан қуат алуыңыз керек».

Теріге жай ғана жанасудың өзі қаншама күрделі нейрондық хабарлама беретіндіктен, ғалымдар оны техникалық құрал-жабдық көмегімен енді ғана имита­циялай бастады. Джон Хопкинс қолданбалы физика зертханасында ғалымдар электрондық дермисті – қысымға реакция беретін қатпарлы материалды пайдаланатын әдісті зерделеуде. Мына суреттегідей электрондық дермисті ұстаған жапсырманы протез қолға жалғаған кезде бұл материал басқа бір беткі қабатпен жанасуды ми жанасу деп қабылдайтын белгіге айналдыруға көмектеседі.

Қазір неврологтер мен психологтердің көбіміз үшін интуитивті түрде анық деп көрінетін нәрсені түсіндірер биологиялық маркерлері бар: көп адамға деннің саулығы үшін басқалардың қасында болғаны, жан тыныштандырар жанасуы қажет. Мына академиялық сипатта естілетін сөздерге мән беріңіз:

Жанасу әлеуметтік әрекеттесудің фундаменталдық аспектісі болып саналады және ол адам баласының фундаменталдық қажеттілігі… Әлеуметтік жанасу күйзеліс жағдайында жанасуды қабылдаушы адамды тыныштандырады…, мидың қауіп-қатермен байланысты бөліктерінің белсенділігін түсіреді.., жүйке жүйесіндегі күйзеліс жолының іске қосылуына ықпал етуі мүмкін, күйзеліс гармондарын азайтады … Оның гипоталамуста шығарылатын нейропептид – окситоцин бөлінуіне ықпал ететіні анықталды… Окситоциннің жоғары деңгейде болуы сенімнің жоғары болуымен, ынтымақтастықты мінез-құлық, бейтаныс­тармен араласу, басқаларыдың эмоцияларын әлдеқайда тиімді түрде түсіну және конфликтілерді конструктивті түрде шешумен байланыстырылады. Бұл федералдық сот процесіндегі адамды жалғыз қамауға қарсы шағымнан алынған. Калифорния түрмесіндегі қамаудағылардың атынан шағымды көтерген заңгерлер түрменің көп жыл бойына қамалғандарды оқшаулап ұстау тәжірибесі конституцияға сәйкес келмейтін, қатал және әдеттен тыс жазалау екенін уәж етіп дауласты. Бейбіт келісімнің егжей-тегжейлі деректері әлі де сотта талқылануда. Берклидегі Калифорния университетінің психология профессоры Дэкер Келтнер жазған сарапшы есебі осындай. Ол жанасу ғылымы бойынша дәріс беріп, осы саладағы зерттеулерге жетекшілік етіп келе жатқанына 15 жылдан асқан. «Бұл біздің әлеуметтік байланысымыздың ең ежелгі және негізгі тілі деп те айтуға болады», – деді ол маған.

Брендон Прествудтің иығындағы сымдар компьютерлік стимуляторға жалғанған кезде олар қолдың жоғарғы бөлігіне жалғанған электродтарға сигнал тасиды. Эксперименталдық протезбен қосылған осы құрылғы жүйесі Прествудке оқыс апаттан кейін жартысынан айырылған қолынан келіп жатқандай сезімдерді сезінуіне мүмкіндік береді. Солтүстік Каролинадағы үйінде Прествуд сымдардың айналасын сүртуге спиртті мақта пайдалануда. Татуировка зайыбы екеуі амниотикалық инфекция салдарынан айырылып қалған екі нәрестесінің біріне арналған. Зерттеу еріктісі ретінде ол осы татуи­ровканы бүлдіріп алмауды өтінді.

Ол ең ежелгі эволюция дегенде мына нәрсені айтқысы келеді: адам баласы сөйлеп үйренгенге дейін, ғылыми мақалаларда жазылғанындай, «тактильдік коммуникацияны» пайдаланған. Жекелей алғанда ең бастапқысы мынадай: жанасу – бұл іштегі нәрестенің алғашқы қабылдайтын сезімі. Нәрестенің дүниеге келгенде және келгеннен кейінгі бастапқы айлардағы ең маңызды әрі толық жетілген сезімі де осы.

Психологиядағы ең ықпалды және жа­насу жөніндегі жаға ұстатар зерттеулердің бірінде балалар, дәлірегінде зертханалық маймыл балалары зерттеу объектісі болған. 1950 жылдардың аяғында Висконсин университетінде істейтін психолог Харри Харлоу жетекшілік еткен топ оларды бірі жалаң сымнан, екіншісі жұмсақ түкті матамен қапталған маймыл пішіндес екі суррогат қойылған торға оқшаулайды.

Харлоудың экспериментінде тек сымды суррогат қана сүт береді. Сәби макактар одан сүт ішіп, қарындары тойған соң немесе қорыққан кезде жұмсақ «анаға» жүгіріп, оны құшақтап қысып алатын болған.

Харлоудың интернет желісінде тарап кеткен ескі видеосы жаға ұстатады: Харлоу онда көрерменге байсалды қалыппен тордағы жалғыз бала маймылдың түкті матаға жабысқаны туралы әңгімелейді. Алайда осы психологтің сол кезде сорақы саналған бір айтпағы бар еді. Бала тәрбиесі бойынша осы дәуірдегі батыстық ықпалды тұлғалар балаға абсолютті керек деңгейден артық жанаспауға және нәрестелер мен кішкентай балаларды құшақтау және сүюді еркелетудің ескірген түрі деп қарауға кеңес береді (олар балаларыңыз әлсіз және тәуелді болып өседі әрі бұл санитарияға қарсы деген уәж айтатын).

Харлоудың маймылдармен эксперименті қазіргі адамдар үшін этикалық тұрғыда жиіркенішті, бірақ осы тәжірибелер – адамдардың жоғарыда айтылған абыройлы мамандардың қателескенін түсінуіне себеп болды. Макаканың балалары Харлоу «жанасу тыныштығы» деп атаған нәрсеге мұқтаж болғаны сондай, олар тұрақты азық көзін жұмсақ жанасуға айырбастаған.

Харлоудан кейінгі зерттеулер жанасу тыныштығының күші мен химиясын одан әрмен еселеп дәлелдей түсті. Терінің теріге дұрыс жанасуы сәбилердің денсаулығында да нақты жақсаруға әкеледі: жүрек қағысы, салмағы, инфекцияларға төзімділігі жақсарады. Нәрестелерге арналған инкубаторлар мерзімінен бұрын не салмағы жетіспей дүниеге келген сәбилерді қорғайтын стерильдік оқшаулау үшін жасалған, бірақ кей ауруханалар «кенгуру ана махаббаты» деп аталатын хаттамамен емдейді, ол бойынша шақалақ туа салысымен анасының жалаңаш көкірегіне қойылады және мүмкін болғанынша бірнеше сағат қатарынан сол жерде қалады. Анасының кеудесіне терісі тиіп жатқан сәбилерде омырау сүтімен тікелей тұрақты байланыс болады әрі ананың қорғаныш микроағзаларын сіңіре алады. Ауруханалық зерттеулер ана науқастанғанда немесе басқалай себеппен сәбиді ұзақ мерзім ұстай алмайтын жағдайда басқа бір ересек адам да кенгуру әдісімен уақытша алмастыра алатынын көрсетті. Ананың немесе әкенің, яки қажетті мейірімді түсінетін кез келген басқа адамның физикалық жылуы мен жанасуы жаңа туған шақалақтың өмірін сақтауға көмектеседі.

Операция аяқталды, әрқайсысында екі сым бар 12 өткізгіш Олдхам қолының жоғарғы бөлігінде терісі арқылы өтіп тұр. Зерттеушілер Олдхамның жүйкелері мен бұлшықеттерін стимуляциялау ақырғы нәтижеде протездегі датчиктермен үйлесімде жұмыс істеп, оның миы сау қолдан келіп жатқандай қабылданатын белгілерді жібереді деп үміт артады. «Шынайы аяқ-қолды регенерациялау ең үздік шешім болар еді, – деді Олдхам бірнеше күн бұрын, – мен армандаушымын».

Тайлер – Брендон Прествуд және тағы 8 пациентпен жұмыс жүргізетін көппрофильді топтың жетекшісі. Бір жолы одан колледждегі инженер мамандығынан сезу органдарын қалпына келтіру тәжірибелеріне қалай келгенін сұрадым. Оның ойлы жауабы «Сайтан алғыр!» және «Сұмдық керемет» деген тіркестерді де қамтыды. Электринжиниринг – күшті! Нейрондық желілер де солай. Сайып келгенде нейрондық желілер дененің ішкі электрін қолданады; бұл – сигналдарды жоғары-төмен таситын электрлік импульстер. «Мен мидың құдіретіне тәнті болдым. Әлі күнге мініп жүрген машинамыз қалай жұмыс істейтініне таңданамын», – дейді Тайлер.

Олдхамның жазғы сауығуынан кейін зерттеушілер оны бастапқы сынақтар үшін Мичиган университетіне әкелді. Оның қолына таққан протезде жанасуға жауап беретін датчиктер орнатылмаған; бұл саты енді келеді. Алайда хирургтар электродтарды бұлшықеттер қаптаған жүйке ұштарына орнатқандықтан, Олдхам осы бионикалық қолды керемет басқаратынын байқады. «Менің қалағанымды істеді, – дейді ол, – әсерленіп тұрмын».

Нейроғылым мен инжинерияның түйісу тарихы терең. Мәселен, 1960 және 1970 жылдары ғалымдар сал ауруына шалдыққан адамдардың бұлшықеттерін белсендіру үшін операция әдісімен теріге орнатылған не жалғанған электрлік стимуляция мен электродтарды табысты қолдана бастады. Тайлердің 21 ғасырдағы параллель нейроинжинерия мәселесіне зайыбы, зейнеттегі эрготерапевт Джойстың пациенттермен ампутациядан кейінгі жұмысы назарын аудартты. Жанасу ше? Зерттеушілер жаңа технологияларды ауыспалы аяқ-қолға енгізе отырып, кейде пайдаланатын «шынайы дерлік» жақын күйде сезінуге қол жеткізе ала ма? Датчиктері бар протез имплантталған электродтармен бірге аяқ-қолының бірі ампутацияланған адамға құрылғы арқылы тірі дене бөлігіндей жанасу сезімін сезіндіре ала ма?

Кейс Уестерн Резерв және тағы 6 зерттеу орталығының зерттеулері сұрақтың жауабын «иә» дегенге келтіреді. «Мұның сынаққа қатысушының барлығына өзекті екенін анықтадық. Қандай сөздерді қолданасыз?» – деп сұрады Тайлер. «Болмашы шаншу». Әдеттегі сезілетіні. Көп жағдайда салыстыру мүмкіндігі жоқ. Бұл бұрын олар сезінген ешбір нәрсеге ұқсамайды». «Салқын су тамшысындай», – дейді бір пациент. Немесе бұл аяқ-қолыңыз ұйып қалғаннан кейін қайта қалпына келіп жатқандағы шаншуға ұқсайды. «Мен кейде тызылдау деген сөзді қолданамын, бірақ ол тым күшті, – деді Прествуд маған, – әлдекім тігін инесінің ұшымен терімді теспей, жай тигізіп тұрғандай».

Әрбір орталық импланттар мен протездердің өз комбинацияларын сынап көруде; Швецияның Чалмерс технологиялық университетінде істейтін инженер Макс Ортис Каталанның жетекшілігімен салынған суреттерде Чалмерс ғалымдары жасаған құрылғы бейнеленген. Негізгі идея мынадай: айталық, білегінен толық айырылған Прествуд сияқты ампутацияға ұшыраған пациенттің қол-аяғының қалған бөлігінде үзілген жүйкелер бар. Осы жүйкелер әлі де миға белгі жібере алады, ми оны пациенттің айырылып қалған қолаяғынан деп қабылдайды; бұл фантомдық аяқ-қолды сезіну себептерінің бірі болуы мүмкін.

Яғни бар гәп белгі беруді қалпына келтіруде тұр. Осы эксперименталдық протездерге орнатылған датчиктер беткі қабатпен жанасуды, айталық үстел үстіне тиген протез саусақ электр белгілеріне айналдырады. Ол деректерді компьютерге жібереді, компьютер мидың осы жанасуды дұрыс бөлікте қабылдауы үшін тітіркендірілуге тиіс жүйкелерді анықтайды (Сұқ саусақ? Бас бармақ? Неке жүзігі тағылған саусақтың екінші буыны?). Компьютер импульстарды пациенттің имплантталған сымдарымен электродқа жібереді, ол жоғарыдағы жүйкелерге биологиялық-электрлік импульстарды жібере отырып, көрсетілген жүйкені тітіркендіреді. Ғажап: сенсорлық ақпарат, мінсіз жағдайда дұрыс ақпарат миға қарай бет алады.

Автор: Синтия Горни, фото: Линн Джонсон

Мақаланың толық нұсқасын журналдың 2022 жылғы маусымдағы санынан оқи аласыз.

14Қыр

СИКСИКАЙТСИТАПИ • МОНТАНА ШТ.

ҚАЛЫҢ ҚАР БАСҚАН қыстақ. Сиксикайтситапи тайпасының азығы таусылған. Күн батысымен бір жас келіншек отын іздеп шықты. Ол өзен жағасындағы шоқ тоғайда ағаш сыбдырын естіді. Ағаш бұтақтарының екіге айырылған тұсында тас бар екен. Бұл тас оған ән берді. «Ауыл үлкендеріне осы әндерді үйрет, – деді ол, – сосын мен бәріңді жарылқаймын».
Сол түні үйіне ауыл ақсақалдары келді. Бәрі ашыққаннан талып жатса да әндерін жалғастыра берді. Боран соғып, үйлер қарға көміліп қалды. Ал ертеңінде ауылдықтар үйлерін қардан аршып алғанда, қыстақты кезіп жүрген бизонды көреді.

Aerial view of bison from the Blackfeet herd, roaming land set aside for them on the Blackfeet reservation in the late afternoon.


Алғаш рет осы бизон тасы оқиғасын сиксикайтситапи тайпасының ғасырлар бойы жиналатын жері – Монтана штатының солт.-бат. Ту-Медисин өзені үстіндегі қияда естідім. Мені тайпаның бизон аулау дәстүріне шақырды. Ол сиксикайтситапи балаларына өз мәдениетіндегі аңның маңызын ұғындыру үшін жыл сайын бірнеше рет өтеді. Наурыздың жарқыраған таңында үлкендер мінәжат етіп, ән шырқап, бизон тасы, сәлбен, шағын шойын ыдыста түтіндеген темекі туралы аңыз-әңгімелерін айтады. Балалар таңыр­қай тыңдап отыр. Сиксикайтситапи – 4 ұлт конфедерациясы, 3-еуі Канадада – сиксика (қарааяқ), кайнай (қан) және пиикани (пейган) – және 1-еуі АҚШ-та: пиикуни (қарааяқтылар). Пиикани мен пиикуни – бір мәдениеттің тармағы, бірақ арасын сиксикайтситапилер елей бермейтін, Медисин сызығы деп мысқылдайтын халықаралық шекара бөліп жатыр.
Рәсім өтетін жерге таяу маңда бизондар табыны жүр. Екі күзетшісімен бірге пикап көлігімен табынға таядық: Чазз Расин терезеден қаруын кезене қылтияды, ал Роб Вагнер – рульде. Расин қай бизонды ататынын бірден білетінін, көбіне бизонның өзі таңдау жасайтынын айтты.
Бизондар бізге қарай жақындады. Ішінен ірі бұқасы шығып, жерге шөкті. Басқалары кете барды. Бұқа бізге тік қарады. Расиннің қаруы сәлбен түтінімен аласталды. Дауысы қатты шықты. Бұқа бірден сұлап түсті.
«Оның өзін тапсырғанын көрдіңіз бе? Көрдіңіз бе соны?» – деп сұрады Расин. Екеуі өлген жануарды платформалы көліктің артына тиеп әкелді. Үлкендер алғыс дұғасынан кейін балаларға қалай союды көрсетті. Еті кейінірек мектепке және қауымдастыққа үлестіріледі.
Типи сақиналарынан шамамен бір шақырым жерде құз бар. Бизон кертпеші: тік беткейінің биіктігі шамамен 10 м. Аңшылар бизондарды бөктерге тықсырып әкелді. Айқайлаған адамдар бизондарды кесілген бұталар тізбегі – «айдау жолағымен» құзға айдады. Жардың шеті көрінгенде тым кеш еді. Төменде күтіп тұрған адамдар тірі қалғандарын өлтірді. Бұл жерде сиксикайтситапи тайпаларының талай буыны аңшылық құрған.
Экологтер бизондардарды аса маңызды түрге жатқызады: шалғынды аймақтың экожүйесі осы организммен байланысты. Кайнай көшбасшысы, заң профессоры Лерой Кіші Аю бизонның рөлі одан да зор дейді: «Олар біздің мәдениетіміздің, әндеріміздің, әңгімелеріміздің, рәсімдеріміздің іргетасы. Соның бәрі осы бизонмен байланысты». Хауденосаунилер үшін жүгері қандай болса, сиксикайтситапилер үшін де бизон ұлт болмысының қайнары, жай азықтан да жоғары құндылыққа ие.
Еуропалықтар сиксикайтситапи жерін жабайы жер десе де, бұл жерлер ағылшындардың ауылдық жері сияқты игерілген еді. Олар көктем мен күзде ұсақ бұталар мен қураған шөпті өртейтін. Тамыры терең шалғын шөптері өрттен кейін қайта өседі. Ғасырлар бойғы от қою әдеті батыстағы жазық далаларды бизондар үшін жұмақ – алып жайылымға айналдырды.
Бизондардың кейінгі тағдыры белгілі: тіршілігі соларға тәуелді халықты аштыққа ұшырату үшін миллиондаған бизонды қасақана қырып-жойды. 1889 жылы Смитсон институты тарихтағы алғашқы бизон санағы мәліметтерін жариялаған кезде жалпы АҚШ-та еркін жүрген небәрі 85, ал Канадада бірнеше жүз бизон қалған.

Тарих және бизон табындары

Сиксикайтситапи мәдениеті солтүстік ұлыстары үшін қасиетті жайылым жа- нуарларының басты түрі – бизондармен тығыз байланысты. Бір кездері Солт. Америкада млн-даған бизон жүрген, аңшылар 19-ғасыр соңында түгелге жуық қырып тастады. Бүгінде байырғы ұлттар өз жерлерінде еркін жайылуына мүмкіндік беретін бизондарды қалпына келтіру бағдарламаларын жүзеге асыруда.


Бизондардың жойылуымен бірге халық жерден де айырылды. Глейшер ұлттық паркінің шығыс бөлігінің жартысы байырғы ұлыстан алып қойған жер. АҚШ ол жерді сиксикайтситапи тайпасы әрқашан пайдалана алады деген уәдемен сатып алды. Бірақ уәде орындалған жоқ.
Қазіргі кезде ондаған ұйым Альбертадан Оклахомаға дейінгі жайылымдық жерлерге байырғы жұртын қайта қоныстандырмақ. 2014 жылы ең маңызды қадамдардың бірі – байырғы халықтардан 8 ұлт бизондар бойынша «ынтымақтасу, жаңарту және қалпына келтіру» шартына келісті. Едәуір бөлігін Кіші Аю әзірлеген шарт қатысу­шыларын жерді еркін жүретін ірі бизон табындары пайда болатындай пайдалануға міндеттеді. «Бұл шарт өзара қарым-қатынасты сырттан біреулердің не үкіметтің көмегінсіз, тайпалардың өздерінің түзетуіне мүмкіндік береді», – дейді Кіші Аюдың зайы­­бы Аметист Тұңғыш Шабандоз. Ол «Сиксикайтситапи бизондары» бағдарламасының басты ұйымдастырушысы.
Бүгін бұл шартқа 30 ұлт қол қойды. Бұл – бизондардың еркін жүретін жерлерін қалыптастыру бойынша еларалық шекаралар мен Медисин сызығына бағынбайтын ұзақ мерзімдік бағдарлама. Құқықтық тұрғыда мұндай аумақтың ортақ немесе бірнеше егемендігі болып, жер иелігі құқығының басым бөлігі байырғы ұлттарда емес, басқаларында болар еді. Алайда пәрменді басқаруды көбіне осы байырғы ұлттар жүзеге асырар еді. Төртл аралында осындай қалыптан тыс мәртебе барған сайын кеңейе түсетінге ұқсайды. Іс жүзінде тла-о-куи-ат ұлты басқаратын тайпалық парктер келешектің белгісі болып отыр.
Сая Массоның кеңсесіне барғанымда қабырғалары туған жерінің карталары мен фотоларына толы екен. Ол Мирес аралын көрсетіп, тла-о-куи-ат оны барлығы үшін сақтап қойғанын айтты. Одан өздері қорғап отырған ландшафты қалай сипаттар едіңіз деп сұрағанымда: «Біздікі», – деп жауап қайырды.

Автор: Чарльз C.Манн – Колумбке дейінгі Америка құрлығы туралы «1491» кітабының авто­ры.

Фото: Килии Жуяң – адамның құрлықпен, теңізбен байланысын суретке түсірумен айналысады.

2Там

Сыншылар COVID-19-дың негізгі себебі болған базардан басқа, жалпы жабайы жануарларды өсірудің дұрыс реттелмеуі салдарынан туындайтын анағұрлым ауқымды мәселелерді атайды.