Зерттеу
11Шіл

Алтайлықтар үшін көшпелі мал шаруашылығы тек жайылымдық ресурс пен кеңістікті түрлендіру ғана емес, ол–сонымен қатар жем-шөп мәселесі мен малдың әр маусымдағы өсіп-өнуін өзара бейімдеу.

Мәтін және фото: Лю Шяңцын
Жауапты редактор: Ай Шаоцяң

Ертіс алқабындағы көш жолдары мыңдаған жыл бойы әрі-бері көшіп жүрген көшпенділер мен олардың малдарының ізінен пайда болған. Қазіргі таңда көп аймақ жайылымға апаратын автожолдар салған, тек Көктоғай ауданында ғана осы көне жолды сақтап қалған. Осы жол арқылы жылына жүз мыңнан астам мал өтеді. (Фото: Гу Цзифэн 4 сәуір, 2023)

Еуразия даласы өзінің бай және алуан түрлі өсімдіктерімен, әсіресе мұндағы ең алғаш пайда болған көшпелі өмір салтымен әлем халқының көпшілігіне ықпал етті.

Оның ең шығыс шетіндегі Алтай таулары алтын өндірісімен мәлім болды және Шығыс пен Батыс арасындағы ежелгі әрі ең маңызды өткел ретінде әлемде көп талқыланған аңыз-тақырыптардың біріне айналды.

Хадық Сәйдүл көшін алғашқы қардан кейін бастады. Көліктер далада алғаш пайда болған жылдары, олар көшпелілердің көз алдында мүлде басқаша көрінетін, бірақ қазір үйір-үйір малды аралап жүрген мотоциклдер мен жүк тиелген көліктер көш кезіндегі қалыпты көрініске айналған. Ақырындап құлаған қар ұшқындарының арасынан үйір-үйір мал тұяғының дыбысы желдей еседі. Бұл – бүкіл Еуразия даласының қаншама жылдан бері келе жатқан салтанатты көрінісінің бірі. Заман өзгеріп, өркениет жаңарып не жойылып, адамзатқа ықпал ететін ірі оқиғалар болып жатса да, соның бәрі осы ұлы даладағы көшпелі өмірді өзгерте алған емес. Себебі бүгінге дейін жалғасып жатқан көшпелі тұрмыс – өлкеге ең қолайлы өмір салты. Көшпелі өмір адам баласы дүниеге келгеннен бері қойылып келе жатқан классикалық драма іспетті. Мың не он мың жылдан кейін де адамдар оны мұқият зерттеп, одан шабыт алады.

Алтай таулары шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Жер бетінің дөңестігі таулардың бағытымен сәйкес келіп, жерді тұтастай батысқа қарай еңкейтеді. Осыған байланысты Алтай аймағындағы су жүйесі Қытайдың басқа бөліктеріндегі су жүйесіне мүлдем қарама-қайшы келеді. Мұхит ағындары әкелетін ылғалды жылы ауа Алтай тауы аңғарларында су жүйелерін тудырады. Тау-тастан баяу аққан ұсақ ағындар аңғарларда шағын арналарға бірігіп, әрі қарай үлкен өзенге айналады. Өзен суы Жоңғар шөлінің солтүстік бөлігіне ағып, ақыры Еуразия даласының шығыс шетіндегі ең үлкен өзен арнасына айналады.

Алтайда екі негізгі өзен бар. Біріншісі – Алтай тауының шығысындағы Шіңгіл ауданында басталатын Ұлұңгур өзені. Көктоғай ауданын басып өтіп, ақырында Бурылтоғай ауданында Ұлұңгур көліне құяды. Ол Алтай өңіріндегі «ішкі өзенге» тең. Тағы бір өзен Көктоғай ауданындағы Алтай тауының оңтүстік-батыс беткейінен басталып, Қайырты өзені мен Күйірі өзенін қосып, Ертіске айналады. Шығыстан батысқа қарай ағып, Қазақстандағы Зайсан көліне кұяр тұста бұл өзен Қараертіс, Қыран, Бұршын, Қаба, Березек сынды тармақтарды өзіне қосып отырған. Ақырында өзен солтүстікке қарай, Солтүстік Мұзды мұхитқа жол тартады.

Қыстың ең аязды кезінде басталған көш мамыр айында жазғы жайлауға жеткенде аяқталады. Малшылар жайылымдарын әсерлі атаулармен атайды. Бұл жердің аты – «Көк тай».
Фото: Gilles Sabrié

Алтай аймағындағы жайылымдық жерлер 4 маусымға қарай бөлінген және негізінен солтүстіктен оңтүстікке қарай орналасқан. «Қыс пен көктем» және «жаз бен күз» деген екі аралық бойынша көшпелілер осы жайлауларда үздіксіз көшіп-қонып жүреді.

Алтайды өрлей орналасқан көшпелі тіршілік желісі шамамен Еуразия даласындағы түрлі далалық жайылым жағдайының өзара өзгеруімен, ұлттық және жергілікті әкімшілік бөліністермен де байланысты.

Алтайдағы көш бағыттарының ықшамдалу процесі бүкіл Еуразия даласының табиғи бейнесі мен ережелері бар институттанған модельге дейінгі өзгеру барысы десек, қате болмас. Демек елді мекендер тығыздығының өзгеруі де осы аймақтағы көшпелі өмірдің өзгеше естелігі. Ұлұңгур өзенінің екі жағындағы көк терек, қарағаш және өзен талдар арасында отар-отар қой мен жылқы үйірі жайылып жатыр. Жерден бас көтеретін емес. Шөптің өскені соншалық, түйенің беліне дейін жетті. Одан әрі алысқа көз жүгіртсеңіз, Алтай тауларынан шыққаннан кейін көрінетін егін алқаптары мен шабындықтар, осы аймақта алыс-жақын жерлерде әртүрлі тығыздықта орналасқан елді мекендер бар. Ертеде мұндағы үйлер негізінен дөңгелек пішінді болған. Яғни қазақтың дәстүрлі киіз үйі. Кейін төртбұрышты үйлер көбейді. Олардың арасында ара-тұра дөңгелек «тошала үйлер» кездеседі. Кейде сіз үйлер арасынан үлкенірек ғимараттарды көресіз, бұл – мерекелер үшін пайдаланылатын қоғамдық ғимараттар немесе дүкендер. Ауылдан сәл алыс жерде бір-екі зират болады. Адамдар осы ауылдарда той тойлайды, мерекелік дастарқан жаяды, жақындарын жерлейді… Осылайша, бұл ауылдарда толық әлеуметтік коммуникация жүйесі құрылып, үздіксіз жетілдірілуде.

Үйлер шоғырланған жерде, әдетте, әкімшілік бірліктердің белгілі бір деңгейі болады. Халық санына қарай: елді мекен, ауыл не қалашық болып бөлінеді… Бүгінде жол торабы мен биік ғимараттардың саны да жайылымдық аумақтардың, жартылай жайылымдық аймақтардың және қалалардың арасындағы өзіндік шекараға айналды. Үйлер мен зәулім ғимараттар тығыз орналасқан жерлер бірте-бірте көшпелілермен байланысты функциялардан ажыратылып, жайылымдық жерлердің қоршауында қалған не үлкен, не кішкентай қалаларға айналды. Жайылымдық аймақтар мен қалалар арасындағы көлік және қатынас түрлерінде біршама айырмашылық болуы мүмкін болса да, осы даму моделінің мүмкіндігі өте жоғары. Бұл аймақтық экономиканың даму дәрежесін білдіреді. Бірақ адамдарға көбінесе орталықтағы қала айналасындағы жайылымдық аймақтардың дамуы мен өсуіне мұрындық болып жатқандай көрінеді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Шындығында, ерте заманнан жалғасып келе жатқан кең-байтақ жайылымдар мен көшпелі өндіріс әдісі Алтай өңіріндегі барлық қаланың дамуына негіз болды.

Хадық Сәйдүлдің немересінің аты – Ақтай. Ата-анасымен бірге күнде қораға шығатын ол кішкентайынан қойлармен ойнап өскен. Осы арқылы оның бойына көшпелі өмірдің алғашқы әсерлері сіңеді.

Екі мыңға жуық қой, ондаған түйесі бар қалың мал Хадық Сәйдүлдің қорасына бірнеше жүз метрдей жерде тоқтады. Малды айдап келген жастар қос тіге бастады.

Мұндай әрекет Хадықтың ұлы Қастер мен келіні Айнұрдың ашуына тиді. Өйткені қора төңірегіндегі жайылым екі отар қойды тойдыра алмайды. Ерлі-зайыпты екеуі барып наразылық білдірейік пе деп ақылдасты.

Туыстар арасында мұндай мәселені шешу оңайға соқпайды. Енді не істеу керек? Алайда ерлі-зайыптылар әңгімесін аяқтап үлгермей, қарсы жақтан бірнеше жас Қастердің киіз үйіне кіріп келді.

Үйдің иесі дастарқан жайып қарсы алды, бір-екі ауыз сөзден кейін екі жақ келісімге келді. Ертеңінде жас жігіттер қойларын айдап әкетті. Жайылым тар жерде бұрын қоныстанғаны екінші отардың келуіне қынжылуы – қалыпты жағдай. Ал жас жігіттердің амандасып келуі бір шыны шай үшін емес, «жер иесі» Қастерге деген құрмет. Екі жақтың арасындағы мәселені жайлау тәжірибесі арқылы шешу қиын емес. Кейінірек келген мал ерте келген отардың жанында ұзақ тұруға болмайды, бұл – дала заңы.

Сырт қарағанда, көшпелі малшылардың жайылымға деген көзқарасы дала табиғатына сәйкес келеді, өйткені олар – көшпелі өмірдің мұрагері әрі әлемдегі осы ең көне тіршілік салтының «басты кейіпкерлері».

Қаламайлы қорығы құрылған соң, көшпелілер үшін 2021 жыл осы жердегі соңғы жыл болмақ. 10-санаттағы қарлы боран көшпелі өмірді алапат қауіпті қиындықтармен беттес­тіреді. Іс жүзінде қар жауған жоқ, бірақ дүлей жел жердегі қарды аспанға ұшырып, бір бағытта қатты соға берді.

Хадықтың отбасы әрі қарай көшпегені жөн болыпты, өйтпегенде малы сусыз қалғандай еді. Кенет шаң араласқан қарлы боран соқты. Ашық теріге пышақ тигендей ауыртады. Хадықтың қотаны бірден толып қалды. Қатты жел қорасын қиратты. Сол түні отар боранмен 60 км жерге дейін ығып кетіп, келесі таңда әрең табылды. Қастер адасқан қойларын ақыры қотанға кіргізіп, қораның қираған тұсының жел жағына жүк көлігін қойып, қора қабырғаларын темір арқандар арқылы нығайтты. Келесі күні таңертең жел тоқтағанда жүк көлігінің жел жақ беті қарға толып, үлкен «қарлы дөңес» пайда болыпты. Балалар үстінен сырғанай бастап еді, көп ұзамай опырылып түсті. Көшпелілер үшін қыста қалың қар – негізгі су көзі. Адамдар қарды жинап алып, еріту үшін қазанға құйды. Қайнаған судан бензин мен пластмасқа тән иістердің бәрі шықты. Бұл – желдің жүздеген шақырым жерді басып өткенінің тағы бір дәлелі.

Көш барысында малшылар осындай «қос» деп аталатын уақытша баспананы пайдаланады.

Алтайда көшпелілер солтүстіктен оңтүстікке жыл мезгіліне қарай қоныс аударып, жүздеген шақырым жолды басып өтеді. Бұл бір жағынан маусымдық жайылым ауыстыру болса, екінші жағынан – шөптің қоректік жағдайына сәйкес жайылым ауыстыру. Мал бағудың дәл осы бірегей әдісінің арқасында Алтайдағы қой еті басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда дәмді болып келеді.

Күзде Ұлұңгур өзені жағасында басталған көш, әдетте жайылымның жағдайына қарай, 10-15 күнде бір қозғалады. Бірақ әр көшкенде 30 км не одан аз жүреді. Желтоқсан айының соңында көштің басы түрлі-түсті жер бедерімен әйгілі Яданға келеді. Бұл – Тянь-Шань таулары мен Алтай тауларынан алыс жатқан Жоңғар ойпатының орталық аймағы. Аса биікте емес, оның үстіне Алтай тауларынан шалғай, Тянь-Шань тауларына жақын жатқандықтан, қыстауға өте қолайлы. Міне, бұл Алтайдағы тау жайлымы, өзен аңғарындағы жайылым, жазықтағы жайылым және шөлейтті жайылым деп бөлінетін төрт түрлі жайылымның соңғысы. Мұндағы минус 40 градустық қатты аязға төтеп беру үшін малшылар енді киіз үй не кірпіш үйде емес, жартысы жер астындағы «жертөледе» тұрады.

Еуразияның қақ ортасында орналасқан Шыңжаң үшін мұндағы ең үлкен ерекшелік – мұхиттан шалғай орналасуы. Биік таулар мұхиттан келетін ауа ағынын бөгеп, Тянь-Шань таулары мен Алтай таулары арасындағы жерді ылғал әсер етпейтін құрғақ аймаққа айналдырды. Соңғы жылдары қар уақытында жаумағандықтан, бұрынғы көшпелілердің көп жерлері мен «жертөлелері» қараусыз қалған.

Егер біз төрт мезгілдің ауысуын көшпелі өмірдің кеңістіктік өзгеруі, ал жайылымдық жерлер сапасының өзгеруін көшпелі өмірдің негізгі шарттарының өзгеруі деп есептесек, онда қозы тууы көшпелі өмір негіздерінің жаңаруы болмақ. Алғашқы қозылар желтоқсан айында туады. Бұл кезде жаңа туған қозылар суықтан қатып өлмеуі үшін малшылар қойларды үнемі тексеріп отыруы қажет. Жаңа туған қозылар болса, дереу киізге орап, үйдегі пештің қасына орналастырады. Осы күннен бастап малшы балаларына ойнайтын жаңа серік қосылды. Ұлұңгур өзенінен өткен малшылар наурызда жазғы жайлауға жетеді. Осы кезде қой жаппай туа бастайды. Бұл кезеңдегі ең маңызды жұмыс – қарды үйіп, күн сәулесінен тез еріп кетпес үшін үстін киізбен жабу. Су тапшы аймақтар үшін бұл қар жаңа туған қозыларға қажет су қоры болады.

Мереке күндері алыс-жақын туыстар жайлауда ғана кездесетін үлкен киіз үйде бас қосып, бірге тойлайды. Астан бұрын бата жасайды.

Көп жағдайда көшпелілер үшін малды көз алдында ұстап бағу жеткілікті. Бірақ қой төлдейтін кездегі жағдай мүлдем басқаша. Қойшы ұйқыда жатып та қотанға құлағын түреді, кез келген уақытта қораға барып, туып қалған қозыларды енесіне ауыздандырады. Түрлі түсті жіптермен козылардың құлақтарына белгі салады.

Бас-аяғы 20-30 күн ішінде жүзден аса жаңа туған қозы пайда болады. Таңертең қозыларды қорада қалдырып, қойды өріске шығарады. Кешке қораға қайтқан қойдың қозысын, қозының енесін іздеп жамыраған шуы адамды ерекше көңіл күйге бөледі.

Малшылар жаңа туған немесе әлсіреген қойларды тез оңалту үшін көп жұмыртқа сатып алып, жемге араластырып береді. Ал өздері тек сүтті шай мен нан жеп жүре береді. Қой төлдеген көктемгі жайылым Ұлұңгурден асқан соң 4-5 көштік жерде орналасқан. Хадық Сәйдүлдің көші осы жерден шығысқа қарай бет бұрып, 100 шакырымдай артқа тастаған соң, қайтадан солтүстікке қарай Алтай тауына тіке тартады. Ұлұңгур мен Ертіс өзенінің арасында жатқан бұл аймақта қыстың қатты ызғары алыстап, күн райы жақсара түседі. Қозылар да өсіп-жетіліп қалады. Бақбақтың да алғашқы гүлдері көрініп, айнала құлпырады.

Қытай тілінен қазақшалаған Мұхтар Мұрат.

Материалдың толық нұсқасын National Geographic журналының шілдедегі санынан оқи аласыздар.


20Сәу

Халық саны өскен сайын әлем миллиардтаған адамды асырауға, жиілей түскен қоныс аударуға байланысты туындайтын қиындықтарға тап болады.

Жер бетіндегі адам саны ешқашан бұндай көп болмаған, бірақ бұл жаңа ақиқатты жасырып тұр. Бұл ғасырда адам саны шыңына жетіп, кейін құлдырай бастауы мүмкін. Кейбір елдер күрт өсуін жалғастырса, басқалары халық санының төмендеуіне куә болады.

Адамзат сапарының жаңа белесіне жеттік. Өткен қарашадағы БҰҰ мәліметі бойынша жер бетіндегі адам саны 8 млрд-қа жетті.Халық саны 1974 жылдан бергі 50 жылдан аз уақытта 2 есеге өскен. Сол жылы БҰҰ халық санының шектен тыс көбеюіне байланысты мәселені шешуге арналған І үкіметаралық конференцияда әлем елдерінің басын қосты. Халық санының бұлай күрт өсу себебі бәріне аян: медицина, санитария және егін сапасы едәуір жақсарды. Нәтижесінде бала өлімі азайып, өмір сүру жасы ұзарды. Аустриядағы Халықаралық қолданбалы жүйелерді талдау институты адам саны осы ғасырдың соңына қарай 9,4 млрд-қа, ал Сиэтлдегі Денсаулық метрикасы және бағалау институты демографтары 9,7 млрд-қа жететінін болжаса, БҰҰ сарапшылары 10,4 млрд-қа жетуіміз мүмкін дейді. Бірақ осы ғасырдың ортасынан 2100 жылға дейін тоқтаусыз таралуымыз кенеттен тежеледі деп күтілуде. «Әлем халқының саны ғасыр соңына дейін-ақ өз шыңына жетеді деген ортақ пікір бар», ‒ дейді БҰҰ Популяция бөлімінің болжамдарын қадағалайтын маман Пәтрик Герләнд. Жүздеген, бәлкім мыңдаған жылдан бері болмаған халық санының шамалы не күрт түсуіне, оның адам елесте алмайтын салдарына куә болуымыз мүмкін.

Алдағы ширек ғасырға болжанған халық саны өсуінің жартысынан көбі Пәкістан, Филиппин, Үндістан, Мысыр, Эфиопия, Танзания, Нигерия және Конго Демократиялық Республикасы сияқты Азия мен Африканың 8 елінде болатыны күтілуде. Бірақ ғасыр соңына қарай Таиландты, Испанияны және Жапонияны қоса алғанда, 20-ға жуық басқа елдің халық саны 2 есеге азаюы мүмкін. Үнемі дамып жатқан адамзат тарихы үшін бұл өзгерістер нені білдіреді? Диаметральді қарама-қарсы ақиқатқа тап болған Қытай мен Нигериядан көп нәрсені үйренуге болады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы осы жылдың бір күнінде Қытай алғаш рет Жер бетіндегі халқы ең көп ел деген атынан айырылады деп болжайды. Үндістан одан асып түседі. 1980 жылы бір бала саясатын енгізгенге дейін-ақ Қытайдағы туу көрсеткіші төмендеп жатқан еді. Елдегі теңдессіз экономикалық өсу әйелдердің білім алу, мансап қуу мүмкіндіктерін кеңейтті. Оған қоса репродуктивті жастағы әйелдер саны көбейгенімен, көбі ана болуды кейінге ысырды не бас тартты. Қытайдағы адамдар ұзағырақ өмір сүргенімен, халық саны (қазір шамамен 1,4 млрд) кеми бастады. Елді әлемдік зауытқа айналдырған жұмыс істеуге қабілетті жастағылар саны 10 жыл бойы қысқарып келеді. 2050 жылға қарай Қытайда 60 жастан асқан 500 млн адам болады. Жас пен кәрі арасындағы бұл теңсіздік Қытай үшін үлкен сынақ болмақ.

Өзге құрлықтағы Нигерияда орташа жас небәрі – 17, бұл Қытайдағының жартысынан да аз. Ол жақта да туу көрсеткіші төмендеп жатыр, бірақ Қытайдағыдан шамамен бес есе жоғары. Қазір шамамен 224 млн халқы бар елдің саны ғасыр соңына қарай үш еседен астамға артуы мүмкін. Нигериялықтардың үштен бір бөлігі кедейліктің төменгі шегінде өмір сүреді. Миллиондаған адам аштықтан қырылудың алдында тұр.

Бір мезгілдегі өрлеу мен құлдырауды қалай еңсереміз? Айтылған болжамдардың ешқайсысы Жердің шектеулі ресурстарының әлеуетіне сәйкес келмейді. Балықтар мен жан-жануарлар қазірдің өзінде тез жойылып барады, ал климаттың өзгеруі биоалуандыққа, азық-түлік қауіпсіздігіне және ауыз су мен ауыл шаруашылығына қажетті судың қолжетімділігіне тарихта болмаған орасан қауіп төндіріп отыр. Бұған қоса аптап ыстық, теңіздердің көтерілуі, ауа-райының қолайсыздығы көші-қонды ұлғайтып, ел ішіндегі үрдістерге де ықпал ететіні айқын. Мысалы, жұмысқа қабілетті жастағы халқы азайып жатқан елдер жұмыс күшін сырттан әкеледі. Бұл елдер арасындағы барыс-келісті үдетуі мүмкін. АҚШ сияқты табысы жоғары елдерде халық саны өсуіне иммиграция ықпал етеді.

1968 жылы, Жерде небәрі 3,5 млрд адам болған кезде биолог Пол Эрлик үрейге толы әйгілі «The Population Bomb» кітабын жазды. Автор халықтың тым көбеюі жүздеген млн адамның аштықтан қырылуына әкелетінін айтып, алаңдаушылық білдірді. Бірақ олай болмады, тыңайтқыштарды, механикаландыру мен өнімді дақылдарды қолдану кеңінен таралып, «жасыл революция» ауылшаруашылығын айтарлықтай өзгертіп жіберді. Бірақ біз әлі де халқы көп болатын болашаққа бара жатырмыз, дегенмен кейбір жерлерде халық аз болуы мүмкін. Адамзаттың тапқырлығы мен миллиардтаған ми иелері жаңа ахуалды еңсере ала ма? Нигерия мен Қытай біз үшін ең үлкен сынақ болуы мүмкін.

АВТОР: КРЕЙГ УЭЛЧ


Крейг Уэлч – National Geographic журналының аға қызметкері.

17Қар

Жаны ашуға қабілетті егеуқұйрықтардан бастап, наразылық білдіре алатын маймылдарға дейінгі кейбір жануарлар біздің сан қилы сезімдерімізден кем түспейтін эмоцияларға ие.

6Қар

Егер саламатты өмір салтын ұстанар болсақ, аурудың алдын алып, өмірді ұзарту үшін генетикамызға өздігімізбен өзгеріс енгізе аламыз.

Өзіңіз жақсы көретін, өрлеп шығатын биік жерді бір сәтке елестетіп көріңізші. Енді сол биікке шықтыңыз делік. Өзіңізге қарай өрлеп келе жатқан басқаларға қараңыз. Сіз адамдардың екі түрін көресіз. Біріншісі – қимылы ширақ адамдар. Көңілді күлімсіреген, серуеннен рақаттанып келе жатыр, тіпті терлемеген де. Олар діттеген жеріне жеткенде алатын әсерге асық.

Екінші топтағылар арпалысып келеді. Жолда он рет тоқтап, демалуға мәжбүр. Әр адымы ауыр, көп күш жұмсайды. Аһ. Уһ. Жеттік пе, жоқ па?

Сірә, сіз де осы екі топтың біріне жататын боларсыз. Олардың ауыр және жеңіл қозғалғандарынан бөлек, тағы қандай айырмашылықтары бар? Иә, дене бітімі мен жастары. Әлбетте, бұл олардың жалпы денсаулық жағдайы екені сөзсіз. Бірақ ненің ықтималдығы аз екенін білесіз бе? Олардың гені туғаннан солай берілген жоқ, бұл олардың өмір салты.

Ғаламат қайта жасару. Мен және қосалқы авторлар Питер Линнеман мен Альберт Ратнер үшеуміздің National Geographic басып шығаратын жаңа кітабымыз осылай аталады. «Ғаламат қайта жасару» – бұл сондай-ақ біздің ұзақ әрі жас адамдай өмір сүруімізге мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудағы, медицинадағы серпілістер мен қоғамды, экономикамызды және келешегімізді геометриялық прогрессияда өзгертетін жетістіктер қарсаңында біз көріп тұрған трансформацияға арналған терминіміз.

Ғаламат қайта жасаруға дайындалу үшін өзгеруге дайын болу керек. Денсаулығыңыз жақсы болсын деп емес, қажет болғанда сауығуға мүмкіндік беретін денсаулыққа ие болу үшін. Алда ғажайып келешек тұрғаны сөзсіз. Алайда оның рақатын көру, ұзақ өмірдің ләззатын алу үшін сізге енді гендік инженер болуға тура келеді. Өмір салты мен генетика өзара байланысты, яғни сіз таңдайтын өмір салты көптеген геніңіздің қызметіне және сол арқылы тәніңіздің өз функциясын атқаруына ықпал етеді.

Адам генінің көрініс табуын зерттеулер адамның өмір салтына өзгерістер енгізуге шешім қабылдауы арқылы гендерінің «қосулы» не «өшірулі» болуына ықпал ете алатынын көрсетеді. Іс жүзінде сіздің таңдауыңыз әрекет етуші 1500 геннің шамамен 1200-іне және ұйқыда жатқан қалған 21 мың генге де әсер етуі мүмкін.

Мысалы, өзінің физикалық белсенділігіне, күйзелісті басқаруы мен диеталық режіміне өзгеріс енгізгеннен кейін ер адамдар қуықасты безінің қатерлі ісігінің өсуімен байланысты гендерді өшіріп, ісік жасушаларын жоюға әкелетін ақуыз өндіретін генді іске қоса алған. Тоқішек пен сүт бездері қатерлі ісігінде де дәл сол принцип: өмір салты ісікпен күресетін гендерді іске қосып, қолдайтын гендерді өшіріп тастайды.

Ғылыми деректер адам 60 жасқа келгенде денсаулықтың 75% нәтижесі өзінің таңдауларына қарай анықталатынын айтады. Мұны өз генін бағдарлау дейді: әрбір дұрыс әрекет жастықты қолдайтын гендерді оятып, кәрілік гендерін өшіреді. Бұл процесс миллиондаған жылдық эволюцияның нәтижесі. Дұрыс таңдау жақсы ақуыздарды көбірек бөледі, ал жаман гендердің іске қосылуы одан да көп әрі деструктивті гендерді оятады.

Тәніңіздің қалай жұмыс істеп, қалай әрекет етуін өзгерту мүмкіндігі, айналып келгенде, қаншалықты сау-саламатты ұзақ өмір сүруіңіз өз қолыңызда. Біз сізге өмір салтын таңдау арқылы оңтайлы денсаулық пен жастыққа талпыну үзілді-кесілді болуының үш негізгі себебін көрсетеміз.

Мықты іргетасты қазір қалауыңыз қажет. Сұмдық дерттен, оқыс оқиғадан не операциядан аман қалған адамдарды білетін шығарсыз. Олардың бұрын денсаулығы мен рухани ерік-жігері мықты болғаны, соның арқасында дертке қарсы тұрып, күйзеліске төтеп бергені айтылып жатады. Бұл таяудағы COVID-19 пандемиясына қатысты да ақиқат.  Індеттен көз жұмғандардың 80%-дан астамы жасы 65-тен асқандар болса, бұрыннан семіздік, диабет, созылмалы өкпе дерті және иммундық дисфункция тәрізді аурулары бар адамдарда аурудың ауыр өту ықтималдығы жоғары болды.

Ұзақ өмір сүру туралы айтқан кезде де осы қағида жарамды: саламатты өмір салтын таңдау созылмалы аурулардың алдын алуға көмектесіп, ұзақ өмір сүруге бағдарлайды. Сөреден екпінді бастау жарыс бойында, тіпті мәреге дейін мықты болуды білдіреді.

Сіздің қанша рет қайта жасаруды бастан кешетініңіз белгісіз. Бәлкім, утопиялық 25- ғасырда бірнеше түймені басу арқылы әрбір шегілген шылымды, әрбір қуырылған картопты өшіріп тастауға мүмкіндік беретін катакомба ойлап табылар. Алайда көз жетерлік келешекте сіздің қайта жасару мүмкіндігіңіз шектеулі болатыны әлдеқайда айқынырақ. Олардың тиімділігін барынша арттыру қабілетіңіз дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, ұйқы, шылым шекпеу және күйзелісті басқару сияқты дәлелденген әдістермен өз биологияңызды түзетуге деген жауапкершілігіңізге тәуелді болады.

Қандай жағдайда да сіз өз миыңызға керексіз. Адам миы соңғы биологиялық шекара іспетті.  Сондықтан ғылым бізге тәнімізді жұмыс істететін жасушаларды, гендерді және басқа да механизмдерді өзгертуге мүмкіндік берген күннің өзінде де, ми істен шықса, сіз де істен шығасыз. Жастық шағыңыз мейлінше ұзақ болуынан үміттенсеңіз, миды қорғау үшін ДНҚ-ның айырып-қосқыштарын өзіңіз жасау керек болады.  Мұндағы қадамдар да тәніңізді қорғау үшін жасайтын шараларыңыз сияқты.

Төменде сипатталған әрекеттер адамның биологиялық функциясына барынша ықпал ететіні дәлелденген. Сіз ылғи да мінсіз бола алмайсыз. Ұзақ өмір сүру уақытыңыздың көбін алатын істер жиынтығына тәуелді. Дұрысырақ шешімге қалай ұжымдасып келсек?

Біз ақпаратқа қолжеткізу нағыз кемелденген кезеңдеміз, медициналық көзқарас тұрғысынан бұрын-соңды болмаған денсаулық сақтау саласына иеміз. Бірақ миллиондаған адам өз таңдауымен байланысты денсаулық проблемаларынан, соның ішінде жүрек ауруынан, өкпе қатерлі ісігінен, инсульт, диабет және алжудан (иә, деректер деменцияның өрбу қаупінің 60%-ға төмендеуін саламатты өмір салтымен ұштастырады) көз жұмады не зардап шегеді.

Жақсы өмір салтына әдеттену үшін өзімізге мотивация беретін дұрыс жолды табу да оңай емес. Дегенмен қолымыздағы азды-көпті мәлімет іске асқан әдістер туралы. Өмір салтын жақсы жағына сәтті өзгерте алған адамдарға ортақ бірнеше фактор бар: олар 6 көрсеткіш бойынша «нормаға» қол жеткізеді.

Бұл – біз қанағаттанатын денсаулық көрсеткіштері немесе тән саулығы мен бақуаттылыққа қатысты «қалыпты» деп есептейтін термин.* Ең саламатты тән – осы беттің төменгі жағында берілген 6 негізгі көрсеткіштегі мақсаттарға сай келетін тән. Сол себепті зор денсаулық барометрі «6 норма + 2» формуласы, яғни осы 6 көрсеткіш пен тағы 2 факторға: терапевт дәрігерге уақтылы қаралуға және екпелердің күшінде екеніне көз жеткізуге  сүйенеді.

Олар технологияларды пайдаланады. Маркет-плейсте денсаулығыңыз бойынша шынайы уақытта ақпарат беретін трекерлер толып тұр. Қадамдар, белсенді болған минуттар, жүрек қағысы, калория, ұйқы сапасы сияқты көрсеткіштерді қадағалап отыра аласыз. Бұлар сізге осы мақсаттарға жетуге көмектеседі. Жаттықтырушы нұсқауымен қолдансаңыз құба-құп.

Олар қаржылық ынталандыруларды пайдаланады. Бұл – адамның негізгі реакциясы: елеулі қаржылық ынталандыру қашанда мінез-құлықты өзгертудің қозғаушы күші болған. Осы ынталандыруларды жасаудағы үлкен ауырт­палық денсаулығын күтетін не түзейтін қызметкерлерді үкімет пен кәсіпорындар қалай ынталандыратынына келіп тіреледі. Денсаулықты жақсарту арқылы қаржылық жағдайыңызды түзейсіз. Медициналық шығындар азайып,  жұмыс өнімділігіңіз артады, мансаптық жолыңыз да ұзарады және пандемиялық ауруларға ұшыраймын деп те аса алаңдамайсыз.

Олардың бір не бірнеше досы бар. Сізге ортақ мақсатқа жетуде бір-бірін қолдайтын адамдар қауымынан тұратын өз экожүйеңіз керек. Ол бір адам, шағын топ не бір мақсатты діттеген үлкен қауым болуы мүмкін. Көбіміз сауығуға барар жолда осындай қолдаушылардың кейбір комбинацияларын көреміз. Мінез-құлықты өзгерту жолында бір немесе бірнеше жолдастың болуы табыстылыққа көбірек меңзейді.

Олар маңызды ұсақ-түйекке мән береді. Питер Линнеман жақсы формада болды, операция алдында сауықтыру жаттығуымен айналысты. Операциядан кейін де тоқтатпады. Нәтижесінде тез, құлан-таза сауығып кете алды. Питердің физиотерапевті келесі сценарий көп пациентке тән дейді: олар операцияға әлсіз күйде жатады және кейінгі сауықтыруға мән бермейді. Маңызды емес деген оймен қолдарын бір сілтейді. Көбіміз денсаулығымызға осылай қараймыз: майда-шүйдеге бас ауыртып қайтемін? Бұл соншалықты маңызды ма? Иә! Кішкентай шешімдер жинала береді, ұзақ өмір сүрген сайын тіпті көбейе береді.

Ғылым сізге жұмақ бағын – ұзақ өмір мен ұзақ жастық шақ, тіпті одан да жақсысы – жасөспірім шақтың ұзару мүмкіндігін ұсынғалы жатыр. Бірақ оны пайдалану өзіңізге байланысты.


Майкл Ройзен, м.ғ.д, Кливленд клиникасында саламатты өмір салты бойынша құрметті бас маман, Кес Уестерн Резерв ун-ті Лернер медициналық колледжінің Кливленд клиникасында профессор, New York Times № 1 атаған 4 бестселлердің авторы.


*Зор денсаулықтың 6 көрсеткіші

Ұзақ өмір сүруге әсер ететін оңтайлы денсаулықтың алты негізгі көрсеткіші:

  1. Қан қысымы – систоликалық мәні сынап бағ. 120 мм-ден төмен, диастоликалық мәні сынап бағ. 80 мм-н төмен болуы
  2. Дене салмағының индексі (бой-салмақ ара қатынасы) 27-ден аз немесе ең жақсысы – белдің бойға ара қатынасы 0,40-0,55
  3. Төмен қысымды липопротеидтер холестерині (жүрек ауруының қауіп факторы) 70 мг/дл аз болуы
  4. Ашқарынға қандағы қант (диабетпен байланысты) 106 мг/дл шамасынан төмен болуы
  5. Котининсіз зәр (шылым шегу көрсеткіші)
  6. Күйзелісті басқару бағдарламасынан өту

Ескерту: Осы және өзге де қызықты материалдарды National Geographic журналының қазан айындағы санынан оқи аласыздар.