Бүгінгі таңда биологиялық әртүрлілікті сақтау мәселесі арнайы мамандар мен табиғат қорғаушыларды ғана емес, әрбір адамзат баласын алаңдатуға тиіс маңызды түйткілге айналды. Адамның әсерінен туындаған экологиялық апаттар мен климат өзгерістері ғасырлар бойы қалыптасқан экожүйелерді бұзып, флора мен фаунаның биоалуандығына зардабын тигізіп жатыр. Бұл құбылыстан Қазақстан да шет қалып отырған жоқ. Біздің елде де көптеген аң мен құстың қатары сиреп барады. 1978 жылдан бері жарық көретін, қорғауға алынған жан-жануарларды тізімдейтін Қызыл кітаптың 2010 жылғы басылымына омыртқалы жануарлардың 128 түрі мен түршесі, омыртқасыздардың 96 түрі енген екен. Бірақ өкінішке қарай, бұл кітаптың өзі де «сирек», тұрақты жарық көріп отырған жоқ. Ал өсімдіктерге келсек, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ұсынған мәлімет бойынша Қызыл кітапқа сирек кездесетін және жойылып бара жатқан 387 өсімдік түрі енгізілген.
Сондықтан Nationalgeographic.kz еліміздің флорасы мен фаунасын таныстыруға бағытталған «Қызыл кітап» атты жеке айдар ашып, оқырмандарымызға байтағымызда сиреп бара жатқан немесе жойылу қаупі төнген аң мен құс, сондай-ақ өсімдік әлемі туралы жүйелі мәліметтер ұсынуды жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат – оқырман қауымға туған жерімізде, тұрған өлкемізде қорғауды қажет ететін, сиреп бара жатқан қандай жан-жануарлар бар екенін таныстыру, сол арқылы табиғатқа деген жанашырлықты ояту.
Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды