«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағы орман өртінің екпіні тоқтатылып, таралу аймағы шектелді
Сауыртаудың саф сиқыры
Сауыртаудың сан сілемдері мен жықпылды жоталары. Мың рет естігенше, бір рет көрген артық. Зайсан ауданы, Жаңатұрмыс ауылынан 7 шақырым жерде, Сауыр тауларының етегінде «Saurtau» эко резорты орналасқан. Асқар тау арманға жетелесе, жасыл аймақ шалқар шабыт сыйлайды. Күнделікті күйбең тірлікті ұмытасыз. Тау қойнауларынан күн нұрына шағылыса ағып жатқан зәм-зәм бұлақтар, жанды еліктірер тастан тасқа ырғыған толқынды өзендері, тау етегін қош иіске бөлеген жусан мен қырық түрлі ауруға ем болар қасиетті емдік шөптердің бәрі осында. Сол табиғат сұлулығы мен кереметіне ие, ойыны да, сауығы да, емі мен шипасы бар, бүкіл кереметті бір жерге шоғырландырған қасиетті өлкені өз көзімізбен көрмек ниетте жолға шықтық.
«Saurtau» естімедім демеңіз!
Салқын да саф ауасы танау желпінткен тау бөктеріне жеткенше асығып, тау етегінде тігілген ағаш үйлерге көз тастап келеміз. Ара-арасында киіз үйлер тігіліпті. Кесе толы піскен айран, ащы құрт, сілекейіңді шұбыртатын балдай тәтті сары майдан ауыз тиіп үлгермесек те, ауыл адамдарының қонақжайлығы мен кең пейілі жанарынан, күлімдеген жүзінен-ақ аңғарылады. Таудың қиын-қыстау жолдарымен көтеріліп, жонның үстімен келеміз. Қасиетті Сауыртау бөктері қашанда сырға толы, әр бір өскен жусаны, әр бір шиыршық құмы әлде бір сырды бүккендей құпия кейіпте. Жолай алмалы бау кездесті. Мөлтілдеп ағып жатқан бұлақ басында алма ағашы иіле жемісін төгіп тұр. Жан-жағымыз теп-тегіс ашық дала. Мұп-мұздай бұлақ суын ішкен сайын ішкің келе береді. Алдымызда тізбектеліп, бір отар қой кетіп барады. Ауыл алақандағыдай көрініп, иір-иір жол құтты мекенге де маңдай тіретті. Күн ұясына бата біздер жұрт мақтаған «Saurtau»-ға да жеттік.
Қонақ үйдің бірінші қабатында мейрамхана, жуынатын бөлме, массаж бөлмесі орналасқан. Қонақтарға Wi-Fi тегін және жеке автотұрақ ұсынылады. «Сауртау» таулы-курортында екі адамға арналған қонақүйден бастап үлкен ұжымдарға қызмет көрсететін VIP кешендер, күнделікті бар, мейрамхана, хауыз, моншалар жұмыс істейді. Келушілерге күніне 2 пантымен ванна, фито бөшке, пантымен ингаляция және 4 рет тамақтану ұсынылады. Қонақ бөлмеде әңгіме-дүкен құра отырып дәрілік шөптер қоса демдеген шайдан құмарлана іштік. Сауыртаулық мамандар самауырынға шоқ салып, қазан астына от жағып, тамақ әзірлеуге кірісті. Әп-сәтте ошаққа піскен ыстық таба нан, қолдың сары майы, қой сүтінен жасалған құрт дейсін бе, құда күткендей дастарханды жайнатып тастады. Шай артынан тамақ келді. Айтпақшы, алдымызға қойған қымыз, қымыранды ауыл адамдары өздері дайындаған екен. Көже мен түрлі сусындар, бағлан қозының еті, жент, ірімшік, құрт-май, бәрі-бәрі жергілікті таза өнімдер. Алдымызға ұлттық тағам ұсынылды.
Ерекшелігі, демалушылар арасында өзіміз ас әзірлейміз деген кісілер болса, ет пен көкөніс, бақша дақылы, басқа да сұраныстарын осы жерден таба алады екен.
Ойын-сауық пен тыныш табиғатты бағалайтын демалушылар үшін таптырмас орын осы «Saurtau»-да. Егер жолдың жақындығы мен таулы аймақта орналасқаны көңіліңізден шықса, жыл он екі ай осы өңірге тартып отырыңыз. Ол жерден әсем табиғатты, нулы тоғайдың көрінісін тамашалауға болады. Отын арқылы жылитын моншада қыздырынуға үлкен мүмкіндік бар. Іскерлік кездесулер мен келіссөздер жүргізу үшін конференц-зал қызметін пайдалана алсыз. Демалыс үйлерінің құрылысына жұмсалған шайыр ағашы тыныс алу жолдарының ауруына ем және суықты жойып, бактерияға қарсы күресетін қасиеттері бар.
Қоршауы жоқ кең даладан жылқы, бұғы, тауыс, үйректер, аққулар, көгершіндер, тасбақа және басқа да көптеген тіршілік иелерін көре аласыз. Орманда сілеусін, суыр, марал, қоңыр аю, арқар, елік мекендейді. Атпен серуендеу, пониге міну, велосипедпен немесе квадрациклмен қыдыруға жағдай жасалған. Демалушылардың бадминтон, үстел теннисі, шахмат, дойбы, нарды ойнап, тіпті, садақ ату үшін де мүмкіндік қарастырылған. Бұдан өзге үңгірлерді аралап, сан сырды ішіне бүгіп жатқан тау-тастың тарихымен танысуға мүмкіндік бар.
Бұл жердің табиғаты мүлде бөлек. Тау бөктерінде ақ балтыр теректер мен саялы ағаштар. Құдды жап-жасыл кілем төсеп қойғандай. Ғажайып өлкеде 2000-ға жуық өсімдік түрі өседі. Жотаның оңтүстік беткейінде итмұрын, тобылғы және ырғайдың бірнеше түрін, ал солтүстік беткейінде орал миясы мен арша секілді өсімдік түрлері кездеседі. Тау басынан теріскей бетіне қарай қарағай, қайың, тал, терек, күнгейіне қарай арша, алтын тамыр, еңлікгүл, рауғаш сынды шөптер кездеседі. Тау самалы мен сарқырап аққан мөлдір бұлақ тынығушыларды ғажайып өлкеге келгендей күйге бөлейді. Ұшар басында жыл он екі ай қар жататын таулардың сұлулығын сөзбен де, камерамен де жеткізу мүмкін емес.
Толық ақпаратты біздің Instagram парақшадан ала аласыз.
Ежелгі Мысыр мәтіндерінің құпиясы
Польшалық мысыртанушы Йонна Попельска-Гжыбовска мен шағын сұқбат
Қазақ тазысы
Сақтап, көбейтуден ұлттық аңшылық дәстүрге дейін
Қарттарына қамқорлық жасай білетін ел
Бүгінде жапондар – әлемдегі ең кәрі халық.
Қоқиқаз
Қызғылт қоқиқаз (Phoenicopterus roseus) – қырлытөс құстардың қоқиқазтектестер тобына жататын құс. Бойы 90-130 см, салмағы 4 кг-ге дейін жетеді.
Борщов қызғалдағы гүлдеді
Қызғалдақтың бұл түрі ресейлік ботаник Илья Григорьевич Борщовтың есімімен аталған
Жерұйық іздесең, біркөлікке кел!
Тау етегінде тынығып, арайлап атқан ақ таң мен қызарып батқан күн шуағын тамашалағыңыз келе ме? Түркістан облысы, Төле би ауданы Шымкент қаласынан 50 шақырым жерде Тянь-Шань тау сілемдерінде орналасқан Біркөлік шатқалында глемпинг құрылған. Бұл демалыс орны – жазда саялы, қыста қызықты демалыс орны үшін таптырмайтын қоныс. Тамылжыған табиғат аясындағы шатырлы қалашықта тұрып, қымыз, шұбат, айран, сүт секілді қазақтың ұлттық сусындарын ішіп, құрт, ірімшік, жент, сары май секілді ұлттық тағамдардан дәм татуға болады. Келген қонаққа ет асып, ыстық бауырсағын да ұсынады. Әрқайсысы 4 адамға арналған замануи үлгіде жасалған 5 глемпинг және Сақ моншасы бар. Оның басты ерекшелігі – сіз моншаға түсіп шыққанға дейін отқа қып-қызыл болып әбден қызған тастарға бүріккен судың ыстық буына емдік қасиеттері бар 21 түрлі шөп пен ағаш бұталары шыланады. Жалпы тұла бойың, бүкіл ішкі құрылысың тазарып, өмірге қайта келгендей тыңайып, оның үстіне ата-бабаларымыздың тіршілігі санада жаңғырып, олармен қайта қауышқандай сезім сыйлайды.
Сонымен қатар глемпингте ұсынылатын қымыз, қымыранды ауыл адамдары өздері дайындайды. Көже мен түрлі сусындар, бағлан қозының еті, жент, ірімшік, құрт-май, бәрі-бәрі жергілікті таза өнімдер. Демалушылар арасында өзіміз ас әзірлейміз деген кісілер болса, ошақ, мангал, ет пен көкөніс, бақша дақылы, басқа да сұраныстарын осы жерден таба алады. Қонақтарға Wi-Fi және жеке автотұрақ ұсынылады. Біркөліктің тылсым табиғатын насихаттап, экотуризмді қолға алған, тарих пен табиғат аясындағы тынығуды ұштастырған – аралас жекпе-жек шебері, табысқа қарағанда елдің намысын бірінші орынға қоятын Арман Оспанов. «Осындай демалыс орындары мен саяжайлардың салынуы отандық туризмнің дамуына, экономикамызды көтеруге серпіліс береді. Біздің жыл санауымыздан бұрын және кейін өмір сүрген бабаларымыз бүгінгі ұрпақтарындай балаларына дейін сауатты болмаса да табиғаттың тылсым сырларына терең үңіліп, туған анасындай мәпелей білгендігіне тәнті боласын. Сөйте тұра, отандық өлке туризмді дамыту мақсатында замануи – эко глэмпинг, шар тәрізді үйлердің ашылып жатқан жөні бар» дейді А.Оспанов.
Шатқал бойымен Біркөлік өзені ағады. Мұнда жаңғақ тоғайы, өрік және алма бақтары бар. Қарағай, Тянь-Шань шыршалары, емен, шынар, зерек, талшын ағаштары, итмұрын секілді дәрілік шөптер өседі. Ауасы дем алу органдарына, жүрек-тамыр жүйелеріне әсер етіп, орталық жүйке жүйесін сергітеді. Біркөліктің таулы аймақта орналасуы, жылы ауа-райы, қоңыржай ылғалдылық, ауаның жоғары аэроионизациясы – глемпингің тағы бір ерекшелігі болып табылады. Табиғат кереметтерін ас үстінде тамашалай аласыз. Қоршауы жоқ кең даладан жылқы, қырғауыл, үйректер, көгершіндер және басқа да көптеген тішілік иелерін көре аласыз. Орманда сілеусін, суыр, қоңыр аю, арқар, мекендейді. Атпен серуендеу, квадрациклмен қыдыруға жағдай жасалған. Демалушылардың бадминтон, үстел теннисі, нарды ойнап, тіпті садақ ату үшін де мүмкіндік қарастырылған.
Екіншіден, бұл өңірдің тасын түртсең, тарихы сөйлейді. Біркөлік шатқалындағы тастардан жыл санауымыздан бұрын және кейін өмір сүрген теле, үйсін, қыпшақ тайпаларының таңбалары табылған. Бүкіл әлемді жаулап алғысы келген ұлы қолбасшы Александр Македонский біздің бабаларымыз — сақтардан осы Біркөлік шатқалында жеңіліс тауып еліне қайтқанын туралы аңыздар бар дейді жоба авторы.
Толығырақ ақпаратты біздің Instagram парақшасынан ала аласыз.
Қалыс қалу
Тау қоянына суық ауа райы жайлы. Жаһанның жылынуы жағдайды өзгертуі мүмкін.
Автор: Кэл Флин фото: Энди Паркинсон
Шотландияның таулы өңірлері – миллиондаған, жыл бойына тілімделген мұзды, жартасты ландшафт. Таулар дөңкиген жондарын көтеріп тұр. Тостаған пішіндес ойпаттары иілген жоталар ішінде орналасқан. Бұл жердің екі беті бар.
Жаздың соңында аймақты аршагүлдер, жатаған талдар мен тәтті мирта (Myrica gale), қаражидектің жұмсақ моншақтары мен қып-қызыл қызылжидек қаптайды. Алайда осы таулы жерлер бірнеше аптадан кейін қар астында қалып қоюы мүмкін: сағатына жүз шақырым жылдамдықпен соғатын дауылданмүжілген мұздықтар арасымен жел уілдеп тұрады.
Бұл – тау қоянының мекені. Осы кішкентай сүтқоректілер тундрада, Еуразияның таулы және бореалды аймақтарында да кезігеді. Ұлыбританияда тау қоянының шамамен 99%-ы Шотландия аумағында тіршілік етеді, олардың отаны – солтүстік-шығыстағы жартасты Грампиан таулары. Өткен қыста Кэрнгорм тауына жаяу бардым. Қалың қарда омбылап келе жатып, шілдің қанат қаққанындай дыбыс шығарып едім, мазасын алғаныма қырқылдай жауап берген оның өзі де пайда бола кетті. Тау жақтан аяқ дыбысымды сезген тау қояндары сайға қарай жөңки жөнелді, одан әрі еш қиындықсыз жалт бұрылып, жотаға тартты.
Тау қояны қалың жықпыл арасын немесе тау бөктеріндегі қуыс-шұңқырларды паналайды. Бүк түскен күйі құлақтарын мойнына тығып, қарлы боранның басылуын күтіп жатады. Олар күні бойы жата беруі мүмкін, тек арасында бір сағат не одан көбірек уақытқа бой жазуға немесе аязға төзімді шөптермен қоректену үшін жайылымға шығып тұрады.
Осындай мінез-құлық – тау қояндарының Ұлыбританияда тіршілік ететін осы жалғыз түріне тән. Бұл –олардың қатаң климат жағдайында аман қалуға мүмкіндік беретін көптеген бейімделгіш қасиеттерінің бірі. Бәлкім, ең таңғалдырар қасиеті – жазғы қоңырқай сұр терісінің суық өткізбейтін қалың әрі аппақ немесе көкшіл сұр түске өзгеруі шығар. Жыл сайын күн жарығының азаюы мен ауа температурасының төмендеуі қояндарда қысқы түлеу процесін тудырып, аяғынан бастап, сандары, иықтарына қарай тұла бойын қалың, бозғылт жүн қаптайды. Бұл мақұлықтар қоршаған ортаға қарай бейімделген. Алайда климат өзгерісі ауа райын құбылтқан сайын, тау қояндары өз мекенінен алыстап барады.
Тоны өзіне жау
«тау қояндары тері түсін ауыстыра алатын құстар мен сүтқоректілердің небәрі 21 түрінен құралатын топқа кіреді. Олардың барлығы дерлік қарлы, суық аймақтарда тіршілік етеді», – дейді Солт. Каролинадағы Аппалачи мемлекеттік университетінің биология асистент-профессоры Маркета Зимова. Шотландияда осындай әдіспен тері түсін ауыстыратын аңдардың тағы екі түрі бар, бірі – ақкіс, оны қысқақұйрық аққалақ деп те атайды және екіншісі – ақ шіл.
Тау қояны үшін осындай сәнді қысқы тон оларды түлкі, ақкіс және төбеде қалықтап жүретін бүркіт тәріздес жыртқыштардан сақтайтын қорғаныш та болады. Алайда қазіргідей құбылмалы жағдайда бұл оның бағы да, соры да болуы мүмкін.
Шотландия тауларында ауа температурасының күнделікті күрт көтерілуі немесе құлдырауы таңғаларлық құбылыс емес. Шымтезектер қарайып, бетін жылтыр мұз қаптайтын ең жылы күндері қарайған бұталардың қасында ағарып тұрған тау қояндары нағыз нысанаға айналады. Бұл – бұрыннан бар қауіп. Алайда Зимова жетекшілік еткен жуырдағы зерттеу Шотландия тауларында климат өзгерісі салдарынан қар жамылғысы сақталатын күндер саны күрт азайғанын, 1960 жылдармен салыстырғанда 2010 жылдары жер бетін жабатын күздің алғашқы қар жамылғысы орта есеппен төрт күнге кешігетінін және бұл өзгеріске қояндар ілесе алмай жатқанын анықтады. Өңірдегі орташа температура он жылға шаққанда 0,10C-ден астам шамаға артып, қар жамылғысы жоқ мерзімнің ұзаруына әкелген. Жалпы алғанда, қояндар ландшафтпен үйлеспейтін қалыпта қосымша 35 күн өткізеді.
«Осындай ауытқу салдарлары әлі толық түсінікті емес», – дейді Шотландияның Жабайы құстар мен жабайы табиғатты сақтау қорында (Game & Wildlife Conservation Trust) тау қояндарыны зерттейтін популяция биологі Скотт Ньюуи. Оның айтуынша, бұл түрді бақылап отыру өте қиын. Мәселен, тау қоянында популяциялық циклдер байқалады, яғни жылына бір шаршы шақырымда бірнеше ғана қоян кезігуі, ал бірнеше жылдан кейін дәл сол аймақта жүзден астамы жүруі мүмкін. Азықтың аз-көптігіне, кейбір паразиттердің таралуына байланысты болуы мүмкін мұндай циклдер үлкен айырмашылыққа ие болатыны соншалық, климат өзгерісі тәрізді факторлармен байланыстыру өте қиын.
Алайда Солт. Америкадағы популяцияларына жасалған талдаулар ұзақмерзімді ықтимал үдерістер туралы азын-аулақ болжам ұсынады. Ол туралы Зимова былай дейді: «Қарсыз жерде қысқы ақ терімен жүрген қояндардың кез келген аптада әлдебір жыртқышқа жем болу ықтималдығы 7-14% аралығында артады. Бұл шама құлаққа көп сияқты естілмейді, бірақ тұтас бір жылға көбейтсек, салдары шынымен ауыр болуы мүмкін». Жылынып жатқан планетамызда тұмса табиғат кезігіп отырған көптеген проблема сияқты, мұның да жолы «бейімдел не өл» дегенге саяды. Ал Шотландиядағы тау қояндарының бейімделіп жатқандарына қандай да бір дәлел жоқ.
Жол тоғысында
Қызығы сол, түлкілер, жыртқыш құстар, ақкістерге жем болу қаупі кемінде осы уақытқа дейін адамзат ықпалына қарағанда әлдеқайда аз уайым тудыратын. Жер иеленушілер саятшылық мақсатымен жабайы құр аулау үшін үлкен таулы аумақтарға ондаған жыл бойы иелік етіп келді. Ал тау қояндары көп уақыт тек спорттық әуестікпен атылатын, алайда ғасырлар тоғысында кейбір жеке қожалық басқарушылары құрлар арасында кене тарататын аурудың алдын алады деген уәжбен (ғалымдар мұнымен келіспейді) көптеп ата бастады. 2018 жылы тәуелсіз эколог және альпинист, марқұм Адам Уотсонның зерттеуі тау қояны популяциялары таулы солтүстік-шығыс өңірдегі құр ататын жерлерде 1950 жылдары байқалған деңгейден 1%-ға дейін азайғанын көрсеткен кезде, қоян ату төңірегіндегі қызу пікірталас басқа арнаға ауысты.
Шотландиядағы тау қояны популяциясында шамамен 135 000 бас бар деп есептеледі, бірақ ғалымдар мұндай есептеулер нақты еместігін айтады. Іс жүзіндегі сан 81 000 мен 526 000 арасында болуы мүмкін.
Қояндардың жойылып кетуінен қорыққан Шотландия Парламенті 2021 жылы наурызда тау қоянын лицензиясыз аулауға тыйым салды. «Бұл өкімнің әсері туралы айтуға әлі ерте», – дейді осы жұмбақ аңның санын бақылаудың үздік әдісін іздеумен айналысқанына 20 жыл болған Ньюуи. Таңданатындай ештеңе жоқ, өйткені бұта арасына тығылған қоянды жаяу жүргіншінің байқамай өтіп кетуі оп-оңай. Бірнеше жыл бұрын жазда жаяу келе жатқанымда бір қоян шөп арасынан атып шықты. Сұрғылт-қоңырқай жерде сұрғылт-қоңырқай сұлба. Қоян сәл кідіріп, артынша бұталар арасына сіңіп көзден ғайып болды. Бірер минутта осында тұрған ұзынқұлақ, келесі минутта жоқ. Тіпті мұнда болмағандай.
Кэл Флин – таулық, Islands of Abandonment: Nature Rebounding in the Post-Human Landscape кітабының авторы. Энди Паркинсон Шотландия қояндарын 20 жылдан бері суретке түсіреді.
8 миллиард
Халық саны өскен сайын әлем миллиардтаған адамды асырауға, жиілей түскен қоныс аударуға байланысты туындайтын қиындықтарға тап болады.
Жер бетіндегі адам саны ешқашан бұндай көп болмаған, бірақ бұл жаңа ақиқатты жасырып тұр. Бұл ғасырда адам саны шыңына жетіп, кейін құлдырай бастауы мүмкін. Кейбір елдер күрт өсуін жалғастырса, басқалары халық санының төмендеуіне куә болады.
Адамзат сапарының жаңа белесіне жеттік. Өткен қарашадағы БҰҰ мәліметі бойынша жер бетіндегі адам саны 8 млрд-қа жетті.Халық саны 1974 жылдан бергі 50 жылдан аз уақытта 2 есеге өскен. Сол жылы БҰҰ халық санының шектен тыс көбеюіне байланысты мәселені шешуге арналған І үкіметаралық конференцияда әлем елдерінің басын қосты. Халық санының бұлай күрт өсу себебі бәріне аян: медицина, санитария және егін сапасы едәуір жақсарды. Нәтижесінде бала өлімі азайып, өмір сүру жасы ұзарды. Аустриядағы Халықаралық қолданбалы жүйелерді талдау институты адам саны осы ғасырдың соңына қарай 9,4 млрд-қа, ал Сиэтлдегі Денсаулық метрикасы және бағалау институты демографтары 9,7 млрд-қа жететінін болжаса, БҰҰ сарапшылары 10,4 млрд-қа жетуіміз мүмкін дейді. Бірақ осы ғасырдың ортасынан 2100 жылға дейін тоқтаусыз таралуымыз кенеттен тежеледі деп күтілуде. «Әлем халқының саны ғасыр соңына дейін-ақ өз шыңына жетеді деген ортақ пікір бар», ‒ дейді БҰҰ Популяция бөлімінің болжамдарын қадағалайтын маман Пәтрик Герләнд. Жүздеген, бәлкім мыңдаған жылдан бері болмаған халық санының шамалы не күрт түсуіне, оның адам елесте алмайтын салдарына куә болуымыз мүмкін.
Алдағы ширек ғасырға болжанған халық саны өсуінің жартысынан көбі Пәкістан, Филиппин, Үндістан, Мысыр, Эфиопия, Танзания, Нигерия және Конго Демократиялық Республикасы сияқты Азия мен Африканың 8 елінде болатыны күтілуде. Бірақ ғасыр соңына қарай Таиландты, Испанияны және Жапонияны қоса алғанда, 20-ға жуық басқа елдің халық саны 2 есеге азаюы мүмкін. Үнемі дамып жатқан адамзат тарихы үшін бұл өзгерістер нені білдіреді? Диаметральді қарама-қарсы ақиқатқа тап болған Қытай мен Нигериядан көп нәрсені үйренуге болады.
Біріккен Ұлттар Ұйымы осы жылдың бір күнінде Қытай алғаш рет Жер бетіндегі халқы ең көп ел деген атынан айырылады деп болжайды. Үндістан одан асып түседі. 1980 жылы бір бала саясатын енгізгенге дейін-ақ Қытайдағы туу көрсеткіші төмендеп жатқан еді. Елдегі теңдессіз экономикалық өсу әйелдердің білім алу, мансап қуу мүмкіндіктерін кеңейтті. Оған қоса репродуктивті жастағы әйелдер саны көбейгенімен, көбі ана болуды кейінге ысырды не бас тартты. Қытайдағы адамдар ұзағырақ өмір сүргенімен, халық саны (қазір шамамен 1,4 млрд) кеми бастады. Елді әлемдік зауытқа айналдырған жұмыс істеуге қабілетті жастағылар саны 10 жыл бойы қысқарып келеді. 2050 жылға қарай Қытайда 60 жастан асқан 500 млн адам болады. Жас пен кәрі арасындағы бұл теңсіздік Қытай үшін үлкен сынақ болмақ.
Өзге құрлықтағы Нигерияда орташа жас небәрі – 17, бұл Қытайдағының жартысынан да аз. Ол жақта да туу көрсеткіші төмендеп жатыр, бірақ Қытайдағыдан шамамен бес есе жоғары. Қазір шамамен 224 млн халқы бар елдің саны ғасыр соңына қарай үш еседен астамға артуы мүмкін. Нигериялықтардың үштен бір бөлігі кедейліктің төменгі шегінде өмір сүреді. Миллиондаған адам аштықтан қырылудың алдында тұр.
Бір мезгілдегі өрлеу мен құлдырауды қалай еңсереміз? Айтылған болжамдардың ешқайсысы Жердің шектеулі ресурстарының әлеуетіне сәйкес келмейді. Балықтар мен жан-жануарлар қазірдің өзінде тез жойылып барады, ал климаттың өзгеруі биоалуандыққа, азық-түлік қауіпсіздігіне және ауыз су мен ауыл шаруашылығына қажетті судың қолжетімділігіне тарихта болмаған орасан қауіп төндіріп отыр. Бұған қоса аптап ыстық, теңіздердің көтерілуі, ауа-райының қолайсыздығы көші-қонды ұлғайтып, ел ішіндегі үрдістерге де ықпал ететіні айқын. Мысалы, жұмысқа қабілетті жастағы халқы азайып жатқан елдер жұмыс күшін сырттан әкеледі. Бұл елдер арасындағы барыс-келісті үдетуі мүмкін. АҚШ сияқты табысы жоғары елдерде халық саны өсуіне иммиграция ықпал етеді.
1968 жылы, Жерде небәрі 3,5 млрд адам болған кезде биолог Пол Эрлик үрейге толы әйгілі «The Population Bomb» кітабын жазды. Автор халықтың тым көбеюі жүздеген млн адамның аштықтан қырылуына әкелетінін айтып, алаңдаушылық білдірді. Бірақ олай болмады, тыңайтқыштарды, механикаландыру мен өнімді дақылдарды қолдану кеңінен таралып, «жасыл революция» ауылшаруашылығын айтарлықтай өзгертіп жіберді. Бірақ біз әлі де халқы көп болатын болашаққа бара жатырмыз, дегенмен кейбір жерлерде халық аз болуы мүмкін. Адамзаттың тапқырлығы мен миллиардтаған ми иелері жаңа ахуалды еңсере ала ма? Нигерия мен Қытай біз үшін ең үлкен сынақ болуы мүмкін.
АВТОР: КРЕЙГ УЭЛЧ
Крейг Уэлч – National Geographic журналының аға қызметкері.