Ежелгі қаңқалар жаңа дәлел-дәйектер ұсынып отыр

Ежелгі қаңқалар жаңа дәлел-дәйектер ұсынып отыр
Жер бетіндегі ең үлкен сүтқоректі жануар туралы жаңсақ түсініктер көп
Бұл паразит қасқырдың, егеуқұйрықтың санасын басқаруы мүмкін, тіпті сіздің де…
Жаны ашуға қабілетті егеуқұйрықтардан бастап, наразылық білдіре алатын маймылдарға дейінгі кейбір жануарлар біздің сан қилы сезімдерімізден кем түспейтін эмоцияларға ие.
Егер саламатты өмір салтын ұстанар болсақ, аурудың алдын алып, өмірді ұзарту үшін генетикамызға өздігімізбен өзгеріс енгізе аламыз.
Өзіңіз жақсы көретін, өрлеп шығатын биік жерді бір сәтке елестетіп көріңізші. Енді сол биікке шықтыңыз делік. Өзіңізге қарай өрлеп келе жатқан басқаларға қараңыз. Сіз адамдардың екі түрін көресіз. Біріншісі – қимылы ширақ адамдар. Көңілді күлімсіреген, серуеннен рақаттанып келе жатыр, тіпті терлемеген де. Олар діттеген жеріне жеткенде алатын әсерге асық.
Екінші топтағылар арпалысып келеді. Жолда он рет тоқтап, демалуға мәжбүр. Әр адымы ауыр, көп күш жұмсайды. Аһ. Уһ. Жеттік пе, жоқ па?
Сірә, сіз де осы екі топтың біріне жататын боларсыз. Олардың ауыр және жеңіл қозғалғандарынан бөлек, тағы қандай айырмашылықтары бар? Иә, дене бітімі мен жастары. Әлбетте, бұл олардың жалпы денсаулық жағдайы екені сөзсіз. Бірақ ненің ықтималдығы аз екенін білесіз бе? Олардың гені туғаннан солай берілген жоқ, бұл олардың өмір салты.
Ғаламат қайта жасару. Мен және қосалқы авторлар Питер Линнеман мен Альберт Ратнер үшеуміздің National Geographic басып шығаратын жаңа кітабымыз осылай аталады. «Ғаламат қайта жасару» – бұл сондай-ақ біздің ұзақ әрі жас адамдай өмір сүруімізге мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудағы, медицинадағы серпілістер мен қоғамды, экономикамызды және келешегімізді геометриялық прогрессияда өзгертетін жетістіктер қарсаңында біз көріп тұрған трансформацияға арналған терминіміз.
Ғаламат қайта жасаруға дайындалу үшін өзгеруге дайын болу керек. Денсаулығыңыз жақсы болсын деп емес, қажет болғанда сауығуға мүмкіндік беретін денсаулыққа ие болу үшін. Алда ғажайып келешек тұрғаны сөзсіз. Алайда оның рақатын көру, ұзақ өмірдің ләззатын алу үшін сізге енді гендік инженер болуға тура келеді. Өмір салты мен генетика өзара байланысты, яғни сіз таңдайтын өмір салты көптеген геніңіздің қызметіне және сол арқылы тәніңіздің өз функциясын атқаруына ықпал етеді.
Адам генінің көрініс табуын зерттеулер адамның өмір салтына өзгерістер енгізуге шешім қабылдауы арқылы гендерінің «қосулы» не «өшірулі» болуына ықпал ете алатынын көрсетеді. Іс жүзінде сіздің таңдауыңыз әрекет етуші 1500 геннің шамамен 1200-іне және ұйқыда жатқан қалған 21 мың генге де әсер етуі мүмкін.
Мысалы, өзінің физикалық белсенділігіне, күйзелісті басқаруы мен диеталық режіміне өзгеріс енгізгеннен кейін ер адамдар қуықасты безінің қатерлі ісігінің өсуімен байланысты гендерді өшіріп, ісік жасушаларын жоюға әкелетін ақуыз өндіретін генді іске қоса алған. Тоқішек пен сүт бездері қатерлі ісігінде де дәл сол принцип: өмір салты ісікпен күресетін гендерді іске қосып, қолдайтын гендерді өшіріп тастайды.
Ғылыми деректер адам 60 жасқа келгенде денсаулықтың 75% нәтижесі өзінің таңдауларына қарай анықталатынын айтады. Мұны өз генін бағдарлау дейді: әрбір дұрыс әрекет жастықты қолдайтын гендерді оятып, кәрілік гендерін өшіреді. Бұл процесс миллиондаған жылдық эволюцияның нәтижесі. Дұрыс таңдау жақсы ақуыздарды көбірек бөледі, ал жаман гендердің іске қосылуы одан да көп әрі деструктивті гендерді оятады.
Тәніңіздің қалай жұмыс істеп, қалай әрекет етуін өзгерту мүмкіндігі, айналып келгенде, қаншалықты сау-саламатты ұзақ өмір сүруіңіз өз қолыңызда. Біз сізге өмір салтын таңдау арқылы оңтайлы денсаулық пен жастыққа талпыну үзілді-кесілді болуының үш негізгі себебін көрсетеміз.
Мықты іргетасты қазір қалауыңыз қажет. Сұмдық дерттен, оқыс оқиғадан не операциядан аман қалған адамдарды білетін шығарсыз. Олардың бұрын денсаулығы мен рухани ерік-жігері мықты болғаны, соның арқасында дертке қарсы тұрып, күйзеліске төтеп бергені айтылып жатады. Бұл таяудағы COVID-19 пандемиясына қатысты да ақиқат. Індеттен көз жұмғандардың 80%-дан астамы жасы 65-тен асқандар болса, бұрыннан семіздік, диабет, созылмалы өкпе дерті және иммундық дисфункция тәрізді аурулары бар адамдарда аурудың ауыр өту ықтималдығы жоғары болды.
Ұзақ өмір сүру туралы айтқан кезде де осы қағида жарамды: саламатты өмір салтын таңдау созылмалы аурулардың алдын алуға көмектесіп, ұзақ өмір сүруге бағдарлайды. Сөреден екпінді бастау жарыс бойында, тіпті мәреге дейін мықты болуды білдіреді.
Сіздің қанша рет қайта жасаруды бастан кешетініңіз белгісіз. Бәлкім, утопиялық 25- ғасырда бірнеше түймені басу арқылы әрбір шегілген шылымды, әрбір қуырылған картопты өшіріп тастауға мүмкіндік беретін катакомба ойлап табылар. Алайда көз жетерлік келешекте сіздің қайта жасару мүмкіндігіңіз шектеулі болатыны әлдеқайда айқынырақ. Олардың тиімділігін барынша арттыру қабілетіңіз дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, ұйқы, шылым шекпеу және күйзелісті басқару сияқты дәлелденген әдістермен өз биологияңызды түзетуге деген жауапкершілігіңізге тәуелді болады.
Қандай жағдайда да сіз өз миыңызға керексіз. Адам миы соңғы биологиялық шекара іспетті. Сондықтан ғылым бізге тәнімізді жұмыс істететін жасушаларды, гендерді және басқа да механизмдерді өзгертуге мүмкіндік берген күннің өзінде де, ми істен шықса, сіз де істен шығасыз. Жастық шағыңыз мейлінше ұзақ болуынан үміттенсеңіз, миды қорғау үшін ДНҚ-ның айырып-қосқыштарын өзіңіз жасау керек болады. Мұндағы қадамдар да тәніңізді қорғау үшін жасайтын шараларыңыз сияқты.
Төменде сипатталған әрекеттер адамның биологиялық функциясына барынша ықпал ететіні дәлелденген. Сіз ылғи да мінсіз бола алмайсыз. Ұзақ өмір сүру уақытыңыздың көбін алатын істер жиынтығына тәуелді. Дұрысырақ шешімге қалай ұжымдасып келсек?
Біз ақпаратқа қолжеткізу нағыз кемелденген кезеңдеміз, медициналық көзқарас тұрғысынан бұрын-соңды болмаған денсаулық сақтау саласына иеміз. Бірақ миллиондаған адам өз таңдауымен байланысты денсаулық проблемаларынан, соның ішінде жүрек ауруынан, өкпе қатерлі ісігінен, инсульт, диабет және алжудан (иә, деректер деменцияның өрбу қаупінің 60%-ға төмендеуін саламатты өмір салтымен ұштастырады) көз жұмады не зардап шегеді.
Жақсы өмір салтына әдеттену үшін өзімізге мотивация беретін дұрыс жолды табу да оңай емес. Дегенмен қолымыздағы азды-көпті мәлімет іске асқан әдістер туралы. Өмір салтын жақсы жағына сәтті өзгерте алған адамдарға ортақ бірнеше фактор бар: олар 6 көрсеткіш бойынша «нормаға» қол жеткізеді.
Бұл – біз қанағаттанатын денсаулық көрсеткіштері немесе тән саулығы мен бақуаттылыққа қатысты «қалыпты» деп есептейтін термин.* Ең саламатты тән – осы беттің төменгі жағында берілген 6 негізгі көрсеткіштегі мақсаттарға сай келетін тән. Сол себепті зор денсаулық барометрі «6 норма + 2» формуласы, яғни осы 6 көрсеткіш пен тағы 2 факторға: терапевт дәрігерге уақтылы қаралуға және екпелердің күшінде екеніне көз жеткізуге сүйенеді.
Олар технологияларды пайдаланады. Маркет-плейсте денсаулығыңыз бойынша шынайы уақытта ақпарат беретін трекерлер толып тұр. Қадамдар, белсенді болған минуттар, жүрек қағысы, калория, ұйқы сапасы сияқты көрсеткіштерді қадағалап отыра аласыз. Бұлар сізге осы мақсаттарға жетуге көмектеседі. Жаттықтырушы нұсқауымен қолдансаңыз құба-құп.
Олар қаржылық ынталандыруларды пайдаланады. Бұл – адамның негізгі реакциясы: елеулі қаржылық ынталандыру қашанда мінез-құлықты өзгертудің қозғаушы күші болған. Осы ынталандыруларды жасаудағы үлкен ауыртпалық денсаулығын күтетін не түзейтін қызметкерлерді үкімет пен кәсіпорындар қалай ынталандыратынына келіп тіреледі. Денсаулықты жақсарту арқылы қаржылық жағдайыңызды түзейсіз. Медициналық шығындар азайып, жұмыс өнімділігіңіз артады, мансаптық жолыңыз да ұзарады және пандемиялық ауруларға ұшыраймын деп те аса алаңдамайсыз.
Олардың бір не бірнеше досы бар. Сізге ортақ мақсатқа жетуде бір-бірін қолдайтын адамдар қауымынан тұратын өз экожүйеңіз керек. Ол бір адам, шағын топ не бір мақсатты діттеген үлкен қауым болуы мүмкін. Көбіміз сауығуға барар жолда осындай қолдаушылардың кейбір комбинацияларын көреміз. Мінез-құлықты өзгерту жолында бір немесе бірнеше жолдастың болуы табыстылыққа көбірек меңзейді.
Олар маңызды ұсақ-түйекке мән береді. Питер Линнеман жақсы формада болды, операция алдында сауықтыру жаттығуымен айналысты. Операциядан кейін де тоқтатпады. Нәтижесінде тез, құлан-таза сауығып кете алды. Питердің физиотерапевті келесі сценарий көп пациентке тән дейді: олар операцияға әлсіз күйде жатады және кейінгі сауықтыруға мән бермейді. Маңызды емес деген оймен қолдарын бір сілтейді. Көбіміз денсаулығымызға осылай қараймыз: майда-шүйдеге бас ауыртып қайтемін? Бұл соншалықты маңызды ма? Иә! Кішкентай шешімдер жинала береді, ұзақ өмір сүрген сайын тіпті көбейе береді.
Ғылым сізге жұмақ бағын – ұзақ өмір мен ұзақ жастық шақ, тіпті одан да жақсысы – жасөспірім шақтың ұзару мүмкіндігін ұсынғалы жатыр. Бірақ оны пайдалану өзіңізге байланысты.
Майкл Ройзен, м.ғ.д, Кливленд клиникасында саламатты өмір салты бойынша құрметті бас маман, Кес Уестерн Резерв ун-ті Лернер медициналық колледжінің Кливленд клиникасында профессор, New York Times № 1 атаған 4 бестселлердің авторы.
*Зор денсаулықтың 6 көрсеткіші
Ұзақ өмір сүруге әсер ететін оңтайлы денсаулықтың алты негізгі көрсеткіші:
Ескерту: Осы және өзге де қызықты материалдарды National Geographic журналының қазан айындағы санынан оқи аласыздар.
Ғарыш стансасында тартылыс күші жоқтығынан от «өзгеше» жанады.
Жерде жалындап жанатын от, ғарышта өзгереді. Ыстық ауа тартылыс күшінсіз, отты бізге таныс жалындаған пішінге айналдыра алмайды. Микрогравитация жағдайында олар 480⁰С суықта (газ плитасының жоғарғы қызуы 1700 ⁰С) эфирлік күмбез не шар формасына ие болады. Жоғарыдағы суретте от Микрогравитациялық эксперимент арқылы жетілдірілген жану әдістері (МЭЖЖӘ) бағдарламасы аясында Халықаралық ғарыш стансасы бортында жағылған. «Маған өрт жөнінде ғылыми-фантастика жанрының жазушылары хабарласты, – дейді Мэриленд университетінде істейтін МЭЖЖӘ бағдарламасының зерттеушісі Питер Сандерлан. – Олар өзге әлемдік құбылыстай көрінеді». Осы стансадағы 4 жылдан астам уақыт ішінде МЭЖЖӘ ғарыш кемесінің өрт қауіпсіздігін және жанудың компьютерлік модельдеуін жетілдіру сынақтары аясында 1500-ден аса от жаққан. —МАЙКЛ ГРЕШКО
Бұл материал журналымыздың 2022 жылғы қазан айындағы санында жарияланған. National Geographic, 10.2022
Германияның Қара орманындағы топырақ микроскоптық деңгейде дүние жүзінің орманды экожүйелерін бейнелейтін таңғажайып әлем.
Германияның қара орманынан немесе аляскадағы тонгасстан, Жаңа Зеландиядағы уейпуадан бір уыс топырақ қазып алыңыз да, үңіліп қараңызшы.
Не көресіз? Әрине, топырақ – жұмсақ, құнарлы және какаодай қара-қошқыл. Қарағай қылқандары мен шіри бастаған жапырақтар. Мүк не қына үгінділері. Жарықтан қашқан жауынқұрт, бәлкім, биіктіктің күрт өзгеруінен абдырап қалған құмырсқа бар болар.
Орман топырағының бір грамының өзінде миллиард бактерия, миллион саңырауқұлақша, жүз мыңдаған қарапайымды және мыңға жуық жұмырқұрт болуы мүмкін.
Сью Грейстон жерде бұдан да көп дүние бар екендігін жақсы біледі. Оның топыраққа деген өмірлік құштарлығы бақшасынан басталған. Англияда өскен ол бала кезінде анасына бақшада дән егуге, күтіп-баптауға көмектескен.
Колледждегі микроскоптарды қолдану арқылы Грейстон жердің жай көзге көрінбейтін тым кішкентай тірі организмдер жиынтығына тәнті бола бастады. Ол өзінің өмірлік қызығушылығын тапқанын сол кезде түсінді. 1987 жылы Шеффилд университетінде микроорганизмдер экологиясы саласының PhD дәрежесін алғаннан кейін, Грейстон Саскачеуандағы ауылшаруашылық биотехнология компаниясында жұмыс істеді. Одан кейін Шотландиядағы Маколей жер пайдалануды зерттеу институтында (қазіргі Джеймс Хаттон институты) ғылыми қызмет атқарды. Сол жерде ол өсімдік экологтерімен бірлесе отырып, кейін өз қызметінің басым бөлігін құраған бастаманың негізін қалады. Бұл – топырақтың ең ұсақ және ең ірі мекендеушілері, яғни микробтар мен ағаштар арасындағы күрделі байланысты зерттеу. Жаңашыл дала зерттеулері мен генетикалық бірізділіктегі күрделі әдістерді біріктіре отырып, Грейстон және басқа экологтер орман топырағындағы көптің көзіне көрінбейтін, бірақ оларсыз экожүйе күйреуі мүмкін құпия әлемнің бай бейнесін жасады.
«Биоалуандықтың басым бөлігі жер астында. Алайда тарихи тұрғыдан біз ол туралы көп білмедік, – дейді Грейстон. – Бұл жағдай соңғы 20 жылдықта өзгере бастады».
Көптеген орманның жапырақты қабаттарының астында гифомицеттердің торлары өз тамырларын микоризді желіге қосады. Бұл желі арқылы ағаштар өзара су, қорек және ақпаратпен бөліседі. Бір жасушалы амебалар миксомицет деп аталатын, пішіндерін өзгертетін түйіршіктерге айналады. Бұлар топырақта бактериялар мен саңырауқұлақшаларды аулайды. Құйрықаяқты деп аталатын кіп-кішкентай бунақаяқтылар өз денесінен 20 есе ұзын қашыққа секіріп, ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Әрқайсысының көлемі жасымықтың оннан біріндей сауытты кенелер өздеріне тау-шатқал болып көрінетін бөгеттердің арасында әзер кетіп барады. Бір жарым жылдай өмір сүретін бұл кенелер өмір бойына 9 метрдей ғана жер жүреді екен. Басқа жаратылыс иелерінің ұсақ болуы соншалық, олар тек өсімдіктер мен топырақ бөлшектерінің айналасындағы су үлдірлері арқылы ирелеңдеп, тырбаңдап қана қозғалады. Бұл өзгеше тіршілік иелеріне түссіз жұмырқұрттар, шашқа ұқсас талшықтары, айналмалы тәждері бар коловраткалар және тырнақтары бар сегіз аяқты, гамми-қонжыққа ұқсайтын жайбасарлар жатады.
Бұлардан да ұсағы – бір жасушалы организмдердің алуан түрлі тобы кіретін қарапайымдылар кейде өздерінің шығыңқы тұстарын серпу арқылы қозғалады. Орман топырағы бактериялар мен археилердің алуан түріне бай. Соңғысы бір қарағанда бактерияға ұқсас көрінгенімен, оның да өзінше бөлек тіршілік патшалығы бар.
Орман жерінің бір грамының өзінде миллиард бактерия, миллион саңырауқұлақша, жүз мыңдаған қарапайымды және шамамен бір мың жұмырқұрт болуы мүмкін.
Бұрын ойлағандай, топырақ ағаштар мен басқа өсімдіктер қажетін алу үшін ыңғайлы бекініп алатын инертті материя емес. Бүгінде топырақ қабаты дегеніміз тіршілік ортасы мен организмдердің динамикалық желісі екендігі айқын: ол сансыз тіршілік иесінің жіптерімен тоқылған және үнемі өзгерісте болатын алып гобелен іспетті. Топырақ та тірі ағза. Грейстон мен басқа да экологтер осы бүгінгі түсінік орман шаруашылығына елеулі өзгеріс енгізуді талап ететінін айтады. Олар ағаштарды жаппай кесудің әдеттегі тәжірибесі ойлаудың өзі мүмкін болмайтын ауқымды және ұзақмерзімді залал әкелетінін анықтады. Орман шаруашылығы шынайы тұрақты болуы үшін орман топырағындағы тіршілікке тигізетін салдарды да ескеруі қажет. Миллиардтаған жыл бұрын жер бетінде топырақ болмаған, тек қатты жер қыртысы болған, ол жауын-шашын, жел және мұз әсерінен біртіндеп бұзылған. Жерде микробтар, саңырауқұлақша, қына мен өсімдіктер пайда болысымен, жер қыртысын қопсытып, тамырымен бөлшектеп, қышқылдарын төгіп, эрозиясын едәуір жылдамдатқан.
БІЗ БҰЛ СУРЕТТЕРДІ ҚАЛАЙ ТҮСІРДІК?
Бұл мақаладағы суреттер ең ұсақ бөлшектерді түсіру үшін жарықтың орнына электрондарды қолданып сканерлейтін электрондық микроскоппен (SEM) түсірілген. SEM суретті сұр түсте түсіреді, сондықтан алуан түрлі тірі организмді бейнелеу үшін суреттер түрлі түстермен өңделді.
Шіріген қалдықтар минералды қыртысты органикалық материалмен құнарландырды. Палеонтологиялық жылнамада орманның бізге таныс жерқыртысы алғаш рет девон кезеңінде, яғни 420 мен 360 млн жыл бұрынғы аралықта пайда болған.
Бүгінде тіршілік Жер қыртысын жердегі барлық экожүйеде сақтап тұр. Орман жері көміртегі, азот, фосфор және калий сияқты қажетті қоректік заттарға бай. Грейстон мен оның әріптестері ұсақ тіршілік иелерінің маңыздылығын ерекше атап өтеді, себебі бұлардың күнделікті әрекеттері болмаса, элементтер бір жерде қозғалыссыз жатып, қолжетімді болмас еді.
Өсімдіктер күн қуатын көміртегіне бай молекулаға айналдырып, фотосинтез жүзеге асқанда, молекуланың бір бөлігін тамырлары арқылы жер қыртысына жібереді. Бұл заттекті микробтар мен саңырауқұлақшалар қолданады. Есесіне, микоризді саңырауқұлақтар мен тамырға жабысқан микробтар өсімдіктерге су мен қоректік заттарды сіңіруге көмектеседі, қоректік заттардың сіңірілуі қиын химиялық формаларын молекулаларға айналдыру арқылы өсімдіктер қолданысына жарамды етеді.
Өсімдік бөлшектері солып, қурап біткенде, құрттар, бунақаяқтылар, саңырауқұлақшалар мен микробтар олардың тіндерін ұсақ бөлшектерге ыдыратып, қоректік заттарды жер қыртысына қайтарады. Сонымен қатар ұсақ жаратылыс иелерінің үздіксіз қозғалысы топырақ қабаттарының араласуына, қоректік заттардың жақсы таралуына, жер қыртысының оттегімен қанығуына себін тигізеді. Топырақтың көп мөлшерін сіңіру арқылы құрттар, дернәсілдер, бунақаяқтылар жерді органикалық заттектермен қанықтырып, түйіршіктердің жабысуына жәрдемдесіп, жер құнарын жақсартады. Грейстон Маколей институтында істей жүріп, 2000 жылы әріптестерімен Қара орманның жер қыртысын зерттеу үшін Дунай өзенінде орналасқан неміс қаласы Тутлингенге барды. Елдің оңт.-батысында орналасқан, шамамен 6000 шаршы шақырымдық бұл аудан таулы ормандарымен танымал әрі кен өндірісі, орман шаруашылығымен бағаланады. Ғалымдар күміс түсті жұмсақ қабықтары, қисайған діңдері бар 70-80 жылдық шамшаттар өскен бірнеше жерге барды. Ғалымдар қарап шыққан кей жерлерде ағаш мүлдем қалмаған, ал кейбіріне салыстырмалы түрде қол тимеген.
Грейстон металл бұрғымен орманның әртүрлі жерінен топырақ үлгілерін алып, тереңірек зерттеу мақсатында Шотландияға жеткізді. Зертханалық зерттеулер мен жасушалық дақылдарды зерттеу нәтижесі орманның ағашы қарқынды кесілген бөлігінде көп микробтың едәуір азайғанын дәйектеді.
2003 жылы Грейстон өзі бүгінде жұмыс істеп жатқан Британдық Колумбия университетінде микробты топырақ экологиясының профессоры атану үшін Ванкуверге көшті. Грейстон мен оның бірнеше серіктесі дәл осында орман шаруашылығының әртүрлі әрекеті жердің микробты ортасын қалайша өзгертетінін әрі қарай зерттеді.
Олар зерттеулерінің көбісі ағаштарды кесудің үш түрін салыстырады: берілген жерді ағаштан толық тазартатын жаппай кесу; кейбір ағаш топтарын сақтап қалатын құрылымдық қорғау; тең бөліністі сақтай отырып, жекелеген ағаштарды іріктеп кесу.
Жер қыртысының саулығын тексеру үшін Грейстон мен әріптестері жіңішке тамырларға толы нейлон-торлы қапшықтарды ағаш кесудің әртүрлі әдісі қолданылған орман алқаптарына көмді. Бұл тамырларды қалдырудағы мақсат оларды ұсақ организмдер, саңырауқұлақшалар мен микробтар көмегімен ыдырату. Тамырларды бірнеше ай немесе бірнеше жыл аралығында қазып алады. Зертханада ғалымдар тамырлармен әрекеттескен организмдерді анықтау, олардың қаншалықты белсенді болғанын білу үшін түрлі сынақ жүргізді. Ағашты жаппай кесу көп жағдайда жер қыртысының биоалуандығын төмендеткені, қоректік заттар айналымына кедергі келтіргені байқалды. Дегенмен ағаш кесу әдістерінің барлығы бірдей зиян болған жоқ. Мәселен, тепе-теңдікті сақтай отырып сирету әдісімен кесілген жерлерде микробтың көптігі, алуан түрлілігі мен белсенділігі салыстырмалы түрде жоғары болып қалған. Кейбір ағаш топтарын сақтап, қалғанын кесетін құрылымдық қорғау әдісі қолданылған жерлерде ғалымдар микробтардың мықты да қызу қауымдастықтарын тура сол ағаштардың маңында ғана байқаған. Ғалымдар бұл ағаш аумақтарынан алыстаған сайын, ондағы жер қыртысынан тіршілік белгілері де жоғала бастаған.
Ағаш тамырларындағы көміртегі ағынын бақылайтын зерттеуге сәйкес ағаштың не ағаштар тобының әсер ету ауданы, яғни олардың микробтар мен басқа да ұсақ организмдерді көміртегіне бай молекулалармен қамтамасыз ету аймағы орта есеппен он метрді құрайды. Жер қыртысын толық жалаңаштамай, тіпті үлкен ағаш аумақтарын қалдырғанның өзінде олардың әсері жоғарыда аталған қашықтықтан аса алмайды. Бұл өсімдік аралдарын қоршап тұрған он метрлік аймақтың сыртындағы микроб популяциялары зардап шегеді деген сөз. Грейстонның айтуынша, жер қыртысының саулығы үшін іріктеп кесу әдісі жағымдырақ, себебі бұл әдіс бойынша әдетте әр 14-16 метр сайын ағаш сақталып отырады, бұл олардың тамырларының және әсер ету аймақтарының бір-бірімен қабысып, орман жеріндегі микробтарды көміртегімен қамтамасыз етуіне жәрдемдеседі.
Сиретіп кесу және басқа да іріктелген әдістер әлемнің кейбір жерлерінде кеңінен таралып келеді. Дегенмен Солт. Америкада ағаштарды жаппай кесу әлі күнге кең қолданыста, өйткені ол тиімдірек, бағасы арзандау және тым күрделі жабдықты талап етпейді. «Орман шаруашылығын қайта қарастыруымыз қажет, – дейді Чехия Ғылым академиясы Микробиология институтының қоршаған орта микробиологі Петр Балдриан. – Ағаштарды жаппай кесу үнемді болғанымен, жер қыртысы жапа шегеді.
Біз өнеркәсіп пен орман қажеттіліктері арасында тепе-теңдік табуымыз керек».
Жер экожүйелерінің бір-бірімен өзара байланысын және олардың күрделі өмір циклін сақтауда атқаратын шешуші рөлін ескерсек, біздің ағаштар мен топыраққа тигізіп жатқан залалымыз, ақыр аяғында, өзімізге зиян келтіреді. «Жердегі микроорганизмдер болмаса, біз тіземізден қоқысқа батушы едік, – дейді Грейстон. – Оларсыз жер бетіндегі өмір тоқтайды. Олар бізсіз тіршілік ете алар, алайда біздің оларсыз өмір сүруіміз екіталай».
Автор: Феррис Джейбер фото: Оливер Мекиз және Никол Атауа
Соғыс миллиондаған йемендіктің өміріне қауіп төндіріп тұрғанда тарихшылар, археологтер ежелгі мәдениет нысандарын сақтау үшін күресуде.
Шаңды аңғардың түбінде тұрып, асқақтаған алып құрылысты көру үшін мойнымды создым: шамамен 2500 жыл бұрын теп-тегіс жонылып, балшықсыз қаз-қатар қаланған, шөл даланың зеңгір көгіне қарай 15 метр созылған тастар.
Қазіргі Йемен жерінде осы Ұлы Мариб бөгеті салынған кезде оның топырақ-тасты қабырғалары Хувер бөгетінен екі есе дерліктей үлкен аумақты алып жатты. Сақталып қалған зор шлюздер Йеменнің биік тауларынан 9600 гектардай бос алқапты алатын ауылшаруашылық оазисін нәрлендіре отырып, шығыстағы күн күйдірген шөлге қарай ағатын жаңбырлы маусымдардың су ағынын бақылауда ұстайтын күрделі жүйенің бір бөлігі болған. Соның барлығының ортасында гүлденген экономикалық орталық – Сабаның астанасы Мариб қаласы бар еді. Бұл патшалықтың атақ-даңқы Құран мен Інжілде аты Шеба патшайымы деп аталатын, әйгілі көшбасшы Билкистің атымен көбірек танылған. Марибтің ең дамыған шағында, б.д.д. 8-ғасырдан бастап осы бөгет Сабейдің астана әрі шөлдеген түйелер мен ашыққан саудагерлер үшін азығы мен суы мол аялдама ретінде гүлденуінің себепкері болды.
Патшалық Арабияның оңтүстігінде гүлдей жайнады, Үндістаннан Жерорта теңізіне дейін созылған жұпар иісті сауда жолының қақ жүрегі саналатын осы жерде қарамай, мирра және басқа да хош иісті шайырлар саудаға түсетін. Саба да керуендік экономиканың аса маңызды нүктесі болды. Мұнда Шығыс пен Батыс арасында тасымалданатын піл сүйегі, інжу, жібек мата және құнды ағаш түрлері тәрізді бағалы заттарға салық салынатын.
Марибтің қазіргі байлығы – осы аттас провинцияның құм-топырағы астындағы мұнай-газ қоры. Бұл қаланы йемендік хусит көтерілісшілері мен хуситтер экспансиясына қарсы жергілікті күштерге қолдау көрсететін Сауд Арабиясы мен БАӘ басшылық ететін коалиция арасындағы соғыстың стратегиялық нысанасына айналдырды. Йеменде осы соғыстың тұтанғанына 8 жыл болды. Ежелгі астана 2020 жылдан бері басты майдан алаңы әрі Йеменнің халықаралық мойындалған үкіметінің соңғы астаналық бекінісі болып келеді.
Бөгеттің тоспа желісінің сақталған қабырғалары бойымен алып құрылысқа тамсана, мыңдаған жыл бұрын Арабияның оңтүстігіндегі гүлденген шаһардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге керекті кешенді логистикаға таңырқай серуендеп келемін. Артынша таяу маңдағы таулардан артиллериялық атыстың таныс дауысы аңғарды жаңғырта естілді.
«Естідіңіз бе?» Йемендік көмекшім әрі аудармашы Аммар Дервиш сыбырлай сұрады. Келесі жарылыс шамалы қаттырақ естілді және сұрақ қайталанбай тұрып жауап қаттым. «Иә, естідім».
Йемендегі қазіргі соғыс оның тарихи қазыналары үстінде жүріп жатыр. Оның ежелгі патшалықтары – Саба, Катабан, Майн, Хадрамаут, Химьяр, Аусан – Араб түбегіндегі өркениеттің қайнаркөзі. Бұл тарих гидравликалық инженерия ерлігінен егжей-тегжейлі жазбаларға дейінгі көпес халық пен кешенді, отырықшы өркениет туралы баяндайды.
Соғыс 2014 жылы солтүстіктегі көтерілісші хуситтер бұрынғы президент Али Абдалла Салехтың жақтаушылары көмегімен ел астанасы Сананы басып алған кезде басталды. Оның ізбасары Абдраббух Мансур Хади үйқамаққа алынды. Хади Сауд Арабиясына бас сауғалап қашып, бұл Саудия корольдігінің АҚШ пен басқа да Батыс елдерінің демеуіндегі өңірлік коалиция қолдауымен әуе шабуылдарын бастауына әкелді. Барлық тарап өздеріне тәуелді 30 млн тұрғынды ойлап жатқан жоқ, йемендіктер мен олардың тарихи мұрасына да қауіп төніп тұр.
Әуе соққыларынан музейлер жермен-жексен болған. Бірнеше буын ұрпақ өмір сүрген жүздеген көпғасырлық отбасылық үйлер, Исламға дейінгі храмдар бомбаның астында қалды, суфилік қасиетті жерлерді әскери содырлар қиратты. Осындай жағдайда аз, бірақ өз ісіне адал йемендік тарихшылардың, археологтер мен басқа да ел тарихына бейқам қарамайтын жандар ұлттық музейлерде, қоймаларда және әлі де топырақ астында бүркеніп жатқан Йемендегі көненің көзі саналатын ата-баба жәдігерлерін сақтап қалу бойынша астыртын миссияны орындауда. Олар өз жерлестерінің және қақтығыс салдарынан қоныс аударған миллиондаған адамдардың мүддесін есте ұстай отырып, бүгінгі ең өзекті мәселе – соғыс өртінен аман қалуды ойлаған йемендіктердің келешегі үшін күш жұмылдырған.
Автор: Иона Крейг, фото: Мойзес Саман
Мақаланың толық нұсқасын 2022 жылғы қыркүйектегі журналдан оқи аласыз
Шибөрілер, аюлар, жанаттар мен басқа да жануарлар тіршілік ортасының тарылуы себепті қалалық өмірге тапқырлықпен бейімделіп келеді.
АҚШ пошта қызметінің курьері пошта көлігінен түсіп, қолына хаттарды ұстаған күйі көшеден өтіп барады. Мұнда тұрған оғаштық жоқ. Бірақ пошташы бірнеше метр жерде жүресінен отырған үлкен америкалық қара аюды (Ursus americanus) байқамаған сияқты.
Сол жақта сым торлы қоршаудың артында штатаралық 240-шы автомагистраль гүр-гүр етеді. Солт. Каролинадағы Эшвилл қаласының орталығынан 1 шақырымға жетпейтін жерде тротуар бойымен осы ауданға қарай дендей еніп бара жатқан аю үшін бұл жай ғана қалыпты шу секілді.
Солт. Каролинаның қала және қала маңы аюларын зерттеуші топ күрежол бойында тағы бір жаңалық ашты: қисайған күміс түсті үйеңкі ішіне терең апан салыныпты. Зерттеу жобасында қадағалауға алынған жүзден аса аю арасындағы №209 радио-қарғы тағылған кірекей небәрі бірнеше метр жердегі үздіксіз көлік ағынына қарамастан, қысқы ұйқыны осында өткізіпті.
Жобаның басталғанына 8 жыл болды. Қара аю жөніндегі солтүстіккаролиналық биолог Коллин Олфенбюттель көше шуынан асыра айқайлап: «Бұл аюлар мені әлі таңғалдырып жүр», – деді. Әріптесі ағаш ішіндегі апанды өлшеп жатқанда ол сатыны ұстап тұрды. Бұл – қара аюларды зерттеген 23 жыл ішінде ол көрген ағаштағы ең үлкен апан. «Олар біз ойлағаннан әлдеқайда бейімделгіш». Шын мәнінде, қара аюларға Эшвилдегі тіршілік ұнап қалғанын елестету қиын. Халық саны 95 мыңнан асатын, Blue ridg тауы баурайында орналасқан осы прогрессивті қалада тапа-тал түсте аюлар көше кезіп, террасалары мен ауызғы үйлеріне кіріп кетеді. Кейбір тұрғындар оларды жақсы қарсы алады.
Эшвилде және басқа жерлерде қалалық аюдың пайда болуына жер пайдаланудың өзгеруі, адамдармен көрші тұрғанда қолжетімді болатын «дәмхананың» еліктіруі сынды үдерістер ықпал етті. Осы жайттар Солт. Америкада қара аю санын шамамен 800 000 басқа дейін арттырды. Қалалар мен қала маңының ұлғаюы да аюлар тіршілік ететін үлкен аумақтарды жұтып, оларға адаммен көрші тұруға бейімделуден басқа амал қалдырмады. Бұл – АҚШ-та және әлемдегі қалалық жерде болып жатқан үрдіс әрі ол қара аюларға ғана тән емес. Көптеген сүтқоректі мекен ауыстырып, қаладағы тіршілікке машықтанып, мінез-құлығын да өзгертуде.
Дәл қасымыздағы жаратылыс иелерін зерттейтін ғалымдар көбейген сайын жаңалық та көбеюде: жануарлардың қала өміріне бейімделуі тіпті ерекше. Шибөрілер көшеден өтерде айналасына қарайды. Қара аюлар қоқыс шығатын күнді біледі. Жанаттар қоқыс жәшігінің бауын шеше алады. 2020 жылы алты құрлықта қалалық жабайы табиғатты зерттеген 83 зерттеуге шолу қалалық сүтқоректілердің 93%-ы өздерін далалық туыстарынан өзгеше ұстайтынын көрсетті. Осы аңдардың көбі – еуропалық орқоян, жабайы қабандар, резус-макактар мен шамшат сусарлары тәрізді сан алуан түрлер адамға ұшыраспау үшін түнде белсенді болады. Олар табиғи коректерін адам азығымен кеңейткен, ал тұратын жерлерінің аумағын әлдеқайда кішірейткен. Экологтер айтады: арамызда тіршілік етіп жатқан жануарларды жақсы білген сайын, осы қалалық келімсектермен де қарым-қатынас дұрыс болады.
Эшвилдегі фаст-фуд мейрамханалар мен қонақүйлер қатарының артындағы орманды алқапта Дженнифер Струлс пен екі әріптесі қара аюды гуманды әдіспен аулауға арналған қақпанды қонақүйдің көлік тұрағы жанындағы орынға сүйреп келеді. Олар осы ауданда тұратын үш қонжығы бар кірекейді ұстап алудан үмітті.
Солт. Каролина штаты университетінің балық кәсіпшілігі, жабайы табиғат және табиғат қорғау биологиясы бойынша Ph.D студенті Струлс кеше пісірілген нан қорабын ашты – бұл иісшіл иттен де артық иіссезгіш жануарды шыдатпайтын жем. Аңдыған аңы түссе, кірекейді ұйықтатып, бұдан бұрын таққан радио-қарғысын ауыстырады.
Жабайы табиғат биологі Николас Гулд жетекшілік ететін қала және қала маңындағы аюларды зерттеу жобасының 1-кезеңі радио-қарғы тағылған жүзден астам аюдан алынған деректер қалалық және далалық аюлар арасындағы қызықты айырмашылықтарды көрсетті. Бір-бір жарым жастағы қалалық кірекейлер далалыққа қарағанда, екі есе дерлік ауыр тартқан. Кейбір екі жасар қалалық кірекей қонжық туса, сол жастағы дала аюларының ешбірі тумаған. Алайда қалалық аюлардың 40%-ы төрт жылдық зерттеу кезінде көз жұмған, өлімнің негізгі себебі – көлікке соғылу. Зерттеушілер айтқандай, бұл кезеңде аюлар үшін Эшвилдегі өмір жақсы ма, жоқ па, белгісіз. Басқа зерттеулер әлдеқайда екіұшты картинаны көрсетеді. Эшвилдегі аюлар секілді Коларадо штатының Дуранго мен Аспен қалаларындағы, сондай-ақ Невада штатындағы Тахо көлі маңындағы аюлардың да салмағы әлдеқайда ауыр және қонжықтары да көбірек, бірақ қонжықтарының аман қалу көрсеткіші төмен, сондықтан таза популяциялары қысқарып кеткен. Қонжығы көп семіз аюды көру қала мен қала маңының ұлғаюы аңдарға жақсы болғандай әсер беруі мүмкін, бірақ шындық басқаша. Адам мен аюдың үйлесімде тіршілік етіп жатқаны да ақиқаттан алыс. Эшвилде де олай емес. Соңғы жылдары мұнда аюлар үй жануарларын өлтіріп, кемі бір адамды жарақаттаған.
Халықтың жабайы көршілерімен қалай қауіпсіз бірге тұра алатынын білу үшін Струлс бір сынақ өткізуді жоспарлап отыр. BearWise танымдық жобасы бойынша қаланың екі орамы зерттеу нысанасына алынады. Жуырда ел бойынша жүзеге асырылатын бастама үй жануарларын жетекпен алып жүру, қоқысты дұрыс орнату, құсқа арналған жем-астауларды алып тастау, аңға жақындамау, тамақ бермеу тәрізді әрекеттерді ынталандырады. Басқа екі орамға ешқандай танымдық материал берілмейді, олар эксперименттің бақылау тобы болады.
Струлс барлық 4 аумақтағы радиоқарғылы аюларды бақылау арқылы BearWise жобасы ұсынған тиімді әдістер халықтың мінез-құлқын өзгертіп, шағымын азайта ма, жоқ па, білгісі келеді. Дуранго қаласында зерттеушілер бір қадам алға озып, аюдың қауқарына төзімді мыңнан аса қоқыс контейнерін таратты. Осы қоқыс контейнерлерін пайдаланған үйлерде проблемамен қақтығысу 60%-ға азайған. Бірақ кей адамдар аюлардың артқы аулаларына келгенін қалайды. Мәселен, Дженис Хусебо аюларға отбасы мүшесіндей қарайды. 22 жыл бойына ол Эшвилдің орталығынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан үйінің террасасына құстың астауына жем салып, аш аюларды тамақтандырып келеді. «Мені аюдың тілін біледі деп атайтын достарым бар», – дейді Хусебо есік алдында екі қонжығымен жүрген кірекейге аңтарыла қарап тұрғанымызда.
Бірақ жабайы табиғатты қорғаушылар аюларға тамақ беру жарақат алу тәуекелін күшейтіп, бұл осы жануарларға деген төзімділікті төмендететінін ескертеді. Осы екі себеппен жергілікті округ мұндай практикаға тыйым салатын қаулы шығарған. Струлс те Хусебо сияқты эшвилдіктер аюларды жақсы көретінін мойындайды және өзінің зерттеуі бұл жануарлармен бірге өмір сүрудің олар үшін де, өзіміз үшін де ең тиімді жолын ұсынады деп үміттенеді. «Жабайы табиғат бәрімізге ортақ, бірақ біз аюлардың жабайы болып қалғанын қалаймыз», – дейді Струлс.
АВТОР: КРИСТИН ДЕЛАМОР
ФОТО: КОРИ АРНОЛЬД
Мақаланың толық нұсқасын журналдың 2022 жылғы шілдедегі санынан оқи аласыз.
Мына фотолар бізді Жер тарихына саяхаттатып, тіршіліктің бастауы болған бастапқы геофизикалық үдерістер құпиясын жайып салады.
«Бұл саяхат біздің уақыт, кеңістік және әралуандық арқылы табиғатпен байланысымызды нығайтуды көздейді, Жерге деген құрметімізді оятады», – дейді француз фотограф Оливье Грюнвальд. Ол әріптесі, табиғат жанашыры әрі жазушы Бернадетт Гилбертес екеуі 30 жыл әлемді шарлап, біздің бірегей планетамызды қалыптастырған факторларды ғажап түрінде көрсететін жерлерді өздері жүзеге асырып жатқан Origins жобасына құжаттаумен айналысып келеді. Жер – хаостан туған тасты планета. Эволюция жетегінде ол саналуан тіршілік орталары мен млн-даған жаратылыс түрінің үйіне айналды. Солардың бірі біз – Жердің ғажайыптарына басы айналған әрі соның бәрін жойып жіберуге қауқарлы Homo sapiens.
Климат өзгерісіне және басқа да экологиялық мәселелерге алаңдаған Грюнвальд пен Гилбертес күш-жігерін ғажайып Жер-шарына деген құрметті қалыптастыруға бағыттады. «Мына сән-салтанатты, жомарт және жарық планетаның пайда болуына 4,5 млрд жыл қажет болды, – дейді Грюнвальд, – енді біз не істеуміз керек? Экологиялық дағдарысты үдетеміз бе, әлде жаманаттың алдын алуға шешім қабылдаймыз ба?» Origins жобасы тұмса табиғаттың көркі мен кеңдігін паш етеді. «Кейде асау, кейде жайбарақат, бір орында тұрмайтын тұмса табиғат – шабыттың шексіз көзі», – дейді Гилбертес.
Мына суреттер – 4 кезең бойынша топтастырылған Грюнвальд жинағының бір бөлігі ғана. Жинақтың бірінші кезеңі – хаос, буырқанған тіршіліктің шығу тегін көрсетеді. Екіншісі – Жерге, эрозиялық күштер қалыптастырған ландшафтарға назар аудартады. Оазис – өсімдіктердің таралуын, ықтималдығы ең аз тіршілік орталарында бой көрсетуге деген үздіксіз талпынысын көрсетеді. Соңғысы жан-жануар әлемінің алуандығын бар сиқыр-ғажайыбымен қосып баяндайды.
Ғажайып суреттер мен материалдың толық нұсқасын журналымыздан оқуға болады.
Автор: Эва Ван Ден Берг
Фото: Оливье Грюнвальд
Мақаланың толық нұсқасын журналдың 2022 жылғы қыркүйектегі санынан оқи аласыз.