Торғайдағы тылсым өрнектер бүкіл әлемнің назарын аударуда

09-11-2015-astronov-11

Тағы да бүкіл әлемнің назары қазақ даласына ауды. Бұл жолы жаһанның қызығушылығын тудырған дүние Торғай өлкесінен табылған тылсым өрнектер болып отыр, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Таяуда АҚШ-тың НАСА ғарыш агенттігі жерге ойылып салынған аталған геометриялық денелердің фотосуреттерін жариялады. Негізі бұл өрнектерді алғаш рет 2007 жылы Қостанай тұрғыны Дмитрий Дей кездейсоқ тауып алған еді. Ол пирамидалар туралы фильм көріп, Google Earth бағдарламасы ар­қылы өз қа­ласының маңынан сондай тарихи жәді­герлерді іздеген. Нәтижесінде, Торғай дала­сын­дағы түсініксіз суреттердің үстінен түсті. Бүгінде Turgay Discovery жобасының жетекшісі Д.Дей осы салаға біржола бет бұрған. Оның айтуынша, қазірге дейін 260 геоглиф табылған екен. Олардың арасында темір дәуіріне және ғұн-сармат кезеңіне тиесілі өрнектер де бар. Ал ең ежелгілері болып саналатын алып шаршы мен айқыш осыдан 8 мың жыл бұрын пайда болған.


– Біз 2012 жылы осындай 19 нысанды зерттеп, 14-інің жанынан неолит дәуірі кезінде қолданылған көне бұйымдарды таптық. Меніңше, бұл суреттердің Перудегі атақты Чанкильо өрнектерімен байланысы бар. Себебі, екі жақта да геоглифтерді аңшылардың жан-жануардың маусымдық көшуін бақылауға қолданғаны белгілі болып отыр, – дейді зерттеуші.
Сонымен қатар, ол 14 мың жыл бұрын сол кездегі аңшылар Америкаға Оңтүстік Сібір арқылы кеткенін назарға алды. Соған орай ол геоглиф дәстүрінің бір тармағы Торғай даласымен тығыз байланысты деп санайды.
Осыдан 7-8 мың жыл бұрын болған табиғат апатынан Торғай жазығын Аралдың тұзды суы басып қалған. Дәл осы кезеңде Азия мен Балқан түбегінде Күнге табыну мәдениеті бастау алғаны белгілі. Кейін ол Мысыр арқылы бүкіл Еуропаға тарады. Генетик мамандардың пайымдауынша, бүгінгі R1b гапло тобы сол кезде пайда болған. Бұл ген қазіргі Батыс Еуропа халықтарының 60 пайызына тән. Тіпті, Ирландия, Шотландия және Уэльс сынды елдердің тұрғындарында 90 пайызға дейін кездеседі. Тутанхамон перғауын мен Ұлыбританияның король отбасы да осы топтың өкілдері екендігі айтылып жүр. Егер менің болжамым дұрыс болса, еуропалық өркениеттің түп-тамыры қазақ даласында жатыр, – дейді Д.Дей.
Қазіргі таңда Торғайдағы тылсым өрнектер – әлемнің көптеген ірі оқу орындарында жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Бірнеше футбол алаңының аумағын алып жатқан геоглифтер ор, қорған және дуалдар кешенінен құралған. Кейбір зерттеушілер оларды Күннің қозғалысын тәулік бойы бақылау үшін салынған деп жорамалдап отыр.

Фото: egemen.kz

    

1 пікір жазылған

Пікір жазу