Халықаралық ұйым киікті қорғауға күш-жігерді күшейте түседі

viewimage

Жақында  жабайы табиғатты қорғау жөніндегі сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері Ташкентте бас қосып, Қазақстан, Монғолия, Ресей, Түркіменстан мен Өзбекстан елдерінің аумағында  киіктерді қорғау бойынша шараларды пысықтады.  Ақбөкендерді қорғау мен өсімін қалпына келтіру бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қатысушы тараптардың ІІІ кеңесі аясындағы кездесу БҰҰ қолдауымен жабайы түз жануарларын сақтау жөніндегі ЮНЕП Конвенциясының нәтижесінде жүзеге асқан болатын.
Кеңес барысында биылғы жылдың жазында Қазақстанның орталық бөлігінде 150 000-нан астам ақбөкендердің жаппай қырылуы мәселесіне ерекше назар аударылды. Еуразия құрлығындағы дархан даланың нышанына айналған киіктердің қырылуын  үлкен апат ретінде бағалаған мамандар, бұны түз жануарының осы түрінің әлемдік популяциясын екі есеге қысқартатын қасірет ретінде бағалап отыр. Сонымен қоса, жаңа зерттеулер де Қазақстан мен Өзбекстан арасында өрістейтін киіктердің үстүрттік популяциясына қауіп төніп тұрғанын көрсеткен. Бұған басты себептердің бірі – жайылымды тарылта түсетін шекаралық қоршаулар, теміржол желілері болып отыр. Сарапшылар пікірінше, ақбөкендердің көбеюіне олардың өрісінде салынып жатқан инфрақұрылымдар, соның ішінде теміржолдар, автомагистральдар мен шекаралық қоршаулар үлкен кедергі келтіруде. Бұған қоса браконьерлік пен бөкен мүйіздерінің заңсыз сатылымы олардың азаюына үлкен әсер еткен. Яғни, аталған мұндай факторлар ақбөкендерді қорғау жөніндегі күш-жігерге үлкен залал келтіруде.
ЮНЕП Конвенциясының атқарушы хатшысы Бредни Чамберс: «Биыл ақбөкендер үшін аса қасіретті жыл болды. Мамыр айындағы киіктердің жаппай қырылуы салдарынан популяцияның жартысынан айырылдық, мені киіктердің трансшекаралық түрлерінің бірі де жойылу қаупінде тұрғандығы туралы ақпарат та қатты шошытты.  Әлемдік популяцияны қалпына келтіру үлкен күш-жігерді талап етеді.  Сондықтан да, біз алдағы қиындықтарды еңсері үшін белсенді іс-әрекеттерді келісу мақсатында өңір елдерінің Ташкентте бас қосуына үлкен ризашылық білдіреміз».
Басқосу нәтижесінде ақбөкендер мекен ететін елдер .шін 2020 жылға дейінгі шаралар кешені қайта қаралып, тиянақты түрде пысықталды. Бұндай шаралар арасында киіктер өрісіне кедергі келтіретін инфрақұрылымдар мен шекаралық нысандарды түрлендіру, түз жануарларының саулығын бақылауды күшейту, браконьерлермен күресту жандандыра түсу мәселелері ерекше назарға алынып отыр. Прогрессті нақты бағалау үшін киіктерге қатысты меморандумда ұсынылатын елдердің ұұлттық есеп форматы жаңғыртылып отыр. Бұдан бөлек, ақбөкендер мекен ететін барлық елдерде түз жануарларын сақтау бойынша шаралардың ағымдағы мәртебесі туралы Шолу есебі қаралып, бекітілді. Сонымен қатар, биылғы жылдың мамыр айындағы  бетпақдала популяциясының жаппай қырылуына байланысты мамандар үлкен әңгіме өрбітіп, Техникалық семинар қатысушылары осы мәселені әңгімеге арқау етті.
Айта кетерлігі, ғалымдар киіктердің жаппай қырылуына   геморроидальды септицемия тікелей себеп болғанын да анықтаған. Бұл ауру түрі үй буйволдарын, мүйізді ірі қара малы мен күйіс қайыратын түз жануарларын баудай қыратын ауру түріне жататын көрінеді. Сонымен қатар, екі шартты-патогенді  B және  Clostridium серотипіндегі perfringensPasteurella multocida бактериялары мамыр айында киіктердің қырылуына себеп болып, осы популяцияның барлық өңірлердегі төлдеуі барысына өзінің кесірін тигізген. Алайда, бұл инфекцияның бір жануардан екіншісіне жұққандығы анықталмаған секілді өйткені, ауру ошағы жануарлар төлдеген бір-бірінен шалғайда жатқан 13 мекенде , Қазақстанның 250 000 шаршы шақырымды құрайтын орталық бөлігінің аумағында орналасқан. Бұл ретте сарапшылар жануарлардың жаппай бір мезгілде қырылуын осы аумақтардағы барлық жануарларға бірдей әсер ететін климаттық факторлар әсерінен болуы мүмкін екенін де алға тартады. Әйтсе де, ғалымдар үшін жаппай қырлудың нақты себебі мен механизмі әлі де түсініксіз күйде қалуда. Сонымен қатар, жаппай қырылу жағдайына күн райының күрт өзгерісі де себеп болуы мүмкін екені айтылуда. Әрине, бұл ретте сарапшылар климаттағы өзгерістерді жанама себептердің бірі ретінде қарастырып, бұндай аспектіні әлі де жіті зерделеу қажеттігін алға тартады. Осыған байланысты Қазақстан тарапы қолдау білдіріп отырған Зертханалар мен зерттеу топтарының Халықаралық консорциумы ақбөкендердің жаппай қырылуына қатысты зерттеулер жүргізіп, сараптамалар жасауды жалғастыра бермек.

Ақпарат: www.unep.org

    

Пікір жазу