«Қайталанбас Қазақстан» байқауының жеңімпаздары анықталды

«Canon Қазақстан» мен «National Geographic Қазақстан» журналы ұйымдастырған байқау мәресіне жетті. Фотосурет өнеріне қызығатын қазақстандықтар арасында жарияланып, екі айға созылған байқау барысында редакцияның бірнеше әлеуметтік желідегі (facebook, vk, instagram) парақшаларына екі мыңға жуық сурет келіп түскен болатын. Еліміздің барлық дерлік өңірінен жолданған туындылар шын мәнінде қайталанбас болып шықты. Ең белсенді аймақтардың қатарына Батыс, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалалары тұрғындарын жатқызуға болады.

5 фото

Үздіктерді іріктеу оңайға соққан жоқ. Барлығы да әділ болуы үшін арнайы коммисия құрылатынын да бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Комиссия құрамына «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі, «Canon Қазақстан» компаниясы және «National Geographic Қазақстан» журналының өкілдері мүше болды. Ереже бойынша фототуындылар арасынан бір ғана жеңімпаз анықталуға тиіс болатын. Алайда оқырмандар тарапынан жолданған сан алуан суреттердің таңдай қақтырып, таңғалдырғаны соншалық, конкурс комиссиясының бір ғана жеңімпазбен шектелуге дәті бармады.

Осыған орай, комиссия мүшелері ақылдаса келе, үздік 5 фотосуреттің авторына арнайы сыйлық дайындап отыр. Байқауға жолданған фотоларды таңдау барысында мамандар ең біріншіден сурет композициясы мен оның өзіндік стиліне қарап баға бергенін де еске саламыз. Айта кетерлігі, конкурсқа қатысқан әрі үздік деп танылған 30 суреттің барлығы алдағы уақытта «National Geographic Қазақстан» журналының әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып отырады.

Сонымен, конкурстың көптен күткен қорытындысына назар аударыңыздар! «Қайталанбас Қазақстан» байқауының алғашқы жеңімпаздарын қарсы алыңыздар! Ал «National Geographic Қазақстан» журналының редакциясы, «Canon» компаниясы мен «Фотоөнер» Қоғамдық Бірлестігі жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, оларға алдағы уақытта да тың туындылар тудыратын шығармашылық шабыт тілейді! Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі келесі аптаға жоспарланып отыр.

1-орын: Айбек Аханов (Астана).

2

Мамандар өте жоғары баға берген композиция. Суреттің өзіндік ерекшелігі мен сыры бар… Туынды Ақмола облысында орналасқан бүкіл әлемге танымал Бұрабайды өзге қырынан ашып отыр. Оның үстіне Айбек Ахановтың өзге де суреттері ерекше көзге түскенін айта кету керек. Бұл өзін-өзі тапқан кәсіби фотографтың қайталанбас суреті.

2-орын: Ақсындар Табылды (Ақтау).

3

Боямасыз Каспий суретіне қанша үңілсең де тоймайсың. Бірегей туындыда тасқа соғылған толқындар да, шуақ шашып тұрған күн мен сұр бұлттар да, барлығы да ерекше…

3-орын: Сәрсенбек Қызайбек (Алматы).

4

Кез-келген саланы алып қарасаң Алматы үздіктердің қатарынан еш шыққан емес. Алма қала, қаржы орталық, оңтүстік астана… Қандай ат қойсаң да жараса беретін мегаполисті өзге қырынан танытатын суреттер әрдайым жоғары бағаланады. Сын суреттер көп, ал жақсының жақсылығын көрсететін туындылар шын мәнінде өте аз, жоқтың қасы.

4-орын: Талғат Саматов (Ақтау).

5

Бұлдырлау болғандықтан сәл төмендеу орын алып қалған сурет. Теңіз деңгейінен кемі 1800 метр биіктіктен жоғары орналасқан Көлсай көлдерінің дәл осы қырынан түсірілген суреттерін табу өте қиын. Еліміздің туристтік әлеуетін арттыратын керемет көріністердің бірі. Жолы да, қызмет көрсету саласы да жылдан-жылға оңалып келе жатқан Көлсай үшін осындай туындылар таптырмас дүние…

5-орын: Айбек Аханов (Астана).

6

Жоғарыда атап өткеніміздей Айбек Ахановтың барлық суреті ерекше. Көбінше елордамыз Астана қаласын түсіруге әуестеніп жүргені көрініп-ақ тұр. Ол біз жариялап жүрген аптаның үздік сурет жеңімпазы. Түстерді ойнатып, оларды жақсы таңдай білетіні айдан анық…

    

Пікір жазу