.

Өлінің қамын тірі жер…

Сулауеси, Рантепао маңы. Әпкелері мен бөлелері бір күн бұрын шетінеген үш жасар Сияхрини Танианы құшақтап, онымен сөйлесіп отыр. Олар оны to makula яғни «төсек тартып жатқан сырқат» деп түсінеді.

Сулауеси, Рантепао маңы. Әпкелері мен бөлелері бір күн бұрын шетінеген үш жасар Сияхрини Танианы құшақтап, онымен сөйлесіп отыр. Олар оны to makula яғни «төсек тартып жатқан сырқат» деп түсінеді.

Авторы: Аманда Беннет

Фото: Брайан Леманн

Кешқұрым, жетілер шамасы, Елизабет Ранте есіктегі алтын пердені түрді, ілесе мен де ішке кірдім. «Отағасы, бізге алыстан қонақ келді», – деді ол күйеуіне сыбырлап. Біздің артымыздан қолында көтерген табағы бар, ақырын басып үйдің екінші ұлы Джейми кеп кірді. «Әке, сізге күріш әкелдім. Балық та бар. Мынау – бұрышыңыз», – деді. Ақырын бұрылып бөлмеден шыға бергенімізде Елизабет күйеуіне «Тұра ғой, отағасы. Тамағыңды іш», – деді бәсең үнмен. Мен артыма бұрылып ем, үлкен ұлы Иокке: «Сені суретке түсіруге келіпті, әке», – деп жатты. Жан тебірентерлік көрініс. Әрине, мұндай бауырмалдық барлық елге ортақ. Бір ғана айырмашылығы сол, Елизабеттің күйеуі яғни қалалық АХАЖ бөлімінің бұрынғы қызметкерінің қайтыс болғанына екі аптаға жуықтап қалған. Беделді, ауқатты отбасыға тиесілі әп-әдемі, қызғылт сары бетон үйдегі екі кісілік ағаш төсекте, иегінің астына дейін қызыл өрнекті көрпе жабылған Петрус Сампе қыбыр етпестен жатыр.

2009 жылы 73 жасында қайтыс болған Дебора Маупаның мүрдесін достары мен жақындары тексеріп көріп жатыр. Су қосылған формальдегидпен мумияланғандықтан мәйіт жақсы сақталынған. Бұл жақсылықтың белгісі саналады.

2009 жылы 73 жасында қайтыс болған Дебора Маупаның мүрдесін достары мен жақындары тексеріп көріп жатыр. Су қосылған формальдегидпен мумияланғандықтан мәйіт жақсы сақталынған. Бұл жақсылықтың белгісі саналады.

Индонезияның алыс түкпіріндегі таулы Сулавеси аралында орын тепкен Рантепао қаласының бір шетіндегі осынау үйде Петрус әлі бірнеше күндей жатады. Әйелі мен балалары оған күніне төрт уақ – таңғы, түскі, бесін шайы мен кешкі асын бөлмесіне әкеп, бір уақ сөйлесіп тұрады. «Әкемізді жанымыздай жақсы көргендіктен, әрі сыйлағандықтан осылай етеміз», – дейді Иокке. «Тірі күнінде тамақты бірге ішетінбіз. Ол қазір де үйде. Сондықтан тамағын беру – міндетіміз», – деді Елизабет те қостап. Мәйіт бұзылмас үшін адам қайтыс бола салып формалин (су қосылған формальдегид) қолданылады. Мұны мәйітті мумиялау деуге де келеді. Бөлмеден тораджалық үйге тән сандал ағашының жұмсақ иісінен басқа бөгде иіс сезілмейді. Қабырғадағы қозы жетектеген Иса Мәсіһтің суреті жоғарыдан бәрін бақылап тұрғандай.

Төрт күннен соң музыка ойналып, христиан дінінің жол-жоралғысы жасалып, жүзден арта адамға ет пен көкөніс қосылған күріштен тамақ берілген соң, әулет мүшелері Петрусты төсектен түсіріп, табытқа салды. Бейнеоператорлар рәсімді таспаға түсірумен әлек. Туған-туыс мен көрші ауылдағы таныс-білістерге ере келген он шақты бала мәйітті жақыннан көріп қалмаққа бірін-бірі итермелеп маза таппай жүр. Рәсім өтті, енді желтоқсанда болатын жерлеу рәсімін Петрус табытта жатып, үйде күтетін болады. Оған дейін әлі төрт ай бар. Жерлеу рәсімі келгенше әйелі үйде қалып, қасында болады. Кей отбасылар ескі салтты сақтап сүйектің қасынан аттап шықпайды. Жерлеу рәсіміне дейін Елизабет пен балалары оны to makula’ яғни «төсек тартып жатқан науқас» деп атайды. «Оның жаны әлі осы үйде», – дейді Иокке.

Тораджалықтар батыстағыдай марқұмды ақтық сапарға едел-жедел, біржола шығарып салмайды. Керісінше, өлім олар үшін ұзаққа созылатын қат-қабат жұмыс. Қайтыс болған жақындарын үйден шығармай, апталап, айлап, тіпті жылдап айрықша күтеді. Жерлеу рәсімі алыс-жақындағы туыстар түгел жиналғанға дейін кешіктіріліп өткізіле береді. Әлемге тарыдай шашыраған тораджалықтардың басын қосатын ірі жерлеу рәсімдері апта бойына созылады. Алыстан ағылып марқұмның үйіне бет алған жүздеген мотоциклдер мен жеңіл көліктер қалаға кеп кіргенде жол қатынасы түгел тоқтайды. Мұндайда тіпті жедел жәрдем мен полиция офицерінің өзі шарасыз халге түседі. Өлім мұнда өмірден қадірлірек.

Рисма Паембонан төрт апта бұрын 84 жасында қайтыс болған қайын енесі Мариа Салемпангке ас әкеле жатыр. Ата­анамен бірге өткізген уақыт ең қадірлі саналады. «Қайғыдан адамын. Өйткені шешем әлі бізбен бірге», – дейді тағы бір тораджалық әйел. Оның 73 жасында қайтыс болған шешесінің үйде жатқанына бір жылдан асқан.

Рисма Паембонан төрт апта бұрын 84 жасында қайтыс болған қайын енесі Мариа Салемпангке ас әкеле жатыр. Ата­анамен бірге өткізген уақыт ең қадірлі саналады. «Қайғыдан адамын. Өйткені шешем әлі бізбен бірге», – дейді тағы бір тораджалық әйел. Оның 73 жасында қайтыс болған шешесінің үйде жатқанына бір жылдан асқан.

Тораджалықтар адамды аман алып қалу үшін ем-домнан қашпайды. Сонымен бірге сүйікті жандарын ажалға беруден де тартынбайды. Дегенмен мұндағылардың көбі ажалға араша түсуден гөрі оны қонағындай қадір тұтқанды мақұл көреді. Тораджалықтар қайтыс болған адамды «өлді» деп санамайды, қайта өлген адаммен байланыс тереңдей түседі деп есептейді. Олар үшін өлім сазарған тас қабырға емес, жұп-жұқа дәке іспетті. Тіпті қабір де тораджалықтар мен өлілер арасындағы қарым-қатынасты үзе алмайды. Теріскейдегі тораджалықтардың кейбірі жақындарын оқтын-оқтын қабірден қазып алып, киімдері мен кебіндерін жаңалап отырады.

Тораджалықтарда мұндай салттың қашан пайда болғаны белгісіз. Тораджа тілінің өзі өткен XX ғасырда ғана хатқа түскен. Ескі әдет-ғұрыптарының көбі халық аузында ғана сақталған. Тек бертін келе ғана табыт қалдықтарын зерттеген археологтер тораджалықтардың жерлеу дәстүрі кем дегенде біздің жыл санауымыздың IX ғасырынан бері бар екендігін дәлелдеген. Қазіргі Индонезия аумағына алғашқы голланд кемелері теңіз жаңғағы мен қалампыр іздеп XVI ғасырдың соңында келе бастаған. Арада 300 жыл өткенде барып Тораджаға табандары тиген. Бүгінде Тораджа Утара мен Тана Тораджаны қамтып жатқан мәдени аймақ саналады. Голланд миссионерлерінің араласуымен басым бөлігі мұсылман саналатын елде протестанттар мен Рим католиктерінен тұратын христиандық орта қалыптасты. Христиан діні жергілікті салт-дәстүрмен қал-қадерінше біте қайнасуға барын салды. Тораджалық жерлеу дәстүрінің әр рәсімі дұғасыз өтпейді. Матвэй мен Джоннан аяттар оқылып, Ғайсаның өсиеттері тыңдалады.

Тораджадағы қыстақ үйлер биік қабақтарға жапсарлай немесе шатқал түбіне сұғына орналасқан. Рантепо – 26 000 халқы бар лас қалашық. Сулавесидегі ең ірі қала Макассарға дейінгі тау-тасқа шиырлай салынған 300 шақырымнан астам жолды басуға сегіз сағат кетеді. Ал қыстақтарды жалғайтын айналмалы, жалғыз жолақты жолдар қос жолақты жолдың қызметін атқара береді. Көліктер ойдым-ойдым жолдармен шоқалақтап зорға жүреді.

Мен осында келгенге дейін дәрі-дәрмекке жаппай жүгінетін, өлімнен өлердей қорқатын және бұны технология мен күш-жігердің дәрменсіздігінен деп білетін америкалықтардың өмірден қалай озатыны туралы айтып та, жазып та бақтым. Жұрттың көбі өз үйінде жатып жайбарақат көз жұмуды жақсы көргенімен, америкалықтардың көбінің аурухана төсегінде көз жұмуларына тура келеді. Күйеуім Теренс қайтыс болған соң, мен осының балама жолын қарастыра бастадым. Сөйтіп, төбе құйқаңды шымырлататын, бірақ өлімді құшақ жая қарсы алатын мәдениетті зерттеу үшін осында табан тіредім.

Бұл жерде белгілі бір шектеулердің де бар екенін ұмытуға болмайды. Өлген адамды тамақтандыру, мәйітті асып қою, табытты ашу сияқты әдет-ғұрыптарды біздің таяуда қабылдай қоюымыз екіталай. Соған қарамастан, біздегідей асығыс-үсігіс емес, тораджалықтардың аза тұту рәсімі уақыт ұзақтығы жағынан адам баласының шынайы қайғы-қасіретіне көбірек жақын келетіні мені таңдандырмай қоймады.

Қайтыс болған жақын адамыңды көру, онымен сөйлесу, «рухы қасымызда жүр» деп ұғу Батысқа да жат емес. Колин Мюррей Паркс пен Холли Г.Пригерсон «Ауыр қаза: Ересектер өміріндегі қайғыны зерттеу» атты кітабында жесір қалған әйелдің «мен еріммен сөйлестім және одан жауап күттім» деген сөзін келтіреді. Олардың сөзінше, қайғы ұшты-күйлі жоғалып кетпейді, қайта ұзақ жылға созылатын тұрақты құбылыс. Бұл дәл тораджалықтардың аза тұту рәсіміне ұқсайды. Бірақ батыстықтардың өлгендерді бірер күннің ішінде немесе сол сәтте-ақ жерлеп, құтылуға асық тұратындары тораджалықтарға тіпті сөкет нәрсе боп көрінеді. «Шешем күтпеген жерден қайтыс болды, көзіміз қиып жібере алмай отырмыз. Бірден жерлеуге қарсымын», – деп көзіне жас алды Иохана Палангда. Шешесінің «қонақ қабылдап», үстіңгі қабатта жатқанына бір жылдан асты. Олай істейтіні – Иохана сияқты оның шешесі де қыстақ басшысы болған. Марқұмнан «жолымыз болсын» деп бата тіпті үйленуге рұқсат сұрай келетін қыстақ тұрғындарының қарасы үзілмейді.

115 жасында қайтыс болған Пангкунг Рантенің құрметіне отбасындағылар оның мүрдесін арқалы орындыққа отырғызып қойған. Сирек кездесетін мұндай ғұрыпты жоғары қауымға жататын отбасылар ғана тұтынған.

115 жасында қайтыс болған Пангкунг Рантенің құрметіне отбасындағылар оның мүрдесін арқалы орындыққа отырғызып қойған. Сирек кездесетін мұндай ғұрыпты жоғары қауымға жататын отбасылар ғана тұтынған.

Чех Республикасының астанасы Прагадағы Карлов университетінің антропологы Микаэла Будиманның жазуынша, қайтыс болған адамды дереу жерлеу тораджалықтар үшін «қаршығаның көктен құйылып кеп, жемтігін іліп алған бойы бұлтқа сіңіп жоқ болуымен бірдей».

Сонда шешесін жерлеуге асықпайтын Иохана мен біздің айырмашылығымыз не өзі? Немесе өлген күйеуімен сөйлесетін Елизабет пен күйеулерімен құпия әңгіме құратын батыс әйелдерінің арасында нендей айырмашылық бар? Ал Елизабеттің шаңырағындағы өлікті тамақтандыру дәстүрі мен марқұм күйеуінің кебісін «кейін келсе, киер» деп сақтап қойған прозашы Джоан Дидионның арасындағы айырмашылық ше? Қайғыны ұмыттыратын – уақыт. Егер тораджалықтар құсап біз де өлікті ұзақ уақыт ашық қойсақ қалай болар еді?

Марқұм Петрус Сампе мен оның әйеліне барған сапарымнан кейін арада бірер күн өткенде, қаланың екінші бір шетінде тұратын ер адамның жаназасы «дүркіреп» өтіп жатты. Мен сырттан келген қонақтарға арнап салған бамбук қалтқыға шықтым да, марқұмның немересі саналатын жасөспірім қыздың жанындағы алашаға кеп жайғастым. Динда көзіне сүрме жағып, смартфонымен әуре боп отыр. Бұл жақтағылар жаназаны жақсы көреді. Әсіресе алыста тұратын туыстарымен көрісетіндеріне дән риза. Динданың айтысына қарағанда, нағашы аталары жатқан табыт маңында ойнап жүрген үш бала өзінен жасы кіші жиендері көрінеді.

Сыртта бала аралас жүзге тарта ер мен әйел әрлі-берлі қайшы алысып жүр. Кейбірі бабалар үйі атанған тонгконанның көлеңкесінде әңгіме-дүкен құрып отыр. Тонгконан – осы аймаққа кең тараған тұрпаты бөлек, ерекше құрылыс түрі. Олардың қайқы бас алып шатырлары пальма, кофе мен бугенвилия ағаштарының бұйра толқынында жүзіп бара жатқан қызыл түсті қайықтарды еске салады.

Тонгконандардың арасындағы бамбук қадаларға түскі асқа арнап байланған шошқалардың жандаусынан құлақ тұнады. Ақ-қара түсті, ұзынша сидам көйлек киіп, шылым сатып әйелдер жүр. Мотоцикл мінген әлдебір саудагер шар сатып тұр. Қайда қарасаң да жұп-жұмыр боп семірген буйволдар. Сенделіп ағаш арасында жүргені, қақиып жол жиегінде тұрғандары да бар. Тіпті жолай велосипед өтіп бара жатқан жігіттер тоқтай қалып, тап бір үй жануарын көргендей мейірлене сипап та қояды. Рәсімді жүргізуге жауапты адам мұнара басына шығып, кісі бойындай қайқы мүйізді зеңгі баба тұқымына арнап сөз сөйлеп жатыр: «Сендердің мәртебелерің биік. Сендер мына марқұммен бірге бақиға аттанып, сол жақта оны молшылыққа кенелтесіңдер».

Мықты торажалықтардың жерлеу рәсімі онда сойылатын буйволдардың саны мен сапасына қарай дәрежеленеді. Жаназа негізінен иерархиялық түрде өтеді. Яғни оған қатысатындар да, қатыспайтындар да марқұмның отбасының мәртебесін бекемдей түсуге міндетті. Бүгін бір апта бойы жайылған дастарқанның жиылып, күтіп алу, басқосу, дұға бағыштау, қонақ күту, марқұмның бұ дүниеден өткенін білдіретін хореографикалық рәсімдер мәресіне жетеді. Мүрдені үйінен шығарып бабалар мазарына, сосын күріш қамбасына аялдатып, ең соңында жерлеу мұнарасына апарып қояды.

Жаназа тораджалықтарды, яғни әулетпен әулетті, қыстақ пен қыстақты жақындастыра түседі. Жерлеу рәсімі кезінде жұрт өзара мал есебінде сыйлықтар алмасады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын алыс-беріс адамға міндет жүктейді. Мысалы, жиеніңіз сізге буйвол сыйлап жатса, сізге қарымтасын неге екі еселеп бермеске! Ал оған әзір шамаңыз келмейді екен, оны кейін ұлыңыз я қызыңыз беруге міндеттеледі. Олардың да мәнісі болмаса, онда ауыртпалық еріксіз немереңіздің иығына түседі. Жерлеу рәсімінің осы бір ыңғайсыз тұсы жаршының аузымен тіпті де айқын етіп айтылады. «Бұл кімнің шошқасы? Мына буйвол кімдікі?» деп дауыс ұлғайтқышпен айқайлай түседі. Төбесі қаңылтырмен жабылған қалтқының астында тұрған өкімет қызметкерлері салық салу мақсатында әр сыйлықтың көлемі мен сапасын тексеріп әлек. Рәсім соңында есеп-қисап кітабы әулет мүшелеріне көрсетіледі. Сыйлық әкелуші әулеттен біреу-міреу қайтыс болған жағдайда бұл кітап бәріне ес қатады.

Тораджада бұл жануар құрбандыққа көп шалынады. Кейін қымбат көлік немесе керемет кіріс көзіне айналатындықтан, буйволдарды ер балалар (арасында қыздар да кездеседі) айрықша ілтипатпен бағып­қағады. Жерлеу рәсімінде буйволдарды жалпақ қанжармен жарып өлтіреді. Құрбандыққа шалынатын мал саны неғұрлым көп болса, атақ­даңқ та соғұрлым биік болады.

Тораджада бұл жануар құрбандыққа көп шалынады. Кейін қымбат көлік немесе керемет кіріс көзіне айналатындықтан, буйволдарды ер балалар (арасында қыздар да кездеседі) айрықша ілтипатпен бағып­қағады. Жерлеу рәсімінде буйволдарды жалпақ қанжармен жарып өлтіреді. Құрбандыққа шалынатын мал саны неғұрлым көп болса, атақ­даңқ та соғұрлым биік болады.

Тораджалық жерлеу рәсімі дыр-думаннан да кенде емес. Той да, балиғат жасын мерекелеу де, әулет мүшелерінің бас қосуы да – бәрі бір мезгілде өтеді. Мұның қасында ирландық сауық-сайрандар жолда қалады. Аста-төк жаназа кезінде жұрт еркін ішіп-жеп, бір-бірімен араласып, ойын ойнап мәре-сәре болады. Оңтайы келсе жұмыс жайын да сөйлесіп, көз қысысып, қабақ қағысады. Буйволдарды сүзістіріп сайыс та өткізеді. («Құмар ойындарына тыйым салынады. Қаза шыққан үй христиан сенімінде, одан қалды полиция да осында. Құмар ойынын бұл әулет құптамайды» деген жаршының дауысы естіледі). Жаршының шақыруымен күші мығымдары табытты зембілге апарып салады. Елу шақты ер адам жиылып бамбук зембілді көтереді де, атызды айнала жүріп, ән салады. Табыт оңды-солды шайқалақтаған сайын марқұмның дене мүшелерін, тұрқын, жыныстық әлеуетін жырға қосып, әндері де бейпілдене түседі. Жолай су шашу шайқасы басталады. Табытты көтерушілер бір-бірін суға малмандай етсе, қонақтар пластик құтылармен су шашады.

«Сылтау тауып тойдан қалуға болар, бірақ жаназадан қалуға болмайды», – дейді Динданың атасы Ласси Алло Тодангтың жаназасына келіп, VIP қонақтардың ортасынан орын алған 52 жастағы Дэниел Рантетасак. Дэниел өз өмірінде 300-ден аса жаназаға қатысқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл сияқты жаназада аз дегенде 24 бас буйвол сойылуы тиіс. Кейде жүз басқа дейін соятындар да табылады. Бір бас буйволдың орташа бағасы – 20 миллион рупий ($1,425). Ал тарғыл түсті буйволдың бағасы бұдан да жоғары. Танымал ортаның жаназасында тек буйволға деп 400 000 доллар ақша жұмсалады. Шығынды туыстар арасында берілетін міндетті сыйақы мен шет елде тұратын әулет мүшелерінің жіберген ақшасы жабады. Жүздеген адамға арнап дайындалатын ас-су мен қонақтарға деп уақытша тұрғызылатын бамбук үйшіктерге жұмсалатын шығын да осының ішінде. Мойындарында жоғары оқу орындарына төлейтін 10 000 доллар оқу ақысы бар отбасылар да жерлеу рәсіміне қолда барын беруге тырысады. Осындай отбасының  бірінде, «колледжге төлейтін ақшам жоқ» деп азар да безер болған кейуана бірер апта өтпей жатып, туыстарының бірінің жаназасына деп мыңға тарта шошқа тарту еткен. «Сөйтіп, салт-дәстүрдің құрбаны болдық», – деп қояды әңгіме айтып отырған әйел. Тораджада бұл – қалыпты құбылыс, өйткені онда адам өлім үшін ғана өмір сүреді.

Тораджаға жерлеу рәсімін қызық көріп келетін батыстық туристер мұндағы адамзат баласы мен ажалдың арасындағы тіке байланыс пен тылсым сауық-сайран өз елінің әдет-ғұрпын ой елегінен қайта өткізуге сеп болатынын байқаған. «Испанияда адам қайтыс болса, ол сол отбасы үшін ауыр қайғы болып есептеледі», – дейді Мадридтен келген IT маманы Антонио Муше. «Біз, батыстықтар… ақырет туралы бас қатырмаймыз ғой, ал мұндағылар оған жылдар бойы дайындалады».

Камбуноны іздеп Пангала дейтін шағын қалашықтан солтүстікке қарай бұрылып, күріш алқаптары арқылы бірнеше қыстақты басып өттік. Жолай кездескен дүкеншілер, мотоцикл мінгендер мен жаяу жүргіншілерден бастап бәрі бізге барар жерімізді көрсетіп отырды.

Камбуноны іздеп Пангала дейтін шағын қалашықтан солтүстікке қарай бұрылып, күріш алқаптары арқылы бірнеше қыстақты басып өттік. Жолай кездескен дүкеншілер, мотоцикл мінгендер мен жаяу жүргіншілерден бастап бәрі бізге барар жерімізді көрсетіп отырды.

Құрбандық шалу сәтін көру маған оңайға түспеді. Жалпы құрбандыққа бас-аяғы 55 буйвол шалынды. Батыстық болмыс иесіне ауыр тиетін көрініс. Макассардағы Хасануддин университетінің антрополог-лингвисі, тораджалық Станислос Сандарупаның айтуынша, тораджалықтар ештеңеден қаймықпайды. Оларды жеке адамның емес, көптің пікірі көбірек толғандыратын көрінеді. Жалпы, буйвол адамдарды етпен қамтамасыз ететін хайуан болғандықтан, халық малдың осы түрінің өсіміне көңіл бөліп, шыдамдылық танытуға міндеттеледі.

Қаладағы аза тұту рәсімі шырқау шегіне жеткен кезде, ауылдық жерде жерлеу рәсімінің екінші бір кезеңі басталып жатады. Тамыз айы – жерлеу рәсімінің ғана емес, ma’nene’ яғни «екінші қайтара жерлеу» рәсімінің де өтетін уағы. Әулет мүшелері араға бірер жыл салып бабалар қорымына келгенде, марқұмға жейтін тамақ пен шылым әкеліп, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Ұзақ жатқан мәйітті күн көзіне шығарып, оған жаңа киім кигізеді. Дэниел Себа Самбараның әйелі, ұл-қызы, немере қызы, күйеу баласы мен тағы да бірнеше адам аңғар үстіне төбеден қарап тұрған биік қабақтағы әулет қорымына келді. Жаңа шалбар киген Дэниел көзге сәл оғаштау көрінеді. Жаңа кигізілген темір құрсаулы көзілдірігінен тесіліп қарап тұрған ол 2012 жылы 20 жылға созылған қант диабетінен қайтыс болды. Оны туыстарының содан бері көріп отырғаны – осы. Ол осы аптада өткен ma’nene’ рәсімі кезінде өзімен бір қуыста жатқан оншақты туысымен бірге сыртқа шығарылған.

Дэниелдің өзінің жолын қуған әлеуетті де сырбаз ұлы Питер бұл арадан екі мың шақырымдай жердегі Папуа өлкесінде құрылыс кәсібімен айналысады. Питердің қызғылт сары жейдесі әдемі-ақ. Өзі ағылшынша да жақсы сөйлейді. Оның инженер-құрылысшы боп істейтін қызы Монна ұялы телефонынан Цинциннатидағы хор лагерінде түскен суреттерді көрсетіп келеді. Питер де, оның үй іші де заманауи тораджалықтар саналады.

Үш жыл бұрын қайтыс болған әкесін діңгекке байланған туыстарымен бірге көргенде оның бойын қандай сезім биледі дейсіз ғой? Мақтаныш сезімі. Әрине, толқу да бар. Өзге туыстарымен салыстырғанда әкесінің мәйіті қатты бүліне қоймаған әрі тану да қиынға түспеді. Тап бір Хэллоуин қаңқалары дерсіз! Терісі мап-майда. Сақал-мұрты мен тырнағы әжептәуір өсіп қалған екен, туыстарының даусы шығып кетті көрген мезетте. Жалаңаяқ кедейден ауқатты байға дейін көтерілген Дэниелді өмірінің кейінгі кезінде ел Ne’ Boss – «Бастық шал» деп атап кеткен. Мәйіттің жақсы сақталуы – Питер үшін бақуаттылықтың нышаны. «Мұндай сирек кездеседі. Яғни балалары мен немерелерін жақсылық күтіп тұр деген сөз», – дейді мәз болған Питер.

Осы сәтті көргенде қол-аяғым қалтырап қоя берді. Айтты-айтпады, біз батыстықтар өлікті көрген жерден ыршып түсетін әдетіміз бар ғой. Дей тұрғанмен таңғалғаным соншалық, демімді ішіме тартып, тұрған орнымда қатып қалыппын. Қызылды-жасылды киінген жұрт мәз-мейрам. Мұрынға құдды бір қабат-қабат көрпелерді бірнеше жылдап қараңғы қоймаға басып тастағандай дымның исі келеді. Айналадағы көрініс көзге оғаштау көрінгенімен, тым сұрықсыз, қорқынышты деуге тағы келмейді. Ертеректе қайтыс болған жақындарын айналып-толғанып жүрген адамдар жайлы Нидерландыда тұратын индонезиялық Ки Тан: «Олар өліктен еш қорықпайды», – дейді. Олардың арасында 38 жыл бұрын өлген бір жасар бала да бар. «Жолым болып, осыны көре қалғанымды айтсаңшы», – деп толқи сөйледі жанымызда тұрған 21 жастағы алманиялық жаяу саяхатшы Мария Харт. Өзінің айтуынша, атасы қайтыс болғанда қатты қайғырған ол жерлеу рәсіміне қатыспаған. «Жеке басымнан алғанда, бұл салт-дәстүр жаныма жақын», – дейді тораджалықтардың арасында біраз жыл тұрған Чикаго Лойола университетінің антропологы Катлин Адамс.

Осы сәтті көргенде қол­аяғым қалтырап қоя берді. Айтты­айтпады, біз батыстықтар өлікті көрген жерден ыршып түсетін әдетіміз бар ғой.

Осы сәтті көргенде қол­аяғым қалтырап қоя берді. Айтты­айтпады, біз батыстықтар өлікті көрген жерден ыршып түсетін әдетіміз бар ғой.

Тораджалықтар өздерін әлеуметтен тыс өмір сүрмейтіндерін айтады. Адамның қайтыс болуы – атадан балаға жалғасып келе жатқан қаржылық, әлеуметтік һәм көңіл-күй ауыртпалығының болмашы ғана бір сәті. Тораджалықтар мұндайға қалай ғана сеніп жүр? Білмекке құмарттым. «Бір білсе, Камбуно біледі», – деді жұрт. Бұны білетін жалғыз адам сол көрінеді.

Камбуноны іздеп Пангала дейтін шағын қалашықтан солтүстікке қарай бұрылып, күріш алқаптары арқылы бірнеше қыстақты басып өттік. Жолай кездескен дүкеншілер, мотоцикл мінгендер мен жаяу жүргіншілерден бастап бәрі бізге барар жерімізді көрсетіп отырды. Камбуноның қайда тұратынын білмейтін адам болмаса керек. Үстеріне ақ жейде, қара көк белдемше киіп, қара мойынтақ таққан екі оқушы қыз жол көрсету үшін біз отырған көлікке қарғып мінді. Біраз жүрген соң жол тұйықталды да, ары қарай тік, жартасты жолмен жаяулап тартуға тура келді.

Ақыры, Петрус Камбуноны таптық. Терісі сүйегіне жабысқан, шоқша сақалды, аузында бір тісі қалмаған ер адам жол жиегінде шөп шауып жүр екен. «Жолдарыңыз болады екен. Менен басқа мұны білетін адам қалған жоқ», – деді ол. Сөзіне сенсек, жасы 90-да көрінеді. Сөйтіп, Тораджаны негіз ете отырып, інжілдегідей адамның қалай жаралғаны туралы әңгімені бастап кетті. «Жаратушы ер адамды осы жұмақта, ал әйелді топырақтан жаратты», – деді ол. Көгілдір көкпен әдемі жарасым тапқан төмендегі жап-жасыл күріш алқаптарына қарап отырып, осынау жерді Құдай өзінің жұмағы етіп жаратты дегенге сенбеске амалыңыз да жоқ.

Камбуна сөйлеп отыр: «Бамбук пен бананды сый ретінде жерден жаратқан да, бетель мен лаймды жұмақтан түсірген. Бұларды бізге қайғыны жеңіп, рахатын көруге, жақынымыз қайтыс болғанда өзімізді жайдары ұстауға пайдалансын деп әдейі жіберген».

Сұрақты дұрыс қоймағанымды сездім. Тораджалықтар біз сияқты емес, кез келген жерде өлімді сезе білу дәстүрін берік етіп ұстанған халық. Олар қайтыс болған жақындарының тәнімен де, рухымен де тірі күніндегідей байланыста болуды құптайды. Олар «адам біржолата өлмейді» деп сенеді. Сондықтан сұрақты тораджалықтар неге бұлай істейді деп емес, керісінше, біз неге бұлай істейміз деп қойған лазым. Өмірдің бір бөлігі екенін біле тұра, өзімізді өлімнен сонша алыс ұстайтынымыз неліктен? Бір-бірімізбен қоғамдағы тіпті ғаламдағы өз орнымызбен байланыста болу керек деген сезімнен қалай айырылып қалғанбыз біз?

Камбуно оншақты туысқаны жатқан отбасылық қорым жақты меңзеп қояды. «Әкем сонда жатыр. Ал өзім осындамын. Демек, ол біржола өлген жоқ. Шешем де сонда, бірақ менің қыздарым бар. Демек, шешем де өлген жоқ. Шешемнің орнын қыздарым басты. Әкемнің орнын мен бастым».

Осы сәтті көргенде қол-аяғым қалтырап қоя берді. Айтты-айтпады, біз батыстықтар өлікті көрген жерден ыршып түсетін әдетіміз бар ғой.

Осы сәтті көргенде қол-аяғым қалтырап қоя берді. Айтты-айтпады, біз батыстықтар өлікті көрген жерден ыршып түсетін әдетіміз бар ғой.

       

Пікір жазу