Ыстық толқын

Канаданың Ванкувер аралы маңындағы жартаста жатқан мына аң сияқты Калифорния теңіз арыстандары 2014­2015 жж. мың­мыңдап қырылды. Олар шектен тыс жылып кеткен Тынық мұхиттан қорек таппай жантәсілім етті.

Канаданың Ванкувер аралы маңындағы жартаста жатқан мына аң сияқты Калифорния теңіз арыстандары 2014­2015 жж. мың­мыңдап қырылды. Олар шектен тыс жылып кеткен Тынық мұхиттан қорек таппай жантәсілім етті.

Жылы судың «түйіршік» деп аталатын алып шеңбері Тынық мұхитты әбігерге түсірді. Кейбіреулер бұдан мұхиттардың болашақ түр-сипатын көреді.

Авторы: Крэйг Уэлч

Фото: Пол Никлен

Алғашқы теңбіл бауыр кит теңіз суы Алясканың Кодиак аралын айнала жолақ салатын Мармот бұғазында пайда болды. Биолог киттің баласының ойнаған сияқты бір бүйірлеп жүзіп бара жатқанын байқады. Оның ашық қалған аузына теңіз суы кіріп-шығып, салбыраған қызғылт тілін шайып жатты. Қиыр солтүстікте жануарлар жиі азаптанып өлетіндіктен, бұған көпшіліктің еті үйренген. Келесі күні азанда «Кенникот» паромының жолаушылары жағалауға келіп соғылған тағы бір өлі китті байқады. Озі қоңды екен. Ауру-сырқаттан аман-сау сияқты.

Кодиактан солтүстікке қарай 320 шақырым жерде жел соққан тасты жағалауды кесіп өтіп бара жатқанымызда Кэти Лефебвр киттердің жайын әңгімеледі. Қалыпты жылы Алясканың батыс шығанағынан сегіз өлі киттің денесі табылған. Ал 2015 жылғы маусымның өзінде он кит өлген. Өлекселердің жақсы жүзіп бара жатқаны сондай, шағалалар оларды балық аулайтын платформа ретінде пайдаланған. Жаз бойы Тынық мұхит толқындары Анкориджден Алеут аралдарына дейін 1600 шақырымға созылып жатқан жартастарға шіріген денелерді лақтырумен болды. Қоңыр аюлар олардың өлекселеріне қарық болды.

Аляскадағы Петербург маңында бір жұмысшы қарлығаш балықтың арқа қанатын тексеріп жатыр. Бұл жануар табиғи себептермен өлген сияқты, бірақ әдеттен тыс жылы су кесірінен пайда болған улы балдырлар да зиянын тигізуде.

Аляскадағы Петербург маңында бір жұмысшы қарлығаш балықтың арқа қанатын тексеріп жатыр. Бұл жануар табиғи себептермен өлген сияқты, бірақ әдеттен тыс жылы су кесірінен пайда болған улы балдырлар да зиянын тигізуде.

Сиэттлдегі (Вашингтон штаты) Мұхит пен атмосфераның ұлттық әкімшілігіне қарасты Солтүстік-батыс балық аулау ғылыми орталығының зерттеушісі Лефебвр өлімнің себебін анықтамақ болып өлекселердің бірінің көзінің сұйықтығын алыпты. Қазір екеуміз Алясканың Хомер аймағындағы Качемак бұғазында жағалауда қырылдап, өлім халінде жатқан теңіз кәмшатына қарай ілбіп келеміз. Шыңдарын қар басқан Кенай тауларының етегіндегі жағалауда кәмшаттар көп өліп жатыр, Лефебвр кит пен кәмшат өлімінің арасында қандай да бір байланыс бар ма деп зерттеуге келген.

Соңғы бірнеше жылда Солтүстік Американың Батыс жағалауындағы мұхитта өлім көбейіп кетті. Калифорниядағы Санта-Барбарадан бастап Аляскадағы Ситкаға дейінгі аралықта миллиондаған теңіз жұлдызының денесі мылжаланып жатыр. Олардың денелері бөлшектеніп, қанаттары бөлек жүзіп жүр. Мұхиттан қоректенетін жүздеген мың теңіз құстары жағалауға келіп, құлап жатыр. Калифорнияда теңіз арыстандарының аштан өлуі әдеттегіден жиырма есеге артқан. Зерттеушілердің кәмшаттардың өлі денелерін қызғылт шаналарға салып жатқанын бақылап тұрдым. Бір айдың ішінде Хомерде 79 дене табылған. Жылдың соңына дейін Алясканың батыс шығанағында өлген кит саны жан түршіктірер шама – 45-ке жетіп қалуы мүмкін. Аңдардың жаппай өлімі әлжуаздарды өлтіріп, жаңа өскіннің шығуына жылдамдатып жол ашатын қарағай орманындағы өрт тәрізді қалыпты нәрсе болуы мүмкін. Бірақ бұл жолғы жұмбақ өлімдердің барлығына ортақ бір жайт бар: олар Батыс жағалаудағы мұхит суы біздің заманымыздағы рекордты көрсеткішке дейін көтерілген кезбен тұспа-тұс келді.

«Желөкпе теңізшілер» деп аталатын медузаға ұқсас жәндіктер Орегон жағалауын басып қалды. Тынық мұхитты жылытқан желдер мен ағыстар бұларды Оңтүстік Калифорниядан Британдық Колумбияға дейінгі жағалауларға лақтырып тастады. ТИФФАНИ БУС, ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДАҒЫ АКВАРИУМ

«Желөкпе теңізшілер» деп аталатын медузаға ұқсас жәндіктер Орегон жағалауын басып қалды. Тынық мұхитты жылытқан желдер мен ағыстар бұларды Оңтүстік Калифорниядан Британдық Колумбияға дейінгі жағалауларға лақтырып тастады.
ТИФФАНИ БУС, ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДАҒЫ АКВАРИУМ

Ыси түскен мұхит тропиктегі коралл рифтерін жойып, еріген мұз Арктикадағы өмірді құбылтып жатқанда жылы судың қалыпты теңіздерді қаншалық өзгертетінін байқамау мүмкін емес. 2013 жылдан биылғы жылдың басына дейінгі аралықта Батыс жағалау суы ысығаны сондай, теңіз әлемінде бұрын-соңды болмаған төңкеріс болды. Жануарлар бұрын жүрмеген мекендерге ойысты. Рекордты дәрежеде үлкен болып өскен балдырдың улы сабақтары Калифорниядағы шаян өнеркәсібін бірнеше айға қаңтарып тастады. Қорек тізбегінің ең маңызды бөліктері жойылды. Мұхит суының жылынуына жылыжай эффектісі әсер етті ме, әлде бұл ауа райы

мен климаттағы табиғи өзгерістердің көрінісі ме, ол жағы белгісіз. Дегенмен бұл құбылыс күрделі сұрақтар туғызды: Бұл шытырман теңіздегі кейбір тіршілік иелерінің өмірін қиындату үшін қасақана қиюластырылған нәрселер емес пе? Әлде бұл ғалымдар айтып жүргендей, климаттың өзгеруі Тынық мұхитқа кәрін шашқан күні жылынған судың не көрсететінін паш ету үшін өткізілген «дайындық шарасы» ма?

Лефебвр екеуміз енді қайда жылжитынымызды ойлап отырғанда радиомен қоңырау шалынды. Сегіз шақырым жердегі Хомер түбегінен тағы бір кәмшаттың денесі табылыпты. Біз шаңдауыт автотұраққа қайта оралып, пикапқа мініп, сонда тартып отырдық.

Калифорниядағы Монтерей бұғазында бүкір киттер балыққа қарық болып жатыр. 2015 жылы көп жерлерде анчоустар азайып кетті, есесіне олар бұғазға тым көп жиналды, «бұл қалыпты жағдай емес», – дейді Мосс теңіз зертханасының директоры Джим Харвей.

Калифорниядағы Монтерей бұғазында бүкір киттер балыққа қарық болып жатыр. 2015 жылы көп жерлерде анчоустар азайып кетті, есесіне олар бұғазға тым көп жиналды, «бұл қалыпты жағдай емес», – дейді Мосс теңіз зертханасының директоры Джим Харвей.

2013 жылдың соңынан бері Аляска шығанағында жылы су иірімі қалыптасты. «Ессіз беймаза жота» аталып кеткен жоғары қысымды қатал атмосфералық жүйе жағалауды дауылдатып тұратын. Кофені үрлегенде суитыны сияқты, жел де әдетте теңіздің бетін шайқап, салқындатып отырады. Оның орнына Вашингтон университетінің климатологы Ник Бонд «түйіршік» деп атаған ыстық су массасы түзіліп, Солтүстік Американың батыс жағалауын дағы кең алқапқа жайылады, мұнда олар солтүстікке жылжып бара жатқан жылы су массасына кезігеді. Кей жерлерде су температурасы орташа шамадан Цельсиймен төрт градусқа дейін көтерілген. Мұхиттың кей тұстары рекордты деңгейге дейін жылыған. Ең шарықтау кезінде жылы су Мексикадан Аляскаға дейінгі 9 миллион шаршы шақырым жерді алып жатты, бұл – құрлықтық АҚШ аумағынан да үлкен жер.

Ғаламшарды жылытып жатқан жерасты отындарынан шығатын көмірқышқыл газының бұған қатысы бар ма? Ешкім нақты айта алмайды. Дау тудырған бір болжам бойынша, Арктика теңізіндегі мұздықтың жылдам шегінуі поляр ағысын толқындандырып, табиғат жүйесінің көбірек қарсыласуына мүмкіндік берген. Бұдан гөрі көп мақұлданған теорияға сүйенсек, қалыпты атмосфералық өзгерістер кезінде ағыстағы судың ысуы тропиктің жылынуынан болып жатыр. Бірақ осы теорияны қолдайтын зерттеу шілердің өздері климат өзгеруінің маңызды әсерін жоққа шығармайды. «Бұл ұзақ жылынуды әлдекім тасадан басқарып тұрған жоқ па? Мұның дәлелін әлі көрген жоқпын, бірақ негізгі күдік – сол», – деді Санта-Круздегі Мұхит пен атмосфераның ұлттық әкімшілігіне қарасты Солтүстік-батыс балық аулау ғылыми орталығының зерттеушісі Нате Мантуа.

Калифорниядағы Лагуна жағалауында орналасқан «Тынық мұхит сүтқоректілер орталығы» 2015 жылы құр сүлдері қалған теңіз арыстандарының балаларын жүз­жүздеп қабылдады. Анчоустар мен сардиндер азайғандықтан, мыңдаған теңіз арыстандары құнарсыз тамақты талғажау етті. Көпшілігі аштан өлді. ДЖЕ ХОНГ, AP ФОТОСЫ

Калифорниядағы Лагуна жағалауында орналасқан «Тынық мұхит сүтқоректілер орталығы» 2015 жылы құр сүлдері қалған теңіз арыстандарының балаларын жүз­жүздеп қабылдады. Анчоустар мен сардиндер азайғандықтан, мыңдаған теңіз арыстандары құнарсыз тамақты талғажау етті. Көпшілігі аштан өлді.
ДЖЕ ХОНГ, AP ФОТОСЫ

Табиғаттың бұл тосын мінезін талдап түсіндіру қиын, себебі әлемдегі ең алып мұхит өте құбылмалы. Ондаған жылдарға созылатын өзара ұқсас құбылыстар температураға да әсер етеді. Шамамен, әр он жыл сайын Тынық мұхиттың шығысы азыққа бай, су суық күйден жылы күйге ауысады, бұл цикл «Тынық мұхиттың құбылу онжылдығы» деп аталады. «Эль-Нино» деп аталатын тропикалық жылыну Солтүстік Американы ысытып жібереді. «Калифорния ағысы» деп аталатын мұхит «даңғылы» Канададан Төменгі Калифорнияға суық су жеткізеді. Жол бойы ол айдындағы жылы суды жағаға тықсырып, тереңдегі суды қозғайды, соның арқасында әлдеқайда салқын әрі нәрлі су мұхит бетіне шығады.

Бұл құбылудың барлығы теңіз өмірін қайта реттейді. Мұның салдары тек осымен шектелмейді. «Барлығы біткен кезде ғана адамдар мұның біздің арғы-бергі тарихымыздағы экономикалық және экологиялық тұрғыдан ең зардапты оқиға болғанын түсінеді», – деді судың жылынуын меңзеген Мантуа.

Осы құбылыстың ауқымын бажайлау үшін мен Аляскаға барардан бірнеше апта бұрын Орегон жағалауынан бірер шақырым аулаққа ұзадым. Elakha деп аталатын 16 метрлік зерттеуші қайығы ақша бұлттың астында, бүлкілдеген толқындарды жарып өтіп ызғытып барады. Джинсы мен қайнатылмалы сыраның жарнамасы бар тер сіңді футболка киген Билл Петерсон қайықта тізерлей отырып, қызыл салқындатқышқа көз салды. Оның ішінде әріптестері жаңа ғана тереңнен тормен алып шыққан дүниелер бар. Мұхит және атмосфера әкімшілігінің океанологы Тынық мұхиттың шығысы қаншалық танымастай өзгергенін көрсету үшін келіп отыр. «Ойбай, мынау сұмдық», – дейді ол. Оның желкесінен асыра көз тастадым. Түсі мотор майына келетін қоймалжыңды ғана байқадым. Оның зерттейтіні – осы.

Әдетте Калифорния жағалауында уылдырық шашатын базар кальмары Британ Колумбиясындағы Клемту маңында жүзіп жүр. 2015 жылы Шығыс Тынық мұхит кальмарының жұмыртқалары қиыр солтүстіктегі Аляскадан табылған.

Әдетте Калифорния жағалауында уылдырық шашатын базар кальмары Британ Колумбиясындағы Клемту маңында жүзіп жүр. 2015 жылы Шығыс Тынық мұхит кальмарының жұмыртқалары қиыр солтүстіктегі Аляскадан табылған.

20 жыл бойы әр екі апта сайын Петерсонның тобы әлемдегі ең өнімді теңіз жүйесінің негізі саналатын майда өсімдіктер мен жануарларды жинау үшін келіп тұрады. Бұл «швед үстеліндегі» ең басты «тағам» екі сантиметрлік криль болуы керек. Пішіні асшаянға келетін бұл жәндікпен конюгалар, күміс албырттар, кит акулалары және киттер қоректенеді. Бұларды жеген анчоус пен сардинның өздерін үлкен балықтар не теңіз арыстандары жұтады. Жылдың бұл мезгілінде мұхит түбінде криль көп болуы керек, ал Петерсонның ауына қорек болып жарытпайтын былжыраған балдыр мен кішкене медузалар түскен, ал олар өте құнарсыз. Оның тобы криль ұстамағалы бірнеше ай болыпты. «Үнемі осылай шығып жатыр», – дейді ол.

Мұхит температурасының өсуі бұл жүйені бұзған. Жылына бастағалы Тынық мұхиттың оңтүстігін мекендейтін қабықты сегізаяқтар Оңтүстік Калифорния жақтан табылған. Тропиктік күн алабұғасы мен көгілдір акулалар Тынық мұхиттың солтүстігіне өтіп кеткен. Калифорния жағалауын мекендейтін базар кальмары Алясканың оңтүстігіне барып уылдырық шашқан. Орталық Америкада тіршілік ететін теңіздің сары бауырлы улы жыландарының бірнешеуі Лос-Анджелес жағажайында ирелеңдеп жүрген.

Крильмен салыстырғанда зоопланктондар шөп-шалам сияқты, өзі аз, өзі құнарсыз. Осы калориясы аз «диета» қорек желісіне тегіс әсер еткендіктен, Аляска шығанағында жиі кездесетін шапыраш көзді минтай отыз жылдағы ең төменгі деңгейге дейін азайған.

Айбалық немесе мұхит күнбалығы «желөкпе теңізшіні» іздеп жүр. Кей жерлерде температура Цельсий бойынша қалыпты жағдайдан төрт градусқа көтерілгендіктен, субтропик теңізінің күнбалық сияқты жануарлары Тынық мұхит жағалауына жақын келген.

Айбалық немесе мұхит күнбалығы «желөкпе теңізшіні» іздеп жүр. Кей жерлерде температура Цельсий бойынша қалыпты жағдайдан төрт градусқа көтерілгендіктен, субтропик теңізінің күнбалық сияқты жануарлары Тынық мұхит жағалауына жақын келген.

Кук бұғазында ұсталған сутілдің еті жұмсақ екен, демек ол дұрыс қоректенбей жүр деген сөз. Күміс албырттар Батыс жағалауға құр сүлдері қалып оралған. Бұл өзгерістер басқа құбылыстармен қатар келді. Сардиндердің азайғаны соншалық, Джон Стейнбектің «Консерві қатары» романының арқасында әйгілі болып, 1950 жылдардағы құлдыраудан соң қайта түлеген өнеркәсіп түрі тағы да жабылды. Сардин мен анчоустардың саны циклді түрде құбылып отырады, сондықтан олардың тез азаюының судың жылынуына қатысы болмауы мүмкін. Бірақ ерекше жылы судың кесірінен басқа балықтар жер ауып кетті. Онсыз да қатары сиреген анчоустар басқа аймақтардың барлығынан дерлік жоғалып кетті, есесіне олар Монтерей шығанағына барып шоғырланып, олармен қоректенетіндердің арасында аласапыран туғызды. Тынық мұхиттың солтүстік-батысындағы құныс балықтар жемтік іздеп Коламбия өзеніне жеткен. Бұдан құстар да зардап шекті. Аралда ұя салып, крильмен қоректенетін көк аяқты сұр құс – алеут пыжиктері жүз мыңдап қырылды. Бұл – АҚШ тарихындағы құстардың ең көп қырылуы. Әкесінің киімін киген бала сияқты жүндері сүйектеріне жабысып, салбыраған көтерем теңіз арыстандарының Калифорния жағалауында жүзіп бара жатқаны ең көрнекі мысал болса керек. Олар шатырлардың, тұрақта тұрған жүк көліктерінің астына келіп құлаған. Біреуі қонақүйдің ауласындағы орындыққа бүктетіліп жатып қалған. Енді бірі жағалаудағы мейрамхананың кабинасына сырғып кірген. Сардин мен анчоус болмағандықтан олардың аналары кальмар, хек және теңіз алабұғасы сияқты мүлде құнарсыз диетаға отырған, әрі балаларын ерте тастап кеткен. Бес айдың ішінде олардың үш мыңы өлген. Орегон штатының Ньюпорт қаласындағы кеңсесіне қайтып оралған соң Петерсон әрі-сәрі күй кешті. Өмір бойы теңізді зерттеген ол жылынған мұхиттың тылсым әрі беймәлім әлем екенін түсінді.

Бұл өзгерістердің ешқайсысы мәңгілік емес. Тіпті мәңгілік болған күннің өзінде теңіз өліп жатыр деуге болмайды. Мұхиттағы тіршілік жалғасады. Бірақ бұл климаты өзгерген болашақтағы теңіздің баламасын көрсетеді. Ал бұл теңіздің ертеңгі өмірі мүлде өзгеше көрінеді.

Жылы температура балықтың бойындағы метаболизмді арттырып, оларды көбірек қоректенуге мәжбүрлейді, есесіне азықтары азая түседі. Соңғы зерттеулерге қарасақ, балықтардың көбінің тұрқы кішірейіп, аурулары көбейеді, көп жағдайда саны азаяды. Климаттың өзгеруі туралы үкіметаралық топтың дерегі бойынша, қазірдің өзінде балықтар мен планктондардың көбі салқын су іздеп полюстерге қарай ығысып барады. Суы жылынған бұрынғы құнарлы аймақтарда балықтар мен жыртқыштар аз жүреді, бұл да біраз қиындық туғызады. Соңғы жылы ағыс кезінде Батыс жағалаудың киттері аулайтын торларға көп түсіп қалған. 2000-2012 жылдары құтқару топтары жылына 10 оқиғаны тіркесе, 2015 жылы 48 кит тұтылған.

Мұхиттың қызыл таңқы шаяндарының өлген денелері Монтерей бұғазы маңындағы теңіз бетін жауып қалды. 2015 жылы Калифорния жағалауларында өте көп кездесетін таңқы шаяндар бүгінде көрінбей кетті.

Мұхиттың қызыл таңқы шаяндарының өлген денелері Монтерей бұғазы маңындағы теңіз бетін жауып қалды. 2015 жылы Калифорния жағалауларында өте көп кездесетін таңқы шаяндар бүгінде көрінбей кетті.

Тіршілік иелері басқа жерге ауысқанда біздің де теңізбен қарым-қатынасымыз өзгереді. Калифорния штатының Пасифика қаласында су астында аңшылық құралымен балық аулайтын 58 жастағы бойшаң электрик Ричард Шэфермен жолықтым. Жылы ағын балықтарды Мексикадан солтүстікке қарай ығыстырғандықтан, Лос-Анджелес жағалауына сапары ерекше есінде қалыпты. 2015 жылдың тамызында Шэфер Сан-Диегоның батысындағы айдынға шығады. Істігін кезене бергені сол еді, аш теңіз арыстаны тұра ұмтылады. Әсіресе, сардиндер жоғалғалы теңіз арыстандарының ірі балықтарға шабуылдайтынын білетін ол сары арқанын жинап алып, қайыққа қарай қашады. Сол кезде оны білегінен екі метрлік жұмыр балға-балық тістейді. Бұл акулалар Калифорнияда мүлде ұшыраспайтын, шабуыл да жасамайтын. Ал 2015 жылы мұндай бірнеше оқиға тіркелді, сарапшылардың бірі бұл кезеңді жылы суға елітіп келген «балға-балықтардың шеруі» деп атады. Акула Шэфердің сіңірін үзіп, шынашағы мен алақанын мылжалап, 40 жерден тыртық қалдырды.

Теңіздегі әр өзгеріс ешкім күтпеген басқа бір өзгерісті туғызады.

Күн қызарып ұясына батқанда Кэти Лефебвр пикап көліктен Хомер түбегінің тасты жеріне секіріп түсіп, кәмшаттың өлексесіне үңіле қарады. Теңіз суы оның балшықтанған бетін шайып өтті. Алдыңғы жылдары кәмшаттар көбіне стрептокок инфекциясының асқынуынан өлетін. Ал биыл кейбіреулері бұратылып өлсе, енді бірі сап-сау күйінде жантәсілім еткен. Аляска ұлттық тұмса теңіз табиғаты қорығының тәжірибе жинаушылары латекс қолғап киіп, өлексені тексеруге кірісті. Олардың бірі тіпті көзіне жас алды. Енді бірі Лефебврге бір апта бұрын безгектеніп қалтыраған кәмшатты көргенін айтты. Лефебвр елең етті.

Тынық мұхиттың алып сегізаяғы Британдық Колумбия жағалауында жүзіп барады. Тынық мұхиттағы соңғы өзгерістер тіршілік иелерінің көшіп-қонуы мен қорек түрлерін уақытша өзгертті. Бірақ оны анықтау үшін ғалымдарға бірнеше жыл уақыт қажет болады.

Тынық мұхиттың алып сегізаяғы Британдық Колумбия жағалауында жүзіп барады. Тынық мұхиттағы соңғы өзгерістер тіршілік иелерінің көшіп-қонуы мен қорек түрлерін уақытша өзгертті. Бірақ оны анықтау үшін ғалымдарға бірнеше жыл уақыт қажет болады.

1998 жылы Санта-Круздегі Калифорния университетінде Ph.D. студенті болып жүрген Лефебвр ондаған теңіз арыстанының дерт меңдеп, ашушаң бола бастағанын байқайды. Әр көктем сайын Pseudo-nitzschia деп аталатын біржасушалы балдыр шағын алқаптарда бір-екі апта гүлдеп, домоикалық қышқыл деп аталатын нейротоксин бөліп шығарады, ал бұлар ұлудың ішіне жиналады. Оны жұтқан адам есінен танып, денесі құрысып-тырысады, жадын жоғалтады, тіпті өліп кетуі мүмкін. Оның тұмса табиғатқа да зияны көп. 1961 жылы Санта-Крузде шығатын газет «анчоустарды жаппай қырып жатқан» әлдебір күл басқан судың жайылып кеткенін жазады. Теңіз құстары терезеге ұшып кіріп, көшелерде өліп жатты. Бұл оқиға Альфред Хичкоктың «Құстар» кітабын жазуына түрткі болды. Ондаған жылдар бұрын болған оқиғаның қыр-сырын білетін ғалымдар 1961 жылы Монтерей шығанағынан жеткен планктонның ескі үлгілерін қайта шығарады. Олар Pseudo-nitzschia деңгейі өте жоғары екенін байқайды.

Лефебвр 1998 жылы ауру теңіз арыстанының нәжісінен домоикалық қышқылды тауып, улы гүлдің теңіз сүтқоректілеріне де зиян тигізетінін алғаш дәлелдеген еді. Дәл сол жылы балдырлар тым көп гүлдеді. Эль-Нино мұхиттың аптап ыстығын Калифорнияға алып келді, соның кесірінен былтырға дейін балдырлар бұрын-соңды болмаған шамада көп гүлдеді.

Вашингтон штатының Гуд арнасында өлген шаяндар арасында зубатка та бұратылып жатыр. 2014 жылы теңіз суы каналға аққанда зубаткалар мен басқа да аңдар қырыла бастаған. Арнаның оңтүстік жағы толық шайылған жоқ, сондықтан онда оттегі азайып кетті.

Вашингтон штатының Гуд арнасында өлген шаяндар арасында зубатка та бұратылып жатыр. 2014 жылы теңіз суы каналға аққанда зубаткалар мен басқа да аңдар қырыла бастаған. Арнаның оңтүстік жағы толық шайылған жоқ, сондықтан онда оттегі азайып кетті.

2015 жылғы сәуірде балдырлар гүлдеді, бірақ бірнеше аптадан соң тоқтаудың орнына шашақтанып үлкен монстрға айналып, өзгеріп, түрленіп, Калифорнияның Канал аралдарынан бастап Кодиакқа дейінгі 3200 шақырымға созылып жатып алды. Бұрын-соңды мұндайды ешкім көрмеген. Уланған ұлулардың кейбірі жағалауға дейін жетті. Удың мөлшері жоғары деген шаманың өзінен 30 есе көп болып шықты. Сынақтар көрсеткеніндей, анчоус сияқты кей балықтардың ағзасында домойкалық қышқыл бар болып шықты, оларды жеу адамға қауіпті, бұл да сирек кездесетін жағдай. Бұдан жүздеген теңіз арыстандары, құстар, дельфиндер және итбалықтар уланған екен.

Вашингтон штатында түсірілген бейнетаспадан уланған теңіз арыстанының қалшылдап жатқанын көруге болады. Солтүстікте мұндай жағдай ешқашан болмайтын.

Бұдан соң Аляскада киттер, әсіресе, финдер мен құныс балықтар қырыла бастады. Көбі өте алыста болғандықтан, сынама алу мүмкін болмады. Британ Колумбиясына қалқып жеткендерінен домойкалық қышқыл табылды, бірақ ол тез жуылып кететіндіктен, оның көлемі қанша болғанын анық айту мүмкін емес. Дәлел аз болса да, ғалымдар бір теорияға тоқталды: киттер балдыр токсиндерінен уланып өлген крильдерді, шаянтектестерді не балықтарды жеген. «Басқа сценарийлердің көпшілігі жоққа шығарылғандықтан, мен үшін ең салмақтысы – улы балдыр нұсқасы», – дейді Британдық Колумбия университеті Теңіз сүтқоректілері зерттеу тобының директоры Эндрю Трайтс.

Алясканың Хомеріндегі тастақты жағалауда өлім халінде жатқан кәмшатты сипап тұрған биолог Дебби Бойг­Тобин өкініштен егіліп тұр. 2015 жылдың тек қыркүйек айында бұл маңнан 79 кәмшаттың өлі денесі табылған.

Алясканың Хомеріндегі тастақты жағалауда өлім халінде жатқан кәмшатты сипап тұрған биолог Дебби Бойг­Тобин өкініштен егіліп тұр. 2015 жылдың тек қыркүйек айында бұл маңнан 79 кәмшаттың өлі денесі табылған.

Хомер бұғазында тұрған Лефебвр Аляска кәмшаттарының қырылуына балдырдың қатысы бар ма дегенді дауыстап сұрады. Ол үлгілерді жинау үшін пластик қаптарды әзірлеп, қолғабын киді. Семіп қалған кәмшаттың денесіне еңкейген ол жұмысына кірісіп кетті.

Арзанқол кинолардың сценарийіндегідей «түйіршік» 2015 жылдың желтоқсанына қарай кішірейе бастады, алапат Эль-Нино келіп, ыстық су төменге ығысты. Бірақ бұл ыстықтың қандай жаңалық әкелетінін болжау ұзақ жылдарға созылады. Жаңа зерттеулерге қарағанда, климаттың жылынуына байланысты мұндай ыстық толқындар жиі ұшырасатын болады. Ғалымдар «экстремалды жағдайлар мен әдеттен тыс оқиғалар көп болады, хаос жиілейді», – деп есептейді Санта-Круздегі Калифорния университетінің профессоры Рафаэль Кудела. Сарапшылардың айтуынша, улы гүлдер көбейіп, кең таралады әрі одан да улы бола түседі.

Дегенмен бұл «түйіршік» барлық нәрсені өзгерте қоймайды. Бұл тек екі жылға созылды, ал жылыну процесі ондаған жылдар бойы жүріп жатыр, яғни өсімдіктер мен жануарлар бұған бейімделеді не көшіп кетеді. Кейбіреулері «түйіршіксіз-ақ», өздігінен өліп жатыр. Жылы су келген соң көбейіп кеткен теңіз жұлдыздарының жаппай қырылуы бұдан бұрынырақ келген вирустан болды. Калифорнияның теңіз арыстандары мүмкін шамадан тыс көбейіп кеткен болар. Бірақ өзгерістер де көп болмақ. Теңіз деңгейінің көтерілуі жағалауларды қайта сызып жатыр. Терең су астындағы оттегі аз табиғи зоналар ұлғайып барады. Мұхиттың қышқылдануы ұлулардың өмірін қиындатты. Қазіргімізді толық түсінбей тұрып, болашақты болжау мүмкін емес.

Студент өлген кәмшаттардың ортасында тұр. Олардың көбі инфекция кесірінен көз жұмған. Ғалымдар улы балдырлардың бұларға қалай әсер еткенін зерттеуде.

Студент өлген кәмшаттардың ортасында тұр. Олардың көбі инфекция кесірінен көз жұмған. Ғалымдар улы балдырлардың бұларға қалай әсер еткенін зерттеуде.

Лефебвр кәмшаттың жұмбағын шеше алмады. Жыл соңына дейін 304-і өлген, бұл орташа көрсеткіштен бес есе көп. Тексерілген денелердің үштен бірінде балдыр уы болған. Бірақ көп кәмшаттың өліміне стрептокок инфекциясы себепкер болған деген қорытынды шығарылды. «Түйіршіктің» инфекцияны қоздыруға әсері жұмбақ күйінде қалды. Балдыр уы жануарларды әлсіретті ме? Әлде жылыну жағдайды нашарлатты ма? «Біздің әлеміміздегі осы қиындықтың бәрі қалайша тоқайласқанын әлі білмейміз», – деді Лефебвр.

Бірнеше апта өткен соң кайралардың өлімін зерттеп жүрген Вашингтон университетінің құс жөніндегі сарапшысы Джулия Пэрришпен де осы тақырыпта әңгімелестік. Ол теңіз құстары тамақ іздеп бөтен жақтарға кетті ме, домоик қышқылдан уланды ма, әлде желдің екпінімен жағалауға жетті ме, ол жағынан бейхабар. «Әлі де бәрі жұмбақ», – деді ол.

Енді ғана түсіндім, біздің қазіргі қалпымыз былай екен: біз білеміз деп жүрген теңіз әлемі мен біз жедел құрып жатқан жаңа әлемнің арасында үлкен шыңырау жатыр.

МАРК ТИЕССЕН, NGM ҚЫЗМЕТКЕРІ

МАРК ТИЕССЕН, NGM ҚЫЗМЕТКЕРІ

Крейг Уелч табиғат репортаждары үшін көптеген жүлде алды. Оның климат, теңіз тіршілігі, мұхиттар туралы материалдарын мына жерден оқыңыз. ngm.com/Sep2016.

    

Пікір жазу