Үкі неге киелі саналған?

Мұсылмандар үкіні киелі санайды. Себебі олар ол құстың қанатында Құранның құпия сөздері жазылады деп ұққан. Сондықтан болар қазақтар үкінің әр тал қанатын бесікке, балалар тақиясына, әйелдер кимешегіне, жүйрік аттың жалына және түрлі ұлттық аспаптарға тағып қояды.

Ұлттық наным-сенім бойынша үкінің үлпілдеген қанаты жас нәрестелерді жын-періден қорғаса, бас киімге тағылғаны бақыт, ал аспаптарға байланғаны олжаға кенелтеді.

Үкі – жапалық тұқымдастарына кіретін жыртқыш құс. Дене тұрқы ірі (3 кг дейін жетеді), үлкен сарғылт көздері бар, басында «құлақшаға» ұқсас жүні болады. Ал жүндерінің түстері жыл мезгіліне, мекендейтін аймағына және жеген қорегіне байланысты әртүрлі болып келеді.

Бұл құс түрлері негізінен орманды алқаптарда, таулы аймақтар мен далалы жерлерге мекендейді. Ол ұясын жасыруға болатын, жыра, жартастарға салады. Ұясындағы 2-5 жұмыртқаны аналығы басады және олар жұптарын ауыстырмайды. Жемтігін көп жағдайда түнде аулайтындықтан көздері қараңғы уақытқа бейімделген. Ірілері қоян, кірпі, тасбақа және балықпен қоректенеді.

Қазақстанда жапалық тұқымдас құстардың 12 түрі мекендейтін болса, солардың 10-ы ұя салады. Ел аумағынан үкі, байғыз, орман байғызы, кезқұйрық жапалақ, саз жапалағы, маубас жапалақ, қаршыға реңді жапалақ, қылаң жапалақ, ақ жапалық пен құлақты жапалақты кездестіруге болады.

Фото: Ерболат Шадрахов

    

Пікір жазу