Марстағы Италия ізі

Жоғарыдағы суретте «Schiaparelli» lander-дің (қону модулінің) 16 қазанға жоспарланған «Трейс гас орбитерден» (TGO) бөлініп шығып, Марсқа беттеген сәті бейнеленген. Үш күннен соң модуль планетаға қонады деп күтілуде. Бұл қызыл ғаламшарға жеткен алғашқы Еуропа зонды болмақ.

Көптен күткен сәт Schiaparelli қону модулі Марс бетіне жақындаған кезде орындалмақ. Ғаламшар бетіне жету үшін құрылғыға алты минут керек. Осы уақытта ол сағатына 21 000 шақырымға дейінгі жылдамдықпен қызыл ғаламшар атмосферасына кіреді. Марс бетіне бар-жоғы екі метр қалған кезде кері бағытталған зымыран іске қосылып, модуль Марс экваторы төңірегіндегі Меридиани Планумға қонуы тиіс. Егер бәрі ойдағыдай болса, 19 қазан күні Кәрі құрлық ғаламшарға алғаш рет «аяқ басып», ExoMars деп аталатын ұзақ мерзімді терең зерттеу бағдарламасын бастайды деген сөз.

Италия ғарыш агенттігі (ASI) ұсынған ExoMars бағдарламасы Еуропа (ESA) мен Ресейдің «Роскосмос» ғарыш агенттіктерінің қолдауымен жүзеге асырылды. Италияда құрастырылған Schiaparelli қону модулі мен ғарыш кемесінің басқару жүйесі секілді маңызды тетіктерге ASI мамандары жауап бермек. Бағдарламаның алғашқы кезеңіне сәйкес зонд модульден бөлініп, ғаламшар орбитасында 2022 жылға дейін қызмет етеді. Негізгі мақсат – Марс атмосферасын зерттеп, метан іздерін анықтау. Ал 2020 жылға жоспарланған екінші кезеңде тіршіліктің өзге формасын анықтау мақсатында озық технологиялармен жабдықталған робот ғаламшар бетіне қонып, жұмысын бастайды. Ал Schiaparelli өз міндетін орындағаннан кейін сегіз сол (Марстың бір күні – ред.) аралығында өшіп, ғарышта ғайып болмақ. – автор Марко Пинна

СУРЕТ: ESA/ATG MEDIALAB

    

Пікір жазу