Гүл патшасы – қызғалдақ

Әйгерім Бегімбет Шұбайқызыл қызғалдағы

Жылына бар болғаны 15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар бүкіл алқапты қызыл кілемге көмкеріп, жазиралы кең даланы одан сайын асқан сұлулық пен әсемдікке бөлейді. Және қызғалдақтар сәуір айының соңғы күндерінде ғана өсіп шығатындықтан өзіміздің төл мерекеміз – Наурыздың да символы іспетті.

Наурыз мейрамы қарсаңында көше бойына ілінетін баннерлерге, телеарналар мен газет-журнал беттерінде қызғалдақ фотосының жарияланып, бейнеленуі тегін емес. Себебі қазақ халқының түсінігінде бұл гүл – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі.

Жер бетінде қызғалдақтың 120-дан астам түрі бар болса, олардың басым көпшілігі Шығыс Азия мен Оңтүстік Еуропа елдерінде кездеседі. Гүл өндірушілердің кейбірі ол гүлді тек сату үшін ғана өсірсе, қалғандары хош иісті парфюмериялық заттар жасауға пайдаланады екен. Ал біздің отандық мамандар бұл гүлдің «грейг» деген түрін бауыр ауруларына қарсы дәрі-дәрмек ретінде пайдалануға болатынын айтуда. «Грейгтің артықшылығы ол – 55 пайыз крахмал мен қанттан тұрады. Ал ондай сұйықтық ағзаға аса пайдалы», – дейді олар. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы Қызыл төбешік нақ осы гүлдің ордасы саналады.

Ал жалпы қазақ жерінде қызғалдақтың отыздан астам түрі бар. Қызғалдақ гүлдерін Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Кетпен (Ұзынқара) жотасы мен Шу атырабынан кездестіреміз. Тіпті «Қызғалдақтар елі» атанып кеткен Нидерландтың өзінде нақ осы гүлдің түрлері осыншалық әркелкі емес. Соған қарамастан қызғалдақ гүлi нидерландтықтар арасында, аса қастерлі саналып,  жоғары бағаланады. Себебі олар жыл сайын қызғалдақ сатудан 500 миллион АҚШ доллар табыс табатынына қарағанда біз қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырғандаймыз. Сіз не дейсіз?

Фото: Әйгерім Бегімбет

    

Пікір жазу