.

Қанқұмар құстар

Өлекселермен қоректенетін құмайлар, қоршаған ортаны  тазалау тұрғысынан алғанда, ең лас жұмысты атқарады. Сондықтан да соңғы кездері саны күрт азайған «табиғат санитарларын» қорғаудың өзектілігі артып отыр. Тіпті Дарвиннің өзі оларды «жиіркенішті» деді. Алайда құмайлар жиіркенішті дегенге қарағанда өмірге қажеттірек, себебі олар шіріп індет таратуы мүмкін өлекселерден тазалайды. Мұнда Рюппель құмайы (Gyps ruepelli) гну өлексесі кеңірдегінің тіндерін жұлмалап жатыр.

Табынынан бірнеше шақырым қалып қойған ауру яки жаралы гну бұзауы кеш бата Танзанияның Серенгети жазығына сұлады. Ал таң қылаң бере жапан түзде жатқан бұзау өлексесіне бір жұлым ет болса да бұйырар деген дәмемен 40 шақты құмай қаптап алыпты. Құмайлардың кейбіреуі сабырлы, бүкірейген күйі өлекседен көз алмайды. Дегенмен, басым көпшілігі сояудай тырнақтарымен айбаттанып, аяңдай басып, тырналап, бір-біріне зәрін төге таласып-тармасып, өлексені жан-жақтан жұлмалауға кіріскен. Құмайлар топ-тобымен бөлініп, өздерінің ирелеңдеген мойындарымен, үшкір тұмсықтарымен және қанаттарының қағысымен қара қоңыр толқынға ұқсаған күйі аспанға көтеріледі. Ал олардың орнына өлекседен дәмесі бар басқа да құмайлардың жаңа легі үздіксіз келіп жатыр. Топқа қосылу үшін бастарын салбыратып, асығыс бір көтеріліп, бір қонады.

Олар неліктен өлексе үшін таласып-тармасып жатыр? Олар неге соншалықты ашкөзденеді? Себебі бұзау терісі қалың болғандықтан және өлексеге аңның тісі тимегендіктен терісін ашып жеу оңайға соқпай тұр. Сондықтан болар, алдымен ең өжет, ең қайратты деген құмайлар іске кіріседі. Топтағылар қотқылдап, қарқылдап жатқанда африкалық құмай әбжіл қимылға көшеді. Ол орнымды басқалары тартып алмасын дегендей, мойнын соза түсіп гнудың көз шарасынан сүйір тұмсығымен бірдеңелерді суырып, шылп-шылп еткізіп асыға жұтып жатыр. Тағы бір құмай бұзаудың танауын шұқып жей бастағанда, Рюппель құмайы келесі жағынан шұқуға кіріседі. Ол гнудың 20 сантиметрлік кіндігіне жармасса, екіншісі басын жұлқылап шығарып жатыр. Осылайша қырық шақты аш құмай гольф добының көлеміндей болатын бес тесікке бастарын кезек-кезек сұғады.

Танзаниядағы Серенгети ұлттық саябағында Рюппель құмайы зебраның өлексесін жеуге дайындалып отыр, ал басқа Рюппель (Gyps ruepelli) және африкалық (Gyps africanus) құмайлар іске кірісу үшін жақындап келеді. Тағы басқа көптеген құмай қонақасыға шақырылғандай қосылуда. Олар өлексені бірер минутта-ақ тазалап шығарады.

Танзаниядағы Серенгети ұлттық саябағында Рюппель құмайы зебраның өлексесін жеуге дайындалып отыр, ал басқа Рюппель (Gyps ruepelli) және африкалық (Gyps africanus) құмайлар іске кірісу үшін жақындап келеді. Тағы басқа көптеген құмай қонақасыға шақырылғандай қосылуда. Олар өлексені бірер минутта-ақ тазалап шығарады.

Ақыр аяғында манадан сабырлық танытып отырған африкалық салпаңқұлақ екі құмай да өлексеге бас салды. Әдемі құстың бойы бір метрден асады, қанаттарын жайғанда үш метр­ге дейін жетеді (олар ұяларын ағаштардың басына таяқшалардан қос төсектің көлеміндей етіп салады). Олардың бетінің түсі қыз­ғылт, тұмсықтары үлкен әрі тым имек, қатқыл мойын терісі жұқа шайы кездеме секілді қызғылт болып келеді. Тюдор (ағылшын тарихындағы стиль – ред.) үлгісіндегі қоңыр жаға секілді қауырсындары бар. Құмайдың бірі өлексенің жауырын жағын шұқылай тесіп жатқанда, екінші біреуі шел астынан сона құртын іздеп, қазбалақтап жатыр. Сосын құмайлардың бірі басын жемтіктің тамақ қуысына тығып жіберіп, «шаңсорғыш түтігіне ұқсаған» 20 сантиметрлік өңешін жұлып алды. Алайда құмай өзінің «еңбекпен» тапқан азығынан масаттанып, ләззат алып та үлгерген жоқ. Бойының ұзындығы бір метрден асатын марабу дегелегі жасырына келіп, жұлып шығарылған кеңірдекті әлгіден тартып алды. Ол кеңірдекті көз ілеспес жылдамдықпен аспанға лақтырып жіберіп, сосын жерге түсірместен тұмсығымен қайта қағып алып, түгелдей жұтып жіберді. Құмайлардың тынымсыз еңбегінің арқасында бұзаудың қарны айқара ашылды. Олар бұлшық етке қарағанда сіңірді ұнатады. Басқалары шұқып-жаншып қан мен сілекейлерін ауаға шашыратып, тұмсықтарымен ішек-қарынды бөлшектей ақтарып жатқанда, екі құмай топырақ пен қан-жынға малынған үш метрлік ішекті арқан тартысып ойнағандай жұлқылап жатыр.

Өлексенің еті азая бастағанда, қарындарын қампитып, шөп үстінде кезіп жүрген құмайлардың шеңбері де кеңейе түсті. Бөтегесін азыққа толтырған құмайлар бастарын қанатының үстіне қойып, көздерін жұма маужырай демалады. Айнала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш бола қалған. Қала сыртындағы алаңсыз үйректер тәрізді әлеммен мәмілеге келгендей тыныштықта демалды.

Оңтүстік Африканың Дурбан қаласындағы саудагері құмайлардың бастарын мути – халық медицинасына қолдану үшін сатады. Құмайлардың кептірілген және ысталған миы болашақты болжайды деген сенім бар. Құзғындардың өз болашағы қыл үстінде. Елдегі сегіз түрдің алтауына жойылып кету қаупі төніп тұр.

Оңтүстік Африканың Дурбан қаласындағы саудагері құмайлардың бастарын мути – халық медицинасына қолдану үшін сатады. Құмайлардың кептірілген және ысталған миы болашақты болжайды деген сенім бар. Құзғындардың өз болашағы қыл үстінде. Елдегі сегіз түрдің алтауына жойылып кету қаупі төніп тұр.

ҚұмайларДЫ ЖЕР БЕТІНДЕГІ ТАЛАС ПЕН ТАРТЫСҚА ШЕБЕР, ашкөздік пен жыртқыштықтың нағыз иесіне теңеуге болады. Құмайлар Левит және Дварим кітаптарында Израиль балалары жиіркенішпен қарайтын харам жаратылыс ретінде сипатталған. Чарльз Дарвин 1835 жылы Ұлыбритания патшалығының жоғары мәртебелі «Бигль» атты кемесімен жасаған саяхаты барысында жазған күнделігінде бұл құстарды «шірікті мекендейтін тақыр басты жексұрын құстар» деп атаған. Құмайлардың экологиялық ортаға қарай бірқатар ерекшеліктері мен бейімділіктері бар. Соның бірі қауіп төнген сәтте тез ұшып кету үшін жегенін құсып тастайтын қабілетін де атауға болады.

20160621125447

Жиркенішті ме? Мүмкін. Алайда құмайлар олай жасамаса жағдайлары да мүшкіл болатын еді ғой. Олардың басқа жануар­ларға қаупі шамалы, өздері моногамиялық жұптар құрып, балапандарын бірге қанаттандырып, үлкен топта өмір сүретінін және тап­қан қоректерін бәрі бөлісетінін білеміз. Ең бастысы, құмайлар біздің экожүйемізде маңызды рөл атқарады, дегенмен олардың осынау рөлі, көп жағдайда, бағаланбай қалып жатыр. Мәселен, құмайлар жер бетін өлекселерден жылдам тазартып отырады. Жалпы саны 1,3 миллион болатын ақ сақалды гнулар Кения мен Танзания арасында жыл сайын жайылым ауыстырып жүреді. Жүргізілген зерттеулер, осыларды аңдып жүрген құмайлардың бүкіл Серенгетидегі ең етқұмар екендігін анықтады. Құмайлар өте шапшаң қимылдайды. Бір құмай үшін минутына бір келі етті жей салу түкке де тұрмайды. Ал топталса зебраны басынан бақайшағына дейін небары 30 минутта тас-талқанын шығара паршалап тастайды екен. Мінеки, осы құмайлар болмағанда сасыған өлекселер толық жойылмай, құрт-құмырсқалар көбейіп, адамдар, жан-жануарлар мен басқа да жабайы аңдардың арасында неше түрлі ауру таралатын еді.

Әйтсе де, ұзақ жылдардан бері қалыптасқан осы жағдайды еш өзгермейді деп айту қиын. Өйткені, кейбір аймақтарда құмайларға, шын мәнінде, құрып кету қаупі төніп тұр. Африканы мекендейтін құмайлардың 11 түрінен күл түстісі жойылып кеткен, қалған 7 түрі де құрудың алдында тұр. Олардың салпаңқұлақ күшігендер тәрізді кей түрлері арнайы қорғалатын аймақтарда мекендейді. Ал жұртшы мен балтажұтардың жергілікті түрлері мүлдем сирей бастаған. Peregrine қорының Африка бағдарламалары жөніндегі директорының орынбасары Дарси Огаданың айтуынша, құмайларды және өлекселермен қоректенетін басқа да қанаттыларды әлемде жойылу қаупі төнген құстар тобына жатқызуға әбден болады.

Наурыз айының шуақты күндерінің бірінде Огада өз әріптесі Мунир Виранимен бірге Кенияның Масай Мара аймағында саяхаттаған еді. Виранидің мұнда келудегі мақсаты сүйікті құстарын зерттеу емес, малшылармен олардың сиырлары жөнінде сөйлесу болатын. Сайып келгенде, құмайлардың әл-ауқаты да мал шаруашылығына тікелей байланысты. Біздің жүк көлігіміз отар-отар қой мен ешкі арасынан өтіп бара жатқан еді. Осы тұста Вирани соңғы жылдары масайлықтардың Масай Мара ұлттық қорығының солтүстігіндегі біраз аумағын табиғатты қорғау комитетіне қалай жалға бергендігі туралы әңгімеледі. Олар бұл жерлерде табиғатты қорғау мақсатында бақташыларға малдарын жаюға тыйым салады екен. Кейбір масайлықтар табиғатты қорғау комитетінің сол мекенге арыстандар мен басқа да етқоректілерді көптеп жібергендеріне көңілдері толмайтын тәрізді (Табиғатты қорғау комитеті шекарада орналасқан және қоршауы да жоқ). Одан бөлек, Мара экожүйесіндегі гнулар мен жергілікті басқа да тұяқты жануарлар браконьерліктен, ұзаққа созылған қуаңшылық пен саваннаның егістік жерлерге, құрылыс алаңдарына айналуы салдарынан зардап шегуде. Бұл да құмайлар үшін «жақсы жаңалық» емес, әйтсе де одан да сорақысы баршылық екен.

Құмайлар әрі сезімтал, әрі жауынгер. Олар өмір бойына бір жұппен жұптасып, 30 жылға дейін өмір сүреді, әрі өз жұбына өте мұқият болады. Алайда азық үшін күресте (оң жақта) олар басқа түрлерге де, өз ішінде де қияңқы бәсекелестер. Ал салпаңқұлақ құмайлар (Torgos tracheliotos, жоғарыда) нәзіктіктерімен танымал.

Вирани біз кездестірген әрбір масайлықтан соңғы кездері жабайы жануарлардың кесірінен малдан айырылу жағдайы туралы сұрады. Олардың барлығы дерлік жапа шеккендерін айтып жатты. Әдетте арыстандар малға түнде, тікенек бұталармен қоршалған қораларына кірген кезінде шабуылдайды. Арыстанның ақырғанынан қорыққан мал ағаш қоршауларды бұзып, басы ауған жаққа жан сауғалай қаша жөнеледі. Иттер шулап, қожайынын оятқанымен, бәрі тым кеш болады. Бір сиырдың өлімі – 30 000 шилинг ($300) шығын әкеледі. Осының өзі малының арқасында нан тауып, күн көріп жүрген малшыларды орасан шығынға батырады. Өгіз 100 000 шиллинг тұруы мүмкін.

Міне, осыдан кейін малынан айырылғандар жабайы аңның сазайын тарттырып, өш алуға кіріседі. Олар иттерін байлап тас­тап, арыстандар жұлып кеткен малдың өлекселеріне тез әсер ететін пестицидтің заңсыз, алайда арзан әрі кең тараған түрі – фурадонды сеуіп қояды. Сосын өз үйірімен өлексені жеу үшін қайта оралған арыстандар әлгіден ауыз тиген мезетте сеспей қатады (зерттеушілердің есебі бойынша, осындай аң мен адам арасындағы қақтығыстан Кенияда жылына жүздеген арыстан өледі. Ал қазіргі таңда елде шамамен 1600 арыстан ғана қалған). Одан қала берді, қырылған мал мен арыстанның өлекселерімен қоректенген құмайлар да уланып өледі.

Шындығында, құрт-құмырсқа мен басқа да омыртқасыз жануарларды жою мақсатында әзірленетін қоспа түйіршіктері арқылы аңдарды қырып салуға болады дегенге сену қиын. Олардың асқазан сөлі айтарлықтай қышқылды, сондықтан да құтыру, тырысқақ және қарасан секілді ауруды және асқазан жарасын бейтараптандыра алады. Расында, Огада 2007 жылға дейін, яғни әріптестерінен уланған арыстандар жайлы хаттар келе бастағанға дейін фурадонды қауіпті «у» деп ойламаған. «Бұл жағдай көп адамды таңғалдырды», – дейді ол.

Туризм Кенияның екінші орында тұрған ең үлкен табыс көзі, ал арыстандар мемлекеттің мақтанышы. 2008 жылы ғалымдардан, табиғатты қорғау өкілдерінен құрылған топ пен үкіметтік мекемелер уланған жануарлар жөнінде ақпаратты талқылап, шешім қабылдау үшін Найроби қаласында бас қосқан болатын. «Бұл мәселе әрқайсымыз жұмыс істеп жүрген әртүрлі деңгейдегі проблемалардан да маңызды болып шықты», – деп есіне алады Огада. Ол және басқа да ғалымдар осы мәселені зерттеу барысында Африканың өлген құмайларының 61 пайызында улану дерегі болғанын анықтапты. Сосын құмайдың репродуктивті өсуінің нашарлауынан антропогендік қауіп асып түскен. Мәселен, құмайларда бес-жеті жасқа дейін жыныстық толысу үдерісі аяқталмайды және олар жылына бір рет немесе екі жылда бір рет қана балапан басады екен. Балапандардың 90 пайы­зы бірінші жылында-ақ өліп қалады. Сондықтан да алдағы жарты ғасыр ішінде континенттегі құмайлар саны 70 пайыздан 97 пайызға дейін азаюы мүмкін деп болжанып отыр.

АФРИКАДАҒЫ АХУАЛ БАСҚА ЖЕРЛЕРДЕ ДЕ байқалады. Үндістанда құмайлардың кең таралған түрлері, яғни бенгал, ұзын және жіңішке тұмсықты құмайлардың 96 пайыздан астамы он жыл ішінде жойылып кеткен. 2003 жылы Peregrine қорының өкілдері құстардың өлімін малдарды қабынудан емдейтін диклофенак деп аталатын дәрімен байланыс­тырады. Алғашында артрит пен басқа да аурулар үшін адамдарға белгіленген диклофенак 1993 жылы мал еміне де қолдануға болатын дәрі ретінде қабылданған. Ал құмайларда диклофенак бүйрек ауруын туғызатыны анықталды. Өлген құмайға сараптама жасалған кезде оның тіндерінің ақ кристалдармен қапталғаны байқалған.

Үндістандағы жануарлардың жаппай қырылуы көпшіліктің назарында болатын, өйткені осы оқиғаның салдары адамды таңғалдырған еді. Үндістан дүниежүзі бойынша ірі қара мал саны ең көп мемлекеттің бірі, алайда үнділердің басым бөлігі сиыр етін жемейді. Ал уланған құмайлар миллиондап қырылған соң олар қоректеніп жүрген малдар өлексесі де тау болып жиналып қала берген. Осылайша, өлексені кеміруге құмайларға иттер де қосылады. Сөйтіп, олардың саны 7 миллионға күрт өсіп, соңғы 11 жыл ішінде 29 миллион ит тіркелген екен. Нәтижесінде 38,5 миллион ит қабу фактісі тіркелсе, екінші жағынан егеуқұйрықтардың саны да күрт өскен. Соның салдарынан құтырып өлу көрсеткіші шамамен 50 мың оқиғаға дейін көбейген. Үндістан кісі өлімінің өсуіне, емделу шығыны мен еңбекақыдан айырылғандарға 34 млрд доллар жұмсапты. Үндістанның Мумбай қаласындағы Парсы қауымдастығы да бұдан бөлек бір өзгерісті байқап алаңдау­шылық танытады: құмайлар адам мәйітімен де қоректенеді. Жергілікті халық «кісі жаны азат етілсе, аспанға бара алады» деген наныммен мәйіттерді жоғары орнатылған тас платформасының бетіне қояды. Бұл «аспанға жерлеу» деп аталады. Енді құмайлар саны азайып кеткендіктен, «аспанға жерленген» мәйіттер әлгі платформаларда айлап жатып қалатын болды.

Зерттеушілер диклофенактың құмайлар өліміне себепші болғанын дәлелдеген соң, 2006 жылы Үндістан, Пәкістан мен Непалда бұл дәріні мал емдеу үшін қолдануға тыйым салынды (бірақ әлі де малдарға жасырын түрде беріліп келеді). 2010 жылы Бангладеш те бұл істі құптады, ал 2015 жылдың маусым айында Қоршаған ортаны қорғау одағы Еуропалық комиссияны да аталмыш дәріні жануарларға қолдануға тыйым салуға көндірді. Дегенмен, мәселе толық шешілді деу әлі ерте. Ұйым құстарды қамауда өсіретін бағдарламаны қолға алып, жабайы құстарға арналған «құмайлар мейрамханаларын» ашты. Ол мейрамханаларға фермалар мен қасапханалардан дәріленбеген ет сұрыпталып әкелінетін болды. Тоғыз жыл өткеннен соң Үндістандағы құмайлардың азаюы баяулап, тіпті кейбір аймақтарда олардың саны өсе бастаған. Әйтсе де, өсу көрсеткішінің өзі жойылуға шақ қалған құмайдың үш түрінің бұрынғы миллиондаған санымен салыстырғанда, өте аз болып отыр.

Серенгетиде алтын түстес шибөрі африкалық құмайдың «олжаға» ортақтасқанына ызаланып тұр. Жер бетін мекендейтін шибөрілер мен қорқаулар тәрізді төрт аяқты жыртқыштардың қоректену аумағы шектеулі. Ал аспандағы құмайлар күнделікті мәзірді әлдеқайда жақсы байқайды: олар өлексені 35 шақырым қашықтыққа дейін көре алады.

Серенгетиде алтын түстес шибөрі африкалық құмайдың «олжаға» ортақтасқанына ызаланып тұр. Жер бетін мекендейтін шибөрілер мен қорқаулар тәрізді төрт аяқты жыртқыштардың қоректену аумағы шектеулі. Ал аспандағы құмайлар күнделікті мәзірді әлдеқайда жақсы байқайды: олар өлексені 35 шақырым қашықтыққа дейін көре алады.

ОГАДА АФРИКАДА Құмайлар ӨЛІМІНЕ қатысты жауапкершілік тура Үндістандағы секілді болады дегенге сенбейді. Оның айтуынша: «Кенияда құмайларды сақтап қалуға үкімет тарапынан жасалатын жұмыс тым мардымсыз. Құрамында фурадан бар карбофуран деп аталатын химиялық қоспаны қолдануды шектеу үшін мемлекеттің саяси күш-жігері жетіспейді». Алайда Үндістандағы құмайлар тек бір-ақ қауіпке, яғни абайсызда улануға душар болса, Африкадағы құмайлар одан да зор қауіпке тап болған.

2012 жылдың шілде айында Зимбабве ұлттық саябағында пілдің өлексесімен қоректенген 191 құмай мерт болды. Сөйтсе, заңсыз ауланған әлгі пілдің өлексесіне себілген екен. Бір жылдан кейін Намибияда дәп солай уланған пілдің өлексесімен қоректенген 500-ге тарта құмай қырылды. Пілді сүйегіне бола аулайтын браконьерлер құмайларға неге мұншама өшіккен екен? Оның себебін Огада былай деп пайымдайды: «Пілдің немесе мүйізтұмсық өлексесінің үстінде топталып ұшып жүрген құмайлар бірден сақшылардың назарын аудартады». Осылайша, қазіргі уақытта піл сүйегін заңсыз аулаушылар Шығыс Африкада құмайлардың үштен бір бөлігін жайпап тастаған.

Халық арасындағы ырымдар да құмайларға зиянын тигізеді. Табиғатты қорғау халықаралық ұйымына қарасты құмайларды зерттеу жөніндегі сарапшылар тобының теңтөрағасы Андре Ботаның айтуынша, уланған өлекселердің маңынан табылған құстардың көпшілігінде дене мүшелері болмаған. Яғни, бұл құмайлардың бас-сирақтары халық емі үшін сатылады. Бұл соның нақты белгісі. Өйткені, шындығында, жұртшылық арасында «құмайлардың басы мен аяғы біраз ауруға дауа, оның адамға күш беріп, шапшаңдық пен төзімділікті арттыруға емдік пайдасы зор» деген сенім бар. Сондықтан да Оңтүстік Африка саудагерлері өлекселер маңында топтанған құмайларды қынадай қырады. Сонымен қатар құмайдың кептірілген миы да халық арасында сұранысқа ие. Бақсылар оны батпақпен араластырып, отқа ыстаса, тылсым күштің көмегімен болашақты болжауға болады деп айтады.

Дегенмен, африкалық құмайлар өрісін кеңейтуге басты кедергі уды қолданудан келетіні анықталған. 2009 жылы арыс­танның улануы туралы 60 минуттық бағдарлама жарыққа шыққаннан кейін FMC, Филадельфиядағы фурадонин өндіруші компания Кения, Уганда және Танзаниядағы таратушы желілеріне сатқан өнімдерін кері қайтарып, Оңтүстік Африкада сатуды тұтастай тоқтатты. Алайда карбофуран қолданысына тыйым салынған жоқ. Ауыл шаруашылығы саласы Кениядағы ең ауқымды өнеркәсіптердің бірі. Сондықтан да Кения мемлекеті мал ауруларын өршітпеумен, өсімдік шаруашылығында зиянкестермен күресте улы заттарды ежелден қолданып келеді. Кез келген адам Кенияның мал дәрігерлік дүкеніне кіріп, екі долларға да жетпейтін қаражатқа құрт-құмырсқаларды, тышқандарды, жабайы иттерді, қорқауларды, қабыландарды, шибөрілерді, тіпті балықтар мен үйректерді өлтіретін өте улы пестицидтерді оп-оңай сатып ала алады (браконьерлер жануардың ішек-қарнын алып тастап, етті баяу жанған отта қақтап қуырса, еттен удың әсері кетеді деп санайды, алайда олар қателеседі).

Серенгетидегі жас Рюппель құмайы зебра етінің кішкентай тілімін қармап қалуға тырысты. Жасы үлкен әрі күштілері өздерінің таңдағанын жеп тояттап, жастау әрі ақ жоталы құмайларға терісі мен сүйектерін ғана қалдырды. Бейнебаянды ngm.com/more.сайтынан көріңіз.

Серенгетидегі жас Рюппель құмайы зебра етінің кішкентай тілімін қармап қалуға тырысты. Жасы үлкен әрі күштілері өздерінің таңдағанын жеп тояттап, жастау әрі ақ жоталы құмайларға терісі мен сүйектерін ғана қалдырды. Бейнебаянды ngm.com/more.сайтынан көріңіз.

«Тропиктік аймақтарда пестицидтер көмегінсіз ауыл шаруа­шылығын жүргізу мүмкін емес», – дейді Чарльз Мусиоки, Кенияның Жабайы табиғат қызметі ұйымының жануарлар түрлері менеджментінің бұрынғы басшысы. Оның ойынша, қоғамға пес­тицидтерді дұрыс әрі қауіпсіз пайдалана білуді үйрету маңызды.

Адамдардың түсінігіне салсақ, карбофурандар арзан, сенімді және жыртқышты аңдып жүріп, найзамен жаншып өлтіруге қарағанда әлдеқайда қауіпсіз. Ал бүгінгі күнге дейін ел үкіметі құмайларды умен қырып жатқандардың бірде-бірін жазалаған емес. «Жыртқыштарды улау – бұл мәдениеттің бір бөлшегіне айналған сыңайлы», – дейді Огада бұған мойынсынғандай кейіп­пен. Жергілікті жұртшылық өздерінің отарын қашанда қорғап келеді, солай да бола бермек, ал еуропалықтар арзан синтетикалық уды алдыңғы қатарға шығарып, 300 жылдан астам уақыт бойы Африкадағы сүтқоректілер мен етқоректі құстарды қырып келеді.

МАСАЙ ҚОЙШЫЛАРЫМЕН ҰЗАҚ СӨЙЛЕСКЕННЕН КЕЙІН Вирани мен Огада күннің батуын асыға күтті. Оның себебі ыстықтан құтылу емес, электр шамының қосылу сәтін тамашалау болатын. Қас қарайған кезде Вирани джип көлігін қоршалған аймақтан әріге, малдың жайылым ауыстыру кезінде әбден тапталған, шөп шыға бермейтін тақыр жерге апарып қойды. Аспанда жұлдыздар жымыңдаған мақпал түнде Вирани қоршауға тесіле қарап тұрған болатын. Бір кезде қоршау бойы­нан тізбектеліп тұрған ондаған шам жарқырай жанғанда ол балаша қуанды.

Вирани үшін күн батареясына қосылған осынау жыпылықтаған кішкене шамдар ерекше көз тартады. Ең бастысы, бұл кішкене шамдар қауіпсіздік пен үнемділік тұрғысынан аса маңызды. Өйткені, шаммен жарқыраған мал қораға жыртқыш маңайламайды. Ендеше аңның азуына ілігетін малдың саны да азаяды деген сөз.

Виранидің айтуынша, бір мал қораны айнала қоршауға кететін шамдар 25 000-35 000 шиллинг (250-350 доллар) тұрады. Оның жартысын Peregrine қоры көтеріп алған. Яғни, осы кішкене шам арқылы бір ғана малды өлімнен сақтап қалсаң, соның өзі құнын ақтайды. Масай Мараның осы аймағына жарық келіп, шамдар орнатылған алғашқы алты айда арыстандардың мал қораға шабуылы 90 пайызға дейін төмендеген. Қазірге дейін табиғатты қорғау ұйымы мен қорық арасында мекен ететін, әдеттегі жолы Масай көкөніс бақшасы арқылы өтетін етқоректі жануарлар мен пілдер шам жарығынан аулақ жүреді. Алайда қызмет көрсетудің жетіспеушілігі мен жүйелі басқарудың болмауы (мысалы, телефондарды заңсыз қуаттандыру) жарық шамдарының тиімділігін төмендетті. Әйтсе де, шамдарға деген сұраныс әлі де жоғары.

Намибияның табиғатты қорғаушылары салпаңқұлақ құмайдың ағаш басындағы ұясын көру үшін көліктің бүйір есігінен бағанаға орнатылған айнаны қолдануда. Егер олар айтарлықтай есейген балапанды көрсе, оның қанатына белгі салады да алған жеріне қайта қояды. Аналық құмай жылына немесе 2 жылда бір жұмыртқа ғана басып шығарады, сондықтан әр балапанның аман қалуы болашақ ұрпақ үшін өте маңызды.

Намибияның табиғатты қорғаушылары салпаңқұлақ құмайдың ағаш басындағы ұясын көру үшін көліктің бүйір есігінен бағанаға орнатылған айнаны қолдануда. Егер олар айтарлықтай есейген балапанды көрсе, оның қанатына белгі салады да алған жеріне қайта қояды. Аналық құмай жылына немесе 2 жылда бір жұмыртқа ғана басып шығарады, сондықтан әр балапанның аман қалуы болашақ ұрпақ үшін өте маңызды.

Серенгети экоаймағындағы Масай Мара қорығының оңтүстігіне қарай шамамен 250 шақырым қашықтықта таң ата тағы бір гну өлексесі жатты. Өлексеге бас қойған үш бірдей қорқау иықтарына дейін кіріп алған. Мұндай шым-шытырық көріністі жоғарыдан бақылауға жиналған «қанатты көрермендер» қорқаулардың қияңқылықпен ырылдасуына наразы кейіп танытады. Дегенмен, құмайлар бұл ескертуді жазбай түсінеді. Осы тұста төртаяқты және екіқанатты жыртқыштар арасындағы бір-біріне құрмет байқалады: құмайлар қорқауларға өлексені табуға көмектеседі, ал қорқаулар өз кезегінде құмайларға өлексенің ішек-қарнын тез арада ақтарып жәрдемдеседі.

Қорқаулар қарындары тойғаннан кейін кері шегініп, төбеден төніп тұрған құмайларға жол береді. Сол-сол-ақ екен, жиырмадан астам құмай өлексеге лап қойды. Кенет аспаннан бір құмай шүйіріле келіп, сол арада қаперсіз тұрған басқа екеуіне тап берді. Сосын ол  басын төмен иіп  және айналдырып,  салмақты қанатын кеңге жайып, гну өлексесіне жеңімпаз кейпінде шығып алды. «Бұл құстардың ең қызықты сәті. Өйткені, сіз ұзақ уақыт бойы дәл осылай арыстанды бақылап тұра алмас едіңіз», – дейді Кения ұлттық музейінің құмайларды зерттейтін маманы Саймон Томсетт дүрбісін көзіне жақындатқан күйі.

Уақыт сырғанап өтіп жатыр, ал әлгі өлексенің басына қанқұмар қорқаулар, шибөрілер, дегелектер, қырандар мен құмайдың төрт түрінің бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Нағыз талас-тартысқа қарамастан, өлексенің қай бөлігін жеп, қаншалықты уақыт тамақтанса да әрқайсысының мүмкіндігі бар. Дегенмен, оның бәрі әлгілердің әлеуметтік дәрежесі мен физикалық қабілетіне қарай болатыны белгілі.

VulPro-ның негізін қалаушы Керри Уолтер қанатын энергия желісіне зақымдаған Кап құмайын Претория қаласы қасындағы мал дәрігеріне әкелді. Браконьерлердің уландыруы Африкалық құмайларға ең үлкен қауіп, бірақ электр желісіне соқтығысу басқа мәселе. Табиғат қорғаушылары Африканың энергетика компанияларын құмайларға және басқа құстарға желілерден туындаған қауіптің шешімін табуға жәрдем беруге көндіруде.

VulPro-ның негізін қалаушы Керри Уолтер қанатын энергия желісіне зақымдаған Кап құмайын Претория қаласы қасындағы мал дәрігеріне әкелді. Браконьерлердің уландыруы Африкалық құмайларға ең үлкен қауіп, бірақ электр желісіне соқтығысу басқа мәселе. Табиғат қорғаушылары Африканың энергетика компанияларын құмайларға және басқа құстарға желілерден туындаған қауіптің шешімін табуға жәрдем беруге көндіруде.

Ұзақ уақыт бойы зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген Томсетт пен Огада «құмайлар өлексемен қоректенбесе жағдай қалай болатын еді» деген мәселеге бас қатырады. Олар осы мақсатта ешкі өлексесіне екі жыл бойы далалық тәжірибе жасаған болатын. Содан анықталғаны, егер құмайлар болмаса айдаладағы өлексенің шіру уақыты шамамен үш есеге артады екен. Бұл ғана емес, «хабаршы» құмайлар болмаса өлексеге келетін сүтқоректілердің саны мен жануарлардың өлексе маңында өткізетін уақыты да үш есеге артатыны белгілі болған.

Мұндай деректер неге маңызды? Өйткені шибөрілер, қабыландар, арыстандар, қорқаулар, генеттер, мангустер мен иттер өлексе басында уақыттарын неғұрлым ұзақ әрі бірге өткізсе, құмайдың асқазанында өлетін патогендерді жабайы және үй жануарларына тарату қаупі де соғұрлым артады екен. Олар дала не үй жануарлары да болуы мүмкін. Томсетт джип көлігінде отырып, маған құмайлар гнудың плацентасын жеу арқылы ірі қара малды қатерлі қабыну жұқпасынан және көпшілік жағдайда өлімге әкеп соғатын герпес жұқпалы ауруынан қорғайтындығын айтты. Айналдырған бірнеше сағат ішінде өлексенің етін сүйегінен ажыратып, тазалау арқылы құмайлар адамдар мен үй жануарларын көз ауруына шалдықтыратын жәндіктер популяциясының көбеюін де тежейді.

Оның айтуынша, құмайлардың адамзатқа қызмет етудегі маңызы «үлкен бестікке» (Қалталы аңшылар ататын Африканың бес ірі жануары – ред.) қарағанда жоғарырақ. Ғалымдардың пайымы құмайлардың жоғалуы экологиялық қана емес, үлкен экономикалық апатқа да әкеп соқтырарына саяды.

MM8223_141113_80431

Жемтікке себілген жәндік жойғы карбофуранның (жоғарыда) 100 грамы жүздеген құмайлардың көзін жоя алады. Дер кезінде ұсталған немесе уды аз мөлшерде жеп уланған құмайларға уды сіңіретін антропин дәрісін және белсендірілген көмірді беру арқылы құтқарып қалуға болады. Африкалық құмай табыс табуды көздемейтін, құмайларды қорғайтын VulPro ұйымында емделіп шықты. Ол кейінірек бостандыққа жіберілді.

Африкадағы құмайлар санының күрт азаюына басты себеп улану болғанымен, тік мінезді Томсетт мұндағы түпкі себептің бірін адам санының артуымен де байланыстырады. Қазір Кения халқының саны шамамен 44 миллион адам, ал 2050 жылға қарай 81 миллионға жетеді деп күтілуде. Соның ішінде масайлықтар елдегі тез өсіп келе жатқан топтар қатарында.

Томсетт дүрбісін түсіріп, кениялық құмайларға төнетін антропогендік қауіптердің түрлерін тізіп берді. Ол өсімтал халықты азықпен қамту үшін қорғалатын аумақтар айналасына жүгері мен бидай егіліп жатқандығын айтты. Ендеше жазық даланың тарылуы құмайлар қоректенетін тұяқты жануарлардың азайғанын білдіреді. Жойылу қаупi төніп тұрған Рюппель құмайы ұя басатын жерлерден 300 метрден жақын геотермалды ұңғымаларды тоқтатуға Үкіметтің күші жетпейді. «Құмайлар, сондай-ақ кернеуі жоғары электр желілеріне соқтығысып та өледі. Кенияның Табиғатты қорғау қызметі сезімтал құмай түрлеріне арнап стратегиялық жоспар жасауы керек. (Мұндай жоспардың қажет екендігін Чарльз Мусиоки айтқан еді)», – деп жалғастырды ол.

Кенияда 2013 жылдың желтоқсан айында қабылданған заң бойынша жойылу қаупі төнген аңдар мен құстарды өлтірген адамға 20 миллион шиллинг (200 000$) айыппұл салынады немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Бұдан бөлек, Кения­ның Табиғатты қорғау қызметі адамдардың құмайға қатысты көзқарасын өзгерту үшін арнайы акция өткізуді де жоспарлайды. Алайда құмайлардың улануына қарсы заңнаманы қайта зерделеп, жетілдірмейінше қылмыскерлерді жауапқа тартудың еш мағынасы жоқ секілді. Томсетт пен Огада аймақтағы құстарды қорғау үшін әлгіндей науқанның жеткіліксіз екендігін алға тартады. Олардың айтуынша, мемлекет үшін оңтүстік-батыс Кениядағы жер иеленушінің ұсынысын қабылдаған тиімдірек. Ол жойылу қаупі төнген Рюппель құмайлары мекендейтін жартастардағы жерді сатуды ұсынады.

Томсетт шіруге айналған өлексеге әбден аунап-қунаған құмайларды, гнудың ұшасынан тойғанынша шұқып жеп, тұяғынан басқа жерінің бәрін көк-сұр кілемге айналдырған құмайлардың бастары мен аяқтарының сызбасын егжей-тегжейлі қалың дәптеріне түсіре беруден жалықпайды. Өлекседен қалған тері қалдықтары мен сіңірлері ауа райының әсерінен, жәндіктер, зеңдер және микробтардың көмегімен жойылады. Тұяқтылардың үлкен сүйектері ұзақ жылдар бойы сақталып, оның негізгі қаңқасы топыраққа, өсімдікке және оның өлексесімен қоректенген әрбір Құмайға тарайды.

       

Пікір жазу