.

Бұл қай батпақ?

Шотландияның солтүстік батысындағы Sgòrr Tuath шыңынан көрінетін сахна тәріздес батпақ – минималистік, күннің батуы жақын «мұң шалған» тегіс ашық жер. Жекеменшік, қорғау және жер игерудің дауы осы күтім көрсетілетін кеңістікпен «қабаттасқан».

Шотландияның сұлу табиғатын сақтап қалу жайында әлеуметтік, мәдени пікірталастар күн санап қызып тұр.

Автор: Кэти Ньюмен Фото: Джим Ричардсон

Тура сағат кешкі алты… 2015 жылы 30 шілдеде Шотландияның Кингасси қаласында голландиялық кәсіпкер Эрик Херемнің өкілі агент Джордж Пири «Балавил» жерін иесі Аллан Макферсон-Флетчерден қабылдап алды. Шамамен 6,3 млн. АҚШ долларына бағаланған саудадан кейін 225 жыл бойы бір әулеттің меншігінде болған 2800 га жер бұдан былай отбасылық мұраға кірмейтін болды. XVIII ғасырда сұр тастан қаланған шонжар үйі­нің жобасын Роберт Адам жасаған. Иелік меншігіне бес шақырымға созылған Спей өзенінің аңғары мен аңшылық алқап және Сара елесі кіреді.

«Ол кез жақсы болатын, бірақ уақыт өтті», – деді шаруа қожалығының аз ғана бөлігін сақтап қалған Макферсон-Флетчер виски ішіп отырып. Әйелі Маржорие екеуі ескі коттеджді жөндеп, кіріп алыпты.

Басын қырау жапқан, ақкөңіл Макферсон-Флетчердің жасы 65-те, зейнеткер.  Айтуынша, балалары одан бас тартқан. Оның күтімі оңай емес әрі қалтаға да салмақ түсіреді. «Ақша жоғалтудың ең жылдам жолы – Хайлендтен жер алу», – дейді ол мысқылдап. Шотландия парламенті бұл кезде елдің ландшафт алқаптарының болашағы туралы топтар арасындағы көпжылдық дауды реттеу үшін жер реформалау заңының қиын нұсқасын қабылдағалы жатқан.

Дуджи Лэндландс аумағы 18 мың га. тең «Ардверикиде» қызыл бұғыларды бақылау­да (сол жақтан екінші). Дуджи Лэндланд әулиеті осы жерге 150 жылдан бері иелік еткен. Шотландияда шамамен 400 мың қызыл бұғы бар, қызу пікірталас негізінен, осы қызыл бұғылар саны мен оларды аулауға қатысты.

АЛТЫ СУРЕТТЕН ҚҰРАЛҒАН КОМПОЗИЦИЯ; АЛДЫҢҒЫ БЕТТЕР: ЖЕТІ СУРЕТТЕН ҚҰРАЛҒАН КОМПОЗИЦИЯ


Жаңа қожайындарға дайындау мақсатында үйдегі ағаш едендер мен қабыр­ғадағы қаптамалардан басқа дүниенің барлығы шығарылды. Қабырғалардағы әулетбасылардың суреттері алынды, шкафтар пальто, шалбар, қалпақ және желеткелерден тазартылды. Қабырғаға ілінген шыны көзді тұлып бастары (бұғылар, қарақұйрықтар, буйволдар, құстар), қызыл ағаштан жасалған ас үстелі, күміс тәрелкелер және тармақталған шырағдандар қоймаға кетті.

Клиенттер дала кезіп, бұғы аулап, шіл атып, ақсерке қармау үшін ақша шашатын әдеттегі бір қожалық – «Балавил» бұдан былай отбасылық резиденцияға айналады. Сатып алушының әйелі Анна Хирема бұл жер балалардың «уақыт өткізетін» орны болатынын айтты.

«Байғұс құстар-ай». «Балавилдің» бұрынғы қожайыны Аллан Макферсон-Флетчердің басындағы ой осы болды.

«Балавил» қожалығы Шотландияның таулы аймағындағы Спей өзені мен Монадлиат тауларының арасында орналасқан. Аумағы 2800 га. қожалықтың 2400 гектары – батпақты жер. Бұл жерлер экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерістерге ұшыраған. Осы өзгерістер шетелдіктерге жер иелену мүмкіндігін тудырып отыр (Біріккен Корольдіктің Еуропалық одақтан шығу туралы шешімінен кейін фунттың құны түсуіне байланысты шотландтық жер телімдерінің шетелдіктерге сатылуы үдейтін тәрізді. 2015-16 жылдары сатылған 16 жер телімінің жартысы шетелдіктердің үлесінде).

Батпақ дегеніміз – бұта мен желге ұйпаланған, шөбі қаулап өскен басы артық алқап. Батпақ таулы өлкенің құрғақ жерлерімен қатар елдің аз құрғатылған аумақтарын да қамтиды. Әлемде аршагүл мол өсетін батпақты жерлердің 75 пайы­зы – Біріккен Корольдікте орналасса, ал оның көп бөлігі Шотландия жерінде жайқалып тұр.

Батпақты жердің сауда белгісі – аршагүл. Ол – қызғылт, ақ және күлгін түсті көпжылдық өсімдік. Осындай кеңістік Абердинширдегі «Мар Лодж» қожалығын кесіп өтетін Ди өзеніне дейін созылған. Қазір Шотландия ұлттық қорына кіретін «Мар Лоджда» орманды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Батпақты дала готикалық әдебиет пен Голливуд эпопеяларының зұлмат көрінісін де бейнелейді: Эмили Бронтенің «Найзағайлы асуы», Артур Конан-Дойлдың «Бас­кервилей иті», Мел Гибсонның «Батыл жүрегі». Бәрінен бұрын бұл – турис­терді Шотландияны саяхаттауға шақыратын кітапшадағы көзге ұратын символдық сурет. Үкімет сауалнамасында сұхбат берушілер тау көлі және мүйізі әдемі тәкаппар бұғылар елдің беткеұстар табиғи мақтанышы деп көрсетті. Шотландиядағы аңшылық және табиғатты қорғау қорының басшысы, биолог Адам Смиттің айтуынша, батпақ бұл жердің бұрыннан бар пейзажындай көрінеді. Ал шындығында олай емес, аймақтың табиғаты жабайы болғанымен адам аяғы баспаған деуге де келмейді. Аршагүлді батпақты сақтап қалу үшін оның аумағындағы ағаштарды уақтылы әрі жүйе­лі түрде өртеп тұру керек. Осылайша, аумақтың орманға айналуының алдын алуға болады екен.

ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Шотландия аршагүлді алқаптардың ­25%-нан айы­рылды. Оның себебі аймақта бұғы мен қойлардың көп жайылуы, қырыққұлақтың басып кетуі және ол жерлердің орманға айналуымен түсіндіріледі. Батпақты алқаптарды сөз ету алауыздық, наразылық және әділеттілік мәселелерін қозғағанмен бірдей. Бұған бәрі келісе бермес, бірақ Смит сияқты ғалымдар «батпақ Британия­ның қызғыш және тұрымтай құстар мекендейтін биологиялық алуандығы жоғары жерлерінің қатарында» деген уәж айтады. Олардың көптеген экономикалық пайдасы да бар, ең алдымен – туризм. Қоршаған орта сақтауда аса маңызды болатыны шымтезекті, батпақты әрі ылғалды жерлер атмосфераны көміртектен тиімді тазартып, климат өзгеріске ұшырауын баяулатады.

Батпақты жерлерге шіл өсіріп, оларды ату үшін арнайы күтім көрсетіледі. Бірақ кей ынталылар мұндай жерді одан да тиімді қолдануға болады деп есептейді. Мәселен, Шеффилд университетінің ботаника ғылымының құрметті профессоры Дэвид Рид жердің кейбір бөлігіне құрылыс материалдары ретінде Ситка шыршаларын отырғызған дұрыс деп санайды. «Егер шыршалар көп өсірілсе, Шотландия импорттық ағаш материалдарына тәуелді болмас еді», – дейді ол.

Шіл ату – саяткерліктің белгісі. Оны жақтайтындар ойын, мәдени мұрасын және экономикалық құндылығын қоғамға жарнамаласа. Қарсы жақ оған «қайырымсыздық», «табиғатты тонау» деп қарайды. Аберфелдке жақын «Урлар» қожалығында мерген мен оның оқтаушы көмекшісі (сол жақта) құстардың пыр-р етіп ұшуын күтуде.

«Джон Мьюир қоры» табиғат қорғау ұйы­мының жер басқару бөлімінің басшысы Майк Дэниелс сияқтылар батпақты алқаптарды бастапқы табиғи қалпына келтіруді ұсынады. «Өзіңіз қайсысын көргіңіз келер еді, бүркітті ме, әлде шіл қуалап жүрген аңшыларды ма?» – дейді Дэниелс.

Жер иелену ісінде пікірталас тудыратын жайттар жетерлік. Жер реформасы жөніндегі маман Энди Уайтманның пікірінше, Шотландиядағы ауылшаруа­шылық жердің тең жартысы – небәрі 432 адамның қолында.

«Дәулеті тасығандар Шотландия жерлерін бұрыннан ешбір қиындықсыз сатып алып, басқарып келеді және бұл мәселе тудырған емес, – дейді жер реформасы бойынша белсенділік танытып жүрген Лесли Риддох, – ғасырлар бойы ақсүйектер аумағына бір кішкентай ел сиятындай жерлерді ойын-сауық мақсаттарына пайдаланып келеді. Олар сол жердің тұрғындарына инвестиция салған емес, керісінше оларды өз қалауларына қарай көшіреді, қондырады, ал қаламаса өтініштерін қабылдамай тастайды». Риддох жерлердің қолжетімді телімдерге бөлініп, жас отбасыларына берілгені дұрыс деп ойлайды. Шотландиядағы ойын-сауық нысандары жылжымайтын мүлік ретінде ежелден жоғары бағаланады. 1852 жылы Алберт ханзада Виктория патшайымға арнап Абердиншир таулы өлкесіндегі «Балморал» қорғанын сатып алады. Король отбасы мүшелері мен ақсүйектер аңшылық және басқа да ойын-сауық мақсаттары үшін жазда осы ғажап өлкеге қоныс аударатын.

1990 жылдардың басында «Мар Лодж» қожалығы жұбайы бұрын жалаңаш модель болған миллиардердің меншігінде болатын. Қожалық кезінде патшайымның меншікті жеріне жақын орналасқан, ал қазір Шотландиядағы ұлттық сенім қорына қарайды. Аумағы 29 000 га. Әлгі миллиардер көрші король әулетімен достық қарым-қатынас құрамын деп үміттенген.

Мұндайда «дәмесінің зорын-ай» демей ме!


ІІ дүниежүзілік соғыс­тан кейін Шотландия аршагүлді алқаптардың 25 па­йызынан айырылды, бірақ бұл алаңдарлық мәселе ме, оны өзіңіз бағамдарсыз.


2015 жылы 22 маусымда Шотландия үкіметі ойын-сауық нысандарына салық салуды реттейтін және үкімет қоры есебінен қара халыққа жер сатып алуды жеңілдететін жаңа заң жобасын қабылдады.

«Бұл құрылым көнерген және өзгертуді қажет етеді», – дейді шотландтық Парламент және заң жобасын қарастырған комитеттің мүшесі Майкл Рассел. Ол Юра аралында өз достарына арнап гольф алаңын жасауды ұсынған, алайда жұртшылықтың қысымынан кейін райынан қайтқан австралиялық хедж-қор иесі сияқ­ты қоғам мүддесімен санаспайтын ауқаттылар туралы сөз қозғады. «Бізге қандай да бір түбегейлі өзгеріс қажет. Негізі, мұны бұрын жасау керек еді», – дейді Рассел.


Батпақты басқару

Қазіргі Шотландияның жартысы 10 мың жыл бұрын адамдар қоныстана бастаған кезде орманды болған. Арада ғасырлар өткенде егіншілік, жайылымдарға қажет болғандықтан ормандардың 40 пайызы оталған.

Қыспаққа алынған жер иелері тығырыққа тірелген бұғыларға ұқсайды. Саясат толқыны «Балавил» қорғанының сатылуына әсер етті: екі жылда нарықта оның бәсі түсіп, ақырында сұраған бағадан екі миллион фунтқа кеміген. Жылжымайтын мүлік агенті Роберт МакКаллохтың айтуынша, сатып алушыларды толғандырған жер реформасы мен Шотландия тәуелсіздігі төңірегінде нақтылықтың болмауы және жоғарғы салым қатері. Заң 2016 жылы нау­рызда қабылданды.

Қыркүйектің жанға жайлы күнінде аңшы ретінде белгілі «Тоғыз мылтық» тобы «Роттал» қожалығы алдында жиналды. Кезінде граф Эйрлиге тиесілі болған жылжымайтын мүлік 2005 жылы хартфордширлік кәсіпкер Ди Уордқа сатылған болатын. Уорд Кабуки театр қойы­лымына пара-пар арнайы киімдер мен дәстүрді дәріптейтін рәсім – саяхатты аңшылыққа достарын шақырыпты. Біреуі шіл аулау үшін киінген. Уорд әртүсті торлы көйлек және твидтен тігілген киімін киіп, жүннен жасалған галстугын тағып келді. Ол мұнысын: «Бұл құсқа деген құрметті білдіреді», – деп түсіндірді.

«Біз Шотландия шілдерін атамыз, – деп ескертті ол қонақтарына, – оған рұқсат бар, бірақ құрлар мен қояндарды атпауларыңызды өтінемін».

Кингусси маңындағы Ралиа жерінде орманшылар Аластайр Лион (сол жақта) мен Ричард Уильямс ескі аршагүл алқабын іріктеу әдісімен өртеуде. Бұл – құрлардың тамақтануына, ұрпақ өрбітуі үшін қазаннан сәуірге дейін жүргізілетін жұмыс.

«Роттал» классикалық спорт қожалығында шіл ауланады. Артынан дау-дамай арылмайтын дәулетті адамдарға «дегдар», «көрсеқызар» немесе «сәнқой» дегендей әділетті-әділетсіз теңеулер жиі таңылады. Қожалықтағы бір күннің бағасы бақуатты адамдар үшін жан басына шаққанда 750 фунт стерлингтен (шамамен, 935 АҚШ доллары) айналады. Бұған жататын жерді қосыңыз, мәселен, Батыс Хайлендтегі Инверлохи қамалындағы қонақүй бөлмесін бір түнге 695 фунт стерлингке (870 АҚШ доллары) бірнеше күнге брондай аласыз, оған тамақ, шай-пұл және аңшы қаруын қоссаңыз, орта есеппен 80 000 АҚШ долларына шығынданасыз. Осыдан кейін ойын-сауықтың осы түрі хедж-фонд басшылары мен топ-қаржыгерлер үшін неліктен ыңғайлы екенін байқайсыз.

Аңға шыққандар жалауларын желбіреткен бойы құстарды үркітіп, олардың қару кезенгендерге қарай ұшулары үшін бір қатарға тізіліп, батпақты «сыпырып» шығады. Жоғары және тік ұшатын қырғауылдарға қарағанда қызыл шілдер шашырай ұшып, жебедей жылдам әрі төмен зырғиды.

Батпақтағы аңшылық дауы пікірсайыс­қа қарағанда жалаңқол бокс жекпе-жегіне ұқсайды. «Аз төбелі топтың әуресі көпшілікке зиянын тигізіп отыр», – деп жазады Марк Эйвери. Былтыр Біріккен корольдікте осы спорт түріне тыйым салу туралы оның өтінішін қолдап 123 мың адам қол қойған. «Шіл санын барынша арттыру батпақта алып тауық фабрикасы бар деп қараумен бірдей», – дейді «Guardian» газетінің шолушысы Джордж Монбиот.

«Мар Лодж» жеріндегі 2435 бұғы мүйіз жиынтықтарымен безендендірілген салтанат залын 1890 жылдардың соңында Файф герцогі қоғамдық іс-шаралар өткізу үшін тұрғызған. Қазіргі күні мұнда тойлар өткізіледі және күні кешеге дейін орманшылар мен қызметкерлерге арналған жыл сайынғы шотланд тіліндегі ghillie кешін өткізуге пайдаланылып келген.

Ал қарсы тарап мәселенің биотүрлілік пен экономикалық тиімділігін өз беттерінше тұжырымдайды. «Біз шіл аулауда табиғат қорғау қағидаларын қатаң сақтаймыз. Аршагүлді батпақ – әлемде сирек кездесетін жердің бірі, – дейді Шотландияның оңтүстігіндегі «Хоупс» қожалығының иесі Робби Дуглас Миллер, – оны сақтау мен жетілдіру ұзақ уақыт пен көлемді қаражатты талап етеді. Батпақта шіл өсіру – осы аймақтың келтірер жалғыз пайдасы».

«Game and Wildlife» табиғатты қорғау қоры қаржыландырған зерттеу нәтижелері шіл өсірудің экономикалық тиімділігіне негіздеме берді. Бұл сала халықты 1072 жұмыс орнымен, 14,5 млн фунт стерлинг (18,3 млн АҚШ доллары) жалақымен қамтамасыз етеді әрі Шотландияның жалпы ішкі өнімін 23,3 млн фунт стерлингке (29,5 млн АҚШ доллары) арттырады.

Бірақ жабайы табиғатты қалпына келтірудің жақтаушысы Майк Дэниелс «бұл көрсеткіштер табиғатқа тауар ретінде қарайтындарға ғана қатысты» деген уәж айтып отыр.

«Мәселенің ақиқаты сол, егер сіз аңшылық дұрыс емес десеңіз, онда сізді ешбір дәлел көндіре алмайды», – дейді жер қожайындарының өкілі, «Scottish Land and Property Moorland Group» директоры Тим Бэйнс.

Каррон көліне жақын орналасқан Рерайг орманында бұғы бағумен айналысатын Колин Мурдох бұғылардың мүйіздерін тез өсіру үшін оларға арнайы жемшөп береді. Қоршауға алынған бұл аумақта тұмса табиғатқа саяхат жасауға да мүмкіндік бар. Одан бөлек көптеген қожалық табыстарын арттыру үшін демалыс күндері үй-жайларын да жалға беретін болып жүр.

Джон Мюр қорында қызмет ететін Майк Дэниелс: «Табиғатта нені көргіңіз келер еді, бүркітті ме, әлде шіл аулаған джентльменді ме?» – деді өкінішпен.


«Game and Wildlife» табиғатты қорғау қорында қызмет ететін Адам Смит шіл ату мәселесіне қатысты былай деп байсалды пікірін білдірді: «Батпақтар – қақтығыс пен қорғауға іргелес мәдени ландшафтар».

Енді игеру мәселесін қарастыра­йық. Орнитолог және жабайы табиғат бо­йынша кеңесші Рой Деннис батпақтың шіл өсіру үшін игерілгенін жаратпайды. «Батпақ Италиядағы зәйтүн бақтарындай жасанды, – дейді ол, – қазіргі батпақты жерлердің көбі бір кездері орманды алқап болған».

Деннис Монадлиат тауларындағы 16 000 га «Койгнафирн» қожалығына жерді табиғи күйіне қайта келтіру бойынша консультация береді. Ол мені қалпына келтіру жұмыстарын көруге алып шықты: бұғылар таптамас үшін қоршалған шарбақ сыртында ағаштар мен бұталар, қайта көбейіп жатқан аққайың, сырғатал және алқызыл жидектер жайқалып өсіп тұр.

«Мәселе шіл атуда емес, – дейді ол, – мәселе шіл санын көбейту үшін жер қолданысының қарқындауында. Мұны экологиялық тұрғыда қауіпсіз дей алмаймыз».

Жаңғырту жоспарлары бар басқа қожалықтар да жетерлік, айталық, «Гленфеши» (голландиялық миллиардер Андерс Повлсеннің иелігінде), «Мар Лодж» (Шотландия ұлттық қоры) және «Абернети Форест» (Шотландия Құс қорғау бойынша корольдік қоғамы) қожалықтары. «Жер иелену жай артықшылық емес, ол – жауапкершілік», – дейді Деннис.

«Гарроуз» қожалығының бас орманшысы Ронни Киппен бұл пікірмен келіспейді. «Жабайы табиғатты қалпына келтіру қамқорлық деп ойламаймын. Бұл адамдарға жұмыс бере ме?» – деп сұрады ол. Оның пікірінше, шіл өсіру – бұл табиғатты қорғау әрі аңшылық саласындағы орманшы, саятшы, қожалық қызметкерлері үшін жұмыс орындарын сақтау мен туризм. «Батпақты игеру тіршілікке тыныс береді», – деп көндірді Киппен. Ол менімен бірге қожалықты айналып өтіп, ерекше қара құрларды, күйкентайларды, көгал торғайын және кішкентай бұлбұлды көрсетті. «Батпақта биотүрлілік жоқ деп кім айтты?» – деп сұрады ол.

Енді Джейми Уильямсонмен танысыңыз. Ол жалпы аумағы 5400 га «Алви» және «Далрадди» қожалықтарын басқарады, бірақ ол ресми түрде жер иеленуші атағына ие емес.

«Алви» орманшысы Граем Макдоналдпен бірге батпақта серуендегенде мәдени дәстүр туралы кей нәрселерді үйренесіз. Сақалын «қырау» басқан Макдоналд аймақтың ой-шұқырын бес сау­сағындай біледі. Бұғылар қай жақта жайылады, қай клиентке «Дәке» деуге керектігін, ал кімге «мырза» деуді, клиенттің оғы тимей қалған жағдайда, мәнерлі ырғақпен «Бұл құсқа оқ тигізу қиын, мырза!» – деп жұбатуды да жақсы игеріп алған.

Стерлингтен маңайындағы «Брейс-Даун» жел фермасы секілді жерлерін турбиналарға жалға беретін қожайындар жақсы өтемақы алады. Бірақ табиғат қорғаушы Майк Дэниелс жел электр стансасы өнеркәсіптік ластаумен пара-пар деп санайды. «Сіз дөң басына көлік зауытын салар ма едіңіз?» – дейді ол.

ТӨРТ СУРЕТТЕН ҚҰРАЛҒАН КОМПОЗИЦИЯ

Қожалық кітапханасына барыңыз. Терімен қапталып, алтынмен көмкерілген «Алви» аңшылық кітабын қараңыз. Өмір мен өлім күнделігінің бетінде атылған бұғы, тауқұдірет пен шілдердің саны сия­мен жазылып анық көрсетілген. «1908 жылы 22 тамыз – Дж.Б.Барингтон мен Дж.Ф.М.Лауренстің қаруымен 107 шіл атылды… Ауа райы тамаша».

Алайда қазіргі күні шіл ату қожалықтар пайдасының 4%-ын ғана құрайды. «Бай-манаптар әлі де келуде, – дейді ол. – Бірақ қазір, көбіне, туристерді қабылдаймыз. Интернет пен теледидарға қосылған каюта мен кемпингтерді жалға беруден жылына 500 мың фунт стерлингтен ­

(632 000 АҚШ доллары) астам қаражат түседі. Орман шаруашылығы, аспалы өткел, гранит кен орындары және балық зауыты қосымша кіріс түсіреді».

«Жер иесі болу мені құбыжық етіп көрсетпейді, – деді Уильямсон, – қалталы аз төбелінің бірі деген сын – шындықтың бұрмалануы».

«Балавилдің» әуелгі қожайыны Аллан Макфорсен-Флетчер үшін мұның барлығы – дау.

«Табысты жылдары қожалық өз шығынын өзі жапса, кей жылдары шығынға ұшыраймыз. Сондықтан қарыз алуға тура келді. Балавилден кетерде, – дейді Макфорсен-Флетчер, – соңғы рет жан-жағыма қарап, көзімнен жас күткенмін. Бірақ олай болған жоқ, себебі онда ескі қаңыраған бос үй ғана қалған еді. Барлық көңіл күй мен тарихты өзімізбен ала кеткен едік. Артымызда қалғаны – кірпіш пен әк қана».

Иелік ету мәселесіне келер болсақ, бұрынғының адамдары «меншіктегі мүлік жауапкершілік тудырады» деген пікірге сүйенген. Аристотель жеке мүліктің қолданылуы – ізгіліктің белгісі санаған.

Ескі қарағай солтүстік-батыстағы таулы аймақтағы Мари көлінің суымен құлпыра түседі. Жас ағаштарға жайылатын бұғылар оқшауланбайды. Жер теліміне бұғыларды кіргізбеу және орманды қалпына келтіру үшін қоршаулар салынады. Бірақ мұның қымбатқа түсетіні былай тұрсын табиғаттың көркін кетіріп қана қоймай, төмен ұшатын құстар үшін де қауіпті.

ЖЕТІ СУРЕТТЕН ҚҰРАЛҒАН КОМПОЗИЦИЯ

«Біз сараңданып барамыз», – деді Элисон Хестер Ол – жер және табиғи ресурс­тарды тиімді пайдалану мәселелерімен айналысатын Шотландиядағы зерттеу тобы, Джеймс Хаттон институтының профессоры және биотүрлілік жөніндегі ғалым. Жыл мезгілі күз де келіп жетті. Жақында жұмсақ төбешіктер қызыл-қоңыр түске боялады. Шілдер үшін жаңа аршагүл өсіретін болғандықтан орманшылар ескі аршагүлдерді өртейді, артынан көк аспанды түтін басады.


Граем Макдоналд қай клиентке «көке», қайсысына «жәке» деуді және клиенттің оғы тимей қалған жағдайда мәнерлі ырғақпен: «Бұл құсқа оқ тигізу қиын, мырза!» – деп жұбатуды да біледі.


«Аршагүл қандай әдемі! – деп ойға шомды ол, – аралар ызыңдайды. Таза ауа иісі уайымыңызды сейілтеді, жел тынып тұр. Бала күнімізде батпаққа барып, аузымызды қаражидекке толтырып, кроншептерді тыңдайтынбыз».

«Бұл жер орманнан өзгеше, – деп ол сөзін жалғастырды. – Орманда ағаштардың жасырын әсерін және көктемде аққайыңнан тәтті бал иісін сезесіз. Бұл пікірталаста қайсысы дұрысырақ екенін анықтау мүмкін емес».

Мүмкін, біз артқа шегіне, жағдайды тереңірек ойлауымыз керек болар. «Мүмкін, шіл санын барынша арттыру орнына кейбір батпақты жерлерді жабайы табиғатқа айналдыру керек шығар, – деп ұсыныс айтты ол, – біз, шынында, нені сақтап қалуымыз керек? Қалай болса да, шешім соңы – біреуінің жеңіп, біреуінің жеңілуі».

Өркениет кезінде түз зәйтүн бағынан «жеңіледі», жазық дала бидайлы алқапқа айналады, батпақ орманды алмастырады. Жер қолданысы қажеттілікке, экономика мен меншікке тәуелді.

       

Пікір жазу