.

Сырғыма Көлсай өзеніне таяп қалды

Алматы облысындағы Саты ауылы маңындағы Малабек шоқысында жүріп өткен сырғыма жергілікті халық пен билік өкілдерін әбігерге салды. Сала мамандары кенеттен пайда болған табиғи құбылысты қазақ жеріндегі таулы аймақтарда бұрын-соңды болмаған ең үлкен сырғыма деп отыр. Аққан көшкіннің жүре бастағанына бір аптаға жуық уақыт өтсе де әлі күнге дейін тоқтай қоймаған.

Дәл қазіргі уақытта Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың өкілдері тəулік бойы кезекшілік жүргізіп жатса, «Қазселденқорғау» ММ басшылығы тау қыртысын зерттеуге кіріскен.

«19 сəуірде малды тауға айдау үшін жолға шыққанмын. Сол кезде мен тау бөлініп жатқанын байқағанымда түсініксіз гүрілдің дауыс қоса естілді, – дейді жергілікті бақташы Меллат Сағадатұлы, – артынан бір-біріне тиген тастардың дыбысы да естіле бастады».

Бақташының айтуынша, Саты ауылының әкімі мен «Көлсай көлдері» ұлттық паркі директорының орынбасары апат болған жерге келгенде жергілікті халыққа көлік жолдарының жабылатынын, сондықтан тез арада көшу керектігін айтқан.

21 сəуір күні тараған ресми мәлімет бойынша опырылып түскен жердің көлемі 50 млн текше метрді құраса, ұзындығы 1700, ал ені 900 метрге дейін жеткен еді. Қазір лай көшкіні Көлсай өзенінің аңғарына да жеткен.

«Тау көшкінінің жылдамдығы сағатына төрт метрден бір метрге дейін төмендеген. Егер көшкен топырақ өзеннің аңғарын жауып тастайтын болса, онда ауыр техникалар іске қосылып, жару жұмыстары жүргізілетін болады, – дейді ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» ММ басшысы Тоқтар Баймолдаев. – Соған қарамастан айналадағы елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ».

Барлық ақпаратқа қанық Алматы облысының әкімі Амандық Баталов журналистерге берген сұқбатында былай деген: «8 сəуірде осы аймақта жер сілкінісі болғанда артынан жауын да жауған. Мұнда тектоникалық жарылу сызығы бар. Осы факторлардың барлығы бір-бірімен байланысты».

Облыс əкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кейбір БАҚ-та жарияланған Саты ауылына апаратын жол жабылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол жол жабылған жоқ, ашық. Тау массасының қозғалуы «Көлсай көлдері» Ұлттық саябағы кардоны маңында болды.

Төтенше жағдайлар комитетінің соңғы мәліметіне сүйенсек, 23 сәуірде сырғыма Көлсай өзеніне қарай жылжуын жалғастыруда. Қозғалыс жылдамдығы сағатына 0,4 метрге дейін төмендеген.

Фото: Досжан Балабекұлы, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті.

       

Пікір жазу