.

Құстар – біздің достар

Баррабанда тотықұсы Polytelis swainsonii. Аустралияның оңтүстік-шығысында мекендейтін баррабанда – ғаламшардағы 10 000 құстың бірі ғана. «Құстарға қамқор болу – жауапкершілік жүгі аса ауыр мәселелердің бірі», – дейді табиғат жанашыры Т. Лавджой.

 

Олардың табиғатқа пайдасынан бөлек, адам жанына да әсері бар. Биылғы жылды біз құстарды зерттеуге, неліктен оларсыз өмір сүре алмайтынымызды саралауға арнамақпыз.

Өмірімде құстарға жіті мән бермеппін. Қырықтың қыр­қасына шыққан шағымда сайраған ементұмсық не тауи дауысын естігенде жүрегі дір ететін адамға айналдым. Америкалық татрең жақын маңайда жүрсе, шаба жөнелетін болдым. Өйткені ол – сонау Аляскадан ұшып келген, қауырсыны алтын түстес әдемі құс. Әлдекімдер құстардың мен үшін неліктен маңыз­ды екенін сұрағанда күрсініп, бас шайқаудан басқа амал таппадым. Дегенмен ол – орынды қойылатын сұрақ. Американың Құстарды қорғау заңының жүзінші жылында ойланарлық сұрақ: Құстар бізге не үшін керек осы?

Жауабымды қанаттылар патшалығынан бастау­ға болады. Егер әлемдегі әр құсты жеке-жеке көрген болсаңыз, әлемді түгел көргендей болар едіңіз және ондай жерлерде құстардан басқа жан-жануар тіршілік етпейтіндей көрінеді.

Қызыл қоқиқаз, Phoenicopterus ruber. Қоқиқаз дүниеге ақ қауырсындарымен келеді, оның көрікті түсі ұлу, шаян тәрізділер және балдыр құрамындағы «каротиноидтер» деп аталатын органикалық пигменттерден түзіледі. Ал оның тұмсығы жемін сүзгіден өткізуге көмектеседі.

ФОТО НЕБРАСКА ШТАТЫНДА ЛИНКОЛЬН БАЛАЛАР ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Осындай сан алуан мекендерде тіршілік ету үшін әлемдегі он мыңнан асатын құс түрі эволюция нәтижесінде таңғажайып алуан түрлер пайда болды. Олардың дене көлемдері де түрліше: ең алыбы – түйеқұстың бойы екі жарым метрден асады және ол Африкада кең таралған. Ал ең кішкентай құс – ара-колибри. Атауы дәл қойылған бұл құс тек Кубада кездеседі. Құстардың ішінде тұмсығы үлкендері де (бірқазандар, шоттұмсықтар), титімдейі де (қысқа тұмсық құс), тұмсығы денесімен бірдей (қылыш тұмсық колибри) түрлері де кездеседі. Кей құстар, мәселен, Техастың боялған кардиналы, Оңтүстік Азиядағы сарыбауыр шірнеші құс, Австралиядағы түрлі-түсті тотықұстардың түстері кез келген гүлдердей әдемі. Кей құстардан қоңыр түстің түрлі реңін байқауға болады.

Мінез-құлқы бойынша да құстар сан алуан. Кейбірі – тым топшыл, кейбірі – «даралықты сүйеді». Африканың қызылтұмсық тоқымашылары мен қоқиқаздар миллиондаған үйірімен тіршілік етсе, ұзынқұйрық тотықұстар шыбықтардан тұтастай тотықұс қалашығын соғады. Сушылқаралар су астында жалғыз жүзеді және кез келген альбатрос құлашы үш метрлік қанаттарымен басқа альбатростардан 800 шақырым қашықтыққа ұзап кете алады. Артымнан қалмай ілескен Жаңа Зеландияның желпуіш құйрықты торғайы тәріздес доспейіл құстарды да көрдім. Тым ұзақ қадала қараған кезде төменге құлдилай келіп, басымды шұқымақ болған Чилидің қарқарасы сияқты ашушаң құстарды да көрдім. Жол бойы көкектер тобымен жүріп ысылдағыш улы жыланды өлтіріп, азық етеді. Ара зиянкестері аралармен қоректенеді. Жапырақ лақтырғыштар (Sclerurusmexicanus) жапырақтарды шашады. Қалың тұмсықты қайралар су астына 200 метр­ге дейін сүңги алады, лашындар жоғарыдан төмен қарай сағатына 385 шақырым жылдамдықпен құлдилай алады. Ротакоа бар өмірін бір тоғанды айналсоқтап сарп етсе, көк бұлбұл Перуге ұшып барып, бір жыл бұрын ұя салған Нью-Джерсидегі ағашын қайта тауып келе алады.

Қосмүйіз калао, Buceros bicornis. Тұмсығы қолағаштай, қанаттарының құлашы екі метрге жететін қосмүйіз калао – оңтүстік-шығыс Азия ормандарының әуе патшасы. Ол ақ-қара қауырсыны және сарғыштау реңімен ерекшеленеді.

ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАЯҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Құстар мамық жүнді және сүйкімді келе бермейді, бір жағынан, олар бізге басқа сүтқоректілерге қарағанда көбірек ұқсайды. Олар күрделі құрылымды үй салып, оның ішінде балапандарын өрбітеді. Қыста жылы жаққа ұшып барып ұзаққа «демалысқа кетеді». Какаду – данышпан құс, олар шимпанзелерге қиын «жұмбақтарды» шеше алады, ал қарғалар болса ойнағанды ұнатады. Бұларды былай қойғанда, құстар адамдар сияқты әлемді әуенмен тербетеді. Бұлбұлдар – Еуропа төңірегінде, барылдақ торғайлар – Кито қаласының орталығында, хвамейлер Чэнду қаласында сайрайды. Сарышымшықтардың жыртқыштардан қауіпті немесе қауіпсіз екенін білдіретін «тілі» күрделі, олар бір-бірін түсінеді, жақын маңайдағы басқа да құстар оларды түсінеді. Австралия­ның шығысында тіршілік ететін лирақұйрық торғайлар шамамен бір ғасыр бұрын «бабалары» осында қоныстанғандардың сыбыз­ғысынан үйренген әуенде дыбыс шығарады. Егер лирақұйрықты тым көп суретке түсірсеңіз, ол фотоаппаратыңыздың дыбысын өз «репертуарына» қосып алады.

Сары иекті розелла, Platycercus icterotis. Австралияда мекендейтін жанасқыш құс – сары иекті розелланың жұптасып жем іздеп жүргенін байқауға болады. Қазір бұл құс заңмен қорғалады, алайда олардың тіршілік ететін ортасы тарылып барады.

ФОТО АЙОВА ШТАТЫ, ДЕ-МОИН ҚАЛАСЫНДАҒЫ BLANK PARK ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Бірақ құстар біздің жанымыз қалайтын, түсімізде болмаса өңімізде қолымыздан келмейтін бір нәрсені істей алады: олар ұшады. Бүркіттер күш жұмсамастан жылы ауа ағынымен көкке самғаса, колибрилер ауада қалқып тұра алады. Калифорния бөденелері лезде пыр ете түседі. Бәрін қоса алғанда, құстардың ұшатын жолдары ғаламшарды 100 миллиард рет орайды: бір ағаштан – екіншісіне, бір континенттен – келесісіне. Көбейгеннен кейін сұр қарлығаш бір жылдай әуеде ұшып жүреді. Ол Африканың Сахарадан төменгі бөлігіне барып-қайту «әуе саяхатында» жерге түспей қоректенеді, түлейді және ұйықтайды. Жас альбатростар ашық мұхитты 10 жылға дейін шарлап жүре береді. Жағалау құстарына жататын құмдауықтар Отты жер аралы мен канадалық Арктика арасында жылда әрлі-берлі ұшып жүреді. Аяғына В95 деп белгі салынған құмдауық Жер мен Ай арасындағы қашықтықтан да ұзақ ұшқан.

Сақиналы үйрек, Callonetta leucophrys. Көкіректері түйіскен мына сақиналы үйректер (аталығы сол жақта) Оңтүстік Американы мекендейді. Көбею маусымында бірқатар құс ажырамайтын жұп құрады. Қазіргі уақытта генетикалық сынақтардан аталықтар да, аналықтар да өз әлеуметтік жұптарынан басқа серіктес іздейтінін білеміз.

ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, СКОЛЛЕНД НЕК ҚАЛАСЫНДАҒЫ SYLVAN HEIGHTS ҚҰСТАР САЯБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Алайда адам баласы құстарда жоқ аса маңызды бір қабілетке ие: өз қоршаған ортасын басқару. Құстар өз жерлерін қорғай алмайды, ұяларындағы ауаны да салқындата алмайды. Олардың бойында тек инстинкт пен эволюция мұраға қалдырған физикалық қабілеттер ғана бар. Ал сол қабілеттер олардың 150 миллион жылдан бері үздіксіз тіршілік етуіне оң әсер етуде.

Соңғы антропоценде құндылық ұғымы толықтай дерлік экономикалық құндылықты, тек адамға ғана келтірер пайданы білдіретін болғандықтан шығар көптеген жабайы құс адамның азығына айналды. Ал ондай құстардың кейбірі зиянкес жәндіктер мен кеміргіштерді жейтінін ескерсек, өсімдіктердің тозаңдануы бәсеңдегені сөзсіз. Сондықтан құстар популяциясы экологиялық ахуалдың маңызды көрсеткіштері ретінде қызмет атқарады деген дәйектерді де естуіңіз мүмкін. Бірақ расымен, батпақтардың шамадан тыс ластанып, ормандардың оталып-өртеніп кеткендігін, не балықшылықтың сарқылғанын білдіру үшін құстардың жойылуы керек пе еді?

Қаратамақ жорғаторғай, Cyanocorax colliei. Қаратамақ жорғаторғайдың қырылдаған дауысы ол тіршілік ететін Мексиканың батысында жиі естіледі. Сауысқандар, қарғалар, жорғаторғайлар мен басқа да қарға тұқымдастар кербез құстарға жатады.

ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАҒЫНДАҒЫ ТҮСІРІЛГЕН


Құстар популяциясы біздің әдеп құндылығымыздың ахуалын көрсетеді. Жабайы құстардың маңыздылығының бір себебі – олар біздің онсыз да түгесіліп бара жатқан табиғат әлемімен соңғы әрі ең жақсы байланысымыз. Олар әлдеқашан жер басып жүрген ең ірі жануарлармен тағдырлас: терезеңіздің сыртындағы мексикалық жасымық – титімдей және өмірге керемет бейімделген динозаврдың бір түрі. Сіз тұратын жердің суында жүзіп жүрген барылдауық үйректердің осыдан 20 миллион жыл бұрын әлемді құстар билеген Миоцендік кезеңдегі үйректен айырмашылығы шамалы. Әуе кеңістігін қауырсынсыз дрондар толтырған және ұялы телефондарымыздағы «ашулы құстармен» ойнауға болатын мына жасанды әлемде табиғи ортаның өз өкілдерін әлпештеп-қолпаштауды қажет деп таппауымыз мүмкін. Себебі біз үшін ең құнды дүние экономикалық, қаржылық көрсеткіштер боп кетті. Ал құстарды ұмыту дегеніміз өз діңімізді ұмытумен тең екенін ескермейміз.

«Құстарды қорғайық, бірақ адамзат – алдыңғы орында» деген тұжырым екіұдай мағына береді. Бұл – адамның жануардан ешбір артықшылығы жоқ, біздің фундаменталдық менменшілдігіміз, дүние өртеніп кетсе де, әрқашан генімізді қайталайтын және барынша көп ләззат алуға талпындыратын тірлікке сүйрейді. Бұл – арсыз реалис­тердің көзқарасы, олар үшін табиғатқа деген алаңдау­шылық, сезімталдықтың жалықтырар бір түрі ғана. Бұл – теріске шығаруға келмейтін көзқарас және өзін үмітсіз менменшіл деп мойындайтын кез келген жанға тән. Алайда «адамзат – алдыңғы орында» деген тұжырым теріс мағына да бере алады: біздің нәсіліміз дүниенің ресурстарын монополиялап алуға бейімделген. Өйткені біз саналымыз және өз еркіміз өзімізде, өткенді есте сақтайтын және болашақты жоспарлайтын қабілетіміз бар. Осы кереғар көзқарас діншіл топтар мен за­йырлы гуманистер – екеуінің де арасында бар және ол да дәлелдеуге келмейтіндей дұрыс та, бұрыс та емес. Бірақ ол бізге үлкен жауапкершілік жүктейтіндей. Егер біз жануарлардан жоғары тұрсақ, бізде дұрысты қатеден айыра алатын қабілетіміз бола тұра біз неге табиғаттың шағымына бейқам қала береміз? Сонда қалай ерекше қабілет ерекше жауапкершілікпен қатар жүрмейтін болғаны ма?

Ақбет жапалақ, Ptilopsis leucotis. Ақбет жапалақ Африканың Сахара шөлінен төмен аймағында тіршілік етеді. Басқа жапалақ тұқымдастар тәрізді ол да – қырағы түн жыртқышы. Оның есту және көру қабілеті жоғары, жемтікке үнсіз ұшып келіп бас салуына мүмкіндік береді.

ЦИНЦИННАТИ ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН ФОТО


Бірнеше жыл бұрын Үндістанның солтүстік-шығысындағы орманда жүргенімде ритмді терең ысқырық естідім. Ол метеорологиялық дыбысқа ұқсады, бірақ бұл жеміс ағашына қонғалы жатқан қосмүйіз калаолар жұбының қанат қағуы болатын. Олардың тұмсықтары – сары, ерекше үлкен болады екен. Ағаш бойымен өрмелей отырып, бейқам күйде жеміс жегендерін көргенде қуанғанымнан айғайлап жіберіппін. Бұл сезім менің қалауым мен бойымдағы сезімдерден мүлде бөлек еді. Бұл – осындай алып мүйізтұмсық құстың бары жөніндегі абсолютті керемет факт, бірақ мен оны дәлелдеуге қауқарсыз едім.

Ерекшелігі – олар әрі әдемі, әрі байсалды. Олар үнемі біздің қасымызда, бірақ бізге ұқсамайды. Құстар нақ осы шақта тіршілік етеді. Қазіргі шақта біздің мысықтарымыз, торларымыз бен пестицидтеріміз (тыңайт­қыш түрі) оларды күн сайын миллиардтап өлтіріп жатса да олардың әлемі әлі де тірі. Дүниенің әр бұрышындағы ұяларда жұмырт­қаны жарып шығып сарыауыз балапандар жарық дүниеге келіп жатыр.

Автор: Джонатан Франзен, фото: Джоэль Сартор


Әнші балапан. Ерте оянған кезде құстардың әлдебір әуеніне елітуіңіз әбден мүмкін. Сайрағыш құстар әлемдегі құс түрлерінің жартысына жуығына тең. Түйсіктік шырылдауға қарағанда еліктегіш құс сайрауының экстравагантты күрделі дыбыс тоны, ритмі және құрылымы ерте жаста үйренуді қажет етеді.

Лирақұйрық торғай, Menura novaehollandiae. Австралияда тіршілік ететін лирақұйрық торғай – па-родия шебері. Аналықтарының назарын аудару үшін аталықтары басқа да құстардың дауысын сала-ды. Кейбірі көлік сигналын, фотоаппарат шыртылын имитациялаған.

ФОТО АВСТРАЛИЯДАҒЫ HEALESVILLE ҚОРЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Киркланд сандуғашы, Setophaga kirtlandii. Киркланд сандуғашы өзі ұя салатын Банкс қарағайы діңге-гін қажет ететіндіктен, табиғи өртке тәуелді. Аталықтары аналықтардың назарын аудару үшін әнде-те бастайды.

ФОТО МИЧИГАН ШТАТЫНДАҒЫ МИО ТАБИҒИ МЕКЕНІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН

Кардинал сары торғай, Passerina ciris. Үсті-басы балалардың бояу қорабына малынып шыққандай түрлі-түсті сары торғай – Мексика мен АҚШ-тың оңтүстік-шығысына тән сайрауық құс. Жұптасу кезеңінде аталықтары дуэт құрып бір-бірімен ән айтысын жасайды.

ФОТО ТЕХАС ШТАТЫНДАҒЫ КРИСТОВАЛ ТАБИҒИ МЕКЕНІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН

Протонотариус, Protonotaria citrea. АҚШ-тың оңтүстік-шығысындағы батпақты ормандарында жаз-дыгүні протонотариустың ағаштардың ұшар басында үздіксіз сайраған дауысын естуге болады. Олар ерте көктемде Орталық және Оңтүстік Американың солтүстігінен ұшып келеді.

ФОТО ВИРДЖИНИЯ ОКЕАНАРИУМЫНДА ЖӘНЕ ТЕҢІЗ ҒЫЛЫМЫ ОРТАЛЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Құрал – тұмсық. «Тұмсықтың пішіні әр құстың эволюциясы мен тірі қалуы жөніндегі сындарлы тарихтан сыр шертеді», – деп жазады Ноа Стрикер құстар жөніндегі «Фото-араша» жобасында. Торғайдың тұмсығы дәндерді шағып жеуге көмектессе, ал қаршығаның өткір, ілмекті тұмсығы жемтікті тез іліп әкетеді.

Хатшы құс, Sagittarius serpentarius. Сирағы ерекше ұзын, мінез-құлқы қатаң, хатшы құс тырна мен бүркіт арасындағы әлдебір түрге ұқсайды. Оның ілмекті тұмсығы жыртқыштығынан хабар береді.

ФОТО ТОРОНТО ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Ақбас үйрек, Oxyura leucocephala. Түрі жойылып бара жатқан ақбас үйрек Испания, Солтүстік Африка мен Орталық Азияны мекендейді. Олардың жалпақ тұмсықтары судағы қоректі сезу үшін жұмсақ келеді және жәндіктерді, сүзіп алуға арналған тарақтай тістері бар.

ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, СКОТЛЕНД НЕК ҚАЛАСЫНДАҒЫ SYLVAN HEIGHTS ҚҰСТАР БАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Король пингвині, Aptenodytes patagonicus. Король пингвинінің шабақтар мен моллюскаларды ау-лауға керемет икемді тұмсығындағы алқызыл және сары дақтар адам көзіне көрінбегенімен өздеріне байқалатын ультракүлгін сәуле шығарады.

ФОТО ИНДИАНАПОЛИС ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Америкалық шалшықшы, Numenius americanus. Қанаттарының құлашы бір метрге жететін шал-шықшылар – Солтүстік Американың жағалау құстары ішіндегі ең ірісі. Қыста олар Мексика жағалау-ларында ас шаянын аулау үшін өз атына сай қасиетін пайдаланады.

ФОТО СОЛТ-ЛЕЙК-СИТИ ҚАЛАСЫНДАҒЫ TRACY AVIARY САЯБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Сәннен сапаға көшу. Қауырсындар алғаш құс денесінде емес, құстар эволюциясына дейін динозаврларда пайда болды, тіпті кейбір ертеректегі тиранозаврларда да қауырсынның аса жетіле қоймаған түрі болған. Динозаврлар тұқымынан жалғыз қалған тізбек – құстар күрделірек қауырсынға ие болды.

Малай тауыс қырғауылы, Polyplectron malacense. Малай тауыс қырғауылы аналықтарға әсер ету үшін құйрығын жайып, ерекше желпуіш жасайды. Тауыс қырғауылы тіршілік ететін ормандар егістік алқаптарға айналуына байланысты олардың түрі мен саны күрт азайып кетті.

ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, КЛИНТОН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚЫРҒАУЫЛ БАҒЫНДА ТҮСІРІЛДІ

Басты көмкерген сәнді қауырсындар тек бүгінгі құстарда ғана емес, динозаврлар мен олардың арғы туыстары птерозаврларда да болған. Солдан оңға қарай, жоғарыдан бастап: қызыл желпуіш басты тотықұс (Deroptyus accipitrinus), көк тәжді тотықұс (Goura cristata), австралиялық тотықұс (Cacatua leadbeateri), қара какаду (Probosciger aterrimus) және қара тәжді тырна (Balearica pavonina).

ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАҒЫНДА; НЕБРАСКА ШТАТЫ, ОМАХА ҚАЛАСЫНДАҒЫ HENRY DOORLY ЗООБАҒЫНДА ЖӘНЕ ОКЕАНАРИУМЫНДА; АВСТРАЛИЯНЫҢ PARROTS IN PARADISE ҚОРЫҒЫНДА; СИНГАПУРДІҢ JURONG ҚҰСТАР САЯБАҒЫНДА; ОХАЙО ШТАТЫНДАҒЫ КОЛУМБУС ЗООБАҒЫНДА ЖӘНЕ ОКЕАНАРИУМЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Қызылкүрең кардинал, Cardinalis phoeniceus. Солтүстік америкалық «бөлесі» секілді Колумбия мен Венесуэланың қызылкүрең кардиналының сұлулығы да көздің жауын алады. Аталық қауырсындары күрең-қызыл және олар ұзын өткір айдарларын ұдайы тік ұстайды.

ФОТО КОЛУМБИЯНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰСТАР ҚОРЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Кемедегінің жаны бір. Құстар өсімдіктерді тозаңдандыруда, жәндіктердің санын реттеуде және ыдырауға ұшыраған өлекселерді жоюда маңызды роль атқарады. «Құстармен біздің тағдырымыз бір, – дейді фотограф Джоэль Сартор «Фото-араша» жобасында, – біз не бір төбеде, не бір шұңқырда боламыз».

Африкалық қозықұмай, Gyps coprotheres. Қозықұмайларды ең сүйкімді құстарға жатқызу қиын, Се-бебі олар жиіркенішті нәрселерді қомағайлана жейді. Бірақ олар болмаса, жұқпалы ауру түрлерінің таралу аумағы кеңейе түсері анық.

ФОТО КОЛОРАДО ШТАТЫ, КОЛОРАДО-СПРИНГС ҚАЛАСЫНДАҒЫ CHEYENNE ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Орнитолог Д. Франзен «NG» журналының 2013 жылғы шілде айындағы санында сайрағыш жыл құстары туралы жазған болатын. Фотограф Д.Сартор «NG» журналының natgeophotoark.org вебсайтындағы «Фото-араша» жобасы үшін әлем жануарларының студиялық суреттерін құрауда.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу