.

Қар астында қалған із

Наурыз айының суығында ауыл тұрғындары мына секілді жартылай жабайы жылқыларға қолдан жем-шөп береді. Жазда олар осылармен аң терісін тасиды. Фотограф отбасы бұл биеге «Кішкентай» деп ат қойыпты.

Жаc зерттеуші ата-бабасының қиырдағы мекеніне сапар шекті.

Кейде шынайы өмірде де таңғажайыптар болады. Қалада өскен Елена Анасова бала кезінде қиындығы мен қызығы мол, ит тұмсығы батпайтын ну орманы бар ауыл туралы аңыз-әңгімелерді жиі еститін. Енді, міне, жасы 34-ке келген суретшінің өзі 300 жылдан астам уақыт бұрын ата-бабалары қоныс тепкен мекенге табан тіреді. Олар аң терісі үшін Сібірге көшіп келіп, осында тұрақтап қалған орыс аңшылары болатын. Анасованың әкесі осында дүниеге келген және осы жерді Отаным деп есептейтін.

Бұлан тілі – мейрам дастарқанының сәні. Дашаның анасы әп-сәтте аң терісін сыдырып, етін бұзып, қазанға салады. Қолына кәмпит ұстаған бес жасар қыз бұл көрініске тамсана қарап тұр.

Тунгус немесе евенки тілінен жалпақ тілмен ауылдың аты Арал деп аударылады. Алшақтық пен шекараны көрсету – Анасова зерттеуінің түпкі мақсаты. Бұл ғажайып әрі оқшауланған Аралға жол талғамайтын көлікпен жетесіз. Ол үшін батпақты субарктикалық тайгада белгілі бір уақыт қатып жататын қысқы жолды пайдаланасыз. Ең жылдам көлік – тік­ұшақ. Ол ауылға 300 шақырым қашықтықта орналасқан Киренск қаласынан айына екі рет ұшады. Егер адам саны толып кетсе, тағы екі апта сарылып күтуге тура келеді.

Мадоннаға ұқсайтын фотографтың жиені Валентина кенжесін құшақтап тұр. Он айлық Варвара түлкі терісімен ойнап отыр.

Анасова Аралға жеткенде атқарылар жұмыстың көптігін байқады да қайтуға асықпады. Күн жылы кезде аңға қар көліктерінсіз-ақ атпен шыға беруге болады. Қалаға барғанда ғана болмаса, басқа кезде мұнда қолма-қол ақша аса көп қажет емес. Ауылдан кейін қала өмірі басқаша көрінеді. «Шаһар тіршілігі қиын, себебі жаның тыншымайды, – дейді Анасова. – Тіпті, қақаған аяздың өзін аңсайсың».

Иттер жайлы орынға жайғасып алыпты. Ауылдықтар әр иттің генеологиялық ізін бақылып отырады: жақсы аңшы болады дегендерінің бөлек тізімі бар.

Маусым айында ауа температурасы сәл көтеріледі. Анасова айфонына ауа райы деректерін сақтап отыратын. Қаңтар айының бір таңында температура -53-ті көрсетіп тұрды.

Мұнда ауызсудан таршылық болмаса да, қарт аңшы Валерий әр таңды бетін қармен жуып қарсы алады. Себебі суық күш-қуаттың қайнары саналады.

Автор: Ив Конант, фото: Елена Анасова


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу