.

Канадалық режиссер Ботай мәдениеті туралы фильм түсіріп жатыр

DCIM100MEDIADJI_0008.JPG

Әлем өркениетінің ежелгі мекені саналатын Ботай мәдениетін археолог-ғалымдар жылқының ең алғаш қолға үйретілген жері ретінде таниды. Жылқы ғана емес, осы өңірден табылған жәдігерлер арқылы ғалымдар адамзаттың алғаш рет арбаны пайдаланғанын, қымыздың да ең алғаш осында өндірілгенін мақұлдайды. Жақында канадалық белгілі продюссер, режиссер әрі антрополог Найоби Томпсон Ботай мәдениеті туралы деректі фильм түсіруге кіріскен болатын.

(фото ++)

Жобаға қолдау білдірген Қазақ Географиялық Қоғамы түсірілім жүріп жатқан Иман Борлық өзені жағасындағы Ботай қонысында баспасөз мәслихатын өткізді. Мәслихат Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатқан алаңда тігілген қазақтың киіз үйінде ұйымдастырылды.

DCIM100MEDIADJI_0016.JPG

Археологиялық қазбалар кеніне айналған бұл өңір әлемдік тарихқа «Ботай мәдениеті» деген атаумен енген. Көне тарихтың қатпарлы құпияларын қойнауына ұстаған осы қоныстыдүние ғалымдары «ежелгі адамдар қонысы» деп те атайды. Айта кетерлігі, қырық жыл бойы жүргізілген қазба жұмыстарының арқасында қазір Ботай мәдениетіне қатысты 9 адамның қаңқасы мен тонналаған жылқы сүйектері табылған екен.

фото - 04

Соңғы жылдары зооархеологтар дәл осыБотай қазбаларына көбірек қызығушылық таныта бастаған. Бұған басты себеп: араб, ағылшын тұқымды жылқылардың Ботай мәдениетінен тарағандығы туралы болжамның айтылуы екен. «Біраз жылдар бойы жылқы алғаш рет Украинаның Дериевка деген жерінде қолға үйретілді деп есептелген. Бұл – шамамен III-VI мыңжылдық. Ал Ботай мәдениетінің пайда болуы күллі әлем ғалымдарын таңғалдырды. Қазба орнында адам қаңқаларына қарағанда жылқы сүйегі көп кездеседі. Дегенмен, биылғы жазда археологтар тағы бір ботайлық «тұрғынды» анықтады. Оның жасы мен жынысы нақтыланған жоқ. Қазір зерттеу жұмыстары жүріп жатыр», – дейді қазақстандық архолог Виктор Зайберт. Оның сөзіне қарағанда, Ботай мәдениетінің тарихы бір ғасырға жуық кезеңді қамтып жатыр. Ал осы уақыт аралығында ботайлықтар 365 мың жылқыны сойып жеген деген ақпаратты ғалымдар тұспалмен мәлімдеген.

фото - 09

«Қырық жылғы қазба» демекші өткен ғасырдың 70-і жылдары Ботай мәдениеті ашылғалы бері бұл жерге дүркін-дүркін экспедициялар ұйымдастырылды. 1998 жылы ескерткіш ЮНЕСКО тізіміне еніп, «Ботай мәдениеті» деген атпен тарихи айналымға шықты. Одан бері осы ата-қонысқа қызығушылар көп. Мәселен, америкалық оқымысты Д.Энтони «қазіргі заманның ғалымдары әлемдік тарихтың көптеген сауалдарына жауапты Ботайдан табатын еді» деген пікір айтса, Кембридж университетінің профессоры М.Левина бастаған беделді ғалымдар ауқымды ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырды. Би-Би-Си телекомпаниясы ерте дәуір адамдарының өмірі мен олардың тыныс-тіршілігінің бөлінбес бір бөлігіне айналған жылқы жайлы телехабарлар түсірді. Бұл бағыттағы жұмыстар енді жаңа қырынан жалғасатыны да сөзсіз.

фото - 05

Ботай мәдениетінің тарихын қопара түсуге биыл Канада, Дания, Ұлыбритания, Франция секілді елдерден тарихшылар, археологтар, генетиктер мен антропологтар арнайы келген екен. Солардың қатарында жүрген белгілі режиссер әрі продюсер Найоби Томпсон ботайлық жылқылар туралы деректі фильм түсірумен айналысады. «Біз 1,5 жыл бойы әлемді аралап, адам мен жылқының арақатынасының сырын ашуға тырысып келеміз. Қазақстанда түсірілімді Ботай мәдениеті пайда болған жерден бастауды жөн санадық. Өйткені Еуразия аумағында алғаш рет жылқы малы осында қолға үйренген. Фильм 1,5 жылдан кейін көрерменге жол тартады», – дейді Томпсон.

фото - 06

Ал Қазақ География Қоғамы бірлестігінің төралқа мүшесі Нұрбол Баймұхановтың айтуынша, Ботай мәдениеті төңірегінде қолға алынған шаралар ұлт тарихының дамуына да тың серпін береді. «Жобаға археология ғылымындағы танымал тұлғалар қатысады. Сол арқылы жылқы мен адамның ара қатынасы:Еуразия аймағына қолға үйренген жылқы қалай тарады, ол өркениеттік прогреске қандай үлес қосты, жылқы еті мен қымызды қай заманда іше бастады, мұндағы адамдардың шығу тегі қандай деген маңызды сауалдарға жауап тапқымыз да келеді. Бұл үшін заманауи технологияларға да жүгінеміз», – дейді Н. Баймұханов.

фото - 01

Ботай мәдениеті – энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында Ботай қоныстарына байланысты аталған.Ботай мәдениеті жайлы алғашқы мәліметтер өткен ғасырдың 70-жылдары жариялана бастаған. Ал ғылымға беймәлім жәдігерлер мен құнды заттарды алғаш рет тарих пәнінің мұғалімі, Республиканың еңбек сіңірген ұстазы Есләмбек Зәкіриянов кездейсоқ тапқан екен. 1981-1983 жылдары Солтүстік Қазақстан университетінің археологиялық экспедициясы профессор Виктор Зайберттің жетекшілігімен қазба жұмыстарын жүргізілді. Ауданы 15 гектар жерді алып жатқан қоныстан 158 үйдің орны қазылып аршылған. Кейбіреуінде 30-ға тарта үйлер болған.

фото - 17

Қазбалар арқылы Иман Борлық өзені маңындағы өндірістік құрылыстарда ежелгі адамдар тас, ағаш, аңдардың сүйегі мен терісін өңдеп, киім тіккен, қыш ыдыстар дайындағаны табылды. Тастан жасалған жебе, садақ, қанжар, пышақ, найза ұштықтарының көптеп табылуы қоғам өмірінде аңшылықтың рөлін айқын көрсетеді. Сонымен қатар жылқының сүйегінен ағашты өңдейтін қашауғыш, құс сүйегінен киім тігуге арналған инелер, жуалдыз, тескіштер, тұмар мен әшекей бұйымдарының кездесуі шаруашылықтың әр саласынан хабар береді.

DCIM100MEDIADJI_0029.JPG

фото - 19

фото - 20

Ғалымдарды табылған ат сүйектерінің көптігі таң қалдырған. Аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтар көмегімен Ботайдан133 мыңдай жылқы сүйектері зерттелді. Нәтижесінде Ботай жылқылары бұрыннан белгілі жылқылар түріне жатпайтыны анықталған. Олардың сүйегі өзге де ежелгі аттар сүйегінен ерекшеленеді. Соған орай, ғалымдар бірауыздан ботай аттары қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Олар далада жүрген жабайы жануар еместігін айтады. Жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылған.

фото - 18

Ботай өңірінде сақталған жұмбақтар әліде баршылық. Ең бастысы ғалымдардың басым көпшілігі осы жерден дала өркениеті басталды деген пікірде тоқайласа бастады. Соның ішінде дәуірлер қанша алмасқанымен жылқыға етене жақын қазақ халқының бұл өлкеге көшіп келген келімсек емес, керісінше ұлы даланың байырғы тұрғыны екені де айғақтала түсуде. Ал Ботай жеріндегі қазбаларды жалғастырып, әлемді ондағы жаңалықтармен құлақтандырып отыру бұндай пайымды тек нақтылай бермек.

DCIM100MEDIADJI_0022.JPG

Авторы Қанат Қазы

Фото – Ерболат Шадрахов, Бекзат Сайназар.

    

Пікір жазу