.

Ағаштың киесі

Діңіне бес адамның құшағы әрең жететін, жеті ғасырдан бері өсіп тұрған алып ағашты қазақ халқы киелі санайды.

Ел ішінде бұл ағашқа қатысты аңыз-әңгімелер мен болған оқиғалар жиі айтылады. Дендролог мамандар ғылыми анықтама бермесе де, оның кәдігімгі қарағаш екені мәлім және ел айтып жүргендей оның жасы 700 емес, 750 жылдан да көп болуы мүмкін.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Қазақстанның Қытайдағы елшісі болып қызмет атқарған, қазірде Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов «Әулиеағаш» туралы мынадай қызықты дерек келтіреді: «Ағаш жайында алғаш рет 1757 жылы Қытай императоры Цяньлун сөз еткен. Ол өзінің жазғы резиденциясында Нұралы Сұлтан бастаған қазақтың 11 елшісін қабылдап, ұзақ әңгімелескен екен. Сонда император қазақ елшілерінен: «Біздің адамдар сіздердің жерлеріңізде көлеңкесіне 50 атты адам сыйып кететін, 500 жыл өмір сүріп тұрған алып ағаш бар деп айтып келді. Сол рас па?» – деп сұрағанда қазақ елшілері ондай ағаштың Жетісу жерінде расымен бар екенін, бірақ олар бұл сапарда Алтай арқылы келгендіктен оны көре алмағандығын айтады.

1941 жылы Әулиеағаш ауылына қырық шақты отбасы сырттан келіп қоныс­танады. Ауыл адамдарының: «Киелі ағашқа тимеңдер, қаһарына ұшырайсыңдар!» – деген ескертпесін елемеген бір жігіт ағаштың бұтақтарын кесіп, үйіне әкеледі. Ағашты әкелген түні бір отбасының сегіз бірдей мүшесі белгісіз жағдайда қайтыс болыпты. Сол күннен бастап, ол ағаштың тегін ағаш емес екені, бойында қандай да бір мистикалық күштің бары дүйім жұртқа лезде тарап кетеді.

Қалың ағаштың құшағына енген сәтте бойыңызды ерекше сергектік билеп, энергетикасы өте күшті екені бірден сезіледі және ондағы жас ағаштардың барлығы, алып ағашқа иіліп тұрғандай көрініс береді.

Жер бетінде ағаштар арасында өзінің межелі жасынан артық өмір сүретіндері кездесіп тұрады. «Әулие­ағаштың» ұзақ жылдар бойы өсіп тұруына ондағы топырақтың құрамы мен жерасты суының әсері бар болса керек, – дейді Қазақ  ұлттық аграрлық университеті Орман, жер ресурстары және фитосанитария факультеті деканының орынбасары, профессор Мая Шабалина. – Алайда Қазақстанда бұл ағашты арнайы зерттеген ешкім жоқ».

Авторы: Дәурен Құдайберген, фото: Екпін Хасенжан

       

Пікір жазу