«Бойшаң» үйлер — National Geographic Qazaqstan
.

«Бойшаң» үйлер

Нью-Джерси штаты, теңіз жағасы саябағында орналасқан мына үй «бәрін қайта бастаған» көрінеді: биіктетеліп, «жалаңаш» кейіпке енген.

«Санди» дауылы үйлерді қиратса да, тұрғындар оны қайта қалпына келтіреді. Анығында, қоқайтып қояды.

Жерде тұруы тиіс қарапайым үйлер «ауада» мүлде қызық көрінеді.

Нью-Джерси жағалауында 2012 жылы болған «Санди» алапат дауылынан кейін іргетасын нығайту үшін адамдар баспаналарына уақытша тіреуіштер қойып жатыр. Кейбірі мұның жаңа құрылыс талаптарына сәйкес болып, өздерінің тасқын қаупінен сақтану деңге­йін азайту үшін осылай жасаған болуы керек. Алайда басқалары үшін, менің ойымша, бұл кіндік қаны тамған мекенді тастамауға деген шынайы ниеттен туындайды.

25 жыл бойы мен отбасыммен Джерси жағалауына демалысқа келіп жүрдім. Жағажай қызметі 205 шақырымдай жағалау белдеуін қоршауға алған. 2013 жылы биікке көтеріліп салына бастаған үйлерді суретке түсіре бастадым. Әдетте, біз үйді тұрақты нәрсе деп ойлауға үйреніп қалғанбыз, дегенмен өздеріңіз көріп тұрғандай, оның астын қазуға, жоғары көтеруге, орнын ауыстыруға, «сілкілеуге» де болады.

Кейбір үйлер «Санди» дауылынан қатты зардап шеккен. Үйлерді биіктету үшін жөндеуден бөлек 150 000 АҚШ доллары қажет. Тек осылайша ғана тұрғындар үйлерін кезекті апаттан аман сақтап қала алады.

Нью-Джерсидегі «Санди» дауылынан кейін тұрғызылған үйлер. Сағат тілімен сол жақ жоғарыдан: Брик қалашығындағы үйдің астына тіреу қойылған; Мына гараждың есігі ашық; Томс Ривердегі Миззен даңғылындағы ағаштар әлі де – классикалық үлгіде қырқылған; Лавалеттедегі Кингфишер жолы мен Орталық даңғылдың қиылысындағы үйлер біршама биікте тұр.


Осы фотожоба бойынша жұмыс істеп жүргенімде «біз осы не істеп жүрміз» деген ой маза бермеді. Ғалымдардың болашақта климаттың өзгеруі теңіз деңгейінің көтеріліп кетуі мүмкін екенін ескертуіне қарамастан, біз қираған үйлерді қайта қалпына келтіруге тырысамыз.

Нью-Джерси, Юнион жағажайы, Пайн көшесі, терезеден гүлдер көрінеді. Олар пластик болуы да мүмкін. Дегенмен бұл үйдің иелері әлі де күдерін үзбеген секілді.

Авторы және фото түсірген Ира Вагнер


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу