.

Шарын шатқалы

Шарын… Алматы облысының Райымбек және Ұйғыр аудандары аумағында орналасқан осы бір табиғат нүктесі  соңғы ширек ғасырда БАҚ беттерінен түспей келеді. Дәл сондай шамадағы уақыттан бастап ол кино мен теле хабарлардың да өтімді тақырыбына айналып үлгерді. Осы орайда: «Бұған дейін  Шарын шатқалы неге дәл қазіргідей  насихатталмаған, операторлар мен фототілшілер  назарынан ол қалай тыс қалып келген?» деген сұрақтың туары анық.

Оған: «Аталмыш жерге  қызығушылықтың тууы соңғы онжылдықта дендей енген шоубизнестен туған сұраныстың әсері», – деп жауап беруге болады. Мәселен, «Мальборо» темекісін жарнамалаған ковбойлар  сияқты ролик қажет пе, оны осында түсіруге болады. Өйткені… Иә, өйткені, мұндағы  қызыл керіш топырақты сайлар, оның аңғарындағы  арантіс тастар мен қақ суының орнындағы шыт-шыт болып жарылған тақырлар атақты «Маккен алтыны» фильмі түсірілген Чилидегі Атакама шөлін көзге елестетеді. Ал, шатқалдың қос қапталындағы жаңбыр суы әбден айғыздап шайған тақыр төбелер мен күн, жел мұжыған жартастар ше?

Олар кім-кімге де болмасын Майн Рид пен Фенимор Купер шығармаларында суреттелетін Орталық Американың Кордильер тауларын, Колорадо шыңырауларын еске түсіргендей. Айтып-айтпай не керек, бұл нағыз шытырман оқиғалы фильмдер түсіруге лайық жер. Детективті киноларға бұдан артық табиғат фонын іздесеңіз де таппайсыз. Еске түсіріп көрейік. Егер бұрындары, яғни, ХХ ғасырдың 70-80 жылдары телеоперторлар мен фототілшілерді Қарқаралы, Марқакөл, Ақсу-Жабағылы мен Баянауыл баураған болса, ал қазір еліміздегі қайталанбас көрініске толы Шарын шатқалдары жаулап алып отыр. Бұл да мезгіл байлауы. Уақыт таңдауы.

Шарын шыңырауларының Америка, Австралия құрлық-тарындағыдай саванналық реликт көрініске ие рельефінен басқа тағы бір өзгешелігі бар. Ол – шатқалдың Сарытоғай орманы маңында кездесетін жұмбақ ағаш. Онда темір сияқты өте қатты, ыстық температураға шыдамды  ағаш өседі. Оны биолог-мамандар Шарындағы шетен (ясень) тоғайы деп жүр. Біздіңше бұл дұрыс емес, қате атау. Себебі, шетен – ағаштардың ішіндегі ең жасығы. Оның әлсіздігі сондай, егер қазық жасап жерге қақсаңыз, жаратылысынан морт ол соққы тиген сайын бой-бой болып сөгіліп, шытынап кетеді.

Бала күнімізде Сарытоғайдан әкелген жоғарыдағы темір ағашты аталарымыз бен әкелеріміз: «Бұл ерен ағашы. Оны өзен көпірінің астындағы тіреуішке қойсаң, шірімейді, үйдің төбесін жабарда белағашқа пайдалансаң, сынбайды», – деп отыратын. Амал не, халық арасында «ерен» деген атқа ие болған оны бүгіндері біз «шетен» деп шатасып жүрміз.

Республикамыздағы жиһаз жасайтын фирмаларға таптырмас шикізат болатын ерен ағашы өсетін жалғыз тоғай, міне, осы Шарын шатқалында! Бұл да оның бір құпиясы, ерекшелігі болса керек. Себебі, мұндай ағаш Орталық Америкада ғана бар дейді энциклопедиялық анықтама.

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Екпін Хасенжан, Ерболат Шадрахов

       

Пікір жазу