Ұлы көш — National Geographic Qazaqstan
.

Ұлы көш

Жыл құстары бастан кешетін қиын сапарлар мен адам баласының оларға жасайтын залалы туралы ойланып көрдік пе?

Солтүстік бозшағаласы. Басс аралы, Шотландия. Жұптасу маусымында 150 000 бозшағала Ферт-оф-Форт шығанағындағы осы аралға жиналады. Қыста бұл құстар Батыс Африкаға дейін ұшып барады. Вилькес пен оның көмекшісі жартасты жерде 28 сағат ұйқысыз тұрып, 1176 кадр түсірді. «Бұл медитацияға ұқсайды, – дейді ол, – ештеңені назардан тыс қалдырмайсың». Осы кескінді алу үшін шамамен 150 фото пайдаланылды.

Фото: Далримпл отбасы мен Шотландия теңіз құсы орталығының рұқсатымен түсірілген.

Панорамалы суреттерде құстар өмірінің бір күні бейнеленген. Фотограф Стефен Вилькес көріністі таңдап, аппаратын ыңғайластырып түнге дейін суретке түсірумен айналысты. Вилькес кейіннен үздік сәттерді таңдау үшін фотоларды редакциялап, тігіссіз құрама сурет шығарды. «Бұл суреттерден сол күнгі шынайы оқиғаны көресіз», – дейді ол.

Кіші фламинголар. Богория көлі, Кения. Африканың Ұлы рифт жазығын мекендейтін кіші фламинголар биік орналасқан тұзды көлдердің экстремалдық табиғи ортасында тіршілік етеді. Олар басқа жануарлар үшін улы болып табылатын балдыр гүлдерімен қоректенеді. Бұл құстар жыл құстарына жатпайды, бірақ олар көшпенді, қорек молдығына қарай бір өзеннен екіншісіне көше береді. Вилькес 10 метрлік құрама саты үстінде камуфляжға бүркеніп, 36 сағаттан астам уақытта 1742 кадр түсірді.

Канада тырнасы. Роу қорығы, Небраска штаты. Ақпанның ортасынан сәуірдің ортасына дейін жарты миллион Канада тырнасы Платт өзені бойына жиналады. Олар Мексика мен АҚШ-тың оңтүстігінен арып-ашып келіп, Арктиканың төменгі бөлігі мен өзендеріне жету үшін осында қоң жинайды. Сегіз метр жоғарыда жасырынған Вилькес 36 сағаттан астам уақыт жатып 1377 фото түсірді. Оның шамамен 200-і осы суретті жасауға пайдаланылды. Күндіз тырналар алқаптағы қалдық бидайға қарын тойғызады. Кешке толқын-толқын болып өзенге ағылады. «Бұл – бұрын-соңды мен көрген ең тамаша көріністердің бірі», – дейді ол.

Фотолар: Аудубонның Роу қорығының рұқсатымен түсірілген.

Қара қасты альбатростар мен оңтүстік Рокхоппер пингвиндері. Стипл Джейсон, Фолкленд Аралдары. Альбатростар теңіз маңайындағы шүйгін жерді пингвиндермен бөлісе жайғасады. Бірі – ұяларында балапандарын қорғап отырған кезде олардың серіктері мұхит үстінде қалықтап, жем іздеп жүреді. Олар Патагон қайраңы мен Аргентинадағы өзен тармақтарында қыстап, сол орталарына қайтып келеді. Осы қашықтағы мекенге жету үшін Вилькес ашулы оңтүстік тау каракаралары үйірінің арасынан өтіп келді. Ол үздік ракурс үшін шөп арасында тұрып 26 сағатта 926 фото түсірді, соның ішінен шамамен 80 фотодан осы сурет құрастырылды.

Фотолар жабайы табиғат қоғамының рұқсатымен түсірілген.


Күн ұясына қонар уақытта Жаңа Зеландиядағы Темза өзені үстімен кіші шырғалақтар үйірі ұшып-қонып жүрді.

Шырғалақтар ұзын тұмсықтарымен шұқылап, құрт-шаянын теріп жеп жүрген жұмсақ жағалау су астына кетіп жатты. Су ілгерілеген сайын олар жем іздеуін тоқтатып, мығым сирақтарына қадалған майлы денелерімен кербездене қозғалып жағалаудан әрі жылжиды. Түрі біраз ұсқынсыз және тұрпайылау, қауырсындары өңі кеткен қоңыр-сары шүберектей кіші шырғалақтар соншалық қарапа­йым көрінеді. Аспан алқызыл түске боялғанда олар ұясына қарай бет алды. Сағаттар бойы үзіліссіз демалып отыратын олар кәдімгі мақұлықтай көрінеді.

Еш нәрсе шындықтан қашық бола алмас еді. Алты ай бұрын бұл құстар Аляскадан ұзақ жол ұшып келген болатын. Таңғаларлығы сол, олар еш жерге қонбады. 8-9 күн қанаттарын тынымсыз қағумен болды, бұл шамамен 11 500 шақырым немесе Жер шарын айналып өтетін жолдың ширегінен асады.

Шырғалақтар мұнда келгенде әбден қалжырап әлсіз күйге түсетін. Қазір олар Аляскаға жетіп алатындай қоң жинап алды. Олар жазда сол жерде ұрпақ өрбітеді. Сары теңізге дейін шамамен 10 000 шақырым ұшады. Ол жерде алты аптадай азықтанып «демалып» алады да, тағы 6500 шақырым ұшады.

Кіші шырғалақтар мыңдаған жыл бойы көшіп-қонумен келеді, алайда олардың сапарлары туралы анық картина кейінгі он жылдықта ғана пайда болды. Құстар миграциясы ғасырлар бойы таңданыс тудырып келсе де, жаңа ғылыми ашылымдар олардың құпиясын жарыққа шығаруға көмектесуде. Сонымен бірге ғалымдар адам әрекеті мен климат өзгерісі осы ежелгі көш дәстүріне қалайша кедергі келтіріп, қауіп төндіріп жатқанын зерттеуде.

Кіші шырғалақтар Жаңа Зеландиядағы Хиткот және Авон өзендерінің сағасынан жем іздеп жүр. Олар Аляскадан Жаңа Зеландияға дейін тоқтамай ұшып келеді. Бірақ кері қайтарда Сары теңіз үстінде аялдайды.

Шырғалақтардың шағылысу маусымында Жаңа Зеландияда көзден ғайып болуына байланысты маори халқы оларға мистикалық құс ретінде қарай бастады. 1970 жылдары құс бақылаушылары мен биологтар: «Жаңа Зеландиядағы шырғалақтар мен Аляскада ұя салатын шырғалақтар бір емес пе екен», – деп күдіктене бастады. Алайда ғалымдар олардың миграция бағытын тек 2007 жылы ғана анықтай алды.

АҚШ Геологиялық басқармасының тұмса табиғат биологтары Боб Гилл мен Тереза Ли Тиббитс бірнеше шырғалақ ұстап алып, олардың ауа қапшығы ішіне спутниктік трансмиттер орнатты. Наурыз-мамыр аралығында солтүстік миграциядағы құстар тобын бақылады. Трансмиттер батареясының қуаты жаз бойына жетпейтін, сондықтан олардың біреуінен басқасы біртіндеп істен шықты. 2007 жылдың 30 тамызында Е7 код атаулы бір шырғалақ Аляскадан шықса да, сигнал таратуын тоқтатпады.

Зерттеушілер чип тағылған құстың Гавай аралдарын, Фиджиді артқа тастап, 7 қыркүйекте Жаңа Зеландияның солтүстік-батысындағы мүйіс үстінен ұшып өткенін тіркеген. «Бұл сәт жүйкені жұқартты, себебі батареяның қуаты таусылуға шақ қалған болатын», – деп еске алады Тиббитс. Сол түні E7 Темза өзенінің сағасына қонды. Сегіз күн сегіз түн және 11 500 шақырым, бұл – бұрын-соңды тіркелмеген ең ұзақ кідіріссіз ұшу сапары.

E7-ні бақылау жыл құстарының көшіп-қонуына деген қызығушылықты одан сайын арттыра түсті. Олар қайда барады? Соншалық алыс жерге қалайша ұшып бара алады? Жаңылыспай қалай жол табады? Спутниктік бақылау және басқа да технологиялардың дамуы зерттеушілерге осы сұрақтарға бұрын болмаған деңгейде тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.

Канаданың Альберта провинциясындағы орман ішін шарлап келе жатып, эколог Майкл Холлворт коннектикут сайрағыш құсының әніне құлақ түрді. Бұл – кеуде тұсы сары және көз сақинасы ақ түсті айрықша құс. Өздері электрондық құрылғымен белгілеп қойған аталық құс назарға ілінген кезде Холлворт пен оның әріптестері екі ағаш арасына көзге көрінбес тор құруға жедел кірісті. Холлворт тордың артына спикер орналастырып, оны кабель арқылы өз телефонына жалғады. Артынша  ағаш артына жасырып, аталық айқабақтың дыбысын қосты. «Бұл аумағыма әлдебір бәсекелес кіріп кетті ме» деп жанұшырған айқабақты тартудың қитұрқы тәсілі еді. Әрине, аталық құс «торға» түсті.

Сары теңіз – миллиондаған құстың аса маңызды азықтық мекені. Бірақ Қытай мен Оңтүстік Корея жағалауындағы қарқынды даму құстардың қоректену ортасын тарылтуда. Ирландия құмдауықтары, шырғалақтар мен балшықшы тәріздес жағалау құстары тартылып бара жатқан батпақтарда азық іздеп шарқ ұруға мәжбүр.

Құсты босатып жатып Холлворт оның арқасына орнатылған белгіні еппен алып тастады. Белгі деп отырғанымыз – салмағы бір граммға жетпейтін жарық деңгейін тоқтаусыз өлшейтін геолокация­лық құрылғы. Аймақтарға қарай күннің шығу-бату уақыты өзгеретіндіктен ғалымдар құс ұшып өткен жолды анықтау үшін алынған деректерді талдай алады. Холлворт пен оның әріптестері әлі жүргізіп жатқан осы талдау сайрағыш құстың қыс айларын нақты қай жерде өткізетінін анықтауға мүмкіндік береді. «Біз бұл құстың Оңтүстік Америкаға ұшып кететінін білеміз, бірақ әлі нақты қай жерге баратынын анықтауымыз қажет», – дейді ол.

Мұндай талпыныс құс миграциясын бақылауда қаншалықты ілгерілегеніміздің астын сызып көрсетеді. ХІХ ғасырдың басына дейін құстар популяциясының жылдың бір бөлігінде көзден таса болуын түсіндіретін теориялар ерекше қиял-ғажайып еді. Аристотель кей құстар қысқы ұйқыға кетеді не басқа түрге ауысады деп ойлаған. Орта ғасырдағы Еуропада ақжақты қарашақаздардың қыста пайда болуын олардың ағашта өсуімен түсіндіретін. XVI ғасырда әлдебір ағылшын ­минис­трі олардың Айға ұшып кететіні туралы теория ұсынған. Құстардың көшіп-қонатыны туралы ең ғажап айғақ 1822 жылы Германияда бір аңшы мойнына жебе қадалған ақ дегелекті әуеден атып түсірген кезде пайда болды. Жебе орталық Африкаға тән болатын. Натурализм жақтаушылары бұл оқиғадан дегелек мыңдаған шақырым жерді ұшып келген деген қорытынды жасады. 1906 жылы құс бақылаушылары ақ дегелектердің аяқтарына сақина тағып, олардың Африкадағы Сахара шөлінің төменгі аймағындағы қай жерлерді қыстағанын анықтай бастады.

Жебе қадалған дегелекті атып түсіргелі бері екі ғасырда ғалымдар мен құс бақылаушылары қанаттылардың мыңдаған түрінің мекен ауыстырулары жөнінде деректерді анықтады. Бізге белгілі құс түрлерінің шамамен жартысы жыл құстарына жатады. Лайсан альбатростары Тынық мұхиттың тропикалық аралдарында ұя салып, жылдың жартысына дерлігін азық іздеп мыңдаған шақырым қашықтыққа қалықтаумен өткізді. Олар тіпті Жапония мен Калифорнияның жағалауына де­йін ұшып барады. Қызылжемсаулы колибридің ұшуы құс қанатының құлашы үлкен болуы қажетті алғышарт емес екендігіне дәлел. Олар АҚШ және Канададағы үйірлерін тастап, Мексиканың оңтүстігінен Панамаға дейінгі қыстақтарына жалғыз ұшып барады.

Құстар өміріне төнген қауіптен қашу үшін мекен ауыстырады. Солтүстік Америкаға қыс келгенде қызылжемсаулы колибриге азық болатын нәрлі гүлдер мен жәндіктер өліп қалады. Сондықтан оның азығы мол жерге көшуден басқа амалы қалмайды. Канада мен АҚШ-та күн жылынуымен олардың ресурстары қайта жанданатындықтан солтүстіктегі үй көрік тарта бастайды.

Канада тырналары жұбы Нью Мексикодағы Боск-дель-Апаче ұлттық табиғи қорығында жұптасу биін билеуде. Қорық, негізінен, 1939 жылы осы Канада тырналары мекендейтін табиғи ортаны қорғау мақсатында ашылған. Олар жартасты тауларда жұптасып, АҚШ-тың оңтүстік-батысы мен Мексиканы қыстайды.

Көптеген құстың миграциясына су тасқыны да себеп болады. Амазония су бассейніндегі Ману өзенінің жалаң құмды аралдарында ұя салатын қара сукесердің қосалқы тұқымдастары соның мысалы. Қыркүйектен бастап өңірде нөсерлеген жаңбыр басталған кезде бұл құстар Тынық мұхиты жағалауына жылжиды не биігірек жерлерге көшіп, су деңгейі түскенде қайта оралады.

Бұл миграция жолдары мыңдаған жылға созылған бейімделуден туған. Кейбір зерттеушілердің пайымдауынша, құстар көші өрісін қоңыржай аймақтарға кеңейтуден пайда болған. Басқа көзқарас бойынша көптеген құс түрі қоңыржай аймақтарда пайда болып, артынан жылдың салқынырақ мезгілдерін тропикалық өлкелерде өткізуді үйренген. «Шындығында, екі нұсқаның да белгілі бір дәлелі болуы мүмкін», – дейді Вингер.

Бүгінгінің ұшу бағыттарын тудырған бейімделу сырын кейбір қалыптан тыс миграциялардан іздеп табуға болады. Макс Планк атындағы орнитология институтының бұрынғы директоры Питер Бертхолдтың айтуынша, оның бір мысалы – батпақ айқабақтары. Бұл құстар Германияның солтүстігінен Шығыс Африкаға дейін ұшып барады. Ол жерде бірнеше апта болып, әрмен қарай Оңтүстік Африкаға бет алады. «Бұрынғы кездері олар қысты Сахараның оңтүстігінде өткізе беретін, өйткені аймақ біразға дейін жасыл болып қалатын. Бұл олар үшін жұмақ еді, – дейді Бертхолд, – кейіннен ол жердің шұрайы таусылып, батпақ айқабақтары оңтүстікке қарай кетуге мәжбүр болды».

Осындай көші-қон әдеті құстардың генінде жазылған ба, әлде олардың кішілері үлкендеріне қарап үйрене ме? «Табиғат па, әлде тәрбие ме» деген сарында көптеген сұрақтың жауабы осы екеуінің әлдебір араласынан тұратынға ұқсайды. «Бұл сала әлі өзінің «сәбилік» кезеңінде», – дейді зерттеуші ғалым Джессе Конклин.

Аляскадан Жаңа Зеландияға дейін тоқтаусыз ұшу адам ақылына қонуы оңай емес, сондықтан Гилл балалармен кіші шырғалақтар туралы әңгімелес­кенінде өз «фишкасын» қолданады. «Жарайды, қане, бәрің тұрыңдар, қолдарыңды созыңдар, енді қанаттарыңды қағыңдар, мұны қаншалықты ұзақ істей алатындарыңды көрейік», – деді Гилл оларға. Сосын қуақылана былай деді: «Енді осылай сегіз күн қатарынан істеп көріңдер».

Алысқа ұшатын басқа құстар секілді шырғалақтар да жолға шығардан апталар бұрын денесіне барынша май жинап, сапарға дайындалады. Осы май құстарға қуат береді. Сапарға шыққан кезде шырғалақ салмағының жартысы майдан құралады. Май олардың терісінің астында үш сантиметрге дейін қалыңдықта болады және іш құрылысын «қаптап» алады. «Мен оларды майбөксе деп атаймын», – дейді орнитолог Фил Бэттли.

Нью-Мексиконың Боск-дель-Апаче қорығында ақ қаздар аспанды торлап жүр. Бір кездері жойылуға шақ қалған олардың саны артқаны соншалық, қазір олар жұптасу мекендерін жұтаңдатып, басқа түрлерге қауіп төндіріп отыр. Бұл құстар Канаданың солтүстігінен шамамен қараша айында келіп, осы аймақта үш айдай қалады. Ақпан соңына таман көбі жұптасу өңірлеріне қарай ұшып кетті. Дональд Джеске, National Geographic шығармашылық қызметкері, Your Shot.

Май жинаған кезде олардың көкірек және аяқ бұлшықеттері үлкейіп кетеді. Басқа алыс қашықтыққа ұшатын құстар, мәселен, ирландия құмдауықтары ұшуға дайындық ретінде бұлшықетті асқазаны мен басқа мүшесін жиырып алады.

Басқа жыл құстары тәріздес шырғалақтар да желдің қуатын пайдаланады. Олар дауылдардың артынан Аляскадан оңтүстік бағытта соғатын желмен ілесе шыққанды «жөн көреді». Олардың Жаңа Зеландиядан ұшып шығуы жолға ыңғайлы ілеспе желмен тұспа-тұс келеді. «Жаңа Зеландиядан ұшып шыққанда жұмсақ жел сапарлас болады, – дейді Гилл, – бірақ артынан олар солтүстікке баратындықтан басқа желге «ілініседі». Олар Сары теңізден Аляскаға қарай ұшып шыққанда қайтадан жел олардың ыңғайына қарай соғады. Зерттеушілердің пайымдауынша, қалықтап жүргені байқалмаған шырғалақтар, тіпті жел ыңғайына келсе де, сапар бойы қанат қағумен болады. Ал альбатрос тәрізді түрлер қалықтауды пайдаланады.

Кей құстар ұйқы режимін реттеп отыратын таңдай қақтырар қабілетке ие. Макс Планк атындағы институтта істейтін Нилс Раттенборг пен оның әріптестері құлашы екі метрден асатын және Тынық мұхиты үстінде азық іздеп мыңдаған шақырым шарлайтын үлкен фрегаттардың ұйық­тау әдетін зерттеу үшін Галапагос аралдарына барды. Зерттеушілер мидың электрлі белсенділігін бақылау үшін датчиктер орналастырып, бастарына мәлімет жазатын құрылғыларды жапсырып қойды. Бұл құрылғылар құстардың орналасқан жері мен биіктікті тіркеп отырудан бөлек, олардың ұйқы режимі туралы ақпарат береді.

Тынық мұхиты үстінде 10 күн уақыт өткізгеннен кейін фригаттар ұяларына қайта оралды. Мәліметтер көрсеткеніндей, олар орташа 12 секундқа созылатын болар-болмас уақытқа ғана «көз шырымын» алған. Әдетте қалықтап жүріп ұйықтаған. Осындай үзік-үзік ұйқыларды қосқанда күніне орташа 42 минут шыққан. Ұяларындағы 12 сағаттық ұйқымен салыстырғанда, бұл – болмашы ғана нәрсе. Әуеде өткізген уақыттың басым бөлігінде құс миының жартысы ғана ұйықтаса, екінші жартысы ояу қалған.

Ұшу кезінде шырғалақтар да осы «әдіске» сүйене ме, жоқ па – мұны анықтау үшін зерттеушілерге айтарлықтай кіші өлшемдегі батареялар қажет. Раттенборгтың айтуынша, бұған қол жеткізуге болады. «Олар ұшып жүріп көз шырымын алуы мүмкін, бәлкім, тіпті қанат қағып жүріп те», – дейді ол.

Данияда өскен Хенрик Моуритсен өз өңіріне тән емес құстарды ауық-ауық көретін. Бірде ол шөл тасшымшығын суретке түсіріп алады. Бұл құс­тың кейбір үйірлері Орталық Азия мен Солтүстік Африкадан Үндістанға дейінгі аралықты мекендейді. «Соншалық алыс, беталды ұшатындай бұл құстарды не түлен түртті екен деген ой мазалады мені», – дейді ол. Осы ынтызарлық бүгінде профессорлыққа жеткен Моуритсенді дәл сол жұптасу мекендері мен қыстақтарға оралуда жол табу құпиясын іздеген зерттеушілердің еңбегіне жетеледі. Ғалымдар мұның бірнеше механизмін тапқан. Сірә, құстар осы механизмдерді пайдаланатынға ұқсайды.

Ақ дегелектер биік жерлерге ұялайды. Испанияның батысындағы Экстремадура облысында қаңырап қалған ғимаратта ақ дегелектер үйірі тіршілік ететін. Осы ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде қолдан жасалған ұя бағандары оларға пана болды. Ақ дегелектер миграциясы әртүрлі: кейбірі – Африкада қыстаса, кейбірі – Еуропадағы мекендерінен қашықтамайды.

1951 жылы неміс ғалымы Густав Крамер кәдімгі қараторғайлар компас ретінде күнге сенім артатынын анықтады. Артынша 1960 жылдарда эколог Стефен Эмлен америкалық шұбар шымшықтарды планетарийге орналастырып, құстардың жұлдыз­дарға қарап бағыт-бағдар табатынын көрсетті. Сол уақыттар шамасында ерлі-зайыпты неміс зоологтары Вольфганг және Росвита Вильчколар таңшымшықтар бойынша зертханалық жұмыс жүргізіп, құстардың ішкі магниттік компасы болатынын анықтады.

2003 жылы Моуритсен мен оның екі әріптесі Вильям Кохран және Мартин Викельски жабайы табиғатта мекен ауыстыратын сайрауықтардың навигациялық қабілетін зерттеу үшін тәжірибе жүргізді. Бастапқыда зерттеушілер құстарды күн батарда даладағы торға салып, оларды Жермен салыстырғанда шығысқа қарай 70-тен 90 градус аралығында ауыстырылған магниттік өріс ықпалында қалдырады. Денелеріне титімдей радио­-трансмиттерлер орналастырылған құстар түнде бостандыққа жіберіледі. Зерттеушілер олардың артынан 1100 шақырымға дейін аңдиды. Сапардың алғашқы түні құстар солтүстікке қарай ұшудың орнына батыс жаққа бет алған. Бірақ кейінгі түндері олар солтүстікке ұшқан, бұл солай болуы керек те еді. Зерттеушілер: «Құстар өз «магниттік компастары» арқылы ымырт түскенде бағыттарын түзеп отырды», – деп қорытындылады.

Моуритсеннің жорамалдауы бойынша, шыр­ғалақтар өз «магниттік компасына» сенім артып,  күн көрінген сайын оны қайта түзетіп отырады.

Шырғалақ тәріздес ирландия құмдауығы қиыр солтүстікте жұптасады да қыстау үшін оңтүстікке қарай мыңдаған шақырым ұшады. Ол жағалауда арық тұмсығымен ылғалды топырақты шұқылап ұлу іздейді. Джан ван Гилс әріптестерімен бірге осы құстардың теңіз шөбімен қоректеніп жүргенін көргенде бұл жағдайды түсіне алмады. Джан – теңіз экологі, ол Арктикада жұптасып, Мавританияда қыс­тайтын қосалқы түрлерді зерттейді. Зерттеу­шілер бұлардың тұмсығы қысқа, денесі әдеттегіден кішкентай балапан құмдауық екенін анықтады. Сондай-ақ олар балапандарының дене көлемі жылына қарай айтарлықтай өзгеретінін де білді. Арктикада ауа райы жылы болған кезде дүниеге келгендерінің денесі кішілеу, тұмсықтары қысқалау келеді. Мұның ең ақылға қонымды түсіндірмесі сол –  балапан кезінде қорегі жеткіліксіз болғандығы. Өйткені қар ерте еріп, олар қоректенетін жәндіктер тым ерте көбейіп, жұмыртқадан жаңа шыққан балапандарды азықсыз қалдырып, «тонап кеткен».

Олар Мавританияға көшкен кезде қысқа тұмсықты құмдауықтар балшыққа терең жасырынған ұлуларды аулауға тұмсықтарын жеткізе алмаған. «Теңіз шөбінің құнары аз, – дейді Гилс, – құмда­у­ықтар онымен қоректенеді деп еш ойламайтынбыз, бірақ олардың басқа амалы жоқ еді». Зерттеушілер сонымен бірге қысқа тұмсықты Ирландия құмдауықтарының ғұмыры да қысқа болатынын анықтады. «Арктикадағы қоректің азаюы­нан қашқанымен айналып келгенде тропикада аштан өлуге тура келді», – дейді ол.

Ирландия құмдауықтарының үйірі Ирландия теңізі жағалауындағы жел стансасы алдында топтаса ұшып жүр. Құмдауықтардың бұл түрі Арктикалық Канадада және Гренландияда жұптасып, батыс Еуропа жағалауларында қыстайды. Жел турбиналары құс популяциясына қауіп төндіре ме, жоқ па – Еуропа зерттеушілері осыны анықтауда.

Ирландия құмдауықтары климат өзгерісі мен экологиялық залалдың жыл құстарына зияны тиіп жатқанына нақты дәлел бола алады. Көптеген теңіз құсының түрлері өткен жарты ғасырда күрт азайып кетті. Ал Солтүстік Америкадағы жағалау құстарының саны 1973 жылдан бері 70 пайызға қысқарған. Шығыс Азия-Австралия әуежолын пайдаланатын түрлер де күрт азайған. Мұның басты себебі Сары теңіз үстіндегі аялдау мекендерінің тоқтаусыз бүлінуімен байланысты сияқты. Мұндағы судың көтерілуі мен қайтуына тәуелді жағалаулар айлақ, зауыт немесе тұрғынжай құрылысы үшін бас айналдырар жылдамдықпен игеріліп жатыр.

Сол сияқты заңсыз аңшылық пен жер пайдаланудағы өзгерістер Еуропа мен Африка және Солтүстік Америка мен Оңтүстік Америка арасында көшіп-қонатын құстарға қауіп төндірді. Табиғат қорғаушылар: «Тек Жерорта теңізі аумағының өзінде жылына 11 миллионнан 36 миллионға дейін құс өлтіріледі», – дейді. Африкада Сахара шөлінің төменгі жағындағы қыстық мекендер алыс қашықтықтан келетін көптеген жыл құсына бұрынғыдай «қонақжай» емес. Өйткені жерлердің көбі ауыл шаруашылығы үшін өсімдік жамылғысынан айырылған. Аялдау мекендеріндегі фермалардың қанат жаюы жыл құстарын азықсыз қалдырды. Мәселен, оңтүстік Еуропада шағын ферма кластерлері аз болатын, олардың арасында адам қолы тимеген алаңдар бар-тұғын. Осы жерлер мол қорек көзі еді. Қазір бұл ландшафт үлкен массивтерге гомогенизделген. Мұнда жүгері тәріздес дара дақылдар егіліп, өнім шашаусыз жиналады.

«Әр дара дақыл толық пайдаланылады, сондықтан соңында еш нәрсе қалмайды, – дейді зерттеуші ғалым Ганс-Гунтер Бауер, – құстар үшін бұл зор қиындық тудырады, өйткені алдағы сапар үшін оларға қоң жинау қажет».

Осы дабылды тенденцияларды кері қайтару үшін табиғат қорғаудың түрлі шаралары – ормандар мен жағалауларды қорғаудан бастап, жыл құстарын аулауға және атуға тыйым салатын заңдарды қабылдауға дейін қажет болар еді. «Жаңа технологиялар табиғат қорғау шараларына көмектесе алар еді, – дейді Смитсонов жыл құстары орталығының басшысы Пит Марра, – соңғы елу жылда саны 60 пайыздан астам азайып бара жатқан орман сайрауықтары тәріздес түрлерге АҚШ-тың оңтүстік-шығысындағы жұптасу аймақтарында болып жатқан жағдайлар, Мексика мен Колумбияның қысқы мекендеу аймақтарының жойылуы ықпал етіп отыр». Зерттеушілер құстардың жұптасу мекендеріндегі орманды алқаптардың жойылуынан көбірек зардап шегіп отырғандарын анықтады.

Жаңа Зеландия күні жарқырап тұр. Түс ауған шақ. Джессе Конклин есімді бұл азамат Манавату өзенінің сағасындағы тұзды батпаққа бет алды. Құмды жағалаудан шамамен 30 метрде бес-алты шырғалақ қонақтап отыр.

Өздері жұптасатын Арктикадан қыстау үшін АҚШ-тағы Тынық мұхиты жағалауына ұшып шыққан үш тундра аққуы бұлтты аспанда қанаттарын үйлесе қағады. Әдетте олардың топтағы саны жүзге жетеді, не одан да асады.

Конклин штативке телескоп орнатты. Он жылдан бері ғалым осы өзен сағасына жылда келеді. Конклиннің бақылауына жылма-жыл оралатын 160-тай шырғалақ іліккен. Оларды аяқтарына байланған түрлі-түсті баудан тануға болады. Ол желдің теріс келуінен сақтанып, ұшу күнін өзгерткенімен, жалпы шырғалақтар жыл сайын бір уақытта ұшып кететінін байқады.

Алайда біраздан бері бұл құстардың өзен сағасынан ұшып кету уақытының өзгергені білінеді. Конклиннің шырғалақтары қазір 2008-2010 жылдарға дейінгі аралыққа қарағанда орташа бес күн ерте ұшып кетеді. Қалғаны басы артық күндері Сары теңіздегі қоректік жерлерде қоң жинап, Аляс­каға шамамен бірдей уақытта жетеді. Олардың ерте ұшып кетуі аялдау алаңдарында ұзағырақ қалу үшін бе, әлде Аляскадағы жаз маусымына үлгеру үшін бе – түсініксіз.

Сол күні түс қайта Конклин телескоппен шыр­ғалақтарға үңілді. Құстардың кейбірі шомылып, тарану үшін суға күмп бергенде Конклин олардың бұл әдеті кетуге ыңғайланғандарының белгісі болуы мүмкін екенін білді.

Артынша шырғалақтардың бірі қатты, жоғары дауыспен шаңқылдай бастады. Басқа шырғалақтар жауап берді. Бір жұп шырғалақ топқа қосылу үшін жандарына ұшып барды. «Олар шын ақпарат алмасуда ма, айталық, «жел ұнап тұр ма» деп «сөйлесті» ме, әлде олар кеткісі келетін барлық құсты жинау үшін осылай дыбыстай ма, білмеймін», – дейді Конклин.

Күн батуға таяғанда құс шаңқылы күшейіп, артынша бірден бәрі ұша жөнелді. Ол құстарды бақылау үшін телескопты ыңғайлады, белгі салынғаны 10 екен. Өзен сағасы үстінде жылдам көтерілген үйір созыла келе V тізбегін құрады. Конклин олар күңгірт көк аспанда көзден ғайып болғанша қарап тұрды.

Автор: Юдиджит Баттачарджи, фото: Стефен Вилькес


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу