.

Түркістан – екі дүние есігі ғой!

Жуырда Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып жарияланды да артынша облыс атауы Түркістан деп өзгертілді. Таңдау неге бұл қалаға түсті дегенге келер болсақ, оны іштей бірнеше сатыға бөліп қарауға болатындай.

Бұрынғы облыс орталығы Шымкенттегі тұрғындар саны 1 000 000 межені еңсергендіктен ол қала Астана, Алматы секілді республикалық маңызға ие мегаполистер қатарына кірді. Ал Түркістанда 161 мың ғана халық тұрады. Түркістан әуелден туристік қала болып саналады.  Сондықтан шаһарда жаңадан мейрамханалар, сауда және ойын-сауық орталықтары мен қонақ үйлердің саны артып, қызмет көрсету сапасы жоғарылайтыны анық. Бұл шешімнің ең маңызды тұсы – Түркістанға жақын орналасқан Ащысай мен Кентау секілді шағын қалалардың да дамуына оң әсері тиеді деген сенім бар.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 1978 жылы мұражай ретінде мемлекеттік тіркеуге алынып, ал 1991 жылы кесене аумағы «Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі» болып қайта құрылды. Қорықтың жалпы аумағы 88,7 гектар жерді алып жатыр. Онда ортағасырлық 71 ескерткіш пен 22 сәулет ғимарат орналасқан. Кесененің ішінде мешіт, кітапхана, екі сарай залы, сағана, тұрғын бөлмелер, асхана, орталық зал — қазандық, құдықхана бар. Кесененің екі жағына минареттер тұрғызылған.

Өткен жылы елімізге шет елдерден 7 миллионнан астам турист келсе, солардың әрбір бесіншісі Оңтүстік Қазақстан облысында болып қайтыпты. Бұл аймаққа туристердің топ-тобымен келуі бекер емес. Себебі мұнда киелі орындар мен табиғаты әсем жерлер жүздеп саналады. Оның ішінде әрине қасиетті Түркістан да бар.

Тайқазан 1399 жылы Қарнақ елді мекенінде сирек кездесетін асыл металдардың қоспасынан құйылған. Салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3 мың литр. Қазан сыртындағы арабтың гүлденген сульс және куфи қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оны шайхылардың сұлтаны Ахмет Йассауи кесенесіне арналып жасалғаны айтылады. Қазан сыртындағы жазулардың екінші қатарындағы он сегіз рет қайталанып жазылған «Мубарак бад» деген сөз де құтты болсын, берекелі болсын, береке дарыған орын деген мағынаны береді. 1935 жылы тайқазанды Санкт-Петербургтегі атақты мұражай Эрмитаж алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы ғана тарихи отанына қайтарылды.

Түркістан – бір жағы Сырдария өзені, екінші жағы Қаратаумен қоршалған, табиғи қорған ішіндегі киелі мекен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Есім ханнан кейінгі қазақ хандарының барлығы дерлік жерленген. Нақтырақ айтқанда, қасиетті мекенде қазақтың 21 ханының сүйегі жатыр. Сондықтан болар қасиетті мекенге талас-тартыс қай заманда да толастамаған.

«Мазардың сыртына қарап-ақ өлімді еске аласың. Ал мазмұнына үңілсең, өмірді қалай сүру керектігін ұғасың, – дейді Ясауитану Ғылыми зерттеу институтының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, – себебі бұл мазар – рух пен сана ескерткіші».

Тарихи деректерге жүгінсек, 1390-1395 жылдары әйгілі билеуші Әмір Темір бүкіл түркі руханиятының негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауидің ескі мазарының орнына су жаңа мемориалды ескерткіш салдырған.

Досай Кенжетайдың айтуынша, кесене кірпіштері 30 шақырым жердегі Саураннан 15 мың адамның бір-біріне қол жалғауы арқылы жеткізіліпті.

Аңыздарға қарағанда Ахмет Ясауи Мұхаммeд (с.ғ.с.) Пайғамбар жасына келген соң, оны аза тұту белгісі ретінде қалған өмірін өзі уағыз айтатын мешіт іргесінде қазылған жерасты мекенінде (Қылует) өткізді.

Есім хан — (1598-1628) билік құрған. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды. Оған бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен.

Рабиға Сұлтан Бегім Кесенесі Қожа Ахмет Иасауи музей қорығында орналасқан. Әмір Темірдің немересі, Әбілқайыр ханның әйелі ретінде арнайы салдырылған.

Кешен құрамындағы «Шығыс моншасы» 1976 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрған.

 

Автор: Дәурен Құдайберген

Фото: Нахып Шынтеміров, Мақсат Тұрсынбайұлы, Ерболат Шадрахов, Дмитрий Ругис

 

       

Пікір жазу