.

Астанада «Қазақстан – Ұлы дала елі» дәстүрлі көрмесі өтті

 

Қазақ халқының мыңжылдық тарихына қанығып, салт-дәстүрінен мағлұмат алғыңыз келсе «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде жыл сайын өтіп тұратын «Қазақстан – Ұлы дала елі» дәстүрлі көрмені тамашалауға асығыңыз.

Елордамыздың төрінде осымен екінші мәрте өткізіліп отырған бұл шара қазақтың ықылым заманнан бері қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық әуенімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Көрме мақсаты – қазақ мәдениетінің жаңа заман ырғағына сіңісіп, бейімделуін насихаттау, жастардың тарихи құндылықтарға қызығушылығын оятып, отандық өнім өндірушілердің жұмысын қалың көпшілікке ұсыну.

Алматыдан арнайы шақыртумен келген «Kadam_Kz» өндірістік бірлестігінің жетекшісі Әсел Болатқызы мұндай көрмелер қазақстандық қолөнер шеберлері қолынан шыққан өнімдерді жарнамалауда таптырмас алаң болып табылатынын айтты. «Ұлттық нақышта жасалған өнімдерді сауда орталықтарына шығару оңай емес. Себебі онда орынды жалға алу өте қымбат әрі тиімсіз, – дейді ол, – ал сапалы тауардың арзан тұрмайтыны анық».

Көрмеге қатысқан қолөнер шеберлері жаңа өнерді үйренуге ниет танытқан жандарға арнап тәлімгерлік сабақтарын өткізіп, әр сала бойынша өзара сайысқа түсті.

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Зәуре Қолдасбекова көрмеге қатысушылар әсіресе қазақ үй ішіндегі ағаш кебеже, төсек орын, қобдиша-сандықтар, қазақ батырларының киімдеріне қызығушылық танытқанын айтты. «Көрмеге былғарыдан жасалған киім-кешек, тұрмыстық және шаруашылық құралдар, қару-жарақ секілді заттардың тек ғылыми жолмен қайта қалпына келтірілген көшірмелері ғана қойылды, – дейді  ол. – Бұл шара сонысымен ерекшеленеді».

Көрме-байқау соңы фольклорлық музыканы ерекше интерпретацияда ұсынар өнерпаздардың гала-концертімен жалғасты. Қобыз, домбыра, электрогитара, сыбызғы мен сырнайды заманауи технологиямен ұштастырылған әуендер мерекелік кештің шырайын аша түсті. Олардың ішінде көмеймен орындаушылардың заманауи үлгілерін ұлты саха, челябалық Тюргэн Кам мен жергілікті «Арқайым» нео-этно-фолк тобы көрермендер тарапынан ерекше ықыласқа бөленді.

Астананың  20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған көрмеге ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Англия, Ресей мен Қытай елінен келген қонақтардан бөлек, Жапония мен Индонезия елшілері де қатысты.

«Бүгінгі таңғажайып көрмені тамашалауға шақырғандарыңызға ризамын. Жапон халқы атынан алғыс білдіремін. Мен әркез қазақ халқының ұлы мәдениетіне ерекше көңіл аударумен келемін» – деген Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кавабата елордалықтарды Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Авторы: Дәурен Құдайберген; Фото: Ерлан Омаров

       

Пікір жазу