.

Бес саусақ

Бұл су­ретті алдымен біз жур­налист әріптесіміз Қайырды Назырбаевтың қолынан көрдік. Ол Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданын­дағы Маралды ауылы маңайынан түсіріліпті. Сөз ретіне қарай айта кетейік, Қайрекең сол өр Алтай өңірінің тумасы. Көп жыл мұндағы «Арай» – «Луч» аудандық газетінде редактор болып, осы бертінде ғана Астанаға қоныс аударған. Осыдан біраз уақыт бұрын еңбек демалысын алып, елге барғанда табиғаттың мына таңғажайып туындысын көріп, суретке түсіріп алыпты.

– Бұрын бұл құбылысты көріп пе едіңіз? Аудандық газетте жүргенде одан хабарыңыз болды ма? – дейміз біз Қайрекеңе суретті аударып-төңкере қарап отырып.

– Жоқ, – дейді әріптесіміз. – Мұны маған айтқан да, апарып көрсеткен де Маралды ауылындағы Сержан Мұқажанов деген жерлесім.

– Сонда ол өзіңіз айтып отырған ауылдың қай жерінде? Нақтылап айтыңызшы… Іргесінде ме, жоқ әлде…

– Маралдыдан 3-4 шақырым қашықтықта терең шатқал бар екен. Міне, сол жерде суы қақаған қыста да қатпайтын Алтынбұлақ атты тұма жерден бұрқылдай қайнап шығып жатыр. Соның дәл түбінде осы «Бес саусақ» жартасы тұр.

Жоғарыдағы әңгімеден кейін де арада он екі жыл өткен. Сол уақыттарда көз алдымызға ара-тұра болса да «Бес саусақ» жартасы келе берген. Ойымызда: «Шіркін, сол жерге барсақ, құпия сыр бүккен таңбалы тасты өз көзімізбен көрсек», – деген арман барды. Биыл Алтай өңіріндегі іс-сапарымызда жоғарыдағы жоспарымыздың жүзеге асқан жайы бар. Сонда жұмбақ жартасты іздеп бардық. Өз көзімізбен көрдік. Ондағы таңбаны қолымызбен ұстап, таңғалдық. Өйткені… Жартастағы бедер құдды бір алып адамның алақанының айна-қатесіз көшірмесі сияқты. Ондағы ұзынды-қысқалы саусақтар бейнесінің әрқайсысы кісі бойынан асады. Біреуі биік, біреуі аласа сол ойықтар баяғы бір заманда балқып тұрған тасқа алып адам алақанын саусақтарымен басып алғаннан қалған белгі секілді боп көрінеді. Бұдан артық суреттеп те, баяндап та бере алмаймыз. Себебі, бұл ғажайып табиғат туындысын тек іздеп бару керек, көзбен асықпай көру қажет.

Осыдан кейін жартастың төңірегін шарлап біраз жүрдік. «Бес саусақ» тұрған Алтынбұлақ тұмасы маңайында ғажайып бейнелер өте көп екен. Қиядағы ауызын аша ысылдап тұрған тас жылан, кемиек құзды жақпартастағы белі бүкірейген кемпір оба, ортасы тесік қақпа тас… Міне, осылардың бәрі «Бес саусақ» жақпартасының төңірегінде топтасқан.

Авторы: Жанболат Аупбаев.

       

Пікір жазу