.

Қор болған қорық

Көктемде солтүстік бұғылары қорықтың жағалау алқабына қоныс аударады. Алты апта олар тундрада жайылып, төлдеп, масалар мен жыртқыштардан қашып жүреді. Жыртқыштардың қатарында Алясканың жергілікті аңшылары да бар. Олар үшін солтүстік бұғылары маңызды ресурс саналады. Бұл жағалау алабы мұнайға да бай болуы бек мүмкін.

Бәске қойылған тәуекел! Мұнай үшін арктика қорығының есігі ашылмақ. Конгресс оны дауысқа салды.

Ұшақ кедір-бұдыр әуе жолымен тербеле қозғалып, Кактовик ауылы үстінен ентелей ұшып барып, қоңыр тундра үстінде сары нүктеге айналды. Бұл – АҚШ-тағы жылжымайтын мүлік ішіндегі ең даулы жер.

Арктика ұлттық тұмса табиғат қорығының жағалау алқабы мың жыл бойы карибулер (солтүстік бұғылары) табыны мен жыл құстарының жазғы, ақ аюлардың қысқы мекені, Аляскадағы жергілікті тұрғындар үшін аң аулайтын аймақ болатын. Сонымен қатар оның қойнауында 7,7 миллиард баррель мұнай болуы бек мүмкін. Мәселенің мәні де – осында.

1980 жылы Конгресс 7,8 миллион гектарлық қорық құрғанда, он жыл болмай жатып елде екінші мұнай дағдарысы пайда болды. Сондықтан заң шығарушылар 607 мың гектар жағалау алабын алып жатқан мұнайы мол аймақтың тағдырын шешуді кейінге қалдырды. Олар содан бері осы мәселеде тартысып келеді.

Арктика ұлттық тұмса табиғат қорығы. Брукс сілемі арқылы өтетін жолда тар алқапқа топтас­қан Поркьюпайн табынын­дағы 218 мың бас солтүстік бұғысы Питерс көлі маңында жайылып жүр. Қорық таулардан басталып, Бьюфорт теңізіне дейінді 7,8 миллион гектарға созылып жатыр.

«1970 жылдардың басында алғаш осында келгенімде, бұл шектеулерден таза мемлекет болатын. Қазіргі таңда БАҚ назары осы қорыққа ауған сайын, келушілер саны да көбеймек», – дейді Алясканың Балық және аңшылық шаруашылығы департаментінің зейнеттегі биологі, пилот Пэт Валкенбург.

Валкенбургпен ұшқан сапарым 2005 жылы болған еді. Ол кезде қорық туралы баспасөзде көп айтыла бермейтін. Бұл жердің мұнайы Республикашыларға тыныштық бермей келе жатқанына 40 жылдан асты. Ондаған сәтсіз талпыныстардан кейін күні кеше Аляска сенаторы Лиза Меркауски салық туралы заңнама жобасына бұрғылау­­ды енгізіп, оның партиясы осы заңнаманы өткен жылы қабылдап үлгерді.

Сарапшылардың айтуынша, бұрғылау әлі көп жыл болмайды. Бірақ АҚШ-тың қазіргі әкімшілігі жаңа заңнамаға сәйкес, әрқайсысы кемінде 162 мың гектардан болатын екі лизингтік сатылымды жалғастыруға ниетті. Түрлі нормативті және заң кедергілерінің жойылу ықтималдығын ескерсек, Аляска мен АҚШ үкіметі түсімді бөліп алады. АҚШ Конгресінің бюджетті игеру департаменті оның құнын 2,2 миллиард долларға бағалап отыр. Кейінгі лизингтік құндар бұл соманың асыра сілтенгенін көрсетеді.

Сату мен табыс салығы жоқ Аляска штаты әр тиынға мұқтаж. Мұнай-газ индустриясы штат бюджетінің 90 пайызын құрайды. Әр аляскалыққа берілетін 1000 доллардан астам жылдық дивиденд те, негізінен, Транс­аляскалық мұнай құбыры (TAPS) арқылы тасымалданатын Норт Слоуп мұнайына салынатын салық есебінен төленеді. Мұнай бағасы 2014 жылы күрт түсіп кеткелі бері, штат бюджетінің шығыны бірнеше миллиард доллар болды. Жығылғанға жұдырық болғандай, кейін бағаның көтерілгеніне қарамастан, құбыр арқылы жөнелтілетін мұнай көлемі 1988 жылдан бері тұрақты түрде азайып келеді. АҚШ Энергетикалық ақпарат әкімшілігінің 2012 жылғы есебіне сай, мұнай бағасы осы төмен күйінде қалса, құбыр 2026 жылға қарай жабылады.

Аюдың үш түрі де, Арктика қорығы мекендейді. Гризлиді байқаған кезде Флориан Шульц Каннинг өзені бойында бұғыларды суретке түсіріп жүрген болатын. Кенет 40 метр жерден ол өзіне қарап тұрған аюды байқайды. «Мұндай алыпты ұмыту мүмкін емес» – деп мәлімдеді қорықты басқаратын АҚШ Балық аулау және жабайы жануар­ларды қорғау қызметі. Мұнда гризлилерді аулауға рұқсат берілген.

«Егер олар құбырды жапса, Аляска қаңсып, тақырға отырады», – дейді еңбек өтілін сонда өткізген бір мұнай геологі. Штаттың жеке секторындағы 300 000 жұмыс орнының үштен бірі осы шикізатқа тәуелді.

Бүгіннің өзінде қорықтың батысындағы Аляска ұлттық мұнай қоры мен осы штатқа тиесілі жердің барлығы барлау жұмыстарына ашық. Жаңа зерттеулер бойынша бұл аймақ қойнауында 8,7 миллиард баррель мұнай бар. Бұл Арктика ұлттық қорығындағы қордан бір миллиард баррельге көп. АҚШ Геологиялық барлау (USGS) жүргізген бұл есептеулер желтоқсанда мәлім болды.

Аляска саясаткерлері үшін мұнай қатты қажет шығар, бірақ төменгі 48 штаттың тақтатас мұнайы мен газына малынып жатқан ел үшін Американың табиғи қорығында бұрғылау жүргізудің шығыны мен пайдасын есептеудің мәні бөлек. «Бұл – миллион долларлық сұрақ, – дейді Анкоридждегі Аляска университетінің экономисі Мучине Гэттаби, – кімнің әл-ауқатын жақсартуды көздейміз? Әр АҚШ азаматының тұмса табиғатқа деген көзінің қарашығындай қарайтын құндылығын есепке алдық па, әлде аляскалықтардың ғана пайдасын көбейтуді көздейміз бе?»

Тұяқтарының екпіні мен мүйіздерінің ауыр соққысымен қошқар­өгіздің құлжасы өзінің мекенін бәсекелестерінен қорғап жүр. Мұз дәуіріне бе­йім­делген қошқарөгіздер Аляскадағы Норт Слоуп аймағында XIX ғасырда жойылып кетті. Олар 1969 жылы Арктика қорығына қайта жіберілді. Бүгінде олардың кішігірім табыны жыл бойы жағалау алқабын кезіп жүреді.

Германияның оңтүстігінен шыққан фотограф Флориан Шульц осындай тұмса табиғатты аңсап өсті. «Еуропада бұған сәл де болса ұқсас дүние жоқ. Расында, бұл – соңғы қалған нағыз табиғи ландшафтты жерлердің бірі. Ол мастодондар ақырып жүрген дәуірге көз салғандай сезім береді», – дейді ол.

Ол кейінгі төрт жылды қорықты барлаумен өткізді. Оңтүстіктегі тайга орманынан бастап, Брукс жотасының шыңдары мен тау шалғындары үстімен Бьюфорт теңізіне жалғасатын еңіс тундраға дейінгі аймақты алып жатқан Аляска қорығында жан баспаған 78 000 шаршы шақырым экожүйе бар. Шашыла орналасқан санаулы күркелер адамзат ізінен хабар береді. Каннинг өзені бойындағы қорық шекарасындағы қарама-қайшылық айқын байқалады: арғы бетте 120 гектар қиыршықты алаңдар, көк түсті болат ғимараттар мен ақпен боялған құрыш цистерналар, айлақтар мен ұшу жолағы және шамамен 18 шақырымдық қиыршық жолдан құралған ExxonMobil компаниясының Пойнт Томсон жаңа газ алаңы бар. Жалғыз мұнай құбыры батысқа қарай қоңыр тұманға сіңіп созылып жатыр.

Ақ аю қонжықтарымен бірге өздерінің негізгі азығы – итбалықты аулау үшін судың жеткілікті дәрежеде мұзға айналуын күтіп, Бью­­­­­форт теңізіне еніп жатқан мүйісті барлап жүр. Климаттың жедел жылынуы салдарынан теңіз мұзының жоғалуы ақ аюларды жағалаудағы қалдықтарды іздеуге мәжбүрлеп, олардың оңтүстік Бьюфорттағы санын 40 пайызға дейін азайтты.

2005 жылы Валкенбург екеуміз Каннингтің үстін бауырлай өтіп, қорыққа бет алғаннан кейін ол қою қоңыр түсті солтүстік бұғыларының шоғырын көрсетті. Олар ұйысып, тар өткелге кіретін кезегін күтіп тұрды. Біз бұғылар орманы үстімен баяу бұрылдық. Арктикадағы күн сәулелерімен табын мен алқап алтын түске малынды. Мұндай көрініс мың жылдан бері жалғасып келеді. Мұны жалғыз Шульц жақсы біледі және ол ерекше есімде қалды.

Бүгінде Поркьюпайндағы солтүстік бұғыларының табыны өсіп-өніп, рекордтық 218 000 басқа жетті. Аналықтардың жартысынан астамы қорықта төлдейді. Бірақ ақ аюлар жойылып барады. Бьюфорт теңізінің оңтүстігіндегі олардың саны осы ғасырдың алғашқы он жылдығында 40 пайызға азайып кетті.

Реактивтік жойғыш ұшақтар секілді қар қаздары оңтүстікке, яғни Калифорния мен Мексикаға аттанбас бұрын күзгі тундра үстінен айналшықтап ұшып жүр. Жылы жаққа ұшатын құстардың 200-ден астам түрі жазды осы қорықта өткізіп, Аустралия­дан басқа барлық континентті өзара жалғап тұр.

Алқаптың астында қанша мұнай бар екенін не мұнай барлау табиғатқа қаншалықты зиян келтіретінін ешкім нақты білмейді, бірақ табиғаттың бүлінетіні сөзсіз. АҚШ Табиғи ресурстар министрлігі (ТРМ) лизингтерді сатпастан бұрын, қоршаған ортаға әсерін анықтайтын зерттеу жүргізуі тиіс. Оның нәтижесін сарапшылар мен қоғам бағалайды. Пікірталастың екі тарабы да ұзаққа созылатын саяси әрі құқықтық күрес­ке дайындық үстінде.

«Біз ақ аюларды қалай сақтау керек екенін әлден білеміз, – дейді ол, – ол үшін мұнай жағуды доғару керек. Кейін тым кеш болмақ, кейін мұның бәрін бірде-бір заң қайтара алмайды».

Алыстан мұнарлаған Сэдлерочит таулары фонында екі қошқар­өгіз адамзат аяғы баспаған жермен маң-маң басып барады. Арктикалық ұлттық тұмса табиғат қорығы – АҚШ-тағы ең үлкен қорғалған аймақ пен Жердегі ең жабайы мекен. Әзірге…

Расында, келешек ұрпаққа үлкен жүк түскелі тұр: Солтүстік Аляска үшін не қымбат? Кесапат әкелетін жанармайдың артық баррелі ме, әлде шынайы Юрий кезеңінің паркі ма? «Бір нәрсе анық, – дейді Амстрап, – қай жер бұрғыланса, сол жер ластанады». Оның қалған экожүйе мен елге қалай әсер ететіні – екі миллиард доллардың сұрағы.

Авторы: Кіші Джоел К. Борн, фото: Флориан Шульц


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз