.

Құс әлемінің ақыл иелері

Эклектус тотықұсының аналығы камераға таңданыспен тесіле қарап тұр. Бұл аналық эклектустың шие түстес қызыл қауырсыны жарқырап көрінсе, аталығы жай ғана жасыл «шапан» жамылған.

Тотықұстардың естілігі үш жастағы баланың деңгейіне дейін жетіп, 80 жыл өмір сүреді, ән салады, билейді, бізді қайталап жүріп жүрегімізді жаулап алады. Танымалдығы басына сор болып бітті.

Умгени өзені бойындағы құстар бағында әртүрлі құстардың ән салғанын естуге болады. Примадонна ма? Ол – Молли деп аталатын тотықұс. Көктұмсықты амазон ән салу қабілетін бұрынғы иесінен үйренген. Осы зообақтағы және Оңтүстік Африкадағы Дурбан орталығындағы тотықұстардың басым көпшілігі – қолдан қайтқандар. Машақаты көп құс асырау ісі кейбір адамдарды олардан бас тартуға итермелеген. Себебі тотықұстар мазасыз, тынымсыз және жыбыр­лақ келеді. Одан бөлек, кейбірінің ойлау деңгейі үш жасар баланікіндей болса, ал енді бірі 80 жасқа дейін өмір сүреді.

Қою түсті шашақты белгі Эдуардтың інжір тотысының көзін қоршап тұр. Аты айтып тұрғандай, олар інжір (басқа жемістер, шы­­рын және жәндіктермен бірге) жейді. Таңғажайып орман тұрғыны Индонезия мен Папуа Жаңа Гвинея­дағы елді мекендерге таяу маңда алаңсыз тіршілік етеді.

Соған қарамастан, «құс ішіндегі адамдар» деп аталатын тотықұстарды асырауға үндеу оңай емес. Қабілеті жоғары және ақылды құстар өздерінің қожайындарымен мәнді де терең байланыс орната алады. Тотықұстардың адам дауысын сала алатыны олардың Жер шарындағы ең танымал асыранды құс атануы кездейсоқтық емес екенін түсінесіз.

Алайда кей жағдайда олардың танымалдығы өздеріне зиян болып тиеді. Әлем бо­­йынша жүйелі өсіру бағдарламаларының болғанына қарамастан, көптеген тотықұс табиғаттан әлі де заңсыз жолмен ауланады. Себеп біреу: піл және мүйізтұмсық секілді жануарларды жөнелту арқылы миллиардтаған доллар тауып отырған ұйымдасқан қылмыстық топтар тотықұстарды да өздерінің «репертуарына» қосып алған. Аустралиялық қара какадулардың қара нарықтағы біреуінің құны 30 000 долларға дейін жетеді екен. Тотықұсты заңсыз саудалау Латын Америкасы және Кариб аралдарында кең таралған, мұнда оған қарсы қолданылатын заң қауқарсыз, не болмаса олардың орындалуы нашар.

Қара қауырсынды васа тотылары шытырман махаббатты бастан өткереді. Себебі олардың аналықтары аңдып жүріп, бірнеше аталықпен қатар шағылысады. Мадагаскардағы аналық құстар мұндай әрекетке жем тапшылығынан барады.

«Егер АҚШ-та тотықұс сатып алуға шешім қабылдасаңыз, оның торда өсірілгенінің ықтималдығы – 99 пайыз, – дейді Техас ауыл шаруашылығы университетінің зоологі Дональд Брайтсмит. – Ал Перу, Коста-Рика мен Мексикада оның табиғаттан ұсталынып алынғандығына 99 пайыз сенімді болыңыз».

Тотықұстардың қауіпті жағдайға тап болуына құс асырауға деген сұраныс, ормандардың оталуы мен өмір сүретін аймақтарының тарылуы айтарлықтай әсер етіп отыр. Шамамен 350 түрлі құстың төртеуінен басқасының жоғалу қауіпі жоғары болғандықтан олар Халықаралық сату конвенциясы (CITES) қорғауына алынған.

Қызғылт ұрты мен әуезді әні арқылы қызыл шығыршықты тотықұстар ғасырлар бойы «үй құсы» атанып келеді. Әсіресе Еуропада. Мьянма мен Тайландттан жиі ауланатын құстың бұл түрі қазір жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр.

Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие түрі тынымсыз сөйлейтін Африканың сұр тотықұсы екені сөзсіз. CITES-ке сүйенсек, кейінгі қырық жылда кемінде 1,3 миллион сұр тотықұс өздері мекен ететін 18 елден заңды түрде экспортталған екен және жүз мыңдағаны жолда өлген.

Оңтүстік Африка, басқа елдерге қарағанда, Африканың сұр тотықұстарын көбірек экспорттайды. Бұрын сұраныстың басым бөлігі АҚШ пен Еуропадан келетін, бірақ құс тұмауы мен құс саудасын заңмен салынған тыйым ондағы нарықтың жолын кесті. Қазір оның орнын Таяу Шығыс елдері толтыруда. Оңтүстік Африка елдері 2016 жылы бұл аймаққа мыңдаған сұр тотықұсты жөнелткен.

Африканың сұр тотықұсының сәбилер секілді өздері естіген сөздің дәл көшірмесін қайталап беруі – өз алдына, олар тіптен ұғымдарды есіне сақтай алады.

Сол жылы CITES сұр тотықұстарды «Қосымша 1»-ге, яғни жойылып кету қаупі бар түрлерді қамтитын белгіге қосу жөніндегі екіжақты шешім қабылдады. Тотықұстарды шетелдерде сатумен айналысатын құсшылар CITES-тің қадағалау­шыларына Африканың сұр тотықұстары табиғаттан ұсталынбағанын, керісінше торда өсірілгенін дәлелдеуі керек. Көп жағдайда торда туған балапандардың аяқтарына тұрақты куәлік сақиналары тағылады. Заңсыз саудалаушылар жабайы құсқа сақинаны кигізудің жолын табуы мүмкін, сондықтан тормен еркіндікте өмір сүрген құсты анықтау оңай емес. Алайда бұдан шығатын жол да бар.

Оңтүстік Африкадағы КуаЗулу-Натал университетінің генетиктері құсты табиғатта не торда өскенін дербес генетикалық пішініне үңілу арқылы анықтайтын гендік тәсілге үміт артып отыр. Мұндай ДНҚ жұмысы құсшыға, сатып алушыға не әуежай инспекторына құстан сынама алып, сол сәтте оның тегін анықтауға мүмкіндік береді.

Гангганг – әдетте Аустралияны мекен ететін шамамен 20-ға жуық какаду түрінің бірі.

Ұқсас тәсілдің тағы бірі – тотықұстың қанатындағы химиялық изотоптарды тексеріп, олардың тамақтану дәстүрін анықтайды.

Кейінгі кездегі тотықұстарға қатысты жағымды оқиға: бұған дейін CITES-тің шектеу­лерінен бас тартып келген елдер – Сауд Арабия­сы мен Біріккен араб әмірліктері бұдан былай табиғаттан ұсталған сұр тотықұстарды импорттамайтынын мәлімдеді.

Аустралия, Индонезия мен Папуа Жаңа Гвинеяға тән қызыл қанатты тотықұстардың аталықтары тартымды көрінуі мүмкін. Алайда аналықтардың қанық түстерге малыну ықтималдығы жоғары. Кей тотылардың қауырсындары ультракүлгін сәуледен флуоресцент шашып, олардың кешенді жарық шоғырын болашақ жұптарымен байланысу мақсатында қолданатынын көрсетеді.

Автор: Кристин Дэлл Аморе, фото: Джоел Сарторе


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Publication author

offline 5 күн

Айбек

0
Comments: 3Publics: 710Registration: 01-10-2016
       

Пікір жазу

Кіру
*
*
Тіркелу
*
*
*
*
Password generation