.

Дала өркениетінің бастауы болған – Ботай қонысы

Тарихтың бір парасында өркениеттің ошағы болған – Ботай қонысы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Осы күні бұл өңір, тек өзіміздің ғана емес, бүкіл әлем тарихына белгілі болып отыр.

Ботай ауылының түбінде осыдан бес мың жыл­дан артық уақыт бұрын ежелгі адамдар жабайы жыл­қыны қолға үйреткені дәлелденгеннен кейін біз тарих дөңгелегін 53 ғасырға кейін айналдырдық де­сек те болатындай. Егер осы оқиғаға дейін біз өз тарихымызды үш мың жыл деп, яғни көбінесе сақ дәуірінен бастап келген болсақ, енді оны бес мың жыл ауқымында айшықтауға мүмкін­дік алдық.

Ботай мәдениеті – энеолит дәуірінде Айыртау ауданына қарасты Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде Ботай қоныстарына байланысты аталған. Ол жерге Солтүстік Қазақстан университетінің қызметкерлері алғаш рет 1981-1983 жылдар аралығында археологиялық экспедицияға шыққан болатын. Сол кезде профессор Виктор Зайберт жетекшілік еткен экспедиция барысында ғалымдар аумағы 15 гектардан асатын қоныстан 158 үйдің орнын аршып, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Олар ежелгі тұрғын-жайлар құрылысын қайта тұрғызуға мүмкіндік алған. Ал ондағы қазан шұңқырдың тереңдігі 60-80 см, аумағы – 30-70 шаршы метрге дейін жеткен еді. Кейін сазды сулап, домардақ күйінде қабырғаға салып, сыртын жануарлар сүйегімен бекіткен. Тұрғын-жайлар маңында арнайы ор қазылып, ол жерден еден, қабырғаға арналған сылауға қажетті саздар алынды. Қабырға периметрлері бойынша бөренеден шатырлармен қаптап, ортасында түтін шығаратын тетік жасалды. Бөрене  сазбен сыланып, жоғарыдан жануар терісі мен қыртыспен жабылғаны белгілі болды. Ғимараттың ішкі биіктігі 250-320 см аралығында болған.

Сөйтіп 1983 жылдың жазында ежелгі тұрғын-жайдың орнына көне Ботай қонысының үлгісі тұрғызылды. Әрине, жыл сайын қабырға, қазан-ошақтың ішкі бөлігі сыланып отырған.

«Осылайша біз өзен жағасы маңындағы өндірістік құрылыстарда ежелгі адамдар тас, ағаш, аңдардың сүйегі мен терісін өңдеп, киім тіккен, қыш ыдыстар дайындағанын, тастан жасалған жебе, садақ, қанжар, пышақ, найза ұштықтарының көптеп табылуы қоғам өмірінде аңшылықтың рөлін айқындап берді», – дейді Виктор Зайберт.Ботай қонысынан әр жылдары ұйымдастырылған қазба жұмыстары кезінде сондай-ақ, ағашты өңдейтін қашауғыш, құс сүйегінен киім тігуге арналған инелер, жуалдыз, тескіштер, тұмар мен әшекей бұйымдарының кездесуі шаруашылықтың әр саласынан хабар берсе керек.

Ғалымдарды табылған жылқы сүйектерінің көптігі таң қалдырған. Сол себепті бұл жұмысқа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтар жиі шақырылып отырған. Соның арқасында 133 мыңдай жылқының сүйегі  зерттеуден өткен. Нәтижесінде Ботай аттары бұрынырақта белгілі болған жылқы түріне жатпайтын болып шықты. Ботайдан табылған жылқы сүйегі басқаларынан ерекшеленіп тұрды. Ғалымдар бірауыздан ботай аттарының қолға үйретілгенін және олардың жабайы жануар болмағанын айтқан. Осыдан бастап қоныстан табылған заттарға әлемнің барлық елдерінің ғылымдары қызығушылық таныта бастаған.

«Ботай жылқысын зерттеу үшін біздің елімізге Англия, Германия мен Ресейдің ғалымдар жиі келіп тұрады. Олар ортақ пікірге сүйене отырып, Ботай қонысы Еуразия даласында мал шаруашылығы орталығы, һәм дала өркениетінің бастауы болғанын мойындайды», – деді Виктор Зайберт. Қазақстандық ғалымның осы пікірі жер-көкке тарағаннан кейін оны әлемнің әр түкпірінде өткізіліп тұратын симпозиумдар, семинарлар мен лекцияға шақырушылар қатарына еселеп көбейген. Мәселен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Виктор Зайбертті Англияның Кембридж университеті Ботай қонысы бойынша лекция өткізуге жиі шақырады. Ғалым осылайша қазақ жерінің қадір-қасиетін бүкіл әлемге паш етті десек те болатындай.

Осы күні әр елдің ғалымдары Ботай қонысы туралы жүздеген ғылыми мақала жазып, оншақты кітап басып шығарды.

Олардың ортақ пікіріне жүгінер болсақ Ботай мәдениетінің қалыптасуына Атбасар неолиттік мәдениетін жасаған тайпалары араласқан. Ботай мәдениеті Ертіс пен Жайық өзендері аралығын мекен еткен тайпалар мәдениетіне жатады. Алайда, Ботай жері сақтаған жұмбақтар әлі де бар. Әлі де ежелгі адамдардың тайпалас адамдарды қалай жерлегені анықталмаған. Бірнеше ежелгі адамдардың қалдықтары табылып, археологтарға жаңа жұмбақтарға кенелтті. Олар бұзылған тұрғын-жайлардан табылды. Әсіресе, адамның бас қаңқасы қызығушылық туғызды. Ол қазір де облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр. Ботай жеріндегі қазба жұмыстары әлі де жалғасуда.

Фото: Ерболат Шадрахов, Альберт Ди Мауро, Дмитрий Ругис, Жайнар Дәркембаев

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*
Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз