NATIONAL GEOGRAPHIC

Жетісу барысы

Бұл әскери бөлім өзінің 40 жылдық тарихында көптеген оқиғаға – мемлекетаралық шараларға, тіпті соғыс қимылдарына да (Ауғанстан) қатысыпты. Тәуелсіздік алған соң әскери бөлім жаңа жабдықтармен, ұшақтармен толығып, жауынгерлік қабілетін одан сайын шыңдай түскен. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты алдыңғы қатарлы әскери құрылымдардың бірі саналады.

Талдықорған қаласында орналасқан 21751 әскери бөлімінің жоғары білікті мамандары

Бөлім «Авиадартс» халықаралық әскери ойындары, бейбіт миссиялар, әскери әріптес елдермен ынтымақтастық шараларына (ШЫҰ, ҰҚШҰ) белсенді қатысып, үздік нәтижелермен көзге түсіп келеді. Ұшақтар кең-байтақ Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқандығына қарамастан, Каспий теңізіне санаулы сәтте жетеді.

Ұшақ десе, әдетте, ұшқыштар туралы ғана айтылады да, басқалары қалыс қалады. Әлемде бірде-бір ұшақ оларсыз аспанға көтерілмейтін мамандық өкілдері бар. Оларды «техникалық құрам» деп атайды. Ұшу алдындағы барлық жұмысты осы адамдар жүзеге асырады.

«Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтынан өте талантты жастар бітіріп келіп жатыр. Бірақ ұшақты меңгеру үшін адамға теориядан бөлек физика-психологиялық, интеллектуалдық дайындық, біліктілік керек. СУ-30 СМ ұшақтарын шығарушы елде өткен арнайы оқу жиындарында зауыттың профессорлық құрамы біздің жігіттердің біліміне таңғалды. Тіпті кейбір сұрақтарымызға жауап тауып бере алмай қалып, өзара ақылдасулары керектігін айтып жатты. Бұл нені білдіреді? Қазақ жастарының қысқа уақыттың өзінде бұл техниканы тез игеріп, ұңғыл-шұңғылын терең меңгеріп алғанын көруге болады. Бізге келгеніне үш жыл болды. Ұшқыштарымыз бен техникалық сала мамандары ұдайы ұшуларда әбден ысылып, шыңдалып алды. Ата-бабаларымыз аттың үстінде ел-жерімізді сақтаса, қазіргі ұрпағы осы ұшақтардың үстінде қорғап жүр», – дейді әскери бөлім мамандары.

Батырлар дәстүрін жалғастырамыз!

«Біздің бөлімнен жауынгерлік тәжірибесі мол әскери тұлғалар өте көп шықты. Кәсіби біліктілігі жоғары мамандарымыз қазір де қатарымызда жеткілікті. Әсіресе бірнеше тілді меңгерген, білімді де алғыр жаңа буын жастарымыз бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Жоғарғы Бас қолбасшымыз Н.Назарбаевтың тапсырмаларын толығымен орындауға мүмкіндігіміз жетеді, – дейді 21751 әскери бөлімінің командирі Асқар Ғадылшаұлы Ізбасов. – Біздің мемлекетіміз көпвекторлы, бейбітшілік саясат ұстанады. Сырттан төніп тұрған ашық қатер жоқ. Дәл қазіргі таңда азаматтарымыздың қандай да бір сыртқы күштерден алаңдауына негіз жоқ деп ойлаймын. Бірақ қазір әлем мемлекеттерінің ең бірінші жауы –  терроризм, экстремизм болып тұр. «Жау жоқ деме – жар астында» деген ғой ата-бабаларымыз, сақтық әрқашан керек. Сондықтан біздің дайындығымыз әрқашан сақадай-сай. Материалдық-техникалық жарақтану мен жауынгерлердің әлеуметтік жағдайы мемлекет тарапынан жылдан-жылға жақсарып келеді».


P.S.Ұшқыш болуды бала кезде көп адам армандайды. Бірақ бұл соншалықты романтикаға толы жеңіл мамандық емес. Бұған инемен құдық қазғандай білім, шелектеп төгілген тер, жан мен тәннің үйлесімі керек. Жеке бас қалауыңнан бас тартып, өзіңді «аспан» дейтін алып «ағзаның» бөлшегі ретінде сезіне білуің ләзім. Сөзсіз, ұшуды жан жүрегіңмен жақсы көруің керек, жақсы көру емес, сүюің қажет.

Сусылдаған Су тұқымдастардың ішіндегі ең самдағайы – Су-30 СМ-ге кезекті рет тамсана қарап алдық та: «Самұрығым», ұшсаң, тек бейбіт мақсатпен ұш! Соғыс емес, ғылым жүктеген тапсырмаларды орындай бер!» – деген тілекпен әскери бөлімнен аттанып кеттік.

Аспанымызды оқ-дәрі бұлты шалмағай!

Су-30 СМ (сериялы модернизацияланған) – аспан әлемінде өзін еркін сезінетін көпмақсатты әскери ұшақ. Конструкторлар ұшақтың авионикасына батыстық үздік үлгілерді қолдану арқылы, бұрынғыларына қарағанда көп жетілдірген. Соның арқасында ол аспанда ұрыс салып қана қоймай, қарсыластың жердегі жылжымалы және тұрақты нысандарын да шабуылдайды. Әсіресе жаудың радиоэлектрондық жүйелерін істен шығарып тастауға шебер шыңдалған.

Өзі ғана соғысып қоймай, бүкіл майдан даласындағы жақтастарының авиациялық, құрлықтық, теңіздік соққы беруші топтарын үйлестіре алады. Су-30 СМ – қос бірдей екіконтурлық, тарту күшінің векторы өзгермелі АЛ-31ФП қозғалтқышымен жарақтанған ауыр жойғыш. Бұл техникалық терминді қарапайым адамның түсінуі қиын. Сондықтан қарапайым тілмен таратыңқырап айтайық. Алдымен жойғыш дегеніміз «истребитель» екенін еске сақтап алыңыз. Жойғыштар қалай ұшады? Барынша қарапайым тілмен түсіндірсек, реактивті қозғалтқышы (двигателі) бар ұшақтар өте үлкен қарқынды ауа ағынын артқа «лақтырады». Бұны «тарту күші» дейді яғни тарту күші ұшақтың салмағынан асып түседі де, оны алдыға қарай ұшырады. Әлбетте, бұдан өзге де көптеген заңдылық бар. Бірақ негізгісі – осы. Тарту күшінің өзгермелі векторы дегеніміз – жаңағы артқа лақтырылған ауа ағынын кез келген бағытқа ±15 градусқа қисайту мүмкіндігі. Бұл қимылмен қатар әдетте қозғалтқыш қысқа мерзімді шұғыл секіріс жасайды. Оны «форсаж» дейді. Осындай кешенді әрекеттердің нәтижесінде кеңістікте неше түрлі күрделі қимыл істеледі. Мысалы, ұшақ тура ұшып келе жатып кілт аспанға шаншылып, бір айналып орнына түседі немесе сол қимылды төмен қарай жасайды. Аспанға шаншылған күйі кеңістікте бір орында тұрып қалады, болмаса, күзгі жапырақ секілді шыр айналып «құлай» кетеді. Бұның бәрі не үшін керек? Ол өзіне тура бағытталған зымырандардан қашуға, жасырынуға, қарсыласты алдап өтуге, т.б. көмектеседі.

Десек те осы жойғыштың ең үлкен құпиясы бұл емес. Ұшақ фазаланған торлы антеннасы бар борттық радиоэлектрондық стансамен (РЛС) жабдықталған. Сол арқылы ол 15 нысанды қатар көздеп, оның төртеуіне бір мезетте оқ жаудыра алады. Кабина екі ұшқышқа шақталған. Ұшқыш шлеміне нысана нұсқаушы жүйе қондырылып, кабина көпфункциялы сұйықкристалды экрандармен жабдықталған. Осының бәрі жауынгердің аспан ахуалын жоғары деңгейде бақылап отыруын қамтамасыз етеді. Ал апатты жағдайда ұшақ траекториясына қарамастан, креслолар тек аспанға қарай катапульттенеді. Бұл да – Су-30 СМ-нің басқалардан бір артықшылығы.

Мәтін және фото: Мақсат Ясылбайұлы

60 Views
Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation