"/>
ТАБИҒАТ

Даладағы ғажайып!

 

– Міне, келіп те қалдық, – деді ауыл әкімі Исатай.

– Ақтолағай атты борлы тау осы, – деп оны қостады аудандық газеттің бас редакторы Лұқпан есімді әріптесіміз.

– Фантастика!!!

Бұл біздің аузымыздан шыққан сөз. Десек дегеніміздей, құба белдегі аппақ тау сілемдеріне іліккенімізде, алдымыздан ғажайып бір әлемнің есігі айқара ашылып сала берген еді. Ұзындығы 30-35, ені 4-5 шақырым жерді жүлгелей созылып жатқан қырат қойнауларында не жоқ дейсіз. Бәрі бар. Олай дейтініміз, бір кездері, яғни, миллион жыл шамасы бұрын теңіздің түбі болған мұндағы әртүрлі топырақ шөгінділерінен тұратын ойпатта Американың Колорадо шыңырауларындағы кереметтер бой көрсеткендей. Сондай-ақ мұнан Австралияның Улу жотасындағы тылсым тіршілікке толы көріністер де көзге шалынып қалғандай. Көлік ішіндегі терезе әйнегінен жан-жағымызды осылай барлап-байқап келе жатқандағы алғашқы әсерден тағы бір түйгеніміз мынау болды. Ол Ақтолағайдағы үлкенді-кішілі жартастардың біреуі таза бордан, екіншісі әктен, үшіншісі қабат-қабат ұлутастардан, ал қалғандары сұрғылт топырақты құм жентектерінен тұратындығы еді. Осыларды мыңдаған жылдардан бері жел мүжіп, жаңбыр мен қар сулары шая келе, олардан табиғат  ана ертегілер еліндегі сияқты сантүрлі бейнелер жасаған.

– Қараңызшы, – деді қарсы алдымыздағы мына ғажайыптарға таңдай қаға қарап тұрған бізге Исатай. – Сол жағыңыздағы ана жота өркешті түйеге, ал оның іргесіндегі төбе қабат-қабат шелпектен тұратын торттан аумайды емес пе?!

– Иә.

– Енді мына жақтағы түбі жіңішке ағаш кеспегі сияқты, үсті жапырайған қалпақтан аумайтын әктас ше? Бұл саңырауқұлақтың, иә, соның нақ өзі ғой. Сондай-ақ оның арғы жағындағы дөңге назар аударыңызшы. Мысырдағы Хеопс пирамидасын көз алдыға әкелмей ме?!

– Дұрыс айтасың. Бәрі өзің айтқан жобаға келеді.

 

Осылай деген біз сөз кезегінде қасымыздағы серіктерімізге өз пайымдауларымызды да айтуды ұмытқанымыз жоқ. Ол мәселен төңіректегі кейбір тау бөліктерінің шахмат тастарына ұқсастығы-тын. Оң жағымыздағы қорған мұнарасы тәрізді тоқал бас шың тура фигурасын елестетсе, ойпаттағы жеке дара тұрған әсем әктас шахмат ханшайымынан аумайды-ау, аумайды! Ал сай қойнауларындағы шашырап жатқан үлкен борлы кесектер ше? Олардың екі-үшеуі пешка, шеткі біреуі ақ ладья бейнесін көз алдыға әкеледі.

– Адам аяғы тимеген осы елсіз жер, шырышы бұзылмаған мына тұмса табиғат аясы туралы тағы не білесіздер? – дедік біз жолбасшыларымызға. – Ертең: «Қап, мына бір жәйтті айтуды ұмытып кетіппіз-ау», – деген өкініш болмасын. Естіген-білгендеріңізді ортаға салыңыздар. Құлақ қойып тыңдайық.

Бұл жөнінде арғы-бергі заманнан көп нәрсені айтқан Лұқпан Қадырұлы болды. Оның сөзіне қарағанда Ақтолағайдың мына өзіміз беттеп келе жатқан биік шоқысы Құлшардың қыстауы деп аталады екен. Ертеде осындай есімді жігіт болыпты. Намысқой, кеудесін ешкімге бастырмаған ержүрек ол патша өкіметіне арқа сүйеген жергілікті билік иелерінің өктемдігіне қарсы шығып отырған ғой. Сол әрекеті үшін түрмеге де қамалады. Итжеккенге айдауға қам жасалған соңғы бір сәтте абақтыдан қашып шығып, Ақтолағайға жетеді де оның ең биік жерін мекен етеді. Сөйтіп өзін ұстауға келген қуғыншыларды беттетпей ғұмыр кешіп, 1917 жылғы кедей-кепшікті қорғаған қызыл төңкеріске аман-есен жеткен дейді.

 

Осы шоқыға ентігіп әзер шыққан біз айналаға барлай көз салдық. Төңірек тып-тыныш. Ұзыннан-ұзақ созылған аласа тау сілемдері алақандағыдай анық көрінеді. Серіктеріміздің сөзіне қарағанда өзіміз тұрған биіктіктен Атырау жақтағы Теңіз кеніші ілеспе газының алаулаған жалыны күні кешеге дейін анық байқалып тұрған екен. Қазір оны дүрбімен іздеп қарасаң да таппайсың. Себебі түсінікті. 2010 жылдан бастап ТШО аспандағы аталмыш факелді ауаға босқа жандырып қоюды доғарған. Ілеспе газдың біз сөз етіп отырған бұл ағыны бүгінде өңірдегі кішігірім технологиялық және тұрмыстық-шаруашылық нысандарын жылытуға бағытталыпты. «Игі іс, дұрыс қадам екен», – дедік біз бұған іштей риза болып.

Тау беткейінен төмен түсіп келе жатып біздің келесі бір назар аударған нәрсеміз ол мұндағы жер қыртысына ақ сүйек боп жабысып қалған балық қаңқаларының қалдықтары еді. Юра дәуірі деп аталатын осыдан миллиондаған жыл бұрынғы заманда бұл ойпатта шалқыған теңіз болыпты. Кейін ол тартылып, құрғаққа айналғанда, ондағы су жәндіктері жоғарыдағыдай кейіпке түскені өз-өзінен түсінікті. Қазір міне, біз солардың тас пен топыраққа айналған жентектеріне таңдана қарап келеміз. Мәселен мынау ихтиологтардың тілінде губка, яғни кеуек деп аталады. Бұл өн бойы түрлі тесіктерден тұратын теңіз жәндігінің ұлутасқа айналған түрі. Кезінде ол сол саңылаулар арқылы өзінің ішіне судағы ұсақ моллюскаларды сорып алып, сонымен қоректенетін болатын. Ал ана бір жердегі жалтырап жатқан сәби саусағындай сүйек ше? Ол ма, ол акуланың тісі. Әп-әдемі, сыртына лак жалатқандай аппақ үшбұрышты немесе жебенің ұшы пішіндес қаңқа қалдығы өткір-ақ. Иесі жаңа ғана қайрап қойған қанжар секілді оны қолымыздағы қойын дәптер парағы үстіне жеңіл қозғап көргеннің өзінде қағаз бетін оңай тіліп түскенін көріп таңғалдық. Сол сияқты мына төңіректегі төбе-төмпешіктердің бөлшектері болып кеткен мезазой заманындағы теңіз кірпілері мен корралды арал маржандарының, скат пен ихтиозавр сияқты алып балық аталары мен теңіз лалагүлінің тамырлары, белемнит және аммониттердің қалдықтары көре білген адамға көп жайды аңғартқандай.

 

Ақтолағайдың әктасты сайлары мен борлы жарқабақтарын асқан бір романтикалық құштарлықпен аралап жүргендегі біздің ойымызға оралған соңғы нәрсе: «Мұндағы жан-жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесі қандай? – деген сауал еді. Аң мен құстан көргеніміз бұта түбінен тұра қашқан қоян мен ши арасынан тышқан аулаған түлкі болды. Оларға назарымыздың ауғанын байқаған Исатай: «Кезінде мұнда ақбөкендер жыртылып айырылатын», – деді бетімізге қарап. Бірақ қазір бұл дала арулары жоқ. 90-жылдарғы аласапыранда аң мүйізінен дәрі-дәрмек дайындайтын қытайлық компаниялардың сұранысын «қанағаттандыруға»  ынты-шынтымен кіріскен аңшылар бұл бағыттағы өз істерін «беске» атқарған. Соның салдарынан ақбөкендер айтарлықтай азайып, барының өзі басқа жаққа ауып кеткен. Аянышты жағдай. Ойсыз іс. Оспадар тірлік. Көңілімізді басқа жаққа аудару үшін көкке көз тіккенбіз. Төбемізде қыран қалықтап жүр екен. Қалың қау, қордалы мия арасынан пыр етіп әлдебір құс ұшты. Бозторғай! Зеңгір көкке шығып алған соң, өзінің әдемі әніне басты  дейсіз. Осыдан кейін бізді топ-топ қарлығаштар жанай  ұшқан. Қанаттарының суылы мен көз ілеспес қимыл-қозғалысы қандай әдемі әрі әсерлі десеңізші,  шіркін! «Тәубе! – дедік күбірлеп. – Бар екенсіңдер ғой. Аман-есен жүре беріңдер осылай».

Келсең қайтқың келмей, төңірегіңдегі тылсым, жұмбақ көріністерді қайта-қайта көруден жалықпайтын бұл жерге біз таңертең аяқ басқан едік. Сонда мұндағы ақ таулы аймақ айналасына аппақ нұр шашып тұрғандай болып көрінген. Қазір кеш. Енді қарасақ, еңкейіп бара жатқан күнмен бұл өңір кемпірқосақ тәрізді түрлі-түсті бояуға бөленіп тұр. Керемет! Ғажап! Еш жерде кездеспейтін көрініс. Қайталанбайтын құбылыс. Осы байқағанымызды көңіл түкпіріне терең ұялатып, көліктегі көп адам табиғат ана тудырған тағы бір тылсым бейнеге ие төбеге таяна бердік. Жанынан өте бере байқасақ, алысқа қарап тұрған аңшы мен қасында шоқиып отырған оның бөрібасар итінен аумайды-ау, аумайды. Оған бәріміз бірауыздан «Көкжиекке көз тіккендер» деп ат қойдық та алыстан бұлдыраған дөңдегі тағы бір сұлбаға қарадық. Мектептегі тарих оқулығынан көрген етжеңді, өктем мінезді әйел затына ұқсай ма, қалай? Кім еді ол? Таптық. Иә, сол… Соның өзі. Екатерина патшайымның пошымы ғой.

 

… Осылай дабырласып келе жатқанымызда күн де батты. Төңіректі іле қараңғылық басты. Сонымен бірге әңгімеміз де үзілді. Ал, алдымызда  жол. Аудан орталығы Қарауылкелдіге баратын ұзақ жол. Бір белестен соң…, бір белес. Жеткізер емес шегіне…

 Авторы: Жанболат АУПБАЕВ, фото: Константин Киквидзе, Владислав Якушкин

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation