ТАБИҒАТ

Қаратаудың жабайы жүзімі

Біздің бұл өлкеге жол шегуімізге кездейсоқ оқиға себеп болды.

Қалай дейсіз ғой?

Жалпы мерзімі бір жетілік жолсапардың ат басын Оңтүстік өңіріндегі Бәйдібек ауданының алыс мал жайылымынан қайырған бетіміз еді. Кенет тау аңғарындағы қаптал жолда бірінің артынан бірі үздік-создық боп шұбатылып келе жатқан адамдарға көзіміз түсті. Олар артынып-тартынып алған. Әрқайсысының иығында аузын байлаған кенеп дорбалары бар. Оны былай қойғанда, қолдарындағы ағаш бұтақтары мен жапырақтарының өзі әлгілерге кім-кімнің де болмасын назарын еріксіз аудартқандай.

Иен таудың ішінде жүрген бұл неғылған адамдар? Туристік маршрутпен жүрген саяхатшылар ма? Жо-жоқ. Олай деуге тіптен негізсіз. Сонда кімдер?

Кездейсоқ көріністен туындаған жоғарыдағы сұрақтардың шешімін таппай дағдарған біз не де болса әлгілермен жолығысуға бел байладық. Машина әйнегінен көріп келеміз, тастақ жолдан төтелей салған «Ниваның» жүрісінен секем алған алдыңғы қатардағы бір-екеу қолдарындағы ағаш бұтақтарын қалың шөп арасына қарай жытыра бастады. Ал, арттағылар болса мүлде бейқам.

– Түһ. Орманшылар екен десек…

Қарсы алдымызда тұрған екеудің бірі – оң жақтағы жалақ сары осылай деді де, рабайсыз ыржиып қойды.

– Олар бұл жерден не алсын, Толя. Сен-дағы қай-қайдағыны айтып…

Жолдасының тыз етпе мінезіне намыстанған жігіт жерге бір түкірді де, жасырған жүгіне қайтадан қол созды.

– Жүзім жеңіздер, жігіттер!

– Ықыласыңызға рахмет. Тау арасындағы қайдағы жүзім?

Біз даусы жер астынан естілгендей боп жол жиегінде қарманып жатқан жанға осылай деп жауап қата беріп, қалт тоқтай қалдық. Тоқтай қалдық та оның қолындағы жаңа бір әзірде ғана сындырып алынған ағаш бұтағына көзіміз түсіп таң-тамаша қалдық. Өйткені, оның көзге таныс жапырақтарының астында… кәдімгі саусақша жүзімдер шоқ-шоқ болып мөлдіреп тұр еді.

– Бұл не?!

– Көріп тұрсыз ғой… Жүзім!

Содан не керек, әлгі жерде әңгіме тиегі өз-өзінен ағытылып сала берді. Біз – сұраушы, олар – айтушы. Бақсақ, сөз төркіні мынада екен. Кездестірген адамдарымыз Байжансай руднигінің жұмысшылары болып шықты. Олар жұмыс аптасының аяғындағы демалыс күндерін Қаратаудың табиғаты әсем аймақтарына саяхат жасауды дәстүрге айналдырған. Сондай сапарлардың бірінде олар тау қойнауында өсіп тұрған жабайы жүзімдікке кезігеді. Иен жатқан байлыққа кім қызықпасын?! Әу баста бір-екі адамға ғана белгілі болған жаңалық келе-келе бүкіл қалашыққа тарайды. Содан жұмысшылар әлгі жердегі жүзімді жыл сайын жинап әкетуді дәстүрге айналдырады.

– Табиғаттың бұл байлығы қоғамдық ұйымдарға белгілі ме?

– Онысын білмедік. Бізге қой, тек деп жатқан ешкім жоқ, әйтеуір. Жыл сайын келеміз де, кәп-кәдімгідей өнім жинап қайтамыз. Соған қарағанда…

– Ал қолдарыңыздағы сындырып алған жүзім бұтақтары неменеге керек?

Біздің орманшылар емес екенімізге көздері жетіп, енді-енді ашылып сөйлеп келе жатқан әңгіме иелері мына сұраққа келгенде тілдерін тістеп алғандай кілт тоқтады. Бірақ, байқап қараған адам болса мұның құпиясын айтпай-ақ түсінуге болар еді. Ол – жұмысшылардың тау басына алып шыққан ыдыстарын жеміске сықап толтырып алған соң, биікке қай­та өрлеуді  қиынсынғанынан  туған қам-қарекет сияқты.  Етек­­тегі машина – көліктеріне жетіп алысымен олар жолдорбадағы жүзімдеріне қанағат тұтпай, қолдарындағы сындырып алған бұтақтардың жемісін сыпырып алып, сабағын лақтырып тастамақ. Ашкөздік деген осы-ау, шіркін!..

Таңғажайып табиғат байлығын татымсыз табыс үшін рәсуа еткен жандардың қылығына ішіміз удай аши тұрып, біз олардан жабайы жүзім алқабының қай жерде екенін сұрадық. Жұмысшылар оның бұл жерден онша алыс емес екенін асыға-үсіге баяндады. Сөйтті де күзгі саркідір шөпті сатыр-сұтыр басып, төменге қарай жөнеп берді.

… Осы жер дегені – көш жер болды – демекші, жабайы жүзім алқабы сай табанынан  едәуір биіктегі жақпартасты жонда екен. Қаратаудың үйдей-үйдей боп дөңкиген қойтасты қабағына талма-түс кезінде жетіп, онан күн ұясына кірер кезде ғана қайттық. Ойымыз – он сан.

– Иә, – дейміз іштей. Адамзаттың алақаны аясында дерлік бүгінгі мынау шексіз әлемде шешілмеген сыр бар ма деп айта аламыз ба? Әлбетте жоқ. Тіпті өзімізді қоршап тұрған туған өлкенің көз үйренген, көңілге таныс төл табиғатының өзі қайран қалдырарлық қаншама сырға толы. Соның бірі – осы қазір ғана өзіміз көзімізбен көрген құбылыс емес пе?

Оңтүстік өңіріндегі Бәйдібек ауданындағы бұрынғы «Прогресс», «Красная Нива» елді мекендерінің маңындағы Қаратау күнгейі сілемінде, ондағы тау өзендерінің тар аңғары мен қия беткейінде шағын орман алқабы бар екені жергілікті жұртқа жақсы мәлім. Бірақ, мұның еліміздің өзге жерінде кездеспейтін өзінше ерек табиғи құбылыс екенін кім аңғарған… Енді қарасақ мұнда үйеңкі, тұт, ақшешек, шетен, тобылғы сияқты ағаш түрімен бірге жабайы алма, таупісте, кәтіреңкі, таушие, долана тәрізді жеміс-жидектердің жалпы есебі қырықтан астам түрлері өседі екен.

Бірақ соның ішінде Орта Азия мен Қазақстан тауларының арасында өзінше ерек табиғи бітімді Қаратау орман-тоғайында өсетін аса бағалы сан алуан жемістерінің бірі – жабайы жүзімнің орны бөлек дер едік. Оның Орта Азияның жылы шуақты оңтүстік тауларында емес, одан едәуір шалғай, табиғаты қатал Қазақстан  даласының ортасында жатқан Қаратауда кездесуі таңғажайып нәрсе.

Біздің бір байқағанымыз – Қаратаудың жабайы жүзімі тау өзендері мен бұлақтарының бас сағасында, ондағы қарағаш, тау сәмбісі, долана ағаштарының арасына иек сүйей өседі екен. Оның шырмауық сияқты жіңішке сабақ ұштары әлгі ағаштардың бұтасына иық арта асылып, 7-10 метрге дейін көкке өрлеп кеткен. Жемісі – мөлдір ақ және қара түсті. Дәмділігі мен шырындылығы өзімізге белгілі екпе жүзім сорттарына қарағанда сәл ашқылтым ба қалай, әйтеуір қанттылығы кем сияқты.

Ел қонысынан шалғай, жолы қиын тау шатқалдарының дүлей  өміріне үйлесіп, сан ғасырлар бойы сақталып келген осы ғажап жемістің қайдан шыққаны жайлы дәл қазір не айтуға болады? Бұл жүзім шын мәнінде жабайы ма, жоқ әлде бір заманда тау қойнауын мекендеген адамдар қолдан өсірген екпе жүзімнің шөре-шөре қалдығы ма? Мұндай жорамалға ғылым қандай жауап  қайтармақ? Әйткенмен жүзімнің адам аяғы баспаған қиын қияда, дүлей түпкірде өсіп тұрғанына және біздің республикамыздың оңтүстігін қоршаған дулыға таулардың бұдан миллиондаған жылдар бұрынғы үштік дейтін дәуірде жылы  теңіздің жағалауы болғанын, сол тау қойнауларын субтропикалық ну ормандар алабы тұтас алып жатқанын ескерер болсақ, Қаратаудың ғажап орманы да, оның төл байлығы – жабайы жүзімнің де шыққан төркіні сол ежелгі дәуірмен сабақтас деп айтуымызға неге болмасқа. Қалай десе де бұл бүгінгі ғылым үшін көңіл бөлерліктей аса қызығарлық құбылыс екені анық.

Қаратау сілемдерінің биік жоталарындағы өзіміз кездейсоқ куәгер болған жоғарыдағы оқиға, ондағы жүзім тоғайларының келбеті көпке дейін көкейімізден кетпей, ұзақ есте сақталып жүрді. “Ойды ой қозғайды”, демекші ақыры мынадай шешімге келіп тоқтадық. Ол – Алматыға келген соң республика Ғылым академиясының жанындағы көп ғылыми зерттеу институттарының біріне қоңырау шалып, сондағы мамандардың пікірін тыңдау. Бұл құбылысқа олар не дер екен?

Осы бағыттағы алғаш хабарласқан мекемеміз – Ботаника институты болды. Телефон құлағын көтерген мамандардың бірі бұдан біраз жыл бұрын сондай бір хабар естігенін, оны ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Эдуард Дәулетбайұлы Мәденов жақсы білетінін айтты. Ол кісімен арадағы болған әңгімеде біз көп жайға қаныққандай болдық. Соның ең бастысы, бәлен жерде түген деген зат бар деген хабарды өз басы ұшқарылық деп ұғатын, оған нақты көз жеткізбейінше шалағай шешім қабылдамайтын жігіт ағасының аузынан шыққан аз да болса сазды пікірлердің кім-кімге де болса ой тастайтындығы еді.

– Сіз сұраған жәйтке келетін болсақ, бұл жерде онымен мен тек әуесқой зерттеуші ретінде ғана айналысып жүргенімді айтар едім, – деді ол. – Неге дейсіз ғой? Қаратаудың жабайы жүзімі, сөз жоқ, өте қызық құбылыс. Бірақ, онымен түпкілікті айналысуға бұрыннан қолға алған тақырыбым бар болғандықтан уақыт жете де бермейді. Құпия сырын ішіне бүккен жұмбақ жеміс – жабайы жүзім анау-мынау төрт немесе бес жылдың ішінде зерттеу нәтижесін бере қояр оңай дүние емес. Аталмыш жүзімді осыдан алты жыл бұрын алғаш кездестіргендердің бірі болғандықтан ба, әріптестерім оны менің қанжығама байлады да, өздері қайтып бұған мойын бұрған жоқ. Содан бері мен оның жанкүйері болып қала бердім.

– Бұл сіздің негізгі тақырыбыңыз болмағанымен өткен уақыт аралығында одан не байқап, нендей ой түйдіңіз?

Ғалымның  айтуына қарағанда, жабайы жүзім ТМД елдері ішінен Грузия мен Түрікменстанда ара-тұра кездеседі екен. Ал Қаратаудағы табиғат байлығы болса көлемі шағын, әр жерде оншақты түптен бытыраңқы орналасқан Қазақстандағы  бірден-бір жалғыз аймақ. Маманның бұл тақырыптағы тағы бір пікірі, аталмыш жемісті жабайы жүзім деп атауға келіспейтіндігі. Өйткені биологиялық ережеде жабайы жүзімдер мінездемесі жемісінің ұсақтылығымен, өнімді аз беруімен сипатталынған ғой. Соған қарағанда мұны жабайыланған жүзім деп атаған орынды сияқты.

Ол өз пікірін неге сүйеніп айтып отыр сонда? Оған жауап беру оңай. Қаратау қойнауының жемісі өзінің түрі, ерекшеліктері, өнімді мол беруі жағынан алып қарағанда қазіргі екпе жүзімге келеді. Мұның үстіне оның көктем кезіндегі тозаңдануы да соған ұқсас.

Дей тұрсақ та, осы жолдарды оқып отырған оқырмандардың көңілінде  мынадай бір күдіктің орын алары анық. Ол – екпе жүзімнің жиені деп табылған жұмбақ жеміс елсіз-күнсіз тауда қалай өскен және оны адам аяғы баспаған құз-қияға кімдер апарып отырғызған деген сауал. Оған  ғалым мынадай жорамал айтады. Сонау ертедегі ескі заманда Қаратау асуларымен Түлкібасқа қарай Ұлы Жібек жолы өткен.  Онымен Орта Азия саудагерлері түрлі жүктер тасыған. Сондай сапарларының бірінде керуендегі жеміс-жидектер ұзақ жолға шыдас бермей бұзылған соң, саудагерлер алып жүруге жарамаған түйе теңдерді Қаратаудың қаптал жолынан төмен қарай аударып кетуі де ықтимал. Уақыт өте келе әлгі жерде жүзімдік алқабы пайда болған.

– Қаратау жүзімінің негізгі ерекшеліктері мен қасиеттері қандай және оның келешектегі тағдыры не болмақ?

– Өзіміз сөз етіп отырған жүзім өнімді мол береді, – деді әңгімесін қорытындылауға ыңғайланған ғалым: – Оның қазіргі қолда бар Боралдай, Балабөген (жер аттарына байланысты алынған атаулар) сорттарынан байқалған басты қасиет – сабақтарының қар астында жатып-ақ үсімей, суыққа шыдамды келетіндігі. Оның үстіне олар тамырларын өте терең, 10-15 метр жер астына жайған. Биіктігі 8-10 метр, діңі 12-15 сантиметрді қамтитын Қаратау жүзімі шөлге өте төзімді. Одан байқаған бір кемшілігіміз сол, ол шырындылығы, тәттілігі жөнінен ептеп сыр беріп қалатындығы. Мұндағы қанттылық не бары 22-23 процент қана. Біздің мақсат – селекция жұмыстарын жүргізе отырып, суыққа төзімді, көктем мен күздегі  жүзім сабақтарын жерге көміп, қайтып ашып-жабуды талап етпейтін, ауыр қол жұмысын жеңілдететін яғни қалың қар астында жатып үсімейтін жаңа түр табу. Егер көп жылдарды сарп етер, көп уақытты қажет етуге тура келер Қаратау жабайы жүзімі негізіндегі тәжірибе жүзеге асса, онда ауыл шаруашылығындағы көп қолбайлау туғызатын жүзімді ашып-жабу жұмыстарында айтарлықтай жеңілдікке қол жеткізген болар едік. Ескерте кетейін, бұдан Қаратау жүзімі керемет, оны көбейтіп егу керек деген пікір тумаса керек. Біздің ойымыз – тек тәжірибе жұмыстарын асықпай бірқалыпты жүргізе отырып, оның кейбір тиімді жақтарын өзіміз пайдаланып жүрген жүзімдерге енгізу жақтарын қарастыру, талпыну.

… Адамзат өзі пайда болғаннан бергі уақытта табиғаттан үйрену үстінде екендігі, ғылым дамыған сайын оны үйренудің күрделене түсетіндігі бізге белгілі. “Табиғатта бәрі де бар. Ал мұны табиғатпен етене достасқан адам ғана біле алады”. “Табиғат кітабы адам үшін сарқылмайтын қайнар көз”, – дейді М.М.Пришвин. Демек, адамзат білімі табиғатты тану арқылы дамиды.

Табиғаттың адамға үйретері көп. Мұны еске алып отырғандағы ойымыз – Қаратаудың қойнау-қойнауындағы жабайы жүзімдердің пайдасы бар ма, әлде жоқ па, оны ғылым көрсете жатар. Бірақ оны көздің қарашығындай сақтау керек. Себебі, бұл құбылыс туған жер табиғатының бай мүмкіндіктерін айғақтайтын бір белгі емес пе?

Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: pixabay

0
Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз