.

Алғырлар ордасы (Силикон)

Жеңіл тамақ пен энергетикалық сусын ішіп тұрған Сингапурдың Наньян технологиялық университетінің студенттері Санта Кларадағы хакатон кезінде фотографтар үшін әпликейшн жасап шығару идеяларын талқылауда.

Бұл жерде, әлі де мүмкіндіктер көп! Алайда бұл алқаптың әлеуметке кері әсері де жоқ емес. Трендтегі жаңа сөздер: жауапкершілік пен эмпатия.

Бұл жерде тесла электрокөліктері паркингтегі 12 қуаттау стансасының біріне бірінші болып жетуге асығады. Қаумалаған топ, көбісі ер азаматтар «Компьютер тарихы музейінің» кіреберісінде тіресіп тұр. Кейбірі бір-бірімен құшақтасып амандасса, ендігілері кеңсенің арғы басындағы партнерынан «инвестициям қалай боп жатыр» деп айқай салып сұрап жатыр. Қоңырау үні естілісімен дабырлаған топ аудиторияға асыға кіріп, тыныштала қалды. Сәлден кейін Демо күні басталмақшы.

Алдағы екі күнде 132 стартап әкелген кәсіпкерлер әлемді қалай өзгертпек болып жатқандары жөнінде пысықтап келген екі минуттық даңғара сөздерін көпшілікке жеткізумен әлек болады. Сөйт­сек, әлемді өзгертудің әлі де айтылмаған сансыз жолы бар екен. Қарттар күтім-үйіндегі жатын бөлмесінің төбесіне орнатылған сенсорлар, инженерлік коммуникацияларды тексеретін дрон мен еркектерге арналған кір жуу ұнтағын жеткізіп беру сервисі әңгіменің бергі жағы ғана…

Биржадағы құны триллион долларға пара-пар америкалық Apple компаниясы Силикон алқабындағы инновация ырғағын бастап келеді. Оның 2017 жылы Купертинода ашылған жаңа бас кеңсесін «ғарыш кемесі» деп те атайды. Ол жерде шамамен 12 000 адам қызмет етеді, бұл компанияның бұғаз аумағындағы жалпы қызметкерлер санының жартысына да жетпейді.

«Орта есеппен, әр топтағы кемінде бір жоба кейін миллиард доллар пайда алып келеді, – деді Силикон алқабындағы инвесторларға арнаған сөзінде кәсіпкерлерге өз идеяларын дамытуға көмектесетін Y Combinator компаниясының басшысы Майкл Сейбел. – Сіздің жұмысыңыз сондай жобаның бірін таңдап алу!»

Алғашқы ұсынылғаны «Қоғамдық тынығу» жобасы болды. Ол абонементтік қызметтің өзге түрін ұсынады. Қалағандардың барлығы белгілі бір компанияға тренер мен орын тауып беру үшін ғана ақша төлейді. Мәселен көлік тұрақтары мен өзге де ашық кеңістіктерде топтық жаттығу жасау арқылы тәп-тәуір үнемдеуге болады. «Былайша айтқанда жаттығатын зал мен темірлерді жалға алу үшін артық ақша шығармаймыз», – дейді жоба авторларының бірі.

Барлығы қол шапалақтап жатқанда, мен бұл нарықтың көлемі қандай екен деп ойландым. Келесі үлкен идея – болжанбалы алгоритмдер арқылы теңіз порттарында контейнер қолданысын оңтайландыру.

Силикон алқабы туралы жазған тілші ретіндегі өткізген жылдарымда мен түрлі бизнес-идеяларға кезігіп, күлкімді тыюды үйрендім. Мен түкке тұрғысыз деп, мән бермеген стартаптардың миллиардтаған долларлық жобаларға айналып жататынына көзім жетті. Бәлкім, «Қоғамдық тынығу» жобасының «А» жоспары іске аспаса, «Ә» жоспарына көшетін шығар. Мәселен, Justin.tv жобасы. Ол бір адамның, яғни Джастиннің қылықтарын тікелей эфирде тарататын канал болатын. Кейіннен ол кез келген адамға ашық Twitch Interactive жобасына айналды. Енді көрер­мендер басқаларының онлайн ойын ойнағандарын көре алатын болды. 2014 жылы Amazon компаниясы осы жобаны 970 миллион АҚШ долларына сатып алды.

Airbnb компаниясының Сан-Францискодағы ашық кеңсе түріндегі Airstream тіркеме фургоны екі есе созылып кездесу алаңына айнала алады. Мел Вулгарополус өзінің қызы Николь мен жұбайы Шерилді Facebook компаниясының Менло паркіндегі бас бармақ белгісі алдында суретке түсіруде.

Көптен бері Силикон алқабын бақылап жүрген Пол Саффоның айтуынша: «Силикон алқабы болашаққа ұмтылуын доғарған емес». Осы «Демо күні» жобаларын алға тартқан кәсіпкерлер жасанды интеллект, толықтырылған шынайылық технологиясы, робот, дрон мен түрлі сенсорлардың көмегімен жақсара түскен бүгінгі өмірді паш етеді.

Жауапкершілік пен эмпатия сөздері жаңа тренд. Силикон алқабы жұмыс күшінің демографиясы мен төңкеріске ұшыраған индустрияна тікелей жауапты. Жаңа технология кесірінен жұмысынан айырылғандар көп. Ал әлеуметтік желі осындай өшпенділік таратудың құралына айналғандай. Инновация өңірдің адамдарына да әсер етпей қоймады. Тіпті табысы жүз мың долларлап өлшенетін кей жұмысшылардың өздері үй-жай мәселесіне бетпе-бет келіп отыр. Ал Силикон алқабы ойлап тапқан құрылғыларды қуаттандыруға қажетті литий мен Боливия сияқты елдердегі литий өндіретін кен орындарын игеру және оның қоршаған ортаға ықпалы мазаны қашыратын мәселелерге жол ашуда.

Технология болашақты айқындайтыны сөзсіз. Таяқтың екі ұшы бар. Өмірді жақсартып, жеңілдететуге талпынған сайын, өз-өзімізге зиян келтіріп жатқанымыз, ащы болса да шындық.

«Стэнфорд күн автокөлігі» жобасының инженерлік директоры Мэгги Форд Стэнфорд университетінің «Қыркүйек шаралары» көрмесінде өз тобымен бірге күннен қуат алатын машинаны көрсетуде. Сан-Франциско қаласында Сюзанна Раш, Лидия Льюис пен Джонни Прайс Wefunder краудфандингтік платформасы басшысының жатын бөлмесінде жиналыс өткізіп жатыр.

«Айналамыз арманы шексіз адамдарға толы, – дейді 23andMe генетикалық талдау мен биотехнологиялар компаниясының қосалқы құрылтайшысы әрі басшысы Анне Воджкики, – Силикон алқабы адамзат тарихының оң, яғни дұрыс жағында болып келді. Бізге ұнасын-ұнамасын әлем өзгеру үстінде. Алайда мұндай өзгерістер, ауыртпашылық тудыратыны екібастан. Түрлі салаға тиіп жатқан жанама әсерінен де қашып құтыла алмайсың».

Армансыз адам қанатсыз құспен тең. Сан Францискоға келетіндерің көбі, ең әуелі, «Силикон алқабы қайда?» деп сұрайды. Оның ресми бір орталығы жоқ. Силикон алқабы дегеніміз – кеңселер мен кварталдар орналасқан ат тағасындай жазық дала. Оның ортасында жолдарды бітеген көлік кептелісінен міз қақпаған Сан Франциско шығанағының суы көз жанарын алады. Мен келушілерге Фейсбуктің «лайк» символын – бас бармақ белгісіне нұсқаймын. Ол компанияның бас кеңсесі жанында орнатылған. Фейсбук те басқа технологиялық компаниялар сияқты өз кеңселеріне қандай да бір тур-саяхат жасауды ұсынбайды.

Essential деп аталатын стартап қызметкері Джошуа Карпентир Пало-Альтодағы Playground Global кеңсесінің ойын алаңында жұмыс істеп отыр. Бұл компания жасанды интеллектіге екпін бере отырып, жаңа технологиялар жасайтын стартаптарды қаржыландырады және қолдайды. «Мен күніне бір рет сырғанақта ойнағанды дұрыс көремін. Бұл бой сергітудің жақсы тәсілі», – дейді Карпентир. Өткен қазан айында компания жұмыс күшінің 30 пайызын қысқартып, Карпентир жұмыссыз қалды.

Әрине, осы «лайк» белгісі бар адамды бақытты ете бермейді. Біз Фейсбуктің деректерге қатысты саясаты өз тұтынушыларын қорғауда қауқарсыздық танытқанын білеміз: әлдебір зерттеуші жеке мәліметтерді сатып жіберген, артынша ол деректер санамызға саяси жарнамаларды тықпалауға пайдаланылды. Ресей тыңшылары Фейсбукті насихат құралы ретінде пайдаланып, АҚШ-та саяси өшпенділік отын жақты. Технологиялардың эпицентрі деп Маунтин-Вью қаласын айтуға болады. Мұнда транзисторды ойлап тапқандардың бірі өз компаниясын ашқан. Оны Лос-Алтостағы тегі үндістандық программалық жасақтама жасайтын әлдебір инженердің үйінен де табуға болады. Ол балаларын ұйықтатып болған соң, стартап жобасы бойынша онлайн жұмысына қайта кіріседі. Үш жалпақ шиналы автофургонды да осы жерден ғана көруге болады. Теңіз жаяу әскерінің ардагері әрі шебер Джим итімен бірге тұратын осындай көлігін Станфорд университеті жанындағы тұраққа қойып, айналаны таңғалдырған.

National Geographic бұл өңір туралы алғаш жазған 1982 жылдан бері алқап адам танымастай өзгерген. Ол кезде басылым «Силикон алқабының еркін эглитаризмі ауылдық даму ырғағын ауыстырды», «қарапайым келбеті алдамшы б.т. мекенде динамикалық дүмпу орын алуда», «монотонды жайылған аласа тік төртбұрышты ғимараттарға ілінген компания атаулары мұнда не болып жатқанынан аса көп хабар бермейді» деп жазған болатын.

Бір кездері алхоры мен өріктің отаны болған Силикон алқабы көзді алдауы мүмкін. Айнала қоршаған таулы алқаптың ирелең жолдары, жайылып жүрген марал мен қарапайым адамдарды көргенде көз алдыңа кәдімгі ауыл елестейді. Бұл терезесі тең, ашық әрі қарапайым қоғамның бір бөлігі. Шалбар, жемпір, шортымен жүре беретін бастық пен кәсіпкерлердің көбісі кірпияз, ал мұндағы жұмыс орындары өз қызметкерлерінен аяқ киімдерін шешіп кірулерін талап етеді.

Өткен шілдеде ұйымдас­тырылған AT&T хакатоны. Есептеу техникасын оқитын студент әрі жиі хакерлікпен айналысатын Дэнни Хьюн Чо үстел теннисін ойнап, кейде тынығады. Аустралиялық Тристан Маттиас Пало-Альтодағы ортақ «хакерлер үйі» аталған Startup Embassy (қазір жабылып қалды) кеңсесінде бір апта жұмыс істеп, әрі сонда тұрып көрді.

Бірақ бұл алқаптың амбициясы сұрапыл. «Адамдарға сенің аты-жөнің керек емес, оларды тек жаңа жобалар ғана қызықтырады», – деп шағымданады 24 жасар аустралиялық Тристан Маттиас.

Бүкіл әлемге танылған Силикон алқабының негізі сонау 1990-жылдары қалана бастады. Ол кезде бұл жер маған өлі даладай көрінетін.

Ол кезде, тіпті  алып «бүлікші» – Apple компаниясының өзі де құлдырап бара жатқандай болып көрінетін еді. Бас директор және директорлар кеңесімен келісе алмаған Стив Джобс 1985 жылы ол жерді тастап, кете барады. Өзі құрған компанияның триумфалды түрде оралуына он жылдан астам уақыт қажет болды.

«Адамдар компьютер арқылы бір-бірімен байланысар болса, өмір өзгерер ме еді» деген идея 1990-жылдардың ортасында ғана шығып, жан-жаққа тарала бастады. Сол кездері мектептердің бірінде болған жағдай түбейгейлі өзгеріс алып келеді деп кім ойлаған. Мұғалімдердің ата-аналарға хабарлама жібере алуы үшін мектеп пен үйдегі компьютерлерді телефон модемі арқылы жалғау әрекеті желіде қызмет көрсететін America Online компаниясына керемет идея береді. Сол кезде қолға алынған цифрлық дүкен жобасы арқылы адамдар гүлге онлайн тапсырыс беретін. Ол баяу әрі пайдалануға қолайсыз болғанымен, сол кездің өзінде, әлдебір үлкен жаңалықтың ауылы алыс емес екені айдан анық еді.

Имелда Валенсия досының үй алдындағы жолға қойылған тіркеме фургонда тұрады. Өйткені АҚШ-тың ең қымбат қалаларының бірі саналатын Атертондағы үй тазалаушысы болып істейтін Имелда аптасына небәрі 600 АҚШ долларын табады. Андрю Ким DoNotPay компаниясының жазғы офисінде жұмыс істеп жатыр. Пало-Альтодағы осы үйді 2004 жылы Facebook компаниясының қосалқы құрылтайшысы – Марк Цукербергте жалдаған болатын.

Пайдаланушыларға интернет аралауға мүмкіндік беретін браузерлік бағдарлама жасап шығарған Netscape компаниясы өзінің қолтаңбалық өнімінің арқасында бір жылға жетер жетпес уақытта-ақ акционерлік қоғамға айналды. Инвесторлар үшін тәуекел көрсеткіш деңгейі жоғары болған Netscape компаниясы қанша жерден сенімсіз болса да, оның биржадағы ашылған күнгі құны 58,25 АҚШ долларынан, көзді ашып-жұмғанша 2,9 миллиард АҚШ долларына дейін бір-ақ шарықтаған.

Netscape компаниясының бастауыш акция ұсынуы (IPO) «нүкте-ком дүмпуі» процесінің бастауы еді. Осылайша бүгінде алпауытқа айналған Amazon мен Yahoo!, сондай-ақ сәтсіздікке ұшыраған Webvan мен Pets.com сияқты компаниялар дүниеге келген еді сол кезде.

«Интернет арқылы не істеуге болады» деген құмартушылық – опа-далап сату, жүк көліктерін жалдау, жұбыңды табу мен тағы сол сияқты спекулятивтік биржаны қыздыра түсті. 1999 жылы жаңа технологиялармен байланыс­ты 400-ден астам компания биржаға енеді.

2000 жылы нарық тоқырауға ұшырап, 200 мыңнан астам жұмыс орны жабылды.

Apple компаниясының қосалқы құрылтайшысы Стив Возняктың айтуынша: «Осы стартаптардың түгелі интернет қолданушылары үшін аса керек болғанын мойындауымыз керек. Бірақ өмірді өте қысқа мерзімде осыншалық тез өзгерту мүмкін емес-ті».

Силикон алқабында сүріну бұл қалыпты жәйт. Демек сен жарты жолдасың деген сөз. Келесі қадамы, тіпті жұбататын сөздеріне дейін бар мұнда. Мәселен, «итерация» – өнімді жетілдірмей-ақ нарыққа қайта шығару дегенді білдіреді. Ал өзгерістерді кейін енгізе салуға да болады. Сондай-ақ «бұрылу» да тығырықтан шығатын жолдардың бірі. Ол ақша таусылғанға дейін бағытты күрт өзгерту дегенді білдіреді.

Су перісі боп киініп алған Хизер Дженкинс Сан Францискодағы алкогольсіз әрі есірткісіз таңғы ойын-сауық шарасы – «дейбрейкердің» бірінде билеп жүр. Бұл шара қатысушылардың жұмыс күніне күш жинауы үшін ұйымдастырылады. Стартап ашқысы келетін қыз-келіншектердің «Күлгін қауымдастық» мүшелері Wefunder компаниясының қосалқы демеушілігімен артқы аулада бір-бірімен араласуда.

Түрлі сәтсіздіктер қашан да жаңа идея мен жаңа ойыншыларға жол ашатыны да бар. Бір кездері Silicon Graphics, Inc. компаниясына тиесілі жерлердің бір бөлігін қазір Google иемденіп отыр. Facebook болса, Sun Microsystems компаниясының ескі бас кеңсесін жаңартып алды. Интернет пен телевидениені қосу талпынысында аз тер төгілмеді. Артынша, YouTube видеохостингі пайда болды.

Әлеуметтік желі дәуірі басталды. Фейсбуктің қосалқы құрылтайшысы Марк Цукерберг «тез қимылдап, тәртіпті бұз» деген хакерлік ұранымен Фейсбукті одан әрі жетілдіру мақсатында Пало-Альто қаласына көшті. Сан Францискода бір топ дос-жаран мен әріптестер күн сайын өз ойларын 140 символмен ғана жеткізуге мүмкіндік берген Twitter-ді ойлап табады.

Тың дүние мен инновация тудыратын «шығармашылық тасқын» циклдері мен шабыттың әрқалай келетіні белгілі. Ойын ұзақ уақыт бойы пісіретіндері де, шикі дүние­­ні бірден қолға алатындары да бар. Бұл жеке басты түрлі азапқа салатыны сөзсіз. Жұмыс орындары жабылады. Кәсіби дағдылар қолданыстан шығады. Отбасының құт-берекесі қашады. Бастаған ісіңді аяғына дейін жеткізбесең мұның бәрі бекер. Дәл қазір, уақыттың алтын екенін көпшілік түсініп келеді.

«Тістелген алма» басқа жол ұсынды: қайта оралу. 1997 жылы тізгінді Стив Джобс қолға алуымен Apple жоғалтқанын біртіндеп қайтара бастады. Компания iPod өнімі мен цифрлық ойын-сауық дүкені iTunes қызметін ұсынды. 2007 жылы нарыққа iPhone ұялы телефоны шықты. Бүгінгі күнге оралайық. Ақпараттық технология саласындағы компаниялар адам өміріне тигізетін үлкен әсермен бетпе-бет келіп отыр. Қолданушылар туралы деректердің маңызы артып келеді. «Үшінші тараптың» елдегі сайлауға кедергі келтіруде осы технологияларды қалай пайдаланғандарын әрі біз көретін нәрселерді бақылайтын алгоритмдер бойынша түсінік алу үшін осы компаниялардың басшылары Конгреске де шақырылды.

Майкел Холл анасы Патрисия Картердің шығыс Пало-Альтодағы үйінде кешкі ас дайындауда. Өткен жылы анасы несиені төлеу мерзімін сәл кешіктіргенде осы үйінен айырылып қалар еді. Сандық валюталарды басқаруға арналған блокчейн стартабын ойлап тапқан кәсіпкер Джидеон Нвиз Сан-Францискодағы «Ноуд» деп аталатын блокчейн мүшелерінің клубында отыр.

Жасанды интеллекттің пайда болуымен – компьютердің адам сияқты ойлана бастаған шақта – деректер (өзінің серіктесі есептеу жылдамдығымен бірге) мұнайдан да маңызды ресурс­­қа айналды. Егер компьютерлер бір күні өздігінен шешім қабылдап жатса не болмақ?

Google-дің үш мыңнан астам қызметкері наразылық хатқа қол қойғаннан кейін компания Қорғаныс министрлігімен арадағы келісімшарт мерзімін ұзартпау туралы шешім қабылдады. Бәрі де дрон түсірген суреттерді талдау үшін жасанды интеллектіні пайдалану мәселесіне кеп тірелді. Артынша, қараша айында мекеменің әлем бойынша 20 000 қызметкері Гуглдың жыныстық қысым көрсету мен еңбек­ақыны төлеу саясатына қарсы шеруге шықты.

Мен Google компаниясының иегері болып табылатын Alphabet компаниясының төрағасы Джон Хеннесиге жолықтым. «Ақпараттық технологиялар индустриясының қазіргі кезеңдегі есеп айырысу мәселесі Силикон алқабының мақсаты туралы тереңірек сұрақтарды тудырып отыр, – дейді ол. – Акционерлердің ғана емес, жалпы қоғамның да мүддесімен сәйкес келетіндей жолдармен жауапкершілікті мойынға алу аса маңызды болып тұр».

Ағылған жастар легі тоқтамақ емес. «Кофеханада отырғанда адамдардың криптовалюта мен гугл туралы айтып, талқылап отырғандарын естисіз. Бұл кей адамдар үшін жағымсыз болып естілгенімен, маған ұнайды», – дейді Нью-Йорк штатынан қоныс аударған өнімдер жөніндегі менеджер болып жұмыс істейді Шрия Неватия.

Силикон алқабындағы үш жылда Неватия үш мәрте жұмыс орнын ауыстырып үлгерді. «Құлаққа түрпідей тигенімен, мен шағын стартаптарды таңдаймын», – дейді ол.

Әлеуметтік желілер кең тарала бастағанға дейін Цукерберг паналаған үйлердің бірінде бүгін Джошуа Браудер тұрады. Дәл қазір Браудер мен оның әріптестері DoNotPay әпликейшн­дерін жетілдіру үстінде. Компанияның бұл өнімі көлік тұрағы ақысымен күресетін, әуе жолдары мен қонақүйлер бағаларындағы қателіктерді табатын заңгер-робот сияқты бағдарлама. Сөзге шешен Возняк жылына мыңнан астам лекция өткізеді. Айналасындағылар «Воз» деп атап кеткен бұл жігіт данышпан болуы мүмкін, бірақ ол өзін қарапайым санайды. 1980 жылғы IPO науқанында ол Apple компаниясының өзіндегі акцияларын өте арзан бағаға шамамен 80 қызметкерге сатып жібереді.

Силикон алқабын бүгін иммигранттар алқабы десе де артық емес. Компьютер ғылымындағы жалпы жұмыс күшінің 60 пайызын өзге елде туған новаторлар құрайды. Бұл саладағы әйелдердің үлесі тіптен жоғары – бақандай 78 пайызды құрап отыр. Аймақтағы техиндустрия саласында істейтін шетелдіктердің басым бөлігін Үндістан, Қытай мен Вьетнамнан келгендер құрайды. Әлемнің өзге елдерінен келіп жатқандар да аз емес. Мәселен 2015 жылы алқаптағы бағын сынауға 42 зимбабвелік пен 106 кубалық бел буды.

Силикон алқабының осындай халықаралық сипаты нәтижесінде ірі компаниялар мен шағын фирмаларда мәдениет пен тілдер тоғысады. Бұл көрсеткіштер Силикон алқабында жұмыс істеп көру мүмкіндігі кімге бұйырмағанын да паш етеді. Орта есеппен афро мен латынамерикалықтар ірі ІТ компанияларындағы жұмыс күшінің 12 пайызын ғана құрайды. Силикон алқабындағы «бауырлас­тық мәдениетіндегі» әйелдер үлесі де айтарлықтай жеткіліксіз: олар Google, Apple мен Facebook-тегі жұмыс күшінің 30 пайызынан сәл-ақ асады. Өткен қыркүйекте жүргізілген зерттеу бүкіл стартаптың небәрі 13 пайызы нәзік жандыларға тиесілі екенін, сондай-ақ акционерлік капитал иеленушілердің тек 6 пайызын әйелдер құрайтыны белгілі болды.

Алайда соңғы уақыттарда бұл саладағы әйелдердің қатары артып келеді. 2018 жылы олардың техникалық мамандықтар бойынша үлесі 24 пайызға жетсе, басшылық құрамындағы орындарынң саны 18,5 пайыз­­ға көтерілген. Әйелдердің ақпараттық технологиялар саласындағы үлесін арттыруға маманданған AnitaB.org коммерциялық емес ұйымының АҚШ-тың 80 компаниясына жүргізген зерттеуі осындай нәтиже берген.

Жалақыға келер болсақ, жұмысқа орналас­тырумен айналысатын Hired компаниясының дерегі бойынша лауазымдары бірдей болса да ер азаматтардың 60 пайыздан астам жағдайда әйелдерге қарағанда еңбекақысы жоғары екен (орта есеппен 4 пайыз). Ірі технологиялық компаниялар өз еңбек ұжымдарында түрлі мәдениет өкілдері болғанын қалайтынын айтады, бірақ қызметкерлер демографиясын әп-сәтте өзгерту оңай емес.

«Силикон алқабы әйел жанына арналмағанын жас келіншектерден талай естідім, бірақ біз кез келген қиындыққа дайынбыз», – дейді Шрия Неватия. Ол әйел мен гендервквирлерге IТ саласындағы алғашқы 10 жыл еңбек өтілі кезінде стартап жобаларына көмектесу мақсатымен Күлгін қауымдастық деп аталатын топ құрған.

Силикон алқабында сырттан келгендер көбейген сайын жылжымайтын мүлік пен жалға беру бағалары шарықтап барады. Техиндустрияда қызмет етпейтіндер мен кейбір мамандар бұл жерде өмірдің қиындап бара жатқанын айтады. Оның басты себебі – үй-жай бағасының қымбаттауы.

30 000 тұрғыны бар Пало-Альто қаласының шығысында адамдары сығылысқан жер, сірә, жоқ шығар. 50 жылдан бері бұл қалада латын мен афроамерикалықтар ғана тұрып келді. Ал қазір мұнда ақтар көп. Азия өкілдері көптеп көшіп келуде. Үйдің орташа бағасы бір миллион АҚШ долларынан асып кетті. Сан Францискодан Сан-Хосеге дейін созылып жатқан түбек бойында тұрған бүкіл үйдің бағасы осы шамасында. Жылжымайтын мүлікпен айналысатын Zillow компаниясының деректері бойынша, 2011 жылы орташа баға 260 000 долларға жуық болатын.

Бұрыннан тұрып келе жатқан әрі қазіргі технологиялық дүмпудің қызығын көре алмаған тұрғындар үшін үй жалдау бағасы көтеріле беретіндіктен үй сатып алу сағымға айналды. Олар аймақтың шеткі жақтарына қарай көшкенімен жұмысқа қатынау үшін кептелісте сағаттап тұруға мәжбүр. Сондықтан олардың кейбірі офистеріне жақын маңдағы ағайын-туыс немесе дос-жарандарымен бірге тұруға тырысады. «Үй-күйсіз жүргендерің көз алдында кейбіреулер құны миллион доллардан асатын сарай салдырып жатыр», – дейді Пастор Пол Вейнс. Ол жұбайы Черил екеуі Пало-Альтоның шығысында әлеуметтік көмек көрсететін коммерциялық емес ұйым қызметін жүргізеді.

Майкл Сейбел Силикон алқабында бүгінде буын алмасу үрдісі жүріп жатқанын түсінеді. Жастау жұмысшылар істеп жүрген компанияларының түрлі мәдениет өкілдерін қызметке алғандарын қалап, компанияларының қоғамдық пікірмен көбірек санасуын талап етеді. Болашағы бар дарындыларын ұстап қалғысы келетін фирмалар мұнымен келіседі де.

Сан Францисконың бұрынғы шіркеуіне көшіп келген Internet Archive коммерциялық емес ұйымы Силикон алқабының рухани орталығына айналып үлгергендей. Серверлер күндіз-түні қоғамдық желінің көп бөлігін түрлі формада мұрағаттаумен тыным таппайды. Олар Википедиядағы әр мақала мен твиттердегі төрт миллионнан астам жазбаны күн сайын сақтап отырады. Одан бөлек апта сайын жарты миллионнан астам YouTube видеосы және бар. Осы кезге дейін ондағы серверлер 340 миллиардтан астам уеб-парағын мұрағаттап үлгерген.

Архивтің негізгі бөлмесіндегі арқалы орындықтардың арасында мұрағаттау ісіне кемінде үш жыл еңбегін сіңірген адамдардың жүз жиырмадан астам мүсіндерін көруге болады. Интернеттің терра-котта әскері. Мына сұсты да айбынды көрініс ішінен олардың кейбірі маған таныс.

Иә, мына тірі адамдай қатқан мүсіндерден құралған көрініс денеңді тітіркендіреді: бірінің қолында кітап, екіншісі кесе ұстап тұрса, үшіншісінің қолынан гитараны байқауға болады. Бейне бір жұмыс істеп жатқан шағында біреу сөзді бөлгендей не бәрі бірге ән айтып жатқандай әсер қалдырады. Одан әрі не істелінуі керектігі жөнінде дауласып жатқан кездері болуы бек мүмкін…

Автор: Мишель Куинн, Фото: Лаура Мортон


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз