..."/>
САЯХАТ

Батыл бикештер

«Акашинга» – тек қана әйелдерден тұратын браконьерлермен күресетін коммерциялық емес қорға қарайтын орман сақшылары. Оның зимбабвелік мүшесі Петронелла Чигумбура барлаудың әдіс-тәсілдерін жетілдіруде.

Мына әйелдерден құралған орман сақшылары – қоғамды заңсыз аң аулауға қарсы күреске жұмылдыру стратегиясын ұстанады.

Рейнджерлер мылтықпен жаттығуда. Алайда кей табиғат қорғаушылары әйелдерді қаруландыру зорлық-зомбылық қауіпін күшейтеді деп байбалам салуда. Акашинга негізін қалаушы Дамиен Мандер бұнымен келіспейді. «Сақшы әйелдің қолындағы бұл зат жай ғана құрал», – дейді ол.

Сержант Вимбай Кумаяның телефонында өлі леопардтың суреті бар.

Шоқалақ жолда секірген жүк көлігінің рөлінде келе жатып, Кумая суреттен көзін алмайды. Дала мысығының мойыны осылған, ал қан-қан сирақтары салбырап тұр. «Бұл жұмысқа дейін жануарлар туралы ойламайтынмын», – деді ол.

Қазір Кумая 33-те, тек әйелдерден тұратын «Акашинга» жабайы табиғат рейнджерлер командасы аңдарды көзінің қарашығындай қорғауға алған санаулы ұйымдардың бірі. Бұл орман сақшылары Халықаралық браконьерлерге қарсы коммерциялық емес қорға қарайды. Олар Зимбабведегі Фундунду тұмса табиғат аумағын (300 км²) қадағалайды. Бұл – Замбези алқабындағы бұрынғы трофейлік аң аулау аумағы. «Акашинга» (шона тілінде «батыл», «ержүрек» деген мағына береді) 29 елдімекенмен шектесетін Фундундуды күзетеді. Ауылдардың қорыққа тым жақын орналасуын қаламаған қақтығыстар да жиі болып тұрады. Кумая леопардтың қатысы бар сондай бір мәселені шешуге бет алып барады.

Рейнджерлер Зимбабвенің солтүстік-шығыс бөлігіндегі базаларына жақын жердегі батпақта жаттығуда. Әйелдер қаруланған браконьерлермен бетпе-бет кездесуге дайын болуы керек. «Бұл жұмыста жалғыз өзі шешім қабылдап, беталды жүруге жол жоқ, тәртіпке бағынған құл болмайды», – дейді Мандер.

Оқиға орнына жеткен Кумая ашуға мінген нөпір адамның арасына енді. Жараланған он жігіт ілби баса алға шықты. Біреуінің жағы таңылған, келесісінің қолы қан матамен оралған. Қалған сегізі Кумаяның айналасында денелеріне түскен сызат пен жырықтарын сипап тұр.

Қорық қызметкерлері леопардтың өлігін алып, жігіттердің өздеріне айып таққанда, көпшілік ашуға мінді. Жараланғандар жабайы мысықтың тап бергенін алға тартып еді, рейнджерлер болмашы жараларына қарап, «қорғандық» деген уәждеріне сенбеді. Жабайы жануарларды рұқсатсыз өлтіру – қылмыстық жаза. Алайда леопардтың терісі, тістері, тырнағы мен сүйегі қара базарда жүздеген долларға бағаланады, Зимбабвенің жұтаң экономикасында бұл бір айлық жалақыға тең.

Өлген леопардқа қатысты оқиғаны тіркеген соң, команданың ендігі миссиясы – тұмса табиғат пен адам арасындағы гармонияға жету жолдарын түсіндіру. Әйелдер жараланғандарды жергілікті емханаға апару үшін жүк көліктеріне отырғызуда.

Мандер Аустралиялық арнайы жасақтың бұрынғы әскери қызметкері. Ол он жылдан астам уақыт бойы Африкадағы рейнджерлерді жаттықтырып, әйелдердің әскери дайындығын шыңдаумен келеді. Жылдар бойы ерлерді жаттықтырып келген Мандер бұл жұмысты әйелдерден артық ешкім орындай алмайтынына көзі жетеді. Олар пара алмайды әрі зорлық-зомбылық жағдайлардағы шиеленісті керемет шешеді.

Бұндай көріністер Акашинга миссиясының маңызды бөлшегі, ал мұндай жағдайлар оның негізін қалаушы, бұрынғы арнайы жасақ сарбазы, он жылдан астам Зимбабведе рейнджерлерді жаттықтырып жүрген австралиялық Дэмиен Мандерға да етене таныс. Оның Ирактан жиған тәжірибесі, Африканың браконьерлерімен шайқасы оған бір нәрсені үйретті: адамдар арасындағы татулық болмай, жабайы табиғатқа деген көзқарас түзелмей қоғамның етене араласып, өз үлесін қосуы екіталай.

Осы жергілікті менталитетті ұстанған Мандер «Акашинга» қатарын толықтыру үшін Фундунду төңірегіндегі ауылдарға, оның ішінде әйелдер қауымына бет бұрды. Ер рейнджерлерді жылдар бойы жаттықтыр­ғаннан кейін ол кей жағдайларда бұл іске әйелдердің бейім келетінін түсінді. Олар браконьерлерден пара алуға әуес емес әрі орын алатын кей қақтығыс кезінде шиеленісті шешуде шебер екенін түсінді. Қандықол браконьер қолынан қаза тапқаннан гөрі аң-құстың аман-сау болғаны әлдеқайда құнды деген негізгі қағиданы ұстанады рейнджерлер.

Акашинга жаттығулары командалық жұмысты дамытуды және күш-қуатты арттыруды көздейді. Режимге ағаш бөренесін тасу да кіреді. Браконьерлерге қарсы команда Фундунду қорығы маңындағы ауылдардан келген әйелдерден құрылған.

Мандер жетім балаларды, жыныстық не тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан кешірген әйелдерді іздес­тірді. Күйеуі екі қызымен тастап кеткен соң Кумая оның жасағына қосылды. Жәбір көрген аңдарды жан жарасы бар әйелден артық кім қорғай алады деп ойлады Мандер. Малмаңдай су болған, тоңған, қарны ашқан, қалжыраған күйлерінде командада жұмыс жасау қабілетін анықтау үшін әйелдерді үздіксіз үш күн жаттықтырып, арнайы бөлімшені да­­йындауға арналған іріктеу курсының үлгісін жасады. Бағдарламаны толық оқып шығуы үшін курсты бастаған 37 бикештің 16-сы іріктеліп алынды. Оның үшеуі ғана оқуды тастап кетті. Біршама уақыт бұрын Мандер 189 жігітке осы секілді курсты жүргізген. Алғашқы күннің соңында үшеуінен басқасы кетіп қалды. «Біздер әйелдерді тозаққа тоғытқандай күй кешіп едік, – деді Мандер, – сөйтсек, олар оны өткеріп келген екен».

Водзанай Манеймо мен оның серіктесі қорық аумағын шолу кезінде пілді кездестірді. Басында рейнджерлер аңдарды аптасына бір-ақ рет көрсе қуанатын, қазір олардың саны әлдеқайда артқан.

Примроуз Мазуру үйіне келгенде қызымен ойнайды. Басқа да акашингалықтар секілді ол рейнджер болмас бұрын зорлық-зомбылықты көп көрген. Қазір ол қатарластарымен бірге жеке бас бостандығы мен өзін-өзі құрметтеу секілді тақырыптар бойынша консультация алады.

Келесі күні әйелдер таңғы астарын ішіп жатқанда Мандер алдағы түні болатын екі рейд бойынша қысқаша нұсқау берді. Ақпар бойынша, лицензиясы жоқ әлдебіреу аң атып жүрген көрінеді, тағы бір күдікті үйінде леопард терісін сатуға талпыныс жасап жүр екен.

Өз міндетін пысықтаған таңғы дайындықтан кейін Мандер рөлді тізгіндеп, төрт рейнджер мен рейдті бақылайтын полиция қызметкерімен жолға шықты.

Үйді тінтіп, леопард терісін тәркілегеннен кейін екі рейнджер күдікті браконьерді сұрақ астына алған кезі. «Акашинга» инструкторы бұл сәтті таспаға жазып жатыр. Бұл күдіктінің алғашқы заң бұзушылығы екен, кейіннен ол 300 АҚШ доллары – шамамен бір айлық жалақы мөлшері – көлемінде айыппұл төледі.

Түн жарымында олар браконьердің үйіне жетті. Рейнджерлер көліктен атып түсіп, өз позицияларына орналасты. Күдікті оларды ішке кіргізгенде олар үйден антилопаның түріне жататын кекілбас киіктің кептірілген бірнеше терісін табады. Үй иесі кісенделіп, көлікке отырғызылды.

Рейнджерлер тәулік бойы көз ілмегеніне қарамастан, леопард терісін сатып жүргені әлі қолға түскен жоқ. «Біз шаршаған жоқпыз, – дейді Кумая, – жұмысымызды аяқтамай, шаршауға қақымыз жоқ».

Рейнджерлер Фундунду қорығы маңындағы ойын-сауық кешіне бас сұқты. Команда болған сәттен бастап әйелдер бір-бірімен тығыз байланыс орнатқан. «Біз бір отбасымыз, – дейді Чигумбура, – қандай да бір қиындыққа кезіксем, ағама не әпкеме айтпас бұрын, мен командамдағы жанашыр жандарға айтамын».

Келесі күні олар леопард пен пілді өлтірген екі адамды қамауға алады. Бірнеше сағат ішінде олар браконьер құрған көптеген тұзақтарды жойып, күзеттерін жалғастырады. Осы секілді нәтижелер Мандер түйсігінің дұрыс болғанын дәлелдейді. «Мұндай әйелдер әлемді өзгерте алады», – дейді ол. 

Рейнджерлер тамақтану үшін лагерьге жиналады. Жануарларға деген қатыгездіктен аулақ боп, пайдалы тағам тұтыну үшін команда мүшелерінің түгелі қатаң түрде Мандер бекіткен вегетариандық диетаны ұстанады. «Тағам – бағдарламаның маңызды бөлігі», – дейді ол. Акашинга құрылғанда Мандер өсімдік негізге құрылған құнарлы, әрі калорияға бай тағамдарды жасау үшін «Кола бас аспазшы» атанған Никола Кагородан көмек сұрайды. «Менің міндетім – оларды өз жұмыстарын мінсіз атқара алатындай энергиямен қамтамасыз ету», – дейді ол.

 

Авторы: Линдсай Эн Смит, фото: Брэнд Стэртон

 

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation