..."/>
ТАБИҒАТ

Төменнен төнген қауіп

Шығыс Сібірдегі Батагайка кратерінің ені шамамен бір шақырым және ол өсе түсуде. Ол Арктикадағы көп кратердің ішіндегі ең ірісі. Көмулі жатқан мұздан кратерлер мен көлдер пайда болады.

Арктиканың қатқан жыныстары болжанғаннан анағұрлым жылдам еріп, құрлықтың бет-бейнесін құбылтып, климат өзгерісін үдете түсуі мүмкін улы газдардың бөлінуіне себеп болып отыр.

Қуатты парниктік газ б.т. метан Арктикадағы көлдердің астынан көпіршіп шығуда. Қыста үстіңгі қабаттағы мұз газды ұстап қалады. Алясканың Фэрбенкс қаласы жанындағы мына тоғанда ғалымдар мұзды тесіп шыққан газды тұтандырды.

Мамандығы бойынша эколог Сергей Зимов мамонттың түкті сүйегін үйіндіге тастай салды. Ол үгітіліп жатқан жердің мұнарадай жартасынан төмен, суы салқын ені кең Колыма өзені жағасында жүресінен отыр. Арктика шеңберінен әлдеқайда жоғары орналасқан Шығыс Сібірде қазір жаз. Көз алдындағы далада аяз да, қар да жоқ. Десек те, Дуванный яр деп аталатын мына тірек қимада Колыма өзені жазықтықты шайнап өтіп, оның астындағы дүниені жалаңаштауда. Салдарынан тереңдігі жүздеген метрге жететін қатқақ жер жылдам жіби бастаған. Бұтақтар, басқа да өсімдік қалдықтары мен мұз дәуіріндегі жануарлардың дене бөліктері ша­­йылып келген күйі Зимовтың етігіне жабысып жатыр. «Дуванный ярды жақсы көремін, – деді ол тасқа айналған сүйектерді балшықтан шығарып жатып, – кітап сияқты оның әр парағы табиғат тарихына тұнып тұр». Ғаламшар төбесіндегі 23 млн шаршы шақырым ауданда климат өзгерісі тарихтың жаңа тарауын жазып жатыр. Арктика құрсауы ғалымдар болжағандай біртіндеп еріп жатқан жоқ. Геологиялық тілмен айтар болсақ ол «бір түн ішінде еріп бітетіндей қарқынмен» еріп жатыр. Дуванный яр сияқты жерлердегі топырақтың жұмсарып, шөгуімен, олар ежелгі тіршіліктің қалдықтарын, яғни мыңдаған жылдар бойы қатып жатқан лай ішінде көмулі тұрған көміртегі массасын шығарады. Метан не көмір қостотығы климат өзгерісіне көсеу бола түсері анық.

Бұл қауіпті Зимовтан артық түсінетін жан жоқ. Ол Дуванный ярдан моторлы қайықпен үш сағат жердегі Черскийде орналасқан ғылыми зерттеу станциясында жылынып жатқан Арктиканың тылсым сырларын ашам деп ондаған жыл өмірін сарп етті. Осы уақытта ол жалпы көпшілік санасына сіңіп қалған түсінік-ұғымдарды, әсіресе қиыр солтүстік сонау плейстоцен мұз дәуірінде шексіз шұбатылған мұзды шөл мен үстін сәлбен басқан жұқа топырақты дала болған деген көзқарасты теріске шығаруға ықпал етті.

«Сібір, Аляска мен Канаданың батысында бұрын талды-шөпті құнарлы жайылымдар болғанының дәлелі Дуванный яр мен өзге де учаскелерден табылып жатқан мамонт сияқты ірі жануарлардың қаңқа қалдықтары», – дейді Зимов. Бұл жануарлар мен өсімдіктер өлген кезде суықтан шіріп үлгермей, уақыт өте келе жел айдаған лайға көміліп, шыңырау астында мәңгілік тоң құрсауына кете барған. Осылайша, Арктика қойнауы ғалымдар болжағаннан да мол көміртегі қорына ие.

Сергей Зимов (оң жақта) пен ұлы Никита Ресейдің Черский қаласында, Колыма өзені бойында Арктиканы зерттеу станциясы қызметін жүргізіп отыр. Үлкен Зимов мәңгі тоң құрамында бір кездері ғалымдар ойлағаннан да көп көміртегі бар екенін алғаш анықтады. Температураның көтерілуімен қазір сол көміртегінің бір бөлігі ауаға бөлінуде.

Соңғы ашылымдар ғаламшардың жылынуымен көміртегі газының бөлінуі жылдамырақ жүретінін көрсетіп отыр. Арктиканың жылынуы күтпеген жылдамдықпен орын алуы және еріген судың молаюы Жердің орташа температурасын әр кезең сайын бір градусқа көтерілуі қатқан жерден бір жылдың ішінде 4-6 жылда шығатын көмір, мұнай мен табиғи газ эмиссиялары ауаға тарайды деп жағасын ұстап отыр. Бұл ғалымдардың бірнеше жыл бұрын ғана жасаған болжамынан екі-үш есе көп. Бірнеше онжылдық ішінде егер қазба ресурстарды пайдалануды азайтпасақ, бөлген эмиссия жағынан мәңгі тоң бүгінгі таңда әлемдегі парник­тік газ шығарындылары бойынша дес бермей келе жатқан Қытаймен теңеседі.

Біз мұны есепке алмай отырмыз. БҰҰ-ның Климат өзгерісі жөніндегі үкімет­аралық сарапшылар тобы (КӨЖҮСТ) енді ғана қатқан жынысты өзінің зерттеулеріне қоса бастады. Олар әлі де бұл «Пандораның» қаншалықты кең ашылып, соңы қандай хаосқа ұласатынын білмейді.

Мәңгі мұздықтың ғаламшарды жылыту потенциалын көргіміз жоқ. Еру процесін ескерген жаңа зерттеудің бірі, 2015 жылы Парижде 195 мемлекет келіскендей жылынуды Цельсий бойынша екі градусқа шектей алып, КӨЖҮСТ дайындаған болжамды орындау үшін, эмиссияны әлдеқайда ерте, сегіз жыл бұрын азайта бастауымыз қажет екен көрсетті. Бұл баламалы энергия көздеріне ауысуды жеделдетудің ең негізгі себебі болса керек: жылынумен күресуде алға қойған қандай да болмасын мақсатқа жету үшін ойлағанымыздан да шапшаң әрекет етуіміз керек.

Зимов Черскийге алғаш 1970 жылдары бір экспедиция құрамында карта жасау­­ға көмектесу үшін студент кезінде келген. Ол араға шамалы жыл салып қайта оралып, Солтүстік-Шығыс ғылыми зерттеу станциясын ашады. Бүгін ол станцияны ұлы Никитамен бірге басқарып отыр. Бұл азғантай ғана бюджетпен жұмыс істеп отырған импровизациялық ұйым. Бірақ станция Арктиканы зерттейтін ғалымдарды әлемнің әр түкпірінен магнитше тартуда.

2018 жылы жаздың бір күнінде фотограф Кейти Орлински екеуміз Колыма өзенінің Арктика теңізіне құятын тұсына таяу орналасқан Амбарчик шығанағындағы мониторинг нысанына керек-жарақ таситын ескі кемеге мініп, Зимовтың қасына бардық. Біз шөп арасымен ескі бу радиа­тор­­­лары төселген жолмен жүріп өттік. Зимов жүріп бара жатқанымызда мәңгі тоң тереңдігін тексеру үшін жерді металл шыбықпен шұқылап қарап отырды.

Аляскадағы Брукс тау жотасынан оңтүстікке қарай ағатын Алатна өзенінің алқабы аң-құс үшін солтүстікке, жылынып жатқан Арктикаға қарай көшетін дәлізге айналған. Құндыздар популяциясы толассыз артуда және олардың тоғандары – олардың кейбірін сол жақтағы өзеннің арғы басынан көруге болады – қатқан жыныстың еруін үдете түсуде.

Мәңгі мұздық не тоң (қатқан жыныс) жыл он екі ай мұз боп жататын жер бетін төрт метрге дейінгі қалыңдықтағы балшық пен өсімдік детритінен тұрады. Белсенді қабат деп аталатын осы топырақ жаз сайын еріп, қыста қатқан жынысты жоғарыдағы көтерілген ыстықтан қорғап, қайта қатады. Бірақ 2018 жылы Никита қарамағындағы жұмыс тобы Черский айналасындағы жер бетіндегі балшық солтүстік полюс­тің ұзақ та қараңғы түнінде қатпағанын байқаған. Мұндай жағдай бұрын болмаған-тұғын: Сібірде қаңтар айының суықтығы соншалық адам тынысы шытырлап қатып қалады, жергілікті якуттар мұны «жұлдыздар сыбыры» деп айтады. 75 см төмендегі қабат қатып қалуы керек еді. Ол болса былжырап жатты.

«Үш жыл бұрын жер үстіндегі ауа температурасы -3 C° болатын, – деді Сергей Зимов, – кейін -2 C°, одан соң -1 C°. Ал биыл +2 C° болып тұр».

Бір жағынан бұл таң қаларлық жағдай емес. ХІХ ғасырдың соңынан бері Жердегі ең жылы бес жыл 2014 жылдың бергі жағында болды және салқындатып тұратын теңіз мұзы еруімен Арктика ғаламшардың өзге бөліктеріне қарағанда кемінде екі есе жылдамдықпен жылынуда. 2017 жылы Тундра өз тарихындағы ең сұрапыл орман өртін бастан кешірді. Біз Сібірге аяқ басардан бірнеше күн бұрын Солтүстік полюстік шеңберден 390 шақырым жоғарыда Норвегияның Лаксельв қаласында термометрлер 32° С көрсетті. Суық іздеген Арктика бұғысының тынысы тарылып, ол туннельдерді паналап, жан сақтаған.

Мәңгі тоң температурасы жаһандық масштабта жарты ғасыр бойы­­на артып келеді. Алясканың Норт Слоуп ауданында ауа температурасы 30 жылда 8,5 C° көтерілген. Мәңгілік тоңның жергілікті деңгейде, әсіресе, ауылдық жерлерде еруі жер бетін бүлдіреді, ыстықтың тоң ішіне кіруіне жол ашып, жағалау аймақтарды, жолдар мен мектептерді, құбыр желілерін, сондай-ақ Арктика аңшылары морж бен көк кит етін сақтайтын жерқоймаларын бүлдіреді. Жаздың жылы болуы қазірдің өзінде мұндағылардың өмірін өзгертуде.

Десек те, Зимовтар 2018 жылдан бері тіркеген қысқы жылымық мүлде ақылға сыймайды, оған Арктиканың да қатыс­тылығы шамалы. Парадокстылығы сол, бұған қалың жауған қар себеп. Сібірде жер құрғақ, бірақ 2018 жылға дейін де өңірге бірнеше қыс бойы қалың қар түскен. Қар жамылғысы топырақтағы жаз ыстығын ұстап қалады. Черскийден 18 шақырым жердегі зерттеу алаңында Германияның Макс Планк биохимия институтында жұмыс істейтін Матиас Гоикид бес жыл ішінде қар қалыңдығы жағдайды қиындатқанын анықтаған. 2018 жылдың сәуір айына қарай белсенді қабаттағы температура 6 C° көтерілген.

Мына суретте Батагайка кратерінің қабырғасында көрінетін Арктиканың қатқан жынысындағы топырақта Мұз дәуірінде жойылған жапырақтардың, шөп пен жануарлардың органикалық қалдықтары бар. Осы күнге дейін сол көміртек қоры жер қойнауында жатқан болатын.
Фото Любовь Куприянованың көмегімен түсірілді

Бұл құбылыс Сібірмен шектелмеді. Мұзды қабат сарапшысы Владимир Романовский Аляскадағы 180 зерттеу алаңында белсенді қабаттың қаңтар айының орталарына таман толық қатып қалатынына талай жыл куә болған. Алайда бұл жерлерге де жақында қар қалыңдап жауа бастағандықтан қабаттың қатуы алдымен ақпанға, кейін наурызға дейін кешігетін болған. 2018 жылы Романовский бақылайтын Фэрбенкс жанындағы алаңдардың сегізінде және Сьюард түбегіндегі он екі алаңда жер бірде-бір рет толық қатпаған.

Дүниежүзі бойынша мұзды жыныс қойнауында 1600 гигатоннаға дейін көміртегі бар. Бұл атмосферадағы мөлшерден екі еседей көп. Ешкім осы мұзды жыныстың түгел не тіпті, көп бөлігінің еруін күтіп отырған жоқ. Бұған дейін зерттеушілер мұзды жыныс құрамындағы көміртегінің әрі кеткенде он проценті ғана бөлінеді деп шамалап келген. Мұның өзі, жорамал бойын­­ша 80 жылға дейін созылуы мүмкін еді.

Бірақ белсенді қабаттың қыста қатпауының кесірінен бұл процесс үдей түсті. Қосымша жылу микробтардың топырақтағы органикалық заттармен қоректеніп, жаз мезгіліндегі азғана уақыт ішінде көміртегі мен метан бөлуіне әкеп соғуда. Және қысқы жылымық мәңгі тоңға тарап, оның еруін жылдамдата түсуде.

«Есеп-қисабымыздың астаң-кестеңі шығып жатыр», – дейді әуедегі көміртегі эмиссияларына бақылау жүргізетін Колумбия университетінің атмосфера химиясы жөніндегі маманы Ройзин Комман. Ройзин әріптестерімен бірге қыстың басында Алясканың Норт Слоуп ауданынан келетін көміртегі қостотығының мөлшері 1975 жылдан бері 73 пайыз­­ға артқанын анықтаған. «Арктикада не болып жатқанын түсінуге тырысып келеміз, – дейді Комман, – бірақ, нағыз өмір күн батқаннан кейін басталады».

Бірнеше қарлы қысқа бола тренд қалыптаспайды. Черскийде өткен қыста қар аз болды және топырақ қайтадан айтарлықтай салқындады. Фэрбенкс қаласында да қар аз жауды. Десек те, Аляскадағы Романовскийдің зерттеу алаңдарының кейбірінде белсенді қабат толық қатуға мүмкіндік бермейтін қызуын сақтап қалған.

«Бұл шынымен таңдай қақтырар нәрсе, – дейді Аляска мен Черскидің де көміртегі циклін зерттеген Массачусетстегі Вудс-Хоул зерттеу орталығы директорының орынбасары Макс Холмс, – негізі, мен мұзды жыныстың еруі баяу әрі тұрақты процесс деп ойлаған едім. Бірақ олай болмай шықты. Егер өзгерістер біз ойлағаннан жылдамырақ болып жатса ше?».

Әкелі-балалы Зимов­тар Мұз дәуірінде Арктиканың құнарлы жайы­лымдарын сақтап отыруға шөпті тезегімен тыңайта ірі шөпқоректілер сеп болды деп есептейді. Құрғақ даланы қайта оралту және қатқан жыныс­тың еруін бәсеңдету үмітімен олар жабайы жылқылар мен басқа да шөпқоректілерді Колыма өзені сағасындағы жоба алқабына әкелуде. Олар бұл алқапты Плейстоцен паркі деп атайды.

Бұл өзгеріс Арктика теңізіндегіндей өз-өзін қуаттандыратын процеске айналса ше? Теңіз мұзы күн сәулелерін шағылыстырып, астындағы суды салқын күйде ұстайды. Алайда мұздың еруімен қара су жылуды сіңіріп, мұздар онан әрмен ери түседі.

Әдетте, мұндай кері байланыс циклдері басталатын өзгеріс кезеңдерін болжау оңай емес. «Аттап өткіміз келмейтін табалдырықтар бар екенін білеміз, – дейді Стэнфорд университеті жанындағы Вудс экология институтының директоры Крис Филд, – бірақ, олардың қай жерде екенін айту мүмкін емес».

Мұзды жыныс салдарынан біз көре алмайтын дүние тым көп. Ғалымдар шағын жер телімдерін зерттейді, басқаларын қашықтан қадағалап, қолда бар мәліметпен қорытынды жасайды. Бұл жағдай толықтай жер серіктері арқылы зерттелген Арктика теңізіндегідей емес. «Интернетке кіріп, теңіз мұзына не болып жатқанын көре алмайсыз, – дейді мұзды жыныс жөніндегі сарапшы Тед Шуур, – қалың мұз үшін біз тереңге үңіле алмаймыз. Не болып жатқанын өлшейтін құралдарымыз да шамалы».

Мәңгі тоңның 20 пайыз не сол шамасындағы қатты мұз қоры бар шөгінділер зерттеушілерді ерекше алаңдатып отыр. Бұл мұздың көп бөлігін топырақ арқылы төмен сіңіп, мұзды жынысқа жеткенде қатып қалған су, бір бөлігін Арктиканың мыңдаған жыл қысында сығылып, көпбұрышты құрылымдарға бөлінген қабаттар құрайды. Көктемде еріген су осы саңылауларға толып, кейін қатып қалған. Уақыт өте келе көміліп қалған мұз қатқан жыныс құшағындағы алып сыналарға айналған. Дуванный ярда ондай жерлер жетіп артылады.

Мәңгі тоң қайтқан кезде құрылым «түйіні шешіліп», мұз тез ериді. Судың жылыстауымен жылу таралып, артында туннельдер мен ауа қалталары қалады. Пайда болған саңылауларды толтыру үшін жер шөгіп, бетінде ойпаттар шығады. Ол жаңбыр және еріген сумен толып, су көлшіктерді тереңдетіп, көлшіктер тоғанға, ал тоғандар көлге айналғанға дейін олардың мұзды жағалауларын кеміре береді. Салдарынан жылыған жердің көлемі артып, мұздар ери береді.

Ғалымдар «күрт еру» деп атайтын бұл процесс ландшафтыны түгел өзгертіп, сырғымаға себеп болады. Ғалымдар Канаданың Банкс аралында 1984-2013 жылдар аралығында топырақ шөгуінің 60 есе артқанын тіркеген. Бұл ормандардың азаюына әкеледі. Канаданың Гуэлф университетінің экологы Мерритт Турецки соңғы 15 жылда Фэрбенкс қаласының жанындағы шырша орманындағы күрт еру процесін бақылап келеді. Оның байқағаны, бұл жақта су тасқыны ағаштардың тамыры мен діңгегін дестабилизациялайды. Турецки жақында бүкіл ағаш құлап, оларды батпақ жұтып қояды деп қорқатынын жасырмайды.

Ерлі-за­йып­­ты Николай мен Светлана Ягловский әлі күнге дейін Черский маңындағы Колыма өзені бойында аң мен балық аулаумен күнелтеді. Мәңгі тоң еріп, үйлер опырылып, бағыт-бағдар табу қиындай түскендіктен олардың кей көршілері қалаға көшіп кеткен.

Мәңгі тоң еріген тұста парниктік газ эмиссиялары болады. Бірақ ақпайтын су қауіпті үдете түседі. Тоғандар мен көлдер астындағы оттегісіз балшықтан көпірген газ көміртегі қостотығымен шектелмейді, ол жерде метан да бар. Ал метан болса көміртегі қостотығына қарағанда 25 есе қуатты болып келеді. Эколог Вейти Уолтер Энтони Арктика көлдерінен бөлінетін метан газы мөлшерін жиырма жыл бойы өлшеп келеді. Оның 2018 жылы жарияланған соңғы есептеулері бойынша күрт еру қатқан жыныстан бөлінеді деп жорамалданған парниктік газ мөлшерін үш еседей арттық бөлдіруі мүмкін.

Осы хабарламаның мінбердегілердің құлағына қаншалықты жеткені белгісіз. Өткен қазан айында БҰҰ-ның КӨЖҮСТ 2015 жылы Париж конференциясында қабылданған температура бойынша екі амбициялық мақсатқа қатысты жаңа баяндамасын жариялады. Онда ХІХ ғасырдан бері ғаламшар шамамен 1°С жылынған. Баяндамада жаһандық жылынуды 2 емес, 1,5 градуста ұстап тұрған жағдайда 420 млн адамға дейін халықты экстремалдық ыстық ауа райына соқтырмай, көптеген өсімдік мен аң-құстың тіршілік ортасын аман алып қалуға болар еді деп жазылған. Сондай-ақ ол ауданы 2 миллионға дейін шаршы шақырым қатқан жынысты сақтап тұруға көмектесер еді. Алайда БҰҰ-ның КӨЖҮСТ-ның па­­йымдауынша 1,5 градустық мақсатқа қол жеткізу үшін әлем парниктік газ шығарындысын 2030 жылға дейін 45 пайызға және 2050 жылға дейін толық тоқтатуы әрі оның атмосферадағы зор көлемін сорып алатын технологиялар жасап шығаруы қажет екен.

Бұл тапсырма тіптен күрделі болуы мүмкін. БҰҰ-ның КӨЖҮСТ 1,5 градусты мақсат еткен баяндамасында алғаш рет қатқан жыныс эмиссиясы есепке алынғанымен күрт еру салдарынан шығатын эмиссиялар қаперге алынбаған. Климат модельдеуі де осындай лездік өзгерісті қамти алатындай жеткілікті дамыған емес. Алайда National Geographic өтінішімен Кейти Уолтер Энтони мен модельдеуші Чарльс Ковен күрт еру салдарынан пайда болатын эмиссияларды қосатын долбарлы есептеу жасап шығарды. Температура көтерілуін 1,5 градуста шектеп ұстап қалу үшін отын жағудан шығатын эмиссияларды КӨЖҮСТ меңзеген кестеден алты жыл бұрын 2044 жылдан кешікпей тоқтатуымыз керек. Бұл бізге жаһандық энергетикалық жүйені трансформациялауға тек ширек ғасыр ғана уақыт береді.

«Біз осындай толық емес құралдар жиынтығы бар белгісіз болашақпен бетпе-бет келіп отырмыз, – дейді Ковен, – белгісіздік біз жақ емес. Істің насырға шабуына апарар жол көп».

Сібірден кейін, бірнеше апта ішінде Орлински, мен және Кен Тейп есімді эколог үшеуміз Аляскадағы Гейтс-оф-те-Арктик ұлттық паркі арқылы саяхатқа шықтық. Жүзбелі ұшақ бізді орталық Брукс тау жотасындағы Гайдик көліне тастап кетті. Сол жерден біз төмен қарай оңтүстіктегі Алатна өзеніне жол тарттық. Қыркүйектің күні су бетінде шағылысып тұрды. Екі шақырымдай жерде, жағалау бойынан мүжілген таяқтарды көрдік. Өзендердің біріне түсіп, жаңа қалыптасқан аумағы 15 га көлге жеткенше бір апта уақытымызды сарп еттік. Көлдің ортасында құндыздың алып ордасы бар екен.

Астындағы қатқан жыныс­тың еруімен Аляс­кадағы 380 тұрғыны бар Ньюток ауылы жерге шөгіп барады. Жазғы құс аулау кезінде төрт юпик баласы – солдан оңға қарай Кенйон Кассаули, Джона Энди, Ларри Чарьлз пен Риз Джон – су басқан жолды кешіп барады.

Тейп Алясканың табиғаты қалай өзгеріп жатқанын және оның қатқан жынысқа қалай әсер етуі мүмкін екенін бақылау үшін әуеден және ғарыштан түсірілген суреттерді пайдаланып келеді. Қатқан жыныстың еруімен және жылы маусымның ұзаруымен Арктика жасыл желектеніп келеді: Алясканың өзенді алқаптарындағы жасыл желек шамамен екі есе артып, солтүстік жануарларын өзіне тартуда.

Қарды тесіп шығатындай биіктігі жеткілікті қызылталдар арқасында ақ қояндар үшін пана мен қорек мәселесі шешіліп, олар Солтүстік мұзды мұхитқа дейін тарап кеткен. Әдетте тек орманда тіршілік ететін бұл қояндар қазір жүздеген шақырым айналасында бірде-бір орманы жоқ Канаданың Норт Слоуп алқабын жаулап алған. Шамасы, екеуі де тал-шілікпен қоректенетін бұлан салған соқпақпен жүрген болуы тиіс. Қазіргі уақытта Колвилл өзені маңайында шамамен 1600 бұлан бар деп есептеледі. Бұрын олар мұнда мүлде аяқ баспайтын.

Осы ашылымдар Тейпті Тундраның жаңа тұрғындарын фотоға түсіру жорығына алып шықты.

«Ғарыштан көруге болатын белгі қалдыратын жануар аз, – деді ол, – солардың бірі Құндыз».

1999 жылдан 2014 жылға дейін түсірілген үш су бассейнін қамтитын суреттерде ол құндыздардың 56 жаңа тоғандық кешенін байқаған. 1980 жылдары олар мұнда болмаған. Олар жылына сегіз шақырымға дейін жылжи отырып, солтүстік Алясканы кәдімгідей жаулап алуда. Тейптің есебі бойынша Арктикалық Аляскада қазір 800-ге тарта құндыз тоған кешені бар. Оның ішіне Алатна өзеніндегі алып ін де кіреді. Тейп оған Лодж Махал (ағылшынша Lodge – ін) деп ат қойған.

Бірқатар бөгет үшін өзен арналары өзгерген жер көп. «Лодж Махал айналасындағы батпақ жаңадан пайда болған, – дейді Тейп, – егер елу жыл кейінге барар болсаңыз, бұл жерден құндыз таппаушы едіңіз».

Тейп пен Уолдтың Алатна өзенін зерттеуге құмартуының бір себебі жолсілтеу­шісінің Нигу өзені жағалауынан құндыз кемірген ағашты тауып алуы еді. Нигу Гайдик көліне таяу тұстан, Алатнаның жоғарғы жағынан бастау алады. Бірақ ол құрлық бөлінген жердің келесі жағында, сондықтан ол солтүстікке қарай Колвилл өзеніне және Солтүстік мұзды мұхитқа қарай ағады. Алатнаның бойында, Лодж Махал үстінде біз басқа тоғандар мен тастанды бөгеттерді таптық. «Алатна өзенін жол бағдары ретінде пайдаланып, құндыз­дар Брукс тау жоталары арқылы Норт Слоупқа қарай бара жатқан болуы керек. Біз осыны шынайы уақыт режимінде көріп отырмыз», – деді Тейп.

Тейп бұл процеске климат өзгерісі түрткі болып отырғанын дәлелдей алмайды. Бір жағынан, құндыз түгі саудасы 150 жыл бұрын аяқталғандықтан олардың популяциясы да артып келеді. Бірақ, қалай болғанда да, олар қатқан жынысты алқаптардың бет-бейнесін айтарлықтай өзгеріске ұшыратуы мүмкін.

Беринг теңізі маңындағы Нинглик өзені бойында орналасқан Ньюток ауылында қатқан жыныс­тың қираған кесектері кей үйлерге жақындап келеді. Ауыл өзеннің жоғарғы ағысындағы 14 шақырымнан астам жерге көшірілуде. Бір күні Аляскадағы ауылдардың көбі осы көшке қосылуы мүмкін.

Тейп соның алғашқы көрінісіне куә болды. 1950-1985 жылдар аралығында Алясканың Сьюард түбегіндегі Шишмарев қаласының оңтүстік-шығысындағы Серпентин өзені тармағында түсірілген суреттерде ешбір өзгеріс байқалмайды. 2002 жылға таман құндыздар аймаққа еніп, алқапты суға бөктірген. 2012 жылға таман кей жерлер шөгіп, батпаққа айналды. Мәңгі мұздық болса еріп түгесілуде.

Бірнеше жүз құндыздың Арктика құрлығын өзгертуі екіталай. Бірақ жануар­лар Канада мен Сібірде солтүстікке беттеп бара жатқан болуы мүмкін, әрі олар тез көбейеді. Аргентинаның тәжірибесінен сабақ алуға болады: 1946 жылы түк саудасын қыздыру мақсатымен оңтүстікке жиырма құндыз әкелінеді. Бүгін олардың саны жүз мыңнан асқан.

Зимовтың Арктикадағы қатқан жердің өткені мен келешегіне деген көзқарасы бойынша аңдар да басты рөлге ие, бірақ аңдар құндыздарға қарағанда ірі және олардың мәңгі тоңға әсері соншалықты зор емес. Зимов плейстоцен алқаптарын кезген бизон, мамонт, жылқы мен бұғы үйірлері шөп жеуден бөлек маңызы орасан екенін көп уақыттан бері айтып келеді. Бұл жануарлар осы өңірді сақтап келген.

Соңғы мұз дәуірінен бері Шығыс Сібірдің құрғақ да шұрайлы өрістің орнын ылғалды тундра басқан. Оның солтүстігінде мүк, қиыр оңтүстігінде орман бар. Зимовтың айтуынша, осы өзгерістің басты факторларының бірі аңшылардың шамамен 10 000 жыл бұрын көк жейтін ірі шөпқоректілердің түбіне жетуі. Топырақты құнарландыратын жануарлар болмағандықтан, шөп шықпай қалды, ылғал тартатын шөп болмайынша топырақтың ылғалдылығы артты. Мүк мен ағаш үстемдік құра бастады. Бірақ мыңдаған жыл бұрын адамдар экожүйені өзгертпегенде Сібірде әлі күнге мамонттар жайылып жүруші еді.

Зимов 25 жыл бұрын Черский жанындағы төменгі алқапта Плейстоцен паркі деп аталатын ауданы 144 шаршы шақырым демо-жобасын ашты. Оның идеясы шөпқоректі ірі жануарларды кері тартып, олардың бұл алқапты жайылымға айналдыруын бақылау еді. Ол өзі және кейіннен Никита екеуі жабайы жылқыларды, артынан Байкал көлі маңынан қодастар мен қойлар әкелді. Өткен көктемде Никита Даниядан 12 бизон әкелді. 2018 жылы Зимовтар Гарвард университетінің генетигі Джордж Черчпен әріптес­тік байланыс орнатты. Черч, негізінде, мамонтты клондауға болады деп есептейді. Осыдан келіп Антропоцен дәуіріндегі Плейстоцен паркінде жойылып кеткен жануарлар жайылып жүреді деген үміт туады.

Бұл парк Сергей Зимов гипотезасының ақырғы сынағы б.т. Жайылым жер, әсіресе, үстін қар басқанда қараңғы орманға қарағанда жарықты көбірек шағылыс­тырады. Шөпқоректі жануарлар қалың қарды таптап, жылудың топырақтан босап шығуына мүмкіндік береді. Екеуі де жерді салқындатады. Егер табиғат жа­­йылым жерлерді қалпына келтіре алса, бұл қатқан жыныстың еруін және сәйкесінше климат өзгерісін баяулатар еді. Алайда, тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін Арктиканың миллиондаған гектар аумағын толтыратындай мыңдаған жануарды әкеп төгуге тура келер еді.

Мыңдаған жылдан бері Алясканың Норт Слоуп ауданында инупиаттықтар полярлық кит аулаумен келеді. Еті мен майын дұрыс сақтаса, бір ғана кит бір ауылды бір жылға дейін асырауы мүмкін. Ол үшін, әдетте, мәңгі мұздық үстінен мұз кабинкалар қазылады. Қатқан жыныстың еруінен, мұз ұяшықтар суға кетуде.

Зимовтар өздерінің аумағы 14 400 га паркіндегі айғақтар үміт отын жағатынын айтады. Тіпті, жүз шақты жануардың өзімен парктегі жайылым жерлер айналадағы басқа аудандармен салыстырғанда айтарлықтай салқын күйде қалып отыр.

Зимовтардың амбициялары мен парктегі шынайы өмір арасындағы алшақтық, сөзсіз, үлкен. Бір күні түс ауа Никита бізді сегіз дөңгелекті мини танкке отырғызып, талдарды жапырып, серуен­­ге алып шықты. Тік өрмелеп бір төбеге шыққаннан кейін біз қалың сағызқарағай тоғайының үстінен бір-ақ шықтық. «Осы себепті де мұнда алып шөпқоректілер керек, – деді ол. – Дәл қазір менде мына ағаштардың көзін құртатын жануар жоқ боп тұр». Ол осы тұжырымдама дұрыс­тығының дәлелдеу үшін ғана қаржы жинауды жалғастыра бермек.

Кей ғалымдар Зимов­тардың Плейтоцен дәуірінде Сібірде қанша ірі жануар болғаны туралы пайымымен келіспей, олардың өткендегі және келешектегі экологиялық өзгеріс туралы теориясы тым қарапайым деген уәж айтады. Вудс Хоулда істейтін Макс Холмс оларды жақсы біледі. Холмс бұл жобада данышпандық сәулесі бар деп есептейді. «Зимовтардың тұжырымдамасы секілді кез келген үлкен идея мен алып қадам күмәнмен сыналады», – дейді ол.

Плейстоцен паркінен тысқары қазіргі әлем Арктиканың жылынуына бейқамдықпен қарауда. Ондаған жылдар бойына біз климат өзгерісінің айғақтарына селқостық танытып, жағдай соншалық ушыға қоймас деген оймен келдік.

Алясканың Уткиавик (Барроу) қаласында тұратын инупиаттық жас кит аулаушы Джозиа Оулмаун отбасылық тоңазытқыш ұяшығына кит етін реттеп салып жатқан сәті.

Зимовтардың ойы басқаша: Олар қыңыр­лыққа ерекше сыйы бар, сұрапыл ландшафт үшін өмірлерін бекер арнаған жоқ. «Адамзаттың энергетика жүйесін тез арада қайта жарақтандыруына үміт артқанша Арктика даласын қалпына келтіру арқылы қатқан жынысты сақтауға тырысудың несі ессіздік? Бәлкім, бізге кішкене ессіз болу керек те шығар», – дейді олар.

«Климат өзгерісімен күресуге түрлі тараптар жан-жақты әрекет етуі керек, – дейді Никита, – тек сол әрекеттердің барлығын біріктірген кезде ғана жұпыны келешектен алыстаймыз».

Алясканың Кактовик елдімекені маңында ақ аю көлікті зерттеп жатқан сәті. Теңіздегі мұздың еруінен ақ аюлар азық іздеп құрлыққа шыға бастаған. Сол сияқты, қатқан мұздың еруі, су басуы салдарынан аляскалықтар да балық пен етті сыртта сақтауға көшті.

Автор: Крейг Уэлш, фото: Кейти Орлински

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation