Құрметті достар!
Наурыз таңын қарсы алу қайта жаңғырады! Биыл Наурыз мерекесін «Хабар» телеарнасы ерекше атап өтіп жатыр. Көрермендерге танымдық, ойын-сауықтық «Таңғажайып Наурыз» мега-жобасын ұсынады. Мерекелік шығарылымды бүгін түнгі сағат 22:00-ден 24-00-ге дейін тамашалайсыздар. Сосын таңғы сағат 07:00-де қайта жалғасатын көрсетілім аясында театрландырылған қойылымдар мен концерттерді тамашалай аласыздар. Таңды қарсы алып, жаңа күннің келуімен халықты құттықтау түркі жұртының рухани бесігі – Түркістандағы табиғат аясында арнайы жасақталған ауылда өтеді.

Астанадағы басты эфирді Тұрсынбек Қабатов, Мөлдір Доспаева және Алмас Тоғай тізгіндейді. Ал Түркістандағы іс-шараны Қанат Әлжаппаров пен Қайрат Әділгерей жүргізеді. Телекөпір «Жыл басына таласқан жануарлар» ертегісіндей қойылыммен басталады. Өнерпаздар әннен шашу шашып, мерекені күймен көмкереді.
Мерекелік эфирге жыл үздіктері қонақ болып келеді. Жүргізушілер елдегі маңызды қоғамдық оқиғаларда жарқырай көрінген азаматтармен сұхбаттасып, әсерге толы әңгіме өрбітеді. Наурыз – Түркі елдерінің ортақ мейрамы. Еліміздегі өзге этностардың Наурызды тойлау ерекшеліктерімен танысуға да мүмкіндік болады.
Құрметті көрермен, Наурыз мерекесін бірге қарсы алуға шақырамын!
Әрқашан “Хабар”-да болайық!
«Хабар» Агенттігі АҚ