.

Құрал-саймандар «эволюциясы»

Осы құрал-саймандарымен, 1963 жылғы америкалық экспедициясының мүшелері Эверестті бағындырды.

Дэниель Стоун

1963 жылы 19 америкалықтан құралған топ Эверест тауына шығуды жоспарлады. Оған дейін санаулы адам ғана жердің ең биік нүктесіне табан тіреген еді. Британиялық альпинист Эдмунд Хиллари мен Тензинг Норгэй шыңды тұңғыш рет 1953 жылы бағындырды.

Қатты жел, қалың тұман және шатырдағы өрт кедергі келтірген америкалықтардың шыңға жете алмауы да мүмкін еді. Алайда олар 32 шерп, 909 зембіл және 24 метр тонна керек-жарақ пен құрал-сайман (кейбірі жоғарыда көрсетілген) алып, әзірленіп келген. Топтағы 19 америкалықтың бесеуі шың биігін бағындырды.

Бүгінде тау экспедициясының экономикалық шығыны салыстырмалы түрде аз: арқандар жіңішке, шатыр кішкентай етіп буылады және саймандардың барлығы мүмкіндігінше жеңіл. Көміртегі талшығынан жасалған жылтыр мұзбалталар уақыт пен талпынысты үнемдейді. Жылы ұлтарақты етіктер үсікке шалдығу қаупін азайтады. Жеңіл пештер (және қуатты жағармай) өте суық ауа райында да сенімді іске қосыла береді. Құрал-жабдықтың жетілуімен табысқа жетудің мүмкіндігі де артты.

Әйтсе де, ертеңгі саяхат жабдығы қандай болуы мүмкін? «National Geographic» элиталы екі альпинист – Конрад Анкер мен Марк Синноттан 50 жылдан кейінгі және таяу келешектегі инновациялар туралы болжамдарын сұрады.

Олардың болжамы (оң жақта) түгелдей дұрыс деуге келмейді; айталық, ядролық немесе электр пеші. Алайда екеуі де қазіргіден да жеңіл әрі берік материалдардан жасалады деп ойлайды. Анкер шытырман саяхат саймандарынан ғарышкер жабдықтарына жаймен ұқсап келе жатқан белгілер көреді. «Эверестің басындағы жағдай Марстан соншалық өзгеше емес», – дейді ол.

Әйтсе де, ультратиімді саймандар саяхатты өте оңай еткеннен оның мәні қала ма? Марстың ғарыш костюмі мен аяқкиімі секілді жабдық кез келген ландшафты басып өтуді оңайлатып, Эверестке шығуды асқан ерліктен тау серуеніне айналдыра ала ма? «Егер бұдан әрі кете берсе, сынақтан түк қалмайды, – дейді Синнотт, – және мұның не қызығы бар?»


Болашақ саймандар

АРҚАН. Егер арқан тым жіңішке болса, аяқ-қолды кесіп кетуі мүмкін. Шешімі — оны жеңіл әрі берік етіп жасау керек.

АЯҚКИІМ. Болашақ аяқкиімдер өрмелеу мен сырғанау етіктерін біріктіріп, «жұқа» әрі «төзімді» етіп тігіледі.

СУ. Ылғалды ауадан не қардан су алу технологиялары әлден бар. Сондықтан торсықтар шыдамды әрі аязға қатпайтындай болуы мүмкін.

ПЕШ. Пештер электрлі не ядролық болуы ықтимал.

НАВИГАЦИЯ. Бір мезгілде компас, телефон және денсаулықты бақылағыш қызметін атқаратын құрылғы әлден бар. Ол адам бойына ыңғайлы етіп орнатылуы мүмкін.

       

Пікір жазу