Тар жол тайғақ кешкендер — National Geographic Qazaqstan
.

Тар жол тайғақ кешкендер

Ауғанстаннан келген Шершах 15 жаста, Белградтағы орталық теміржол вокзалында иесіз вагонды паналап жүр. Соңғы жылдары босқын балалар саны күрт көбейіп кетті.

Сербияда «қамалып», барар жер, басар тауы қалмаған мыңдаған бала Еуроодақ елдерінен пана сұрайды. Ал Еуропа оларды қаламайды.

елаха – ұялшақ, бірақ өз жасынан ересек көрінеді. Өйткені ол ересектердің өзі көрмеген қиыншылықтарды басынан кешкен. Мен оны Сербия мен Хорватия шекарасы маңындағы «Адасвечи» босқындар орталығында сенделіп жүрген жерінен кездестірдім.

Бір жыл бұрын Делаха Ауғанстанның соғыс­тан қираған  Нангахар провинциясынан қашып шыққан. Ол жалғыз жүруден жүрексінетін балғын еді. Артында ата-анасы мен төрт бауыры қалды. 10 жасар немере ағасы, 15 жастағы көкесі бәрі Талибан мен ИСИС басып алған Джалабадтан Пәкстан, Иран, Түркия арқылы Болгария мен Сербияға дейін 6400 шақырымдық жолды жүріп өтті. Оның арманы – Еуропа Одағы, атап айтқанда Францияға табан тіреу.

8 жасар Делаха Ауғанстандағы ата-анасына өзінің Еуропа сапарындағы қиыншылығы туралы айтқан жоқ. Олар: «Қиналған жоқсың ба?» – деп сұрады, мен: «Жоқ», – дедім. Уайымдатқым келмеді.

Делаха – ересек қамқоршысыз қиын сапарда жүрген әлемдегі 300 000 босқын баланың бірі. Олардың саны 2015-2016 жылдары алдыңғы жылдардағыдан бес есеге артты. Олар қиындық пен жәбір көруден қашқан адамдардың бұрын болмаған ғаламдық дүрмегіне қосылды. Кем дегенде, 170 000 жеткіншек Еуропа елдерінен пана сұрап, өтініш білдірген. Сербиядағы БҰҰ балаларға көмек көрсету қорының өкілі Майкл Сайнт-Лоттың мамыр айындағы дерегі бойынша, 7 мыңдай  босқынның 46 пайызы балалар екен.  Олардың көпшілігі Ауғанстаннан келген, әр үшінші баланың қараушысы жоқ.

14 жастағы Ауғанстаннан келген бала Белградта суық күні жуынуда. БҰҰ-ның Сербиядағы  балаларға көмек көрсету қорының мәліметінше, сексуалдық және физикалық зорлық-зомбылық қаупі жоғары болғандықтан мұндағы босқын балалар арасында қыздар сирек кездеседі. Белградтағы балалар жиналатын иесіз қойма, кейін ол қиратылып, балалар үкіметтік паналау орындарына алынды.

Делаха қазір Сербиядан шыға алмай отыр. 2016 жылдың наурыз айынан бері шекарада тәртіп күшейіп, Еуропаға Балқан арқылы бару қиындатылды. «Адасвечи» – босқындарды азық-түлік және мотельге ұқсас баспанамен қамтамасыз етіп отырған Сербиядағы 18 мекеменің бірі. Отбасы барлар бөлмелерге орналас­тырылған, жалғызбасты еркектер мен балалар сол маңдағы кенеп шатырларды мекендеуде.

Сайнт-Лоттың айтуынша, Делаха секілді балалардың бұл саяхаты аса қауіпті. Өйткені олар ұрыларға, зинақорлар мен контрабандашыларға жем болуы мүмкін. Мен олардан: «Сендер келген жерге қарағанда мұнда жақсы емес пе?» – деп сұраймын.

Ауғандық Асадулла – 11 жаста, көрші Хорватия шекарасына өтуге әрекет жасамас бұрын намаз оқуда. Ол әлі де Біріккен Корольдіктегі немере ағасына жетуден үмітті. Обреновацтағы босқындар орталығының ішкі көріністері. Бұл – Сербиядағы тамақпен, баспанамен қамтамасыз ететін 18 орталықтың бірі. Қараусыз балалар әдетте отбасылар мен еркектерден бөлек орналастырылады.

Минадан шыққан өрт, соғыс, Талибан баскесерлері туралы естеліктерден өзге Сербияда Делаханың үйінен әкелген ештеңесі жоқ. «Бақытты күндерім есімде, маған мұнда өте көңілсіз», – дейді ол.

Ол өзін және немере ағасы мен көкесін Иранда «пулемет көтерген тәліпке ұқсас» біреулердің ұрып-соғып, тонап кеткені туралы ата-анасына айтқан жоқ. «Ұрылар  кішкентай баланы тінтпейтін болар», – деп ағасы Делаханың ішкиіміне ақша тыққаны да бар. Бірақ бұл сапардағы ең қиыны – Белпагтағы орталық теміржол вокзалының жартылай қираған қоймасында жылусыз, электр жарығынсыз, тазалық жоқ жерде өзге босқындармен бірге қыстап шыққаны болды. Ол жер тым суық болатын. Кейде үйіне қайтқысы келетінін мо­йындайды. «Мен соншалық бақытты емеспін», – дейді ол. Алда не болатынын да білмейді. «Ештеңе. Қазір ештеңе де істей алмаймын», – дейді Делаха.

Хамид – 16-да. Иесіз жерде тамақ пісіруде. БҰҰ-ның балаларға көмек көрсету қорының өкілі Майкл Сайнт-Лоттың пікірінше, Хамид секілді жеткіншектер қауіпті саяхаттарға тәуекел етпей-ақ, Сербиядан пана сұрауы керек.

Авторы: Рания Абузейд, фото Мухаммед Мухейсен


Босқын балаларды қолдау үшін Мұхаммед Мухейсейннің everydayrefugees.org сайтына назар салыңыз.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

       

Пікір жазу